Шымкент қаласының білім саласында
сапаны қамтамасыз ету департаментінің
бас маманы Абдираимова Майра Акимкуловна
Әлемнің дамыған елдерінің болашағы білім беру жүйесінің және ғылымның даму деңгейіне байланысты. Ал осы деңгейді бірден бір көтеретін цифрландыру мәселесі өз өзектілігін дәл осы сын сағатта нақтылай түсті. Қазақстан да дүние жүзінің 167 елі секілді, COVID-19-дың таралуына байланысты қысқа мерзім ішінде қашықтан оқыту форматына көшті.
Осыған дейін де елімізде білім беруді және ғылымды дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 27 желтоқсандағы № 988 қаулысында: «Қазіргі білім беру жүйесінің ажырамас бөлігі дамыған цифрлық инфрақұрылым болып табылады. Бүгінде көптеген қазақстандық білім беру ұйымдары интернет жылдамдығының төмендігіне, цифрлық инфрақұрылымның жетіспеуіне немесе сәйкес келмеуіне байланысты қиындықтарға тап болып отыр… Сондықтан білім беру ұйымдарында ІТ-инфрақұрылымды, цифрлық білім беру ресурстарын, ашық онлайн-курстардың желілері мен платформаларын дамыту, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді автоматтандыру қажет»- деп атап көрсеткені белгілі
Осы орайда еліміздің дамуының алғы шарты «Білім беру жүйесін цифрландырудағы педагогтер құзыреттілігі қандай болмақ?» деген сұрақ туындайды. Жауапкершіліктің биігінен көрінуі де жас ұрпаққа берілетін білім сапасын мейілінше арттыруды қажет етеді. Ал, білім сапасын арттыру, оның деңгейін әлемдік білім кеңістігіндегі стандарттарға сай келтіру түптеп келгенде, мұғалімге, оның кәсіби құзырлығына, әдістемелік біліктілігі мен шеберлігіне, оның ішінде сандық технологияларды қолдану дағдыларын меңгеруіне тікелей байланысты. Жан-жақты заманауи кәсіби педагогтік бағыттардағы цифрландыру ісі осы пандемияға байланысты жеделдей түскенін атап өткен жөн. Жас ұрпаққа жоғары сапалы білім беру ісін тек қана көп мәдениетті, шығармашыл, жаңашыл, инновациялық тұрғыда ойлап, қызмет жасай білетін ұстаз ғана мүлтіксіз атқара алады. Сондықтан да қаламыздағы ұстаздардың ақпараттық-технологиялық және цифрландыру бойынша қашықтан білім берудегі өзіндік ізденістерімен бірге кәсібилену қадамы бізді қуантып отыр.
Сандық технологиялар құзыреттілікті қашықтан білім беруде қолданудың басты мақсаты – оқушыларды қашықтан білім алуға дағдыландыру, ақпаратты беру, түрлендіру және оны қолдану білімдерімен қаруландыру, олардың компьютерлік технологияны өз қызметтеріне еркін, тиімді пайдалана алу қабілеттерін қалыптастыру. Басқаша айтқанда, бұл кеңістікке ең алғаш еніп, оны жүйелі және кәсіби бағытта енуін қамтамасыз ететін оқытушы. Ақпараттық ортада жұмыс жасау үшін кез келген педагог өз ойын жүйелі түрде жеткізе алатындай, коммуникативті және ақпараттық мәдениеті дамыған тұлға.
Міне, күтпеген тұстан әлем қазіргі күні төтенше жағдай жариялануға байланысты қашықтан оқытуға көшті. Қашықтан оқыту дегеніміз — мұғалім мен оқушы арасында қашықтан интернет ресурстарының сүйемелдеуімен өтілетін оқытудың формасы, яғни интернет желілерінің көмегімен белгілі бір арақашықтықта оқыту.
Бүкіл әлемді шарпыған індет құрсауына іліккен еліміздің білім беру жүйесі 2020 жылдың 6 сәуірінен бастап тарихта тұңғыш рет қашықтан оқыту үдерісіне көшті. Көз алдымызда білім саласын және бүкіл елімізді дүр сілкіндірген тарихи оқиға орын алды. Мемлекет басшысы Қасымжомарт Тоқаев елімізге сын сағатта төтенше жағдай енгізу туралы шешім қабылдап, білім жүйесі қашықтан оқыту үдерісіне көшкенде, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетов өзінің білікті басшылығымен үдерісті жүргізе отырып, ұстаздар қауымына үлкен сенім артты.
Қазақстанның білім алушылары мен білім берушілеріне «Kundelik.kz», «Daryn Online», «Bilimland» цифрлық білім беру платформалары, «Google Classroom» веб-сервистері және «Балапан», «Еларна» телеарналары арқылы қашықтан оқыту ұсынылды.
Қашықтан оқыту барысында Шымкент қаласы білім басқармасы мен әдістемелік орталықтың ұжымы өздерінің кәсіби біліктіліктерін танытып, терең тәжірибелерімен бөлісе отырып, жаңа оқыту жүйесіне ерекше жауапкершілікпен қарап, әрбір ұстаз қауымына бағыт-бағдар, түсіндірме жұмыстарын жоғары деңгейде жүргізіп, оқыту мен оқу үдерісіндегі сан қырлы әрі күрделі мәселелерді шешу жолдарына айрықша мән беріп отыр.
Қашықтан оқыту барысында ата-аналар мен оқушыларға психологиялық тұрғыда қолдау көрсету және мотивация беру мақсатында мектеп психологтарының тарапынан бірнеше бейнеролик дайындалып, оқушылардың өздігінен танымдық қабілеттерін дамыту үшін онлайн-психологиялық ойындар өткізілді.
Мысалы, құндылыққа бағытталған білім мен тәрбие беруде қашықтан оқыту жүйесінде «Кибергигиена. Ғаламтор желісін қауіпсіз пайдалану жөніндегі ұсынымдар», «Ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас» бейнероликтері әлеуметтік желі арқылы кеңінен таралып, ата-ана, бала, педагог арасындағы байланысты арттыра түсті.
Білім беру ресурстарымен толықтырылған «Daryn Оnline», «Bilimland.kz» интернет платформаларына оқушылар 100% тіркелді. Мектептерге электронды журналдарды жүргізуде мұғалімдер, оқушылар және ата-аналар платформалармен жұмыс істеу әдістемесімен таныстырылып, арнайы нұсқаулық негізінде дайындық жұмыстары жүргізілді. әдістемелік көмек, қолдау жұмыстары тұрақты көрсетілгендіктен, айтарлықтай қолдану деңгейі өсе түсті.
«Жұмыла көтерген – жүк жеңіл» дегендей, өзекті мәселелер төңірегінде үздіксіз жұмыстар жүргізіледі. Аз қамтылған отбасы балаларын мектептердегі компьютермен қамтып, қашықтан оқытуға байланысты уақытша пайдалануға берілді.
Білім басқармасы тарапынан қашықтан оқыту үдерісінің сапасын жақсарту мақсатында тиісті шараларды жалғастыруда, кері байланыстар беріліп, толықтырылу үстінде. Елімізде орын алған төтенше жағдайға қарамастан, қашықтан оқыту үдерісіне ерекше қарқынмен кірісіп, аянбай қызмет етіп жатқан Шымкент қаласындағы барлық ата-аналарға, оқушылар мен педагогтерге сәттілік пен шығармашылық табыстар тілей отырып, алдағы уақытта да алар асулары мол болсын дегім келеді.