Маңғыстау облысы,
Мұнайлы ауданы
«№ 7 жалпы білім беру орта мектебі» КММ
директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Аршеева Гаухар Бектасовна
Қазіргі таңда білім беру жүйесіндегі өзгерістер мен түбегейлі жаңарулар мұғалім алдында тұрған мақсат-міндеттердің салмағын арттырғандай. Күн сайын түрлі жаңалықтар ашылуда. Күн сайын жаңа жобалар іске асырылуда. Солардың ішіндегі ең үлкен өзгеріс – мектептердің қашықтықтан оқытуға көшуі. Әрине, бұл оқушылар тұрмақ, мұғалімдер мен ата-аналар үшін де оңай соққан жоқ. Көкейде сауал көп. Дегенмен, іштегі қорқыныш, үрей, сенімсіздікке қарамастан алға қарай қадам жасау – уақыт талабы.
Қазіргі таңда мектеп әкімшілігі, әдістемелік бірлестік жетекшілері, ұстаздар өздері қашықтықтан оқытуға ауысу бағытында белсенді жұмыс атқаруда. Ең маңыздысы — осы. Қашықтық сабақ – әдеттегідей қырық минут көлеміндегі сабақ емес. Қашықтық сабақтың әдіс-тәсілдері, қағидалары да әдеттегіден өзгеше. Әрине, оқушының алдында тұрып сабақ беру мен қашықтан оқыту — екі бөлек дүние. Методикасы да өзгеше. Кейбір оқушылар мұғалімді тыңдау арқылы қабылдаса, кейбіреулері көру арқылы қабылайды. Балалардың қабылдау деңгейі де әр түрлі. Дегенмен, мынандай ауыр шақта бала білімсіз қалмауы керек. Қашықтықтан оқытқанда оны қалай қолдана аламыз?
Сабақ барысында мұғалімдер цифрлық білім беру ресурстарын: электронды оқулықтар мен электронды журнал жүйелерін қолданып келеді. Сонымен бірге сабақ өтуде аудио және видео жазбаларды, телесабақтар мен презентацияларды интернет – платформаларын пайдалану арқылы немесе Whatsарp мобильді қосымшасы арқылы білім алушылармен байланыс жасауда.
Білім алушылар және олардың ата –аналары мектептің оқу жұмысы жоспарына сәйкес сабақтар сабақ кестесі бойынша оқытылатынын; «Еларна», «Балапан» телеарналарынан телесабақтар көрсетілетінін; телесабақтарды кез келген ыңғайлы уақытта BilimLAnd платформасынан немесе youtube желісінен қайта көруге болатынын; оқу тапсырмасын алуда және кері байланыс беруде электронды журнал немесе қолжетімді басқа да байланыс түрлері мессенджерлері арқылы кері байланысты орнатуға болатынын біліп, дағдыланып келеді.
Мұғалімдер білім алушыға оқу материалдарын қолжетімді қамтамасыз етуде BilimLand, Daryn, Googl форма платформаларынан, электрондық почта, Telegram, WhatsApp мобильді қосымшалары мессенджерлері мен әлеуметтік желілердегі топтық / жеке чаттар арқылы түрлі ақпараттық оқыту материалдарын (презентациялар, графикалық, медиа, суреттер, кестелер, инфографика және т.б) ұсынуда. Білім алушылардың жеке мүмкіндіктері мен қабілеттерін ескере отырып, шығармашылық (зерттеу, жобалау) жұмыстарын дайындайды және олардың орындаған жұмыстарына талдау жүргізіп, пікір жазып және ұсыныстар береді. Сонымен қатар, оқушылар үшін, оның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін жеке консультациялар өткізеді. Әрине мұның бәрі электрондық журналдар, интернет – платформалар, электронды пошта, whatsapp, telegram мессенджерлері және т.б арқылы жүзеге асырылып келеді. Сынып жетекшісі мен пән мұғалімдерінің тығыз байланыста жұмыс жүргізуінің нәтижесінде кездескен қиыншылықтар еңсеріліп келеді.
Қашықтықтан оқыту ерте ме, кеш пе бізге жететіні мәлім. Өйткені бұл – заман талабы. Ақпараттандырылған ғасырда озық технологияның үздік жемістерін пайдалану – дамыған елдердің шешімі. Сондықтан еліміз үшін бұл да бір — жаңа белес, жаңа шың! «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, жаңа белес пен жаңа шыңды бағындыруда жұмыла әрекет жасасақ, көздеген мақсатымызға жететінімізге кәміл сенемін. Іске сәт, әріптестер!