Султанова Сауле Алпыспаевна
бастауыш сынып мұғалімі
Математика сабағында жаңа технологияларды қолдану мүмкіндігі
Өркениетті қоғамның инновациялық мүмкіндіктері артқан сайын білім беру саласының өзгеруі заңды құбылыс. Ақпараттық қызметтердің күн сайын өміріміздің маңызды бөлігіне айналуы адамға көптеген жаңа мүмкіндіктерді игеруге негіз болады. Атап айтқанда, цифрлы қоғам құру тенденциясы адамның көптеген қызметтерін алмастыра алады.
Мемлекеттің экономикалық, саяси, мәдени көрсеткіштері ақпараттың жедел, қарқынды даму үдерісімен тығыз байланысты. Сондықтан да білім саласында оқытудың жаңа ақпараттық технологияларын меңгерген педагогтың болуы заңдылық.
Әлемнің көптеген дамыған елдерінде қалыптасқан дәстүрлі білім беру жүйесін түбегейлі реформалау қажеттілігі туындады. Бұл, өз кезегінде заманауи қоғамның сұраныстарын қанағаттандырмайтыны, жаңа заманның шарттарына сәйкес келмейтіндігі, қоғам дамуына кедергі болатындығы айқындалды. Сондықтан да барлық саланы жаңартудың әдістері мен технологияларын ойлап табу қажет болды.
Елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен тамыз конференциясы өтті. Осы конференцияда педагогтардың мәртебесі туралы айтылды. Сонымен қатар мұғалімдер өздерінің тәжірибесін жаңа инновациялық технологиялармен толықтырып отырулары қажет екендігі баса айтылды.
Жаһандық әлемнің үдемелі дамуы педагогтер мен оқушыларға заманауи құзыреттерді қалыптастыруды ұсынады. Экономикалық ынтымақтастығы дамыған ұйымның (ЭЫДҰ) белгілеген 21 ғасыр дағдысының бірі ақпараттық сауаттылық болып табылады.
Сондықтан да әлемдік білім беру кеңістігіне ұмтылыстар, қоғам дамуындағы қалыптасып отырған жаңа жағдайлар, тыңнан туындаған мәселелер, өзгеріп жатқан өмірге бейімделу қажеттігін туындатып отыр. Жаңа реформалардың пайда болуы жаңа әдістерді және оқу үдерісін ұйымдастырудың тиімді технологияларын іздестіруді талап етеді.
Көптеген постиндустриалды қоғам ақпараттық технологияларды қолданудың стратегиялық тактикасын ойластырған. Ал біздің еліміздің еліміз үшін әрине бұл жаңа бағыт.
Бұл стратегия әлем елдерінінің экономикалық дамуымен тығыз байланысты. Себебі, көптеген әлем елдері білім саласын модернизациялауға негізделген инвестиция көзін дамытудың жасыл экономикасына көшті. Осындай жағдайлар білім әлеуетін өзгертуге өз септігін тигізуде. Сондықтан да білім беру үрдісінде инновациялық әдістер мен технологияларды қолдану өзекті мәселенің біріне айналды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі адамзаттың жағдайы инновациялық технологиялардың дамуымен тығыз байланысты екенін айта келе, білім беру үрдісінде жаңа технологиялардың мүмкіндіктерін арттыруды тапсырды. Инновациялық технологияларды математика сабағында қолдану тиімді болып табылады.
Соңғы жылдары бастауышта математиканы оқыту үрдісі бірқатар өзгерістерге ұшырады. Оқыту мақсаттарының өзгеруі бастауыш мектепте математиканы оқытудың мазмұны мен әдістерін жаңартуды талап етті. Жаңартылған білім беру мазмұнында бастауыш сынып оқушысы математикадан талдау, салыстыру, абстрактілеу және сыни ойлауға дағдыланады.
Математика пәні оқушының ойлау қабілетін дамыту