Home » Мақалалар » Мәртебелі мамандық иесіне мың тағзым

Мәртебелі мамандық иесіне мың тағзым

Ағыман Балауса Амантайқызы
 №43 жалпы білім беретін мектептің
 қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі  

 Мұғалім — болашақ ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне ата-анадан кейін тікелей жауапты, әр оқушының көңілінің кілтін тауып, олардың толыққанды тұлға болып қалыптасуына сүбелі үлес қосып жүрген мәртебелі мамандық иесі. Дәлірек айтсақ, мұғалім – болашақ ұрпаққа ата-анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық рух пен сана-сезімді сіңіруші тұлға.   Ұлағатты ұстаз атанған мұндай тұлғалар адамзаттың арғы-бергі тарихында  аз болмағанын қатпары мол тарих беттерінен жақсы білеміз. Алғашқы ұстаз атанған  Аристотельден бастап   әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фарабиге дейін қадірлі маман иелері бүгінгі таңда да адамзат баласын адамгершілікке баулуда.   Ұлы ақынымыз Абайдың өзі «Адамның адамшылдығы… жақсы атадан, жақсы анадан,  жақсы ұстаздан болады» десе, алаш ардақтысы Мағжан Жұмабаевтың  «Қазақтың қаны да бір, жаны да бір жолбасшысы – мұғалім. Алты алаштың баласы бас қосқанда, қадірлі орын — мұғалімдікі»  деген екен.  Осыған қарап-ақ адам өмірінде, ұрпақ тәрбиесінде, жалпы қоғамда  ұстаздың алатын орнын топшылай беруге болатын сияқты.

«Білім алушылар мен тәрбиеленушілердің, педагогтердің, білім беру ұйымдарының басқа да қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында, COVID-19 коронавирустық инфекцияның (бұдан әрі – коронавирустық инфекция) таралуын алдын алу туралы»  ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2020 жылғы 14 наурыздағы    №108 Бұйрығымен республикамыздың барлық білім беру мекемелері қашықтықтан оқуға  көшкен болатын.  Осы кезден бастап  мектеп мұғалімдері де онлайн оқытудың қыр-сырымен таныса бастадық. Осы орайда отандық білім беру жүйесінде әсіресе  мектеп үшін  қашықтықтан оқыту форматына көшу  үлкен сынақ болғанын жасыра алмаймыз.  Дегенмен де жаңа форматтағы білім жүйесінің моделі қашықтықтан оқытуды жатырқамай жаңалық ретінде қабылдадық.  Қашықтықтан оқытудың басымдылықтарына мән бере отырып, қашықтықтан оқытудың қолжетімділігін арттырудың тиімді шараларын қабылдауға өзіндік дайындықтар басталды. Осы орайда Білім және ғылым министрлігі тарапынан дер кезінде  қолға алынған  нақты іс-шаралар мен  атқарылған ауқымды жұмыстардың ұстаздар қауымына орасан көмегі болғанын айта кеткен жөн. Аз уақытта жұмыс тобы құрылып, мамандар жаңа форматтағы білім жүйесінің моделін жасады. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов еліміздің білім саласының қашықтықтан оқыту форматы төрт бағытта жүзеге асырылатынын нақтылап  берді. Бірінші бағыт бойынша сабақтар  бүгінде «Балапан» және «Ел арна» телеарнасы арқылы жүргізіліп жатыр, қашықтықтан білім берудің келесі бағыттары «Қазақ радиосы» мен  почта байланысы арқылы жүзеге асырылуда.  Ал төртінші бағытта интернет платформалары арқылы алдын ала дайындалған тиісті цифрлық ресурстар арқылы білім меңгеру көзделген болатын.

Жаңалық пен жақсылыққа жаны құмар ұстаздар қауымы қандай жағдайда болмасын жас ұрпаққа білім беру бағытынан айнымай  алғы шептен табылды. Қашықтықтан   білім беруге дайынбыз ба жоқ па деген сауалдың да басы артық екенін түсінген олар   жаңа форматты  ізгілікті ізденіс пен ерен еңбекке ұштастыра білді. Сондай кәсіби маман иелері  Алматы қаласы Жетісу ауданы №43 жалпы білім беретін мектепте өз міндеттерін қалтқысыз атқарып келеді. Мектебімізде оқитын  білім алушылардың барлығы компьютермен, ноутбук, планшеттермен  қамтамасыз етілген.   Мектеп оқушыларының барлығы дерлік «Bilimland.kz»,  «Darіn.online» білім беру платформаларына тіркелген. Жас өркендеріміздің телесабақтарға деген қызығушылығы артып келеді. Ата-анамен де оқушылармен де кері байланыс жоғары деңгейде орнатылған. Қашықтықтан оқыту тек оқушылардың емес, ата-аналардыңда белсенділіктерін оята алды.  Ата-аналар өздерінің жүрекжарды тілектерін білдіріп, алғыстарын айтқан видеороликтер жіберіп отырады.

Сөз соңын ұлағатты ұстаздар жайында оқымысты Әбу Насыр Әл-Фарабидің сөзімен аяқтағым келеді: «Ұстаз.. жаратылысынан өзіне айтылғаның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадына жақсы сақтайтын, бұлардың ешнәрсені ұмытпайтын… алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар намысты ардақтайтын, жақындарына да, жан адамдарына да әділ…, жұрттың бәріне… жақсылық пен ізгілік көрсетіп… қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ер жүрек болу керек» деген екен.             Ендеше, өскелең ұрпақтың болашағына алаңдаған,  жарқын  болашақ иелерінің өміріне жолдама алуға жағдай жасағысы келетін, өмір бойы ізденісті тоқтатпай, кәсіби шеберлік пен білім деңгейін арттыра түсуді мақсат еткен бүгінгі ұстаздарды нағыз қаһармандар деп анық айтамын. Өз ісіне берілген,  жөні де, жолы да бөлек ұстаздар қауымының төтенше жағдайдағы ерен еңбектеріне сәттілік тілеймін.  «Қыран  түлегіне  қайтпас  қанат  сыйлайды, ұстаз  шәкіртіне  талмас талап  сыйлайды»  демекші,  қай кезде де мектептің жүрегі, қоғамның  тірегі бола білген  мәртебелі мамандық иелерін  мақтан тұтамын!

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.