Home » Ашық сабақтар » Ата-аналардың бала тәрбиесіндегі құқықтық жауапкершілігі

Ата-аналардың бала тәрбиесіндегі құқықтық жауапкершілігі

 Шегебаева Алия Балтабаевна
Қарағанды облысы
Жаңаарқа ауданы
«Ынтымақ жалпы орта  мектебі» КММ
директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

 Сабақтың мақсаты: Ата-аналарды Қазақстан мемлекетінің негізгі құқықтарымен таныстырып, ата заңымызға деген сүйіспеншілік сезімдегі шыншыл да әділетті және парасатты тұлғаны қалыптастыруда, өз құқық-тарын терең сезінуге ықпал ету.
Түрі: Бетпе – бет, кездесу.
Көрнекіліктер: Слайд, кітап көрмесі, үйдің макеті, ақ қағаз.
І. Ұйымдастыру кезеңі:
Шегебаева А: Сәлеметсіздер ме, құрметті қонақтар, ата-аналар. Бүгінгі біздің «Ата-аналардың бала тәрбиесіндегі құқықтық жауапкершілігі», атты бетпе-бет кездесуімізге қош келдіңіздер! Кездесуімізге 8-сынып оқушы-ларының ата-аналары, Аманбаев Ж — ауыл полициясы,  құқық пәнінің мұғалімі Мунжасарова Ғ қатысып отыр. Кездесуімізді психологиялық тренингтен бастасақ.
№3 слайд. менің қолымда (ақ парақ, дәл ортасында дөңгелек қара ноқаты бар) сіздер не көріп тұрсыздар? Соны суреттеп берсеңіздер. Әрине, бұл жерде ақ қағазға қарағанда қара түс тез көзге шалынады, сол секілді бала бойындағы кемшіліктерді ғана көре бермей жақсы қасиеттерін де көре білуіміз керек. Жақсы қасиет әрине тікелей тәрбиеге байланысты.
ІІ. Кіріспе сөз: Ендеше, жас ұрпақты тәрбиелеп, білім беріп, қоғам мүддесіне жарату ата-аналар мен ұстаздар қауымы үшін кезек күттірмейтін мәселе. Бала тәрбиесі — бір отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның мемлекеттік абройлы міндеті.
№ 4 слайд. Кезінде Әл-Фараби бабамыз: «…Адамға ең бірінші білім емес, рухани тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім — адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі…» демеп пе еді
Кез-келген ата-ана баласының әдепті, білімді болып өсуін армандайды. Қазіргі қоғамда ата-ана сол арманына жету үшін баласын қалай тәрбиелейді? Бақытты жанұя қандай болмақ? Бүгін біз сіздермен осы тұрғыда сөз қозғаймыз. Бүгінгі заманда әрбір адамның өз құқықтарын жете біліп, жалпы заң білімі саласы бойынша мағлұмат алғаны дұрыс. Енді, құқық жөнінде жалпы не білеміз?
№5 слайд. Құқық дегеніміз — мемлекет тарапынан заңдастырылған және қорғалатын, жалпыға бірдей міндетті нормалар жүйесі. Ал, міндет – адамдар бұлжытпай орындауға тиіс тәртіп пен қарым-қатынасқа қойылатын талап.
№6 слайд. Біздің елімізде адам құқықтары Ата Заңымыз –

  • Қазақстан Республикасының конституциясында көрініс тапқан, ол 9 бөлім, 98 баптан тұрады.
  • «Бала құқығы туралы Конвенция» 1998 ж. БҰҰ бекіткен.
  • Адам құқықтары жөніндегі декларация.
  • 2002 жылғ 8 тамызда бекітілген «ҚР-ның бала құқығы туралы» Заңы.
  • «Неке және отбасы» ҚР Заңы, осындай құжаттарда адам құқықтары, бала құқықтары орын алған және адамдар өмірінің түрлі салаларын реттеуге бағытталған.

