«BILIM AINASY» республикалық газетінің тілшілері «Жеті сауал» жобасының сауалнама сұрақтарына жауап алу мақсатында қала мектептерін аралауын тоқтатқан жоқ. Бұл жолы «№74 мектеп-гимназясына» бас сұқты. Мектептің бүгінгі өміріне, жаңалықтарына куә болып, сауалнама сұрақтарына жауап алып қоймай, үздік оқушыларымен де танысты. Сондай алғыр оқушылардың бірі әрі бірегейі – Сабыржанова Гүлнұр Талғатқызы. Нұр-Сұлтан қаласының төл перзенті қазіргі таңда ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші, актриса Айгүл Иманбаеваның шәкірті. 74 мектеп-гимназиясынының 9 «Ә» сыныбында оқитын жан-жақты оқушы ән айтумен, актерлік шеберлікпен, журналистикамен айналысатын көрінеді. Өзі оқып жүрген білім ордасының үздік оқушысы қоғамдық өмірге де белсене араласады. Сынып басшысы ғана емес, «Жас Ұлан» ұйымының белсенді мүшесі қазіргі таңда оқу орнының вице-президенті. Көптеген өнер жарыстарына, пәндік олимпиадаларға, мәнерлеп оқу сайыстарына, сұлулық, эссе байқауларына қатысқан талантты оқушының жетістіктері де жетерлік. Дариға Назарбаеваның ұйымдастыруымен өткен республикалық «Бала даусы» жобасының 10 үздік талантты балаларының қатарында болып, сертификатқа ие болған. «Дала әуендер», «Музыкальное созвездие» және тағы басқа да ән байқаулардан І-орын иеленсе, Халықаралық «Mega Fest», Мұқағали Мақатаевтың құрметіне өткен «Ғұмырдария», «Көшбасшы оқушы – 2019», Республикалық «Моя голубая планета» байқауларынан ІІ-орынды қанжығасына байлаған. «Астана-ән қанатында», «Жас Ұлан» ұйымының ұйымдастыруымен өткен «Бабалар аманаты» атты байқаулардың бас жүлде иегері. Оған қоса актерлік шеберлік пен қалалық, республикалық эссе сайыстарынан І, ІІ-орынддарды ешкімге бермеген. Тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» идеясы бойынша ұйымдастырылған түрлі қалалық ғылыми-практикалық конференцияларына қатысып, түрлі деңгейдегі дипломдардың иесі атанған. Жетістікке бай жалынды оқушы бос уақытын тағам дайындаумен, би билеумен және түрлі тілдерді меңгерумен өткізеді. Бүгінде Гүлнұр ағылшын, орыс тілдерінен бөлек, украин тілін де үйрену үстінде. Болашағынан үлкен үміт күттіретін, мақсаты айқын, жас та болса бас боп жүрген алғыр оқушыға тек сәттілік серік болары сөзсіз.
Жұпар САНСЫЗБАЕВА,
«BILIM AINASY» газеті,
Нұр-Сұлтан қаласы.