13 маусым күні Астана қаласындағы Еркеғали Рахмадиев атындағы филармонияда «Әкелер күні» мерекесіне орай, қалалық «Әкелер одағы» мен «Әдістемелік орталық» ұйымдастыруымен, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Астана қаласы әкімдігінің мұрындық болуымен «Әке тәрбиесі – ғасырға азық» атты қалалық форум болып өтті. Форумды жүргізу тізгінін қолға алған Астана қалалық «Әкелер одағы» ұйымының төрағасы Күзембай Бекдайыр Нығметұлы.
Форумға спикер ретінде Астана қалалық Білім басқармасының басшысы Сенғазыев Қасымхан Сенғазыұлы, Мәжіліс депутаты Керімбек Болат Бақбергенұлы, ҚР Оқу-ағарту министрлігі тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Медетбекова Меруерт Асқарбекқызы, Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының міндетін атқарушы Әлімжанов Біржан Нұржанұлы, республикалық «Әкелер одағы» коғамдық бірлестігінің төрағасы Айтмағанбет Мақсұтбек Дүйсенбекұлы, «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институтының президенті Иманғалиев Есенғазы, армреслингтен әлем жеңімпазы, спортшы рекордшы Тимур Спатаев және тағы басқалар қатысып сөз сөйледі. Сондай ақ, жиынға әкелер қауымдастығы, үкіметтік емес қоғамдық ұйым, БАҚ өкілдері, мектепке дейінгі және орта білім беру мекемелерінің әкелері қатысты.
Құрылғанына көп уақыт бола қоймаса да «Әкелер одағы» ұйымы маңайына бала тәрбиесіне алаңдайтын ата-аналарды, педагогтерді жинап үлгерген. Бұл «Әкелер одағы» бала тәрбиесі шешімін іздестіру алаңына айналып келеді. Одақты құрудағы басты мақсат – отбасында бетімен кеткен бала тәрбиесіне әкенің қосар үлесі зор екенін көрсету. Әр бала үшін әке асқар тау екенін қоғам алдында таныту. Қалалық Білім басқармасының ұйымдастыруымен балалар арасында өткен «Менің әкем!» көрмесіндегі суреттер мен «Әкеге хат» эссе байқауына келіп түскен хаттардың мазмұнынан осыны байқауға болатын еді.
«Әкелер одағы» ұйымының құрылуына о баста түрткі болған мына оқиға еді. Қалалық Білім басқармасының басшысы Әсима Бимендина №59 мектепке басшылыққа келген Зәуре Жүсіпованы шақырып, «Саған балалардың тәрбиесімен айналысуды тапсырамын»,-дейді. Тәжірибелі маман Зәуреш Жүсіпова оқушылар тәрбиесінің босаңсуы тікелей үйдегі әке тәрбиесінің бостығынан екенін ұғып «Әкелер одағын» құруды ойлап жүрген. Ол әп дегеннен Әсима Бимендинаға осы ойын айтады. Сөйтіп, 2012 жылы тұңғыш рет қалалық «Әкелер» слетін өткізеді. Сол кезде бір отбасы ғана емес, жалпы қазақ қоғамы әке мейіріміне, әке қамқорлығына зәру болып отырғанын байқатады. Слетке Жезқазғаннан, Қызылорда, Шығыс Қазақстан облысынан, Балқаштан қолдау хаттар келіп түседі. 2014 жылы Оқушылар сарайында өткен жиында «Әкелер одағы» құрылып, оған Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев қатысып қолдау көрсетеді.
Содан бері жұмыс істеп келе жатқан «Әкелер одағының» жұмысы жылдан-жылға жандана түсуде. Мысалы, осы жиын үстінде қалалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыұлы Сенғазыев форумда балалар жазған эсселерді жинақ етіп шығару туралы ұсыныс айтты. Мұны естіген балалардың қуаныштан жүздері бал-бұл жанды. Себебі, кейбірі үшін бұл болашаққа жол ашар үлкен бастама болуы да мүмкін. Ахмет Байтұрсыновтың «Балам дейтін елің болмаса, елім дейтін бала қайдан болсын» дегені осы ғой.
Қазақ отбасы тап болып отырған тығырықтан шығудың жолын «Әкелер одағы» мектеп арқылы да қиыннан қиыстыра іздестіруде. Және, бір дерек Смағұл Сәдуақасов атындағы №78 мектепке жалғыз ұлын оқуға берген жалғызбасты ана ұлына еркектік мінез, тәлім-тәрбие беретін үйінде ер адам жоқ екенін айтып мектеп директорынан көмек сұраған. Оған мектеп директоры Қарлығаш Есимханқызы көмек қолын созып, ұлды «Әкелер одағына» және жоғары сыныпта үздік оқитын ұл балалардың қамқорлығына тапсырады. Қазіргі кезде жасы үлкен ұлдар ол баланы спортқа баулыса, ер мұғалімдер еңбек сабағында оған ағаш өңдеп, темір түйуді үйрете бастаған. «Әкелер одағының» қазақы отбасында ер адам болмысын сақтап қалуда түреннен жол салған қасиетті жолының бірі осындай екен.Ұзағынан сүйіндірсін.
Мәжіліс депутаты Керімбек Болат Бақбергенұлы, «Қазіргі кезде балаға төніп тұрған қауіп-қатер көп. Мысалы, ата-аналар балаларының күні-түні ұялы телефонда отыратынына көңіл аудармайды. Небір жағымсыз видеолар көріп санасы сансыраған бала, қуаттандырғыш сусындар ішіп ашушаңдыққа бой алдырады. Құмар ойын ойнауға әуестенеді. Жақында лудоманияға тыйым салған заң күшіне енді. Енді осы заңның орындалуын бақылау ата-аналардың ісі. Біз отбасын қорғайтын заң шығардық. Ата-аналар балаларының тәрбиесін өздері қолға алуы тиіс» дейді. Форумға жиналғандардың барлығының айналып келгенде айтар ой-пікірі бір арнада тоғысып жатты. Ол – отбасы құндылықтары мен бала тәрбиесін әлемдік қауіп-қатерлерден қайтсе аман алып қаламыз деген ой еді. Жасыратыны жоқ, қазір қазақ қоғамында жалғыбасты ана бауырында өсіп жатқан ұл-қыздар саны көбейген. Отбасы ажырасуы бойынша әлемде алғашқы ондыққа ілігіпті. Біз қазақ отбасы институының осыншалықты құлдырау себебіне бұл кішкене мақалада тереңнен тәптіштеп тоқтала алмаймыз. Қазақтың дәстүрлі қалыптасқан отбасылық өмір сүру салтының ойранын шығарған саяси жүйе келмеске кетті. Енді сол ежелден қазақы отбасындағы асқар тау әкенің орнын қайта қалпына келтіру сіз бен біздің құзырымыздағы міндет.
Әкенің ұлға беретін тәрбиесін бірде-бір институт, не басқа еркек бере алмайтынын қазақ халқы әуелден білген. Әке – сырт көзден отбасын қорғайтын сұс. Әке ісі – ұлға өнеге. Сондықтан, «Әке көрген – оқ жонар» деді.
«BILIM AINASY»
Зүбәйра Тілегенқызы,
Астана