Шегебаева А: осы заңдардың мақсаты не деп ойлайсыздар? Құқық пәнінің мұғаліміне сөз берсек.
№7-13 слайдтар. Құқық пәнінің мұғалімі: Балаларды қорғауға олардың шығармашылық белсенділігін дамытуға, азаматтыққа тәрбиелеу, ұлттық сана — сезімін қалыптастыру т. б.
Шегебаева А: Балалар мүдделерін мемлекеттік қорғау дегенді қалай түсіндірер едіңіз?
Құқық пәнінің мұғалімі: Мунжасарова Ғ: Өмірге баланың келуі, яғни тууы олардың ата-аналарының арасында әртүрлі құқықтар мен міндеттердің туындауына алып келеді. Заң баланың қандай құқықтарын реттейді?
Шегебаева А: Ал, енді балалар құқығы туралы айтсаңыз, ата-ана-лардың балалар тәрбиесіне байланысты құқықтар мен міндеттері туралы не айтар едіңіз?
№14 слайд. Құқық пәнінің мұғалімі: «Неке және отбасы» Заңының                 62-бабында: ата-аналар өз баларын тәрбиелеуге құқылы және міндетті екенін, олардың денсаулығына қамқорлық жасауға, орта білім алуын қамтамасыз етуге міндетті екенін көрсетеді. Балалардың тәрбиесі мен білім алуына қатысты барлық мәселелерді балалардың мүдделерін негізге алып, балалардың пікірін ескере отырып, өзара келісім бойынша ата-аналар шешеді. Ата-аналардың арасында келіспеушілік болған жағдайда қорғаншы және қамқоршы органға немесе сотқа жүгінеді.
№15 слайд. III. Ендігі кезекті «Пікір айтсам деп едім…»айдарына берейік (ситуациялық жағдайларды шешу).
«Көшедегі көрініс» (оқушылар көрсетеді)
Азамат: Жанболат бүгін Камалдың баласының тойы ғой білесің бе?
Жанболат: Ия, ия, айтпақшы Әділдер бүгін жиналайық, той қызық-таймыз деген. Саған хабарласқан жоқ па?
Азамат: Жүр ендеше солай қарай барайық, бар қызықтан құр қалармыз.
Жанболат: Кеттік, жолшыбай Динаға соға кетейік, ол да барар мүмкін.
Азамат: Дина, біз той болып жатқан жерге бара жатырмыз. Балалар да сол жақта жүр, бізбен бірге жүрсеңші.
Дина: Жоқ, мен әуелі ата-анама ескертуім керек, әйтпесе алаңдайтын шығар.
Жанболат: Ту, ата-анаңа ескертіп не істейсің, біз секілді айтпай кетіп қалмайсың ба, сұрансаң жібермей қояды.
Дина: Жоқ, балалар, мені жібермейді бара алмаймын. Ол жақтан ішімдік ішкен адамдар кездесіп, бір нәрсеге душар болармыз.
Азамат: Онда өзің біл, ертең «көп қызықтан қалдым»- деп өкініп жүрме?
Жанболат: Осы кезден бастап көшеге үйрене бермейсің бе?
Шегебаева А: 1) Құрметті ата-аналар осы жағдайға байланысты сіздердің пікірлеріңізді білсек. Ата-ана қай жерден қате жіберіп отыр?
1-ші ата-ана: түнгі уақытта ата-ана баласына ие болып, қадағалап отыру керек, расында арақ ішетіндер арасында қандай тәрбие алады?
2-ші ата-ана: Дина еліктемей, ата-анасы рұқсат бермеген соң бармай қалғаны дұрыс болды, бірақ достарын тоқтатуға әрекет етпеді, ол өзін ғана ойлады.
3-ші ата-ана: Алдыңғы екі бала ата-ана қарауынан кеткен, бұрыннан түнде жүріп үйренген балалар, тойға барып небір «қызықтарды» көріп жүргендер, ондай балалар бәріне тез еліктеп, жаман әдеттерге тез үйренеді.
Шегебаева А: 2). Жас өспірімдер инспекциясының инспекторына: Осы жағдайда оқушылар және ата-аналар қандай қателік жіберді және қандай жауапкершілікке тартылады?
Ауыл полициясының  сөзі: Аманбаев Ж
Шегебаева А: Енді, 2-ші көріністі көрейік (Оқушылар көрсетеді)
Шегебаева А: Ата-ана жиналысқа шақырылды. Бала анасына барды.
— мама, сізді жиналысқа шақырды.
— Балам, менің қолым тимейді. Әкеңе бар.
— Папа сізді мұғалім жиналысқа шақырған болатын.
— Мен балыққа баруым керек, бара алмаймын.
Шегебаева А: Осы көрініс бойынша ата-аналар өз ойларыңызды айтсаңыздар (ата-аналар өз ойларын айтады).
1-ші ата-ана: Бала тәрбиесіне тікелей ата-ана жауапты болғандықтан, жиналысқа шақырылғаннан кейін бару керек еді, балаға көңіл аударылмағаннан кейін, бала тәрбиесі дұрыс болмайды.
2-ші ата-ана: Ата-ананың бірінші міндеті бала тәрбиесі, сондықтан ата -ана жиналысынан қалмау керек. Оның жақсылығын да, жамандығын да біліп отыру керек. Жиналысқа бармаса оны қайдан біледі?
