Home » Мақалалар » Махаббат мақам Мархабат!

Махаббат мақам Мархабат!

Сайлаубекова Асель,
Ж.Баласағұн атындағы ЖББМ 9-сынып оқушысы
Жетекшісі: Орынбаева Рабиға,
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Таң асырып күнде өзін баптанатын секілді,
Күлкісі мен ниетін атқаратын секілді.
Мынау әлем, мынау күн Мархабатпен марқайып,
Мархабатсыз дүние бос қалатын секілді.

(Әселхан ҚАЛЫБЕКОВА,
Қазақстанның халық ақыны)
Оңтүстік түлегі, белгілі жазушы, журналист, қоғам қайраткері Мархабаттай ақылды, дана, мақамы бөлек тұлға жөнінде біраз ой толғасам деп едім…

         Қасиетті Түркібасы Түлкібастың төскейіндегі Пістеліде пісіп-жетіліп, Ақсу-Жабағылының сайларында долана терген, қарапайым ауылдың топырағына аунап-қунап өскен Мархабат Байғұт шығармашылығын оқи отырып, жазушының өне бойында туған жерге, туған елге, оның ақжарма адамдарына деген перзенттік сезім біз секілді өрендеріне аманат етіп отырғандай әсер қалдырды… Бала кезіімізден құлағымызға сіңген «майдақоңыр мақам», «махаббат мақам», «мақамы бөлек, мақамы ерекше Мархабат» деген теңеулерді санамалап отырсам, бүгінгі тақырыбыма бойлай түсемін…

Өзі туып-өскен оттай ыстық өлкенің қауынындай уылжыған жан
сезімімен «Шілдені» (Әңгімелер, «Жалын» баспасы, 1978-ж.) жазып, алғашқы жинағымен-ақ қалың жұртты елең еткізді. Сосын-ақ «Сырбұлақ» (Әңгімелер мен повесть, «Жалын» баспасы,1980-ж.)
сылдырап бұлаң қағып, оқырманын қуантты, соңынан «Интернат-
тың баласы» (Повесть және әңгімелер, «Жалын» баспасы, 1985-ж.)
кітабы қолына алғандардың жан-жүрегін тербетті, балалар әлеміне
терең бойлатты. Табиғаттың төл перзенті-жұмыр басты пенде сырын ашудағы айқайсыз қаламгерлік сиқыры «Нәуірзекте»(Повестер мен әңгімелер, «Жалын» баспасы, 1988-ж.)
және жамиғатты баурай білді. Мұңға да батырып, мысқылға да мырс-мырс күлдіретін қазақы сөзге ұсталығы «Қорғансыз жүрек»
(Әңгімелер мен повестер, «Жазушы» баспасы, 1993-ж) атты шоқтықты дүниеде ерекше айшықталып тұрғанын көзі  қарақты, көңілі ояу пенде біткен сезері анық. Қоңыр дауысты қалам сырына кітап беттерін парақтап, армансыз сусындаған қандай рақат!
Қарапайым қасиеті өн бойында өрілген жаны да, қаламы да ұлтының арман-мұңымен, салт-дәстүрімен суарылған Мархаббат Байғұт бір тума талант иесі екендігі баршамызға аян.
Ал енді осы эссемізге арқау етіп, Захардин Қыстаубайұлы, Орысбай Әбділдаұлы-сынды «Жеті жарғы» баспасының қызметкерлерінің мына бір арнауына кезек берелік!..

Мархабат кемел шағына келіп, шығармашылық әдеби кештеріне жанкүйерлері таласа-тармаса  қатысуға ықыласы ауып жатқан осынау бір сәттерде көп оқырманының бірі ретінде ақынжанды қазақ дәстүрімен сөз соңын өлеңмен өрнектесек те жарасатын сияқты. Өйткені, оның жандүниесі де қазақтың қара өлеңдерімен біте қайнасқан. Әңгімелері әдемі әндей емес пе!
Мақамы бөлек Мархабат!

                        Жамыраған бұлағы
Жерұйықтың ұлысың.
Қанша өмірдің сынағы
Тарылтпаған тынысын.

Балалықтың бал шағын
Мың бір түндей жыр еттің.
Пістеліңді аңсадың,
Сырын шертіп жүректің.

Саған ғашық қыз біткен
Хатқа тізген ниетін.
Көрмей-білмей үздіккен
Ару қанша сүйетін.

Сөз сиқыры – қаруың,
Қаламгерсің – пақырсың.
Жігітін де, аруын
Баурап алып жатырсың.

Тауып қойған атыңды
Мархабат деп келісті.
Барлық махаббатыңды
Барша қауым бөлісті.

Бар құмарың тарқамақ
Жазбаларда – жан сырың.
Мархабат боп махаббат
Тамшылайды бал шырын.

(«Халық кеңесі» газеті,

25-қазан 1995-жыл).

Осындай жыр туғызған жерлес жазушы ағамыз Мархаббат Байғұт туралы әлі де, әдебиетімізде зерттеуді қажет ететіндігі даусыз. М.Байғұт қысқа жазудың шебері дейміз. Ал, «Шеберлік» дегеніміздің өзі – тар шеңберде алғанда, адам бейнесі, табиғат көрінісі, қимыл, іс — әрекет сияқты әдебиеттік түрлі образдар жасау үшін қажетті сөздерді талғап, ұқыптылықпен қолдана білгендігі болып табылады. Жазушы шеберлігі сол, екі бетке жүк болатын оқиғаны екі ауыз сөзбен көз алдыңа алып келеді. Оның әңгімесі болсын, повестері болсын оқыған сайын, оқығың келе береді.

