Home » Жаңалықтар » ІЗГІЛІКТІ БІЛІМ ОРТАСЫН ҚҰРУ ЖОЛДАРЫ

ІЗГІЛІКТІ БІЛІМ ОРТАСЫН ҚҰРУ ЖОЛДАРЫ

Қазақстанның рухани өмір, мәдениет және ғылым саласындағы ұлттық қызығушылықтары қоғамның рухани жаңаруымен, оның адамгершілік құндылықтарын сақтауымен және қоғамда жоғары адамгершілік идеалдарды нығайту, патриотизм мен ізгілік, көпғасырлық рухани дәстүрлермен байланысты[1].

Қазақстан Республикасының бірінші ханымы Сара Алпысовнаның идеясынан туындаған «Өзін-өзі тану» пәні өмірдің мәні және өмірлік іс-әрекет қауіпсіздігі негізі ретіндегі мәңгілік рухани-адамгершілік құндылықтарды мақсатты түрде дамытатын бір жүйе ретінде қарастырылады. Бұл курс білім берудің құндылықтық мәнін күшейте отырып, адамның сүю, қайырымдылық жасау, адамгершілік таңдау жасау және өзін-өзі жетілдіру қабілетін ашуға және дамытуға бағытталады.

Білім берудегі рухани-адамгершілік тәрбие берудің ерекшелігі «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру» бағдарламасын білім беру ұйымының білім беру аймақтарымен және ондағы барлық іс-әрекетпен интеграциялау болып табылады.

Интеграциялау процесі (лат. тілінде. integratio – біріктіру, қалыпқа келтіру) өзара байланыстылық және өзара толықтыру негізінде жүйенің бұрын ажырап кеткен бөлшектері мен элементтерін біртұтас жүйеге біріктіру болып табылады. Интеграция философия, социология, психология, педагогика және т.б. сынды гуманитарлық ғылымдарда қолданылатын күрделі пәнаралық ғылыми ұғым.

Педагогикалық пәнаралық интеграция А.А. Бейсенбаеваның еңбектерінде қарастырылған. Ол өз жұмысында: «Оқу жоспарларын, бағдарламалар мен оқулықтарды жетілдіру міндеттері олардағы белгілі бір салалардың жетістіктерін ғана емес, заманауи ғылымның аксиологиялық сипаты, оның түрлендіргіш мәні, адамның адамгершілігі мен оның рухани әлеміне ықпалын көрсету», – деп атап өтті[2].

«Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру мен өзге пәндерді интеграциялау – ол, ең алдыменен, мектептегі білімді жандандыру, оның рухани-адамгершілік болмысын жарыққа шығару, ол – біртұтас білім, барлық пәндерді мәңгілік жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде жинақтау және әр алуандылықтың біртұтастығын көре білу. Мәңгілік құндылықтар білім берудің ошағына айналуы керек, басқаша айтқанда, біз оқытатын нәрселеріміздің барлығының біртұтас екендігін көрсетуіміз керек [3].

Заманауи әлемнің сұраныстары сапалы білім берумен қатар, рухани бай, жоғары адамгершілікті, заманауи әлемдегі болып жатқан процестерге бейімделген Адам тәрбиелеу міндетін туындатып отыр.

«Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру» бағдарламасында Бағдарлама идеясын білім беру ұйымымының тұтастай педагогикалық процесімен интеграциялау ізгілікті білім беру ортасын құруға мүмкіндік береді.

Өзін-өзі тану мен басқа пәндердің ішкі интеграциялаудың үш жолы бар:

  1. Ұлы ғалымдардың өмірлері мен ғылымдардың даму тарихынан шабыттандыратын мысалдар келтіру.
  2. Заманауи ғылымының жаңалықтарымен танысу.
  3. Әр оқытылатын пәннің мазмұнындағы жалпыадамзаттық құндылықтарды анықтау.

«Өзін-өзі тану» пәнімен интеграцияланған физика сабағының жоспарын құру барысында интеграцияның үш жолын да ұсынуға болады. Мысал келтірейік. 7- сыныптың физика сабағы. Тақырып: Күш. Сабақ мазмұнына басшылыққа жалпыадамзаттық құндылықты жоспарға жазамыз.

Құндылық:  Ішкі тыныштық

Жалпыадамзаттық құндылыққа сай қасиеттерді жазамыз.

Қасиеттер: сабырлылық, сыйластық, жауапкершілік.

Сабақтың мақсатын құрғанда пәннін мақсаты өзгермейді.