3-ші ата-ана: Баласының әлеуметтік жағдайын жасау үшін әкесі бармаса да, анасы үй шаруашылығын тастап, міндетті түрде жиналысқа баруы керек.
4-ші ата-ана: Жиналысқа бармаса, баласының мектептегі өмірінен хабардар болмаса, баласының қалай оқып жатқаны, жалпы тәртібі жайында ешнәрсе білмесе, ол не үшін ата-ана -? Сондықтан баласының болашағы үшін ата-ана тікелей мектеппен байланыста болуы керек!
Шегебаева А: Сіздер не айтар едіңіздер, осы жерде ата-ана жауапкершілігі бұзылды ма? Осыған байланысты заң бар ма?
(Заң қызметкері өз ойын айтады)
Шегебаева А: құрметті, ата-аналар бала тәрбиесінде қателіктерге жол бермесеңіз ғана балаңыздың саналы азамат болып өсіп, сізді бақытқа кеңелтері сөзсіз. Ортаға жұмбақ кейіпкерімізді шақырамыз: Мына баланың тағдырына қараңыздаршы. Ол алты-ақ жаста, қайыр тілейді, өз құрбыларына қарағанда ол ересек сияқты: өмір туралы және құндылықтар туралы ойлайды. Ол үлкендерге еліктеп әр сөзін ойлап баяу сөйлейді:
Жұмбақ кейіпкер: Мен не әкем, не шешеме керек емеспін. Оларға менің тапқан ақшам ғана керек. Мен әкелген ақшаға олар арақ пен тіс басар сатып алады, ал мен аш қаламын. Егер мен ақшаны жеткілікті әкелмесем, сол күні міндетті түрде соғады. Кейде көп табамын. Ол күні әкем риза болып: «асыраушым» дейді. Біздің үйге әке-шешемнің достары жиі келеді, олар да мас болады. Соңында дауласады, төбелеседі. Папам мен мамам мені аямай сабайды, мен жыламаймын, жылауға болмайды ғой. Сондықтан мен милицияға телефон шалдым. Олар әке-шешемді емес, мені алып кетті. Ал, мен жақсы адам болуды, оқу оқуды армандаймын, әке-шешеме ренжімеймін, бақытты жанұя болсақ деймін. Мен ата-анамды жамандайын деп отырған жоқпын, олардың өзіме деген жылы сезімін қалай оята аламын? Маған көмек берсеңіздер екен.
Шегебаева А: 1) Ата-аналар бұл жағдайда не айтасыздар? (Ата-аналар өз ойларын айтады).
1-ші ата-ана: Ең бірінші баланың ата-анасының өзін тәрбиелеу керек. Мұндай тағдыры қиын балалар қоғамда өте көп, сондықтан оларға көмекті заң орындарынан сұраймыз.
2-ші ата-ана: Әке-шешеңді заң орындары наркологиялық центрге апарып орналастырып, онда әбден айығып шыққанға дейін балалар үйінде болып, содан кейін үйіне барып, қайтадан жақсы өмір бастау керек.
3-ші ата-ана: Баланы дұрыс жерге орналастырып, өзінің мақсатына жететіндей тәрбиелі ортада болғаны дұрыс, ата-анасымен байланысын үзбей, ата-анасын емдеп, түзету жұмыстарын жүргізіп, қалыпты ата-ана болуына көмектесу керек, әбден сауыққаннан кейін баласымен табысып, бірге тұруларына болады.
Шегебаева А: 2) Сіздер не айтар едіңіздер? (полиция жауабы тыңдалады).
Шегебаева А: Бұл баланың өмірі қараусыз қалған балалардың өмірі. «Балалар – біздің болашағымыз» деген әдемі фраза құлаққа жағымды-ақ. Ал сол балалар қорғалуға және демеуге қандай зәру екенін білмей қалмасақ болғаны.
№16 слайд. Мына суреттерге зер салып қараңыздаршы ( ата-аналарға екі сурет көрсетіледі): Біріншісі тіп-тік әдемі салынған үйдің суреті.
Екіншісі — фундаментінен бастап кірпіші дұрыс қаланбаған, төбесі жарылып кеткен үйдің суреті. Бұл тек үйдің суреті ғана емес, көріп отырып бала тәрбиесі туралы не айтуға болады?(сурет жайлы ата – ана ойы тыңдалады).
1-ші ата-ана: Бұдан, бірінші сурет тәрбиесі дұрыс бала екендігін, екінші сурет тәрбиесі дұрыс болмаған бала жайында екендігі айтылған. Бала тәрбиесі үйдің фундаменті сияқты жас күнінен басталатынына назар аударуымыз керек.
2-ші ата-ана: Қазақта «Тәрбие — тал бесіктен» деген мақал бар, кейбір ата-ана: «балам кішкене өссін, содан кейін де тәрбиелеп аламын» деп ойлайтындар да бар, бірақ тәрбие беруден кеш қалғанын білмейді.
Шегебаева А: Әрбір баланың іс-әрекеті, тәрбиесі от басында ата- ананың жағымды іс-әрекетімен қалыптасады. Ендеше, ата-ананың өз баласының тәрбиесі үшін ел, халық алдында жауапты екенін естен шығармаулары керек.
№17 слайд. IV.
Шегебаева А: Енді,«Көкейде жүрген сауал» айдарымен 5 сұрақ оқимын, сіздер жауап беріп көріңіздер.

