Жунусова Фая Рақышқызы
Қарағанды облысы Шет ауданы
Ақсу-Аюлы ауылы «Ж. Ақылбаев атындағы
эксперименталдық мектеп-гимназия базасындағы
тірек мектебі (ресурстық орталық)» КММ
бастауыш сынып мұғалімі
«Қазақ халқының рухани өміріндегі қайталанбас ерекше құбылыс – Абай. Абай ілімі, Абай табиғаты, Абай үні – мүлдем ерекше. Бабамыздың: «Атаңның баласы болма, адамның баласы бол» немесе «Біріңді қазақ бірің дос» — деген қасиетті де, құдіретті сөздері қай заман, қай қоғамда болмасын барша адамзат баласының ортақ тағылымы іспеттес. Абай – әлемдік ойшылдардың қатарындағы ғажайып тұлға. Абайдың әр сөзі – мен үшін өмірімнің өрнегі, тіршілігімнің тынысы. Ұлылығы жер-әлемге тараған, қасиетіне басын иген адам бар. Қазақ халқының мақтанышы деп айтсақ артық болмайды. Барлық өмірін өлең-жырға арнаған.Абайдың әрбір сөзі даналыққа толы.
Кез келген адам Абайдың өлеңі мен нақыл сөздерін оқығанда «Шіркін, мен де сондай болсам ғой!» — деп армандайтыны шындық. Абай ел ішіндегі күншілдік, өтірік, өсек, жалқаулық сияқты ұнамсыз жайларды сынады. Егер адамдар жалқау болмаса, екі қолға бір жұмыс табылады емес пе? Шын мәнісінде де, адамзат ойының асқар шыңы бағаланатын асқар тұлға, кемеңгер ақын – Абай тағылымы ғасырдан-ғасырға ұзақ тот баспайтын асыл жауһардай көздің жауын алып, күн өткен сайын жарқырай түсуде.
«Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйенерге жарар ол» деп данышпан Абай өзі айтқандай халқымызды сүю керек. Абай әркімді өзінің өткен әр күніне міндетті түрде есеп беріп отыруға, келер ұрпақты парасаттылыққа шақырған. Ғылым мен білім арқылы ғана барлық қырсықты жеңуге, жоюға болады деп есептеген. Қараңғылықтан шығар, елді өркениетке жеткізер жалғыз жол оқу білім екенін көзі қарақты жастарға түсіндірген. Абайдың өз өлеңдері мен қара сөзбен жазылған ғибраттарына қазақ қоғамы өмірінің барлық жақтарын ашып, көрсетті. «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар мінезі деген нәрселермен оздым ғой демектің бәрі ақымақтық». Сол сияқты мен де Абайдың әрбір асыл сөздерін есте сақтап, айтылған нақылдарын өмір атты ұзын жолымның шырағы деп түсінемін.
Абай — асқақ рухтың өзі емес пе? Абай Құнанбайұлы мақтанышымыз, асыл қазынамыз. А.Байтұрсынұлы: «Қазақтың бас ақыны — Абай Құнанбаев, одан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ» — деген. Абайтану ғылымының ғалымы профессор Мекемтас Мырзахметов былай дейді: «Абай шығармалары біз үшін аса қымбат мұра, Абайдың қазақ әдебиетінің тарихында ерекше орны бар, әдеби тілдің негізін қалаған классик ақын. Ал, қазақ әдебиетінің аса көрнекті жазушысы Мұхтар Әуезов «Қазақтың классик әдебиетінің атасы, қазақ поэзиясының күн шуақты асқар биігі деп орынды атаған. Сағынғали Сейітовтың «Кім» өлеңінде Абайдың кім екенін, Абайдың тайсалмас мыңмен жалғыз алысқанын, жүрегін шырақ етіп жандырғанын, жырымен жан сусынын андырғанын, өзіне-өзі орнатып ескерткішті, мұрағып кейінгіге қалдырғанын айтқан.
Абай туралы Мұхтар «Мен Абай тереңінен шөміштеп қана іштім» деген екен. Ал біз ұлы ғұлама тереңіне бас қойғанымызбен тек қана сол тереңнен дәм таттық қой деп ойлаймын. Сол себептен оқудан, білуге ұмтылушылықтан, ізденушіліктен жалықпайық.
Абай Құнанбайұлы дүниежүзіне танымал әлемдік деңгейдегі ақын. Ақынның 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша 1995 жылы дүниежүзі елдерінде мерекеленді. Абай оқулары ағылшын, француз, неміс тілдерінде Еуропада өтті. Абай шығармалары әлемде бірнеше тілге аударылып басылып шықты. Бұл басылымдарға өзге елдің дүниежүзі ғалымдары мен жазушылары өз ойларын білдіріп, Абай бейнесін аша түсті.
Абай — қазақ өлеңінің ұлы атасы, өмірдің өріне өрлей қадам басқан ақын, мыңмен жалғыз алысып, талаймен таласқан. Асқақ рухтың өзегі бола білген. Әр сөзі өмірдің өрнегі, тіршіліктің тынысы бола білді. Кейінгі жас ұрпақ өнегелі сөздермен нәр алып, тәлім алып өсе берсін демекпін. Абай атамыздың сөзін қоспай ешкімде, ешнәрсе де айта алмайды. Бұл әрине мәңгілік өлмейтіндігінің дәлелі. Ол – біздің әрқашан ұлттық ұранымыз. Абай қазақтың атын әлемге таратқан, артына өшпес мұра қалдырған дана әрі дара, ұлы тұлға.