Home » Балабақша » «Балалардың кәсіптік қабілеттерін дамыту»

«Балалардың кәсіптік қабілеттерін дамыту»

Алматы қаласы білім басқарамасына қарасты № 37 бөбекжай-балабақшасында «Балалардың кәсіптік қабілеттерін дамыту» тақырыбында семинар өтті.
Аталған басқосуға Алатау ауданы білім бөлімінің басшысы Ақмұрзаева Қарлығаш Медербекқызы, бас маман Мәншүк Сапиновна және балабақша тәрбиешілері мен әдіскерлері қатысты.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Қарлығаш Медербекқызы семинар ашып, тәрбиешілердің еңбегі қашанда жоғары бағалануы тиіс екенін айтты. Себебі балабақшада көрсетіп жатқан дүниенің бәрі баланың дамуына әсер етеді.
Меңгеруші Айнұр Батырбекқызы бастаған балабақша ұжымының бүгінгі семинарға жан-жақты дайындалғаны байқалады. Есіктен кіре сала QR код арқылы тіркеліп, негізгі тақырыпқа арқау болған алаңға бет алдық. Онда бүлдіршіндер аспаз болып киініп, әрқайсы әртүрлі аппаратта жұмыс істеді. Бірі қанттан тәтті мақта жасап, келген қонақтарға ұсынды. Енді бірі шоколадқа малынған құлпынай жасап берді. Келген қонақтар бүлдіршіндердің қолынан шыққан дәмнен ауыз тиіп, олардың жасалу әдістерін де көрді. Одан кейін жиналғандар шығармашылық алаңға өтті. Мұнда балалар таза ауада жайғаса отырып сурет салды. Гуашпен сурет салу өнерін меңгерген бүлдіршіндер табиғат, жанұя, жеміс -жидек сияқты түрлі тақырыпта сурет салды.

   
Семинар барысында пластик бөтелкелерге арнайы қойылған аппаратқа Sparkio компаниясының өкілі Әділ Нұрсила толықтай түсініктеме берді. Бұл құрылғы халқаралық нарыққа шыққан. Бүгінгі күні 12 мемлекетке орнатылып, адамдардың игілігіне қызмет етуде. Балабақшалардың ішінен алғашқы болып № 37 балабақшаға өз ауласына орнатқан екен. Орнатылғанына небәрі үш күн болса да, біраз ата-ана құрылғыны қолданып өздеріне тиесілі бонустарды қабылдап үлгерген. Жиналғандар “Бұл аппарат шикізатты қалай қабылдайды? Әр бөтелке салған адамға қанша пайыз бонус түседі? Ол бонустарды қалай пайдалануға болады?” деген сұрақтарға жауап алды. Құрылғыны қондыратын компания өкілі құрылғыны ең бірінші болып қолданған ата-анаға сыйлық табыстады.
Семинардың келесі кезеңінде қонақтар арнайы ашылған кабинеттерді аралады. Дамытушы орта топтарға арналған, гипер белсенді балаларға арналған кабинет, ән-күй кабинеті, қуыршақ кабинеті, тұзды кабинеттерді және қақпақтардан жасалған бұйымдарды тамашалады.

  

Осындағы өнертапқыштар қақпақтардан текемет, диван, орындық, кішкентай кілемше тоқып балабақшаның пайдасына жаратып отыр. Балабақша меңгерушісі Айнұр Батырбекқызы: — Біз жан-жақты жұмыс істемесек балаларды тарта алмаймыз, қызықтыра да алмаймыз. Ол үшін үнемі өзім де, тәрбиешілерім де ізденіс үстінде жүреміз. Ең бастысы жайлы атмосфера, сонда ғана жаңа идеялар мен туындылар пайда болады, — деді өз сөзінді.
Одан кейінгі сергіту сәтінде басқа балабақшадан келген әріптестер қолөнермен айналысып қуыршақ құрап шеберліктерін көрсетті. Балабақша ұжымы өкілдерінің қолынан шыққан ұлттық нақышта тігілеген этно ұлттық киімдерін киіп бүлдіршіндер сән көрсетті. Сонымен қатар, өз қолдарымен жасаған қуыршақтарды ойнатып, театрландылырған көрініс көрсетті. Семинар соңы сұрақ-жауап, кері байланысқа ұласты.

  

«BILIM AYNASY»
Жұлдыз Смайлова

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.