Home » Мақалалар » Ұлттың ұлы перзенті

Ұлттың ұлы перзенті

 

 

 

Тезекбаева Актоты Аманжоловна
  Қарағанды қаласы
Жаңаарқа ауданы Ынтымақ ауылы
«Ынтымақ жалпы орта  мектебі» КММ
директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары

 Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлтымыздың ұлы перзенті Абай Құнанбайұлының өсиетін үнемі тілге тиек етіп келеді. Тілге тиек етіп қана қоймай, ойлы оқырманға «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мазмұны мен мағынасы келіскен мақала ұсынды. Сондай-ақ биыл туғанына 175 жыл толып отырған бас ақынымыздың есімін ел жадында жаңғыртып, мұрасын насихаттауға қатысты алдағы уақытта атқарылатын ауқымды шараларды да белгілеп берді.

Шыңғыстаудан шығып, Алаштың аяулы ақынына айналған Абайдың әр сөзі бүгін де өзектілігін жойған жоқ. Ақын ғана емес, ағартушы, ұлттық әдебиетіміздің негізін қалаушы, композитор әрі аудармашы ретінде есімі ел жадында қалды. «Халқының қамын жеген» сом тұлғаның сұңғыла бейнесі адамгершілік пен ізгіліктің символы іспетті. Туған елінің барын бағамдап, жоғын түгендеген, өткеніне көз жүгіртіп, ертеңіне алаңдаушылық танытқан «толық адамның» өзі еді.

Ел-жұртым өсіп-өркендесе, заман көшінен кейін қалмай, алға жылжыса деген ұстанымды мұрат ете білді. Ал алға басудың алғы шарты – ғылым-білімде екені айтпаса да белгілі. Әйтпегенде «ғылым таппай мақтанба» деудің де жөні жоқ. «Білекті бірді, білімді мыңды жыққан» ХХІ ғасыр жастарына да Абайдың ақиқатын алға тартып, «талап қыл артық білуге» дейміз. Әр ұстаздың шәкіртіне айтар қанатты сөзі бұл. Мұғалім болған соң айтып отырмын. Сондықтан бас ақынның ұстаздық қырына үстірт қарауға болмайды.

Президент Қ.К. Тоқаев жоғарыда атап өткен мақаласында «Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады» дейді. Осы ойын жалғай түсіп «Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының қабылдануы – осы бағыттағы игі бастамалардың бірі. Бұл – сапалы білім беру ісін жетілдіруге арналған қадам. Жалпы, кез-келген қоғамда ұстаздың орны бөлек. Мұғалімдер білімді әрі саналы ұрпақ тәрбиелеу ісінде аса маңызды рөл атқарады. Ұстазға құрмет көрсетіп, қадірлеу – бәріміздің міндетіміз. Сондықтан мемлекет мұғалім мамандығының мәртебесін көтеріп, алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасауы керек» деп түйіндейді.

Ендеше, қазақтың әр ұстазына жасалған құрмет – Абайға жасалған құрмет емей немене? Ұлы ақынның ізін басып, ілімін жалғастырған, бүгінгі ұрпақтың ертеңіне елеңдеген қай мұғалімнің болсын мәртебесі биік, абыройы асқақ болса игі еді. Бірегей тұлғаның өсиеті мен қасиетін оқушыға үлгі ететін де осы ұстаздар қауымы. Одан тәлім алған шәкірт Абайды тани отырып, өзін тани түседі. Тәуелсіз мемлекетке лайық тұлға қалыптасады. Мемлекет Басшысы айтқандай «Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы. Осыған орай, Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет».

Ғылым мен білім қарыштап дамыған ғасырда әр ісін ой сүзгісінен өткізіп, таным-тәжірибесі тау қопарарлық жастар керек-ақ елімізге. Қазақстанның бүгінгі ұстаздарының басты мақсаты да – осы! Интелектуалды ұрпақ тәрбиелеу. Ол да кемелдіктің келбеті. Кемел адам (араб тілінде «инсан-и камил») – ақыл-ойы толысқан кісі деген ұғым береді. Ал діни ілімде кемел адам – кісілікке жат қылықтардан әбден арылып тазарған, ішкі жан-дүниесі ағарып, рухани қасиеті артқан, мүлтіксіздіктің қалыбы мен негізіне мейлінше жақындаған асыл адам деуге болады. Ондай адамның әрбір іс-әрекеті Жаратқан Иеге арналады. Ол – адасқандар үшін темірқазықтай жол көрсетуші, жолда қалғандар үшін – көпір, үміті үзілгендер үшін – ашылар есік. Бұл ұғым әсілінде Абайдан бастау алып отыр.

Абайдың тілге тиек еткен ақыл, әділет, рахым жайлы ізгілік ұғымдары ұрпақ жүрегіне ғылым мен ілім нұрын үрлейді. Сондықтан кемел адамға – нұрлы ақыл, жарым адамға – суық ақыл үндессе керек. Айырмасы неде? Нұрлы ақыл әділетсіз іске аяқ баса алмаған шақта суық ақыл әділетті белден басып, өз пайдасы үшін зиянды іске көз жұма қарайды. Қара басының қамы үшін ардан аттаудан да тайынбайды. Міне осы күнгі ұстаздар қауымының міндеті де шәкіртіне өмірдің ақ-қарасын ажырата білуге үйретіп, Абайды темірқазық ету болып отыр.

«Абай қазақтың әр баласын ұлтжанды азамат етіп тәрбиелеуге шақырды. Оның мұрасы – парасатты патриотизмнің мектебі, елдікті қадірлеудің негізі. Сондықтан, азаматтарымыздың көзі ашық болсын десек, Абайды оқудан, ақын өлеңін жаттаудан жалықпаған жөн» — дейді Қ.Тоқаев. Сондықтан бүгінгі мұғалімнің басты мұраты патриотизмнің мектебіне айналған Абай мұрасын қастерлеп, интеллектуалды шәкірт тәрбиелеумен ұштасады. Мәңгілік Елдің Мәңгілік Ақынына айналған Абайға арқа сүйейді.

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.