Home » Мақалалар »   ТӘУЕЛСІЗДІКТІ БАЯНДЫ ЕТУДЕ МҰҒАЛІМДЕРДІҢ ЕҢБЕГІ КӨП

  ТӘУЕЛСІЗДІКТІ БАЯНДЫ ЕТУДЕ МҰҒАЛІМДЕРДІҢ ЕҢБЕГІ КӨП

Қанат Едігетегі,
Алматы қаласы
№59 мектеп-гимназиясының оқытушысы 

Тәуелсіздік- кездейсоқ келе қалған сый емес, бұл ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы арман-тілегі, күрес жолы. Тәуелсіздіктің қаншалықты қымбат әрі қастерлі екенін сонау тарихтың көнерген парақтарына үңіле отырып ұғынасың. Ал осы тағдыр талайымен, бейнет-азаппен жеткен тәуелсіздігіміздің баянды болуына отандастарымыздың әрқайсысы өз саласында жүріп еңбек етіп, үлес қосты. Бірақ мұғалімдердің ел алдындағы қызметі мен қажырлы еңбегі үлкен екендігін ұмытпау керек.

 

Расында да, мұғалімдер қауымының білім беру ісіндегі өнегелі істері мен рухани құндылықтарды қалыптастырудағы ролі, еліміздің өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі ұшан-теңіз. Жас өспірімдерге білім негіздерін беріп қана қоймай, ізгіліктің ұрығын сеуіп, жақсылыққа жетелейтін, сананы оятып, мәдени-рухани орта қалыптастыратын, ата-ана, оқушы, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдармен бірлескен жұмысты жүйелі түрде ұйымдастыратын нағыз еңбеккер жандар негізі осы мұғалімдер. Қарапайым болып көрінгенімен, тарихтағы ең ұлы істердің бірін атқаратын (Ушинский) бұл ұлағат иелерінің қоғамдағы орны әрқашан да үлкен. Ағартушылық міндеттерді атқара жүріп қоғамды, бүткіл елді алға сүйрейді. «Біз жас ұрпаққа қандай білім мен тәрбие берсек, еліміздің ертеңі сол деңгейде болады» деп Елбасының өзі айтқандай, біздің ертеңіміз, жарқын болашағымыз осы мұғалімдердің еңбегіне тікелей байланысты. Оқу-ағарту жұмыстары мен білімге баса назар аударудың арқасында көптеген елдер алдыңғы орындарға шықты. Айталық, Сингапур, Корей, Жапония сынды елдердегі мұғалімдердің абыройы, мәртебесі үлкен шенеуніктердік абыройынан кем түспейді. Билік те, қоғам да мұғалімдерге үлкен құрметпен қарап, нәтижелі жұмыс істеуіне барынша мүмкіндіктерді жасап қойған. Қазақстандық билік те аталмыш мәселеге баса мән беріп, мұғалімдердің мәртебесін биіктетуге, әлеуметтік жағдайын көтеруге біршама қадамдар жасады. Бұл әрине, құптарлық әрі қуанарлық іс.  Бір кездері мызғымайтындай көрінген Кеңес Одағының шаңырағының ортасына түсуіне, социалистік жүйенің ыдырауына мұғалімдердің қосқан үлесі үлкен болғандығын қазір көп айта бермейміз. Көзге көрінбейтін істі атқара жүріп олар тарихи маңызы бар шаруаларды бітіре алды. «Оян, қазақ, көзіңді аш, көтер басты!» деген Міржақыптың ұран сөздерін тақтаның дәл маңдайшасына іліп қойып ұлттық сананы оятуға күш сала білген әкем Жамбыл облысы Қаратау қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы қазақ-орыс мектебінде жұмыс істеп жүріп, егемендікке дейінгі  уақытта оқушыларға қазақ тарихынан терең шолу жасап, сол кезде көп айтыла бермейтін алаш қайраткерлері туралы жиі айтып отыратын. Сабақ оқытып жүрген кабинетіне Алаш арыстарының суреттерін арнайы салғызып, қазақ жастарының тарихи санасын оятуға күш салатын. Сол кезеңде әкем секілді қарапайым мектеп мұғалімдерінің ұлтқа қызмет жасаудың осындай дара жолын ұстанып, күн сайын шәкірттердің санасына сәуле құйып, өздерінің кім екендіктерін, қандай текті, ұлы халықтан тарайтындықтарын түсіндіруге тырысып бағатын. Мұның бәрі Тәуелсіздік, баянды тірлік, Қазақ елінің жарқын келешегі үшін жасалған игі қадамдар есепті. Құдай сәтін беріп, ата-бабаларымыз арман еткен Тәуелсіздікті қолға алғаннан кейін де бәрі жақсы жайма-шуақ бола кеткен жоқ. Тәуелсіздікті алу бар да, оны баянды ету тағы бар. Жетпіс жылға жуық үстемдік құрған саяси жүйе бізді одақтас болған өзге республикалармен ажырамастай етіп матап тастап, дербес шешетіндей мүмкіндік қалдырмаған-тын. Экономикалық тұрғыдан бір-бірімізге тәуелді болдық. Міне, соған қарамастан күрделі қиын шақтан біздің халқымыз шыға білді. Айлық- жалақы дегендерді бірнеше ай бойы көрмесе де шыдап бақты. Мұғалімдердің сыналар шағы да осы кезең болды. Бұл оңайға түскен жоқ. Шынын айту керек, мұғалімдер әлеуметтік жағдайы нашарлап, қиыншылыққа тап болса да бәріне түсіністікпен қарады. Елдегі дағдарыс, қаржының тапшылығы мұғалімдердің сағын сындыра алмады.

Тәуелсіздік жылдарындағы жүріп өткен әр жолы күреске толы болды. Мұғалімдер 5-6 мың теңге үшін еңбек етті. Қаржылық қиындыққа тап болып ала қап арқалап, саудамен айналысып кеткендер де табылды. Бірақ қиындықтарды еңсеріп, тығырықтан шыға алдық. Мұғалімдер өз ісіне адалдық танытты. Тәрбие жұмыстарын тоқтатқан жоқ.

Бүгінде еліміз бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосылып, өз үні, ұстанымы бар, өзін өзгелерге тыңдата алатын ықпалды елге айналды. Бұл әрине барша қазақстандықтардың еңбегі. Десек те, Тәуелсіздікті баянды етуде мұғалімдер қауымының атқарған қызметі үлкен болғандығын ұмытпауымыз қажет. Өйткені мұғалімдер еңбегінің лайықты бағалануы еліміздің келешегі үшін өте маңызды.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.