Әсіресе, жазушының маған қатты ұнаған «Ақ орамалды қыз» әңгімесінде оқу жылы аяқталған соң, мектеп оқушыларының жазғы демалыста істейтін жұмыстарын белгілейтін жиын өтеді. Осы жиында сөйлеп тұрған оқушылардың сүйікті ұстазының сол мезгілдегі бейнесін былай жасапты.
«Ақ шәйі жейдесінің жеңінен кірген жел ағайдың арқа тұсын ақ желкендей керіп жіберді. Кестелі жағасын қайта-қайта тартқылап, қос қолдап ұстаса да, болатын емес. Ағай сол ыңғайсызданғанымен, керемет келісіп тұрды. Ақ желкеннің әсерімен ағайымыз теңіз бетімен жүзіп жөнелетіндей көрінді.»
Жазғы жұмысқа кіріскенше асығып, тағат таппай су таситын бөшкелі арбаны иеленгісі келетін, еңбекқор шәкірттің баяндауында берілген ұстаз портреті сәтті суреттелген. Шәкірттің ұстазға деген ыстық ықыласы бірде ұстазын ақ желкендей деп сүйсінсе, бірде айдың теңіз бетінде сайраңдайтын кеме – дана шәкірт идеясымен көркем таныту — кез келген жазушының қолынан келе бермес.
Жазушы өрнектеген осы бір сурет, екінші бір жерде, жұмысқа кетіп бара жатқан еңбек адамдарының машина үстіндегі әдемі көрініспен астастырыла беріледі. «Мен машинаның ең артындамын… Қыздардың бәрі қызыл орамал, әйелдер ақ орамал тартқан. Қыздардың орамалы қызыл галстук секілді, машина селк-селк еткен сайын жел үрлеген жалындай лап-лап жанады. Кешегі мектеп алдында өткен жиналыста, онда сөйлеген директор ағайд ойладым. Маржанбике бастаған әйелдердің орамалдары директор ағайдың кестелі жейдесіндей аппақ-ау, аппақ. Жұмыс десе жүрегі алып ұшатын 6 – класс оқушысына бәрі жақсы. Ол үшін жұмысқа бару, жұмыс істеу, жұмыстан қайту бәрі-бәрі қуаныш. Осы сурет көз алдымыздан өткенде, біздің де кешегі ауыл шаруашылық жұмыстарына барған албырт шағымыз ойға түседі.
«Ақ орамалды қыз» әңгімесінің басты кейіпкері Қалбибінің портретін жазушы өмірі ұмытылмастай етіп өрнектеген.
«Қалбибі біздің тұсымыздағы арықты шабуға кіріскен. Қара торы екен. Бет-жүзі дөп-дөңгелек, мұрны сәл келте біткен. Шашы беліне жетеді, қос бұрым етіп өрілген. Кемшілігі оң жақ бетінде, шекеге таман алақанның жартысындай қалы бар. Сол жағынан сүйкімді-ақ, ал қалы бар жағынан басқашалау көрінеді. Әттең қалдың қалың, жалпақ болып жабыса қалғанын қарашы.» Осы портреттегідей қос бұрым етіп өрілген шашы бар, дөңгелек жүзді қара торы, бетіндегі қалы бар (үлкен кішілігіне қарамай) қыз көрсем, алдымен ойыма, содан кейін көз алдыма Қалбибі елестейді. Егер қалбибі портреті Мархабат ағай суреттегендей анық болмаса, ойға ұзақ сақталмаған болар еді…  Міне, бұл әңгімені нақ суреттеп берген қаламгер әңгімесін келтіре отырып, өзімнің де жан-дүниемді тұтастай баурап алған әлдебір сезімді көңілім алабұртып отырып оқыдым… Қандай тірі суреттеу!!

Мархаббат Байғұттың «Махаббат мақам Мархабат», «Марғасқа» атты кітаптардың да жөні бөлек. Д.Исабеков атап көрсеткендей: «Әдебиетте өз жолын, өз қолтаңбасын, өз стилін тапқан жазушы». Профессор, әдебиеттанушы-ғалым Керімбек Сыздықұлының пайымдауынша: «М.Байғұт өзінің алғашқы туындыларымен-ақ оқырман жұртшылықтың, әдеби қауымның ықылас-пейілін бірден аудара білді». Иә, қалың оқырман қауым «Интернаттың баласы», «Қорғансыз жүрек», «Машаттағы махаббат», «Әдебиет пәнінің періштесі», «Жоғалған Жұрнақ» десе, елең ете қалатыны жасырын емес.

Қорыта келе, М.Байғұт шығармашылығының негізі, жазушының кейіпкерлер образын жасаудағы өзіндік ерекшелігін, оның суреткерлік шеберлігін, қосымша ат қою өрнегі, қысқа да нұсқа жазу шеберлігін бағдарлай отырып, жазушының қазіргі қазақ әдебиетіндегі алар орны мен қосатын үлесін анықтау біз секілді әр ұрпақтың міндеті деп білемін.

Бір нәрсе анық – жазушының қай әңгімесі болса да бүгінгі күннің күрделі сұрағына жауап іздейді, бүгінгі күннің сан-алуан сауалдарына жауап табуға ұмтылдырады. Қазіргі заманда оқырманы едәуір қалың қаламгерлердің қатарындағы жазушымыз туралы аз ғана айтарымыз осы. «Біздікі – әдебиет дейтін ұлы мұхитқа кішкене ғана бұлақ боп қосылсақ деген мақсат» (М.Байғұт) дейтін қарапайым мінез иесінің әр әңгімесі роман жүгін арқалайтыны анық…

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.