Жамбыл облысы бойынша мектеп бітіргелі отырған 9 171 түлектің 78,3% (7 181 оқушы) ҰБТ-ға қатысу үшін онлайн өтініш тапсырды. Оның ішінде 383 түлек «Алтын белгіге» және 366 түлек үздік аттестатқа үміткер.
Биылғы оқу жылында қашықтықтан оқыту жүйесіне сәйкес 9, 11 сыныптарда қорытынды аттестаттау ағымдағы оқу жылының жылдық бағаcы негізінде жүргізіледі.
Жалпы, ҰБТ облыста маусымның 20-сы мен шілденің 5-і аралығында 10 тестілеу өткізу пунктінде өтеді.
Биылғы тесттің ерекшелігі берілетін тест тапсырмаларынан IV-ші тоқсанның материалдары бойынша сұрақтар алынып тасталды.
Ұлттық бірыңғай тестілеуге түлектерді дайындау жұмыстары жүргізілуде. Бұл бойынша білім басқармасының сайтында арнайы парақша ашылып, педагогтардың онлайн сабақтары күнделікті жарияланып тұрады.
Бұдан бөлек түлектер қашықтықтан оқытуға көшкелі Ұлттық тестілеу орталығының www.testcenter.kz. сайтында, «Daryn.online», BilimLand порталында және iTest виртуалды кешенінде жарияланған онлайн тест тапсырмалары арқылы байқау сынақтарынан тегін өтуде. Онда тесттің 70 нұсқасы берілген.
Тағы бір атап өтетін жайт, түлектер мамыр айынан бастап «PyVela» көпфункционалды мобильді қосымшасы арқылы ұлттық бірыңғай тестілеуге тегін дайындалуға мүмкіндік алды.
Оқушылардың дайындығы әрбір мектеп директорының, білім бөлімдері басшыларының жеке бақылауында.
Жамбыл облысы әкімдігі
білім басқармасының баспасөз қызметі