  1. Балаңызға сөзіңізді толық тыңдату үшін не істер едіңіз? 1-ші ата-ана.
  2. Өз балаңызға оқуға қолайлы жағдай жасадыңыз ба? 2-ші ата-ана.
  3. Балаңызды сіз жазалайтындай жағдай болды ма? Жазаның қандай түрін қолданасыз? 3-ші ата-ана.
  4. Кейбір ата-аналар жағдайы бола тұра неліктен бала тәрбиесіне көп көңіл бөлмейді? 4-ші ата-ана.
  5. Балаңыздың іс-әрекетінен, мінезінен бір өзгерісті байқадыңыз. Тым ашушаң, ызақор болып барады, сіздің әрекетіңіз. 5-ші ата-ана.

Ата-аналар берген жауаптарына талдау жасап көрелік, қонақтарға сөз берейік (заң қызметкері, құқық пәнінің мұғалімі өз ойларын айтады)
№18 слайд. V.
Шегебаева А: Сіздермен «Қызықты сұрақтар» айдары бойынша сергіту сәтін жасап көрейік. Сіз балаңыз туралы қаншалықты білесіз?
Сұраққа-жауап:

  1. Балаңыздың парталас көршісі кім?
  2. Балаңыз қандай өлшемді аяқ киім киеді?
  3. Балаңыздың сүйікті асы қандай?
  4. Балаңыз кеше қандай баға алды?
  5. Балаңыз қандай түсті жақсы көреді?
  6. Балаңыз спорттың қандай түрін жақсы көреді?
  7. Балаңыз бірінші сыныпқа қай жылы барды?
  8. Балаңызды еркелетіп қандай сөздер айтасыз?
  9. Балаңызға ашуланғанда, ең алдымен аузыңызға қандай сөз түседі?

