Home » Жаңалықтар » БІЛІМ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ЗАМАНАУИ ЖЕТІСТІК

БІЛІМ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ЗАМАНАУИ ЖЕТІСТІК

Заманауи білім беріп, жас ұрпақтың кәсіби құзіреттілігін арттыру бүгінгі күннің басты құндылығы. Қоғам қарыштап дамыған сайын білім беру жүйесіндегі қойылатын талапта күшейтіле түспек. Осы орайда Солтүстік Қазақстан облысы «Ұлылар мұрасы және заманауи білім» тақырыбында өткізілетін қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің І халықаралық форумына қызыу дайындалып жатыр. Форум болғанға дейін секциялар жұмыс жасап, оқыту мен тәрбиелеудегі басты мәселелерді күн сайын талқылап отыр.
М.Қозыбаев атындағы СҚУ «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасы «Қазақ тілі мен әдебиеті мамандарын даярлауда білім алушылардың кәсіби құзыреттілігін қалыптастырудың ерекшеліктері» тақырыбындағы секция жұмысын талқылады.  Аталмыш секция жұмысына шетелдік және Отандық беделді университеттерінің ғалымдары қатысыты. Атап айтар болсақ, Байниязов Аябек,Түркия республикасы Ардахан каласы, Ардахан университеті, қазіргі түркі тілдері кафедрасының профессоры, Дәулетбекова Жанат Тұрарбекқызы, Қазақстан-Британ  техникалық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы, Байтанасова Қарлығаш Медетқызы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты, Мыңбаева Ақбілек Пазылханқызы, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті, философия докторы (PhD),Синбаева Гүлфайруз Кенжеболатқызы, М. Қозыбаев атындағы СҚУ, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға  оқытушысы.
Өткізілу формасы заман ағымына сәйкес зум платформасы және ютубта тікелей эфирде ұйымдастырылды. Секция жұмысына ғалымдардың сыртында республика, облыс көлеміндегі мұғалімдер мен студенттер қатысты. Негізгі күн тәртібіндегі мәселелер талданып, қазіргі жаңартылған білім мазмұнына сай мектеп оқулықтары сапасының сын көтермейтіні туралы сөз қозғалды. Ғалымдардың әр қайсысының тақырыбы білім беру жүйесіндегі олқылықтарды болдырмаудың жолын қарастырып, содан шығудың негізін көрсетуге тырысты.
Байниязов Аябек «Түркияның 19 университетінде қазіргі түркі тілдері кафедрасы жұмыс істейді. Онда барлық түркі тілдерінің тілі мен әдебиеті оқытылады. Мен Ардахан университетінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беремін»,- дейді. Алысты жақындататын бұл заманның жетістігі арқылы түркия мемлекетінің білім беру жүйесіндегі жетістіктерді де білдік.
Қазақстан президенті Қ. Тоқаев өз Жолдауында «Маман даярлау ісі еліміздегі және ғаламдағы еңбек нарығынан тыс қалмағаны жөн» деп, әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі білім беру сапасын жетілдірумен тығыз байланысты екендігін нақтылады. Сөйтіп еліміздің жоғары оқу орындарының алдына бәсекеге қабілетті, білікті маман дайындау, олардың оқу бітіргеннен кейінгі «өмірден өз орнын табу», яғни жұмысқа орналасу мәселесін қатаң қадағалаумен қатар, ғылыми-зерттеу жұмыстарын сапалы жүргізіп, оны коммерцияландыру бағытында қарқынды және нақты жұмыстарды жасауға үлкен міндеттер қойып отыр. Өткізіліп отырған секция жұмысының негізгі мақсаты жоғары оқу орындарындағы болашақ ұстаздардың бәсекеге қабілетті, заманауи біліммен қаруланған, функционалды сауатты жастарды дайындау болса, дайындалған мамандар мектепке барғанда алған білімдерін көрсете алса, жұмыс мақсатына жетеді. Барлық баяндамалар тыңдалып болған соң, пленарлық отырысқа бірнеше ұсыныс ұсынылды. Алғашқы ұсыныс, А.Байтұрсынов негізін қалаған Қазақ тілін оқытуда тіл жүйесінің мазмұнына негіздеп қайта құру керек; екінші ұсыныс Қазақстан республикасының шеңберінде оқытылатын шетелдік мектептер мен ЖОО қазақ тілі мен әдебиетін оқыту міндеттелсе, деген ұсыныстар берілді. Бұл ұсыныстар 6 қарашада өтетін халықаралық форумда талқыланып, Білім және ғылым министрлігіне жеткізіледі деген үмітте.

СҚО, Қызылжар қаласы
Көкбасқызы Жазира, ҚР журналистер одағының мүшесі
«BILIM AINASY»

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.