Home » Мақалалар » ҚОҒАМ БІРЛІГІ МЕН ҰЛТАРАЛЫҚ КЕЛІСІМ – БАСТЫ НАЗАРДА

ҚОҒАМ БІРЛІГІ МЕН ҰЛТАРАЛЫҚ КЕЛІСІМ – БАСТЫ НАЗАРДА

Медетбекова Гульшат Онланбекқызы,
 педагогика ғылымдарының кандидаты,
қауымдастырылған профессор,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы
Жамбыл  облысы бойынша
ПҚ БАИ директоры, Тараз қаласы

 Бейбітшілік пен келісім адамзаттың асыл құндылықтарының бірінен саналады. Тілегі — достық, ниеті – түзу, көңілі – жомарт қазақстандықтардың осы қасиеті бүгінде әлемге әйгілі. Тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктеріміздің негізі – халықтың бірлігі, ынтымағы, ауызбіршілігі. Этносаралық татулық Қазақстандағы жалпыұлттық бірлік деңгейіне шықты. Осындай жетістікті сақтап қалу – әрбір қазақстандықтың қасиетті борышы. Жамбыл облысында 2020 жылдың наурыз айынан бастап ұлтаралық татулық пен келісімді сақтау және нығайтуға бағытталған «Бейбітшілік пен келісім» жобасы іске қосылды. Аталған жобаны ҚР Президенті Әкімшілігі жанындағы ведомствоаралық жұмысшы тобы қолға алып, жүзеге асырып отыр.
Осындай ауқымды жұмыс аясында ұлтаралық және конфессияаралық бірлік «Өрлеу» БАҰО» АҚ жұмысының негізгі базалық бағаты мен стратегиялық мақсаты екенін айта кету керек. Осыған байланысты, Жамбыл — «Өрлеу» филиалы  Қордай ауданы және басқа да өзге ұлт өкілдері көп шоғырланған облыс аудандары педагогтеріне мақсатты көмек көрсету мен қолдауды басты мақсат етіп отыр. Филиал міндеттерінің бірі – Жамбыл облысы аудандық білім беру бөлімдерімен жүйелі және толыққанды жұмыс жасау. Біз өз жұмысымызда ҚР БжҒМ тапсырмасымен жасалған «Қордай ауданы білім беру мекемелерін қолдауға арналған кешенді шаралар жоспарын» және бесінші топтағы Жамбыл облысындағы «Халықтың білімі» (17 маусым – 3 шілде 2020 жыл) мақсатты жоспарды басшылыққа аламыз.
Бұл бағыттағы жұмыс 2020 жылдан басталған және 11 өзекті тақырып бойынша өткен біліктілікті арттыру курстарында Қордай ауданының 321 педагогі, оның ішінде Масаншы ауылынан  54 педагог білімін арттырды. Бұл айтарлықтай жұмыс, себебі ауданның әрбір оныншы педагогі біліктілігін арттырды, оның ішінде әрбір бесінші педагог – Масаншы ауылынан болды. Осы жерде айта кететін жайт, екі курс жергілікті жерде ұйымдастырылды. Ондағы мақсат — осындай курстар барысында алда атқарылатын жұмыс бағыттарын айқындау, аудан педагогтерінің нақты сұраныстары мен қажеттіліктерін анықтау және оларды іске асыруда барлық талап-тілектерді  басшылыққа алу.
Қордай ауданында педагогтердің біліктілігін арттыру курсын жүргізген филиал тренерлерінің жұмысы да жоғары бағаға ие болып жатады, оның дәлелі ретінде Қордай ауданы №12 орта мектебі өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі Саре Двумаровна Хуровадан алынған бейне-пікірді атауға болады. Біздің тыңдаушымыз өз бейне-пікірінде өмірінің мәні мен өзіне жақын достарды біліктілікті арттыру курсы барысында тапқанын, ал  Жамбыл — «Өрлеу» оның үлкен жанұясына айналғанын айтады. Сонымен қатар Қордай ауданы педагогтері филиал өткізіп отырған әдістемелік іс-шараларға үнемі қатысады, өздерінің жеке кәсіби шеберлігін шыңдау мен жұмыс жасап отырған мектептерінің инновациялық дамуы бағытындағы стратегиясын анықтап отырады. Бұл ретте «Педагогикалық идеялар панорамасы» Республикалық байқауына қатысып, ауданның 4 педагогінің жеңімпаз болғанын айтуға болады. Себебі, «Өрлеу» БАҰО» АҚ ұйымдастырып, өткізіп отырған байқауға қатысу білім беруді дамытып, озық педагогикалық тәжірибелерге қолжетімділікті қамтамасыз етуге ықпал етеді, педагогтердің кәсіби және ақпараттық-коммуникациялық құзіреттіліктерінің өсуіне қызмет етеді, ал олардың үздіктері қоғамдық тануға ие болады. Аудан педагогтері осындай ауқымды жобадан да тыс қалып отырған жоқ.
Қордай ауданы педагогтерімен филиалдың нақты жұмыстары үш бағытта жүргізіледі: нақты айтсақ, біліктілікті арттыру курстары, әдістемелік десанттар, практикалық семинарлар, тренингтер, кеңестер беруді ұйымдастыру және практикалық көмек көрсету.  Осы бағыттағы жұмыс басталып та кетті, 8 маусым күні Жамбыл – «Өрлеу» ұжымы Қордай ауданына әдістемелік десант ұйымдастырды.
Іс-шара барысында Қордай ауданы білім бөлімінің қызметкерлерімен және Масаншы ауылының №12, №13 және №50 орта мектебінің педагогтерімен кездесу өтті. Аудандық білім бөлімінде өткен кездесу барысында ынтымақтастық және бірлесіп жұмыс атқару туралы  Меморандумға қол қойылды. Аталған мектептердегі кездесу барысында аудандық білім бөлімінің басшысы Ельдос Нуралиев және әдістемелік бөлімнің бастығы Сауле Бахрамова  жиналған педагогтерді алдағы жасалатын жұмыс жоспарымен таныстырды және біртұтас құндылықтарды жасау туралы бағыт-бағдар берді. Қордай ауданы, Масаншы ауылының мұғалімдерімен өткен кездесуде білім беру мазмұнын жаңарту бағдарламасын енгізудің тиімділігі, қашықтан оқыту форматы, ата-аналармен жұмыс, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен жұмыс істеу туралы ашық диалог алаңын құруға септігін тигізді.
Сонымен қатар ағымдық жылдың соңына дейін Масаншы ауылы мұғалімдеріне арналған 7 топты қамтитын тегін курстар ұйымдастырып, жергілікті жерге барып оларды оқыту жоспарланып отыр. Осы курстардың тиімділігін арттыру үшін курстардың барлығын Қордай ауданында өткізу межеленуде.
Сондай-ақ біз Қордай ауданы педагтеріне курстан кейінгі қолдау көрсетеміз:  ақпараттық-таныстыру жұмыстарында «Педагог мәртебесі туралы» Заңның іске асуын талқылау, білім беру мен тәрбие беру бағытындағы «Ұлтаралық келісім және бейбітшілік», «Түрлі ұлт өкілдері балаларының қарым-қатынасы» және т.б. тақырыптарды қамтимыз.

Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту мақсатында облыста іске асырыла бастаған «Бейбітшілік пен келісім» жобасы әрқашанда «Өрлеудің» басты назарында. Сол себептен де 11 маусым күні өткен «Өрлеу» БАҰО» АҚ Басқармасының отырысында Жамбыл облысы, Қордай ауданы педагогтеріне мақсатты көмек көрсету бойынша филиалда атқарылып жатқан жұмыстар бойынша баяндама тыңдалды. Басқарма Жамбыл өңірінде бейбітшілік пен келісімді сақтауға, қоғамда достық пен өзара түсіністікті нығайтуға, жастарды қазақстандық патриотизмге тәрбиелеуге, мәдени құндылықтарды сақтауға, сондай-ақ қоғамдық сананы жаңғырту жобасын насихаттауға бағытталған іс-шараларды тыңдай отырып, оң бағасын берді.  Ия, бұл — алда атқарылар ауқымды істердің бастамасы ғана, жасалатын жұмыстар көп, оның барлығы ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атап көрсеткендей, «мұндай ауыспалы шақта бір тұрақты іргелі құндылық бар, ол — қоғамның бірлігі мен ұлтаралық келісімді» сақтауға бағытталатын болады. Сондықтан да Жамбыл облысы педагогтері еліміздегі бейбітшілік пен келісімге жауапкершілікті түсінеді және әрдайым басты назарда ұстайды, #біз_біргеміз, Жамбыл – «Өрлеу» ынтымақтастық пен көмекке әрқашан дайын.

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.