Какимова Жанар Бакеновна
Павлодар қаласы «№35жалпы орта білім беру мектебі»КММ,
зерттеуші педагог-психолог
Адам өмірге келген сәттен бастап, үлкен әлеуметтік ортаға тап болады. Оның осы ортада өзін нық, еркін сезінуіне көптеген факторлар әсер етеді. Қоғамда балаға әсер етуші жағдайлар, оның жаңа қалыптасып келе жатқан тұлғасына өз әсерін тигізбей қоймайды. Бұл қандай да бір олқылығы бар балаға кері әсерін тигізері сөзсіз. Қоғам болған соң, әртүрлі тағдырлардың кездесіп жататыны белгілі. Бұл ретте өзін-өзі төмен сезінетін балалардың мұғалімдерімен, ата-аналарымен жұмыс жасап, жолдастары арасындағы қарым-қатынастарды қалыпқа келтіру маңызды болып табылады.
Психокоррекциялық жұмыста «коррекция» терминінің кең қолданымға енуі ХХ ғасырдың жетпісінші жылдарынан басталды, тура аудармасы «исправление-түзету» деген мағынаны береді. Психолог жеке тұлғаның мінез-құлқы мен сапаларына, белгілі әсер етуде түзету жұмысына бағдарлама құрады. Бағдарлама құрылымы психологиялық және педагогикалық екі бөлімде қарастырылады. Психологиялық бөлімінде психолог жеке жұмыс жоспарын жасап, оны жүзеге асырады.
Қазіргі кезде мiнез-құлықтарында ауытқушылығы бар жасөспірімдердің тұлғасының ерекшеліктері, яғни өзін — өзі бағалауы, қарым – қатынас, мінез-құлық туралы мәселелер зерттеушілердің назарын көптеп аудартуда. Сондықтан да, өзін төмен сезінетін жасөспірімдердің өзiн-өзi бағалауы маңызды болып табылады.
Өзін-өзі бағалау, адамның өзін басқа адамдармен салыстыруы арқылы қалыптасады және осындай салыстыру табиғи түрде жүргізіледі. Тұтас педагогикалық үрдістегі қатынастар жүйесіне енгеннен бастап, бала өзін басқа балалармен салыстырып, зерттеп, мынандай сұрақтарға: «Неге мен осындаймын?», «Басқалар мені қалай қабылдайды?», «Өмірде мен қандай жетістіктерге жете аламын?»-деген сұрактарға жауап іздеп, өзінің барлық мүмкіндіктерін көрсетуге тырысады.
Оқушының өзін-өзі бағалауын арнайы жағдаят арқылы анықтау
Мысалы, мұғалім бақылау жұмысы кезінде баланың дәптеріне қарап әдейі қате бар екенін айтты делік (ол жұмыста қате болмаса да).
Егер ,оқушы өзін жоғары бағалайтын болса, мұғалімге бірден жауап қайтарып, дәлелдей бастайды, сөз таластыруы да мүмкін, т.б. Ал өзін дұрыс бағалайтын оқушы мұндай кезде сабырлық сақтайды. Қатені көрсетпеуін сұрайды, өзі табуға тырысады. Егер бала, өзін тым төмен бағалайтын болса, мұғалімнің айтқанымен бірден келісе кетеді, өз бетінше ойлау қабілетінен айырылады.
«Графикалық тест» те баланың өзін-өзі бағалауын анықтайды. Мақсаты: белгілі уақытта жеке тұлғаның өзін-өзі бағалау деңгейін анықтау. Жүргізілу барысы: мына төмендегі 8 шеңбердің біреуін таңдап ішін бояңыз немесе белгі қойыңыз. Интерпритациясы: алғашқы екі шеңбердің біреуін таңдаған бала өзін жоғары бағалайды.Ең соңғы, екі шеңбердің біреуін таңдаған бала өзін төмен бағалайды. Ортасындағы төртеуінің біреуін таңдаған бала өзін адекватты,қалыпты немесе дәл бағалайды.
«Қандай кейіп?». Мақсаты: Оқушылардың ұялшақтың сезімін төмендету. Мұғалім ахуал тізімін таратып береді. Бір бала ,оқушылардың қандай кейіпте қатып тұрып қалғанын шешу керек. «Толқиды теңіз бір, толқиды теңіз екі, толқиды теңіз үш. Қуаныш фигурасы (ахуал тізімін қара), орныңда қатып тұрып қал». Ахуалдар тізімі: қуаныш, ыза, үрей, мейірім, қызығушылық, ұялшақтық, жетістік.
«Мақтаулар» жаттығуы. Мақсаты: Жаттығу баланы өзін-өзі бағалауын және ұжымда беделін жоғарылатуға көмектеседі.
Нұсқау: Балалар дөңгеленіп отырады. Әрбір балаға карточка таратылады. Карточкаға бала «Бірде мен …» деген сөзден басталатын жақсы іс-әрекеттер жазады.Мысалы: «Бірде мен мектептегі құрбыма көмек бердім», немесе «Бірде мен үй тапсырмасын тез орындадым» т.с.с. Ойлануға 2-3 минут беріледі, содан кейін әрбір бала кезекпен өзінің жазған позитивтік әрекетін дауыстап оқиды. Әрбір бала өзінің жазғандарын оқып болғаннан кейін, жүргізуші (ересек адам) осы айтылғандардың бәрінен ортақ бір пікірге келуге талпынады. Ал егерде балалардың өздері ортақ пікірге келуге талпынса, онда оларға міндетті түрде мүмкіндік беру керек. Қорытынды ретінде, балалармен «әрбір адам қандайда бір талантқа ие болады, ал оны байқау үшін айналамыздағы адамдарға зейінмен, қамқорлықпен және мейірімділікпен қарауымыз қажет» деген сияқты әңгімелер жүргізуге болады.Осындай тренингтер өткізілсе, балалардың бойындағы ұялшақтық мінездері төмендеп, көп көмек болары анық.
Шығыс данасы Абдул Баха айтқандай «Мұғалімнің еңбегі, бағбан еңбегімен пара-пар, өйткені бағбан әртүрлі өсімдіктерді күтіп, баптайды. Кейбір өсімдіктер күн сәулесін сүйсе, кейбіреулері- салқын самал көлеңкені, кейбіреуі ағынды су жағасын, ал кейбірі тау шыңын сүйеді. Кей өсімдік құмдақты жерді, кейбірі құнарлы, шұрайлы жерлерді ұнатады. Әрқайсысы өзіне тиімді күтімді қажет етеді, ал олай болмаған жағдайда, нәтижесі қанағаттандырылмайды» дегім келеді.