Сонымен, құрметті ата-аналар, қолымыздағы алтынымызды жақсылап тәрбиелейік және біз оларға үлгі болар бейне екенімізді ұмытпайық. «Тәрбие отбасынан басталады»- деп айтып жатырсыздар, сол балаға тәрбие берілетін әрбір отбасының баспанасы бар, міне, мұнау әрқайсымыздың өзіміздің баспанамыз дейік, осында өмір сүретін «Бақытты жанұя» қандай болу керек? Бір-бір ауыз сөзбенен «Бақытты жанұя» модельін құрастырайық (Ата- аналар қағазға жазылған ойларын макетке апарып жапсырады)
№19 слайд. (Ата- налар қағазға жазылған ойларын алып оқып шығып).
Міне, қандай болса отбасында тәрбие,
Әрқилы мінез қалыптасар әркімде.
Бақытты болса әр отбасы, жанұя,
Бақытты болар бар патшалық, әрине — деп айтуымызға болады.
Сондықтан да, мына жайттарды үнемі есімізде ұстайық деген ниетпен сіздерге мына кеңестерді ұсынамын:
№21 слайд. 1-кеңес. Баланы ерекше әлпештеп жібермеңіз. Мейлі үйде, мейлі түзде болсын, бала елден ерек екенмін деген сезімде болмауы, басқаларды құрметтеуді ұғынуы жөн. Тіпті әлпештеуге келген жағдайда да оны баланың өзіне сездіруге болмайды. Баланы орынсыз мадақтай бермеңіз. Бала бір үйлі жан өзімнің соңымнан шырық үйіріледі дейтін сезімде болмауы керек. Көзінше дәріптеп, мадақтауға болмайды.
2-кеңес. Баланың ырқына жүгіре бермеңіз. Бала не талап қойса да елпілдеп, айтқанын да, айтпағын да алып беруге болмайды. Өте керекті зат, ақша секілді нәрселерге келгенде қайсысының қажет, қайсысының қажет емес екенін айтып, түсіндіріп қою қажет. Өйтпеген жағдайда бала ысырапшылық әдетке дағдыланып қалады да, басқалардың еңбегін қадірлеуді білмейтін болады.
3-кеңес. Баланың дербестігін тартып алмаңыз. Оның ана ісіне де, мына ісіне де алаңдап қолынан келетін істеуге болатын істерінің бәріне араласа беруге болмайды. Ондай бала өмір бойы бір істі өздігінен істей алмайтын жалтақ болып қалады.
№22 слайд. VI. Сонымен, қорыта келе, ата-ана баланың алдындағы өзінің мына міндеттерін:

  1. Ата-ана өз балаларын тәрбиелеуге,
  2. Олардың денсаулығына қамқорлық жасауға,
  3. Жалпы білім алуын қамтамасыз етіп, жақсы атқара білсе. Сонда қадір-қасиетті түсіне білген баланың сый-құрметпен қайтарымын берері анық.

№23 слайд. Ж.Аймауытов: «Тәрбиеге әсер ететін нәрсе өскен орта, ата-ананың тәрбиесі. Соңғысы күшті болмаса, бара-бара адамды замандас, жолдастың азғырып, адам неше түрлі жаман мінезді жұқтыратыны белгілі»,- деген. Сол сияқты балаңыздың дұрыс тәрбие алуына бірден-бір жауапты ата- ана, өздеріңізсіздер. Сондықтан, балалардың материалдық қажеттіліктерін қамтамасыз етумен қатар, рухани қажеттіліктерінің де өтелеуіне баса назар аударуымыз қажет. Алайда, балаларымызды тәрбиелемес бұрын ата-ана мына қағиданы жақсы білу керек:
№24 слайд. «Егер балаларымыздың кемшіліксіз болғанын қаласақ, өзіміз кемшіліксіз ата-ана болуымыз шарт».
№25 слайд. Ендеше, құрметті ата-аналар бірлесіп жұмыс жасайық! Енді, сіздерге, кездесуге келіп, өз ойларыңызды ортаға салып пікірлескендеріңізге үлкен рахмет айтамын.
№26 слайд. Назар қойып тыңдағандарыңызға рахмет! Сау болыңыздар.

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.