Home » Жаңалықтар » АЙМАҚТЫҢ ҮЗДІК ҰСТАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

АЙМАҚТЫҢ ҮЗДІК ҰСТАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Марапат

Павлодар облысы – білім беру саласында республика бойынша көш бастап келе жатқан индустриалды аймақ. Сондықтан да болар, техникалық-кәсіптік білім беруді дамыту мәселесі жергілікті биліктің жеке назарында. 2019-2020 оқу жылын облыста жалпы контингенті 113 422 оқушы аяқтап, 357 мектепте 12 325  педагог жұмыс істесе, жаңа 2020-2021оқу жылында бұл көрсеткіш әлдеқайда арта түскен.  Өңірде қоғамда өз орнын толық айқындай алатын жігерлі, білімді, дарынды жастардың жаңа ортасы қалыптасты. Олардың арасында ІТ технологиясын меңгергендер мен робототехника, шахмат, түрлі спорт ойындары бойынша болашағынан үлкен үміт күттіретіндер де аз емес. Мектеп оқушыларымен, студенттермен қатар ұстаздар да білімдерін жыл сайын жетілдіріп, шығармашылықтарын шыңдап, облыстық, республикалық, халықаралық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар сайысында жүлдегер атануда. Ерен еңбектің өтемі – шынайы құрмет екеніне облыстық «Достық үйі» қоғамдық келісім сарайында өткен марапаттау салтанаты дәлел бола алады.

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов облыстың он бес үздік ұстазын «Павлодар облысының білім беру саласына қосқан үлесі үшін» төс белгісімен марапаттап, әр қайсысына 1000 АЕК көлеміндегі қаржылай қолдау Сертификатын табыс етті.

Айта кетейік, ағымдағы жылдың 5 тамызында қабылданған Павлодар облысының білім беру басқармасы мен Павлодар облысы әкімдігінің №167/3 қаулысына сәйкес, өңір ұстаздарын көтермелеудің қосымша шараларын белгілеу мәселесі қарастырылған болатын. Осыған орай, арнайы комиссия құрылып, 600-ден астам педагогтың білімі мен көпжылдық тәжірибесі қатал сынға түсті. Іріктеу комиссиясының шешімімен, Павлодар облысы білім беру саласының он бес ұстазы «үздік» деп танылды. Олар: Павлодар қаласы «Дарынды балаларға арналған №8 лицей-мектебінің» информатика пәні мұғалімі – Васина Светлана Геннадьевна, химия пәнінің мұғалімдері — Колдашева Оксана Владимировна мен Молокова Ирина Николаевна, математика пәнінің мұғалімі — Рубцова Татьяна Ильинична, тарих және география пәнінің мұғалімі — Кайдарова Лаура Сартаевна, Павлодар қаласының № 39 гимназиялық сыныптары бар инновациялық үлгідегі жалпы орта білім беру мектебінің неміс тілі пәні мұғалімі — Мокроусова Танзиля Рафкатовна, Екібастұз қаласының С.Торайғыров атындағы №22 гимназия-мектебінің қазақ  тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі — Сейтова Гулбаршын Аркалыковна, Павлодар қаласының № 16 лицей-мектебінің орыс тілі және әдебиеті пәні мұғалімі — Казкенова Гульнара Еркиновна, Баянауыл ауданы №2 Майқайың жалпы орта білім беру мектебінің физика пәні мұғалімі — Рахимжанова Кундыз Габдулрашидовна, Баянауыл ауданы №1 Майқайың жалпы орта білім беру мектебінің тарих пәні мұғалімі — Шокина Баян Рахымжановна, Павлодар қаласы «Музыкалық колледж – дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернат» кешені» ММ-нің арнайы пәндер мұғалімі — Волкова Инна Николаевна және Павлодар қаласындағы «Балалар музыка мектебінің» мұғалімі Жумашова Умиткуль Койшибаевна, М.М.Катаев атындағы «Оқушылар сарайының» «Луч» шығармашылық бірлестігінің жетекшісі — Даирбаев Даулет Бейсембаевич, Екібастұз қаласының «Қайнар» білім беру және бос уақытты қамту кешені» ММ-нің мұғалімі — Гумарова Маргуль Бультеновна және «Кенжекөл ауылының отбасы үлгісіндегі балалар ауылы» КММ-нің музыка пәні мұғалімі — Потанина Елена Владимировна болды.

Жумашова Умиткуль Койшибаевна

— Сіздер оқытудың жаңа форматына тез және кәсіби түрде бейімделе алдыңыздар. Кезекті рет өздеріңіздің білім мен тәрбие беруге ұмтылатындарыңызды көрсеттіңіздер. Білімді ұлт тәрбиелеу – біздің ортақ міндетіміз. Сіздерге зор денсаулық, толайым табыстар мен сарқылмас күш-қуат тілеймін, деді педагогтарды құттықтау сөзінде аймақ басшысы .

Аймақ ұстаздарын дәріптеген алғашқы игі бастама қоғамда ұстаздар еңбегіне деген креативті көзқарас пен жанашырлықтың көрсеткіші ретінде бағаланды. Павлодар облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының айтуынша, марапатталушылар қатары алдағы «Тәуелсіздік күні» қарсаңында тағы да 35 адамға артпақ. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, еліміздің болашағы – жарқын, тұғыры – бекем болуына елеулі үлес қосып, қажырлы қызмет етіп келе жатқан қадірлі жандардың бұл жолғы қуанышын жерлестері де қуана қолдады. Сондай-ақ, облысымызда дәстүрге айналғалы отырған аталмыш жоба өзге ұстаздардың да үмітін үкілеп, жас мамандардың қызығушылығын арттыра түсуде.

Жумашова Умиткуль Койшибаевна, Павлодар қаласы әкімдігі Павлодар қаласының білім беру бөлімі «Балалар музыка мектебі» МҚКК-нің мұғалімі:

-Мен, «Павлодар облысының білім беру саласына қосқан үлесі үшін» төс белгісіне ие болғаныма шексіз ризамын. Осы жылы педагог мәртебесін көтеру жөнінде Заң қабылданып, енді, міне, облысымызда үздік мұғалімдерді марапаттау және оларды дәріптеу басталды. Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовке мұғалімдерге осындай қолдау көрсетіп жатқанына және менің ұстаздық еңбегімді жоғары бағалап, риясыз қуаныш сыйлаған Павлодар облысының білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлына алғысымды білдіремін. Осындай марапат мұғалімдердің өз мамандығына деген қызығушылығын одан әрі арттырып, мықты стимул береді деген ойдамын.

Айгүл МОЛДАШ,

«BILIM AINASI»
ПАВЛОДАР.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.