Мысалы: Оқушылардың күнделікті тіршіліктен тәжірибе келтіре отырып күш туралы түсінікті меңгерту.

Сабақтың міндеттерін құрғанда алғашқы екі міндет пәннің мазмұны бойынша, ал үшінші міндетті жалпыадамзаттық құндылық және қасиеттермен байланыстырамыз.

1.Күштің, анықтамасын, шамасын белгіленуін, өлшем бірлігін, ерекшелігін меңгерту.
2. Тәжірибе арқылы бақылау, көз жеткізу, ойлау қабілетін дамыту.

  1. Оқушыларға сабырлылық, сыйластық, жауапкершілік қасиеттерінің мағынасын ұғындыру арқылы ішкі тыныштық құндылығының мәнін ашу.

Сабақты ұйымдастырғаннан кейін ой шақыру үшін берілетін тапсырманы былайша ұйымдастыруға болады.

1.Сыныпты үш топқа бөліп өткен тақырыптар бойынша тапсырма беру, топ басшысын сайлау. Әр топтың атын бүгінгі сабақтың тақырыбымен байланыстыру. мысалы: I-топ Күш – білімде. II-топ Күш атасын танымас.
III-топ Көптің күші – бірлікте. Сыныпты шағын топтарға бөлгеннен кейін әр топқа топ атына түсінік беру тапсырылады. Мұғалім балалардың ойын адамның мәнді өмірінің негізгі күші – ар-ұжданмен өмір сүруінде екендігін айтып, ойды қорытып, топтың аттары мен мазмұнын талдау арқылы рухани күштің , ішкі тыныштықтың мәніне тоқталу арқылы  сабақ тақырыбына ауысады.

Бұдан әрі ішкі интеграцияның бірінші жолын былайша пайдалануға болады.

  1. Ұлы ғалымдардың өмірлері мен ғылымдардың даму тарихынан шабыттандыратын мысалдар келтіру.

Рух күштілігі өмірде адамның мүмкіндігін аша түседі. Мысалы, Кәріпбек Күйіков Семей ядролық полигоны орналасқан жерден 100 шақырымдай жердегі Қарқаралы ауданына қарасты Егіндібұлақ ауылында 1968 жылы туған. Ол полигонның ащы зардабын көрген жандардың бірі. Туғанынан қолы жоқ болса да, ол еш мойымай, Семей полигонының жабылуына атсалысады. Кәріпбек Күйіковтің ядролық қаруға төзуге болмайтынын Қазақстанға ғана емес, бүкіл әлемге дәлелдеп жүрген қайсарлығы көпшілікке белгілі. Оның тісімен немесе аяқтарының башпайының көмегімен салған суреттері полигонның қасіретін көз алдыңа әкеледі. Оның туындылары Түркияда, Жапонияда, АҚШ-та, Германияда, тағы да басқа шет мемлекеттердің көрмесіне қойылды. Мольберт алдында ұзақ отыру белін одан ары бүкірейтетін болған соң дәрігерлер оған аяғымен сурет салуға тиым салған. Қайсар мінезді Кәріпбек бұған мойымай, ендігі уақытта қылқаламды аузына тістеп алып, тісімен сурет салуды үйреніпті. Қандай қажыр, неткен сабырлылық, не қылған өмірге, өнерге құштарлық, өз өміріне жауапкершілікпен қарау күші десеңізші!

Көрмелері Америка, Германия,Түркияда, Қытайда және Қазақстан қалаларында да ұйымдастылып, айрықша табыспен өткізілді. «Мен өмірге тістей қатып жабысқан адаммын», — дейді. Ол Қазақстанның бастамасы бойынша бекітілген Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-әрекеттер күніне байланысты БҰҰ Бас Ассамблеясының бірінші ресми отырысына қатысады. Суретші Кәріпбек Күйіков, кеңестік ядролық сынақтан кейінгі Қазақстандағы өзінің алғашқы жобасын алға сүйреді. «АТОМ» — Күйіков жүргізіп отырған жоба. Жоба ядорлық қарудың әлемге тигізген зардабы жөнінде хабарлайды.  https://youtu.be/gDniHsDxhlM

Бейнематериалды көргеннен кейін топтарға бейнематериалдан рухани күш адамға қандай мүмкіндіктер беретінін ажыратып жазу тапсырылады.

Адамның тәндік мүмкіндігі шектеулі болғанмен рухани күш адамның барлық мүмкіндігін жарыққа шығарады. Олай болса, сабырлылық, сыпайылық, жауапкершілігімізді ісімізде көрсетіп, рухани саулығымызды шынықтырайық, — деп мұғалім қорытынды жасайды.

  1. Ішкі интегарцияның екінші жолы – Қазіргі ғылыми жаңалықтармен таныстыру.

Ақыл-ойдың тазалығы мен парасаттың күші емі жоқ аурулардан айықтыратындығы туралы Лисса Рэнкиннің «Ақыл-парасаттың медицинаны жеңуі»   кітабында  ғылыми тұрғыда айтылады. Кітапта келтірілген зерттеулер болашақта адамдардың дәрі-дәрмектерсіз-ақ, ақыл-парасат күшінің көмегімен дертке шипа таба алатындығы жайында сөз қозғалған. Автордың зерттеулеріне 3500 адам қатысқан. Қатысушылар жүрек-қан тамыр аурулары мен оба дертіне шалдыққан. Дәрігерлер дәм-тұзы таусылуға жақын науқастарға плацебо дәрілерді ішкізген. Алайда адамдарға олардың пайдасыз екендігі айтылмаған. Нәтижесінде обыр дертіне шалдыққандардың кеселді ісігі екі есе кішірейіп, көбісі толығымен ауруынан жазылған, күйзелісте жүргендер айығып, бас сақинасы барлар дертін ұмытқан.

Олай болса, ойдың күші адамның бақытты өмірінің негізін қалайды. Ойымыз асқақ, таза болсын.

Үнемі көңілді жүру, маза бермейтін ойларды санадан ысырып тастау,  күйзелістерге жол бермеу арқылы денсаулықты жақсартуға болады. Сондықтан, ешкімге кек сақтамаңыз, кешірімді болыңыз және ішкі жан-дүниеңіздің саулығына да баса мән беріңіз. Ақыл-парасаттың күші сол кезде ғана жеңіске жетеді.

3. Әр оқытылатын пәннің мазмұнындағы жалпыадамзаттық құндылықтарды анықтау.  Оқушыларға Ронда Берннің «Секрет» бейнефильмінен үзінді көрсеткеннен кейін. Фильм мазмұнындағы ережелерді басшылыққа ала отырып, өз ойыңның күшін пайдалану ережесін құруға тапсырма беруге болады.

Тапсырма орындағаннан кейін мұғалім: «Бақыттың кілті – өмірде ойымыздың күшін жақсы мақсаттарға бағыттайық», деп қорытынды жасайды.

Міне, бұл қысқаша мазмұн физика пәнін өзін-өзі тану пәнімен интеграциялау мүмкіндіктерін ұсына отырып, ізгілікті білім ортасын құруға мүмкіндік береді.

Қазақстанның білім беру жүйесіне рухани-адамгершілік құндылықтар идеясын кеңінен ендіру қажеттілігі қазіргі таңда идеологиялық институттардың жоқтығымен де байланысты. «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру» бағдарламасы біздің қоғамның рухани-адамгершілік жаңғыруының негізі бола алады.

Білім беруде адамның үйлесімді дамуының міндеті тек олардың әлемдік және ұлттық мәдениеттің үздік үлгілерін құндылықтық тұрғыда игеруі арқылы ғана шешілетіндігі айқындалды. Бағдарламаның негізгі идеяларын адам тұлғасының біртұтас үйлесімді дамуының іргетасы, қоғамды тұтас сауықтыру ядросы ретінде қарастыра отырып, біз, өзінің институттары арқылы тек оқу процесін өзгерту ғана емес, сонымен қатар, сабақтан тыс іс-шаралар арқылы, отбасымен өзара іс-әрекет жасау арқылы сыртқы құрылымдарға, тұтас әлеуметтік ортаға ықпал ету арқылы қоғамның жаһандық өзгеруін жүзеге асыру керектігін түсінеміз.

 

Какенова Дидар Бериковна,

«Өрлеу» БАҰО» АҚФ Қарағанды облысы  бойынша

педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру Институты

«Мектепке дейінгі тәрбие және тұлғаны әлеуметтендіру»

кафедрасының аға оқытушысы

 

ҚОЛДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

  1. Повышения качества профессионального развития педагога /Коллективная монография.Караганды, 2015, 19с.
  2. Мукажанова Р.А., Омарова Г.А. «Самопознание» и другие учебные предметы: возможности и нтеграции содержания и методов обучения. Учебно-методическое пособие для учителей. – Алматы: ННПООЦ «Бобек», 2013. – 96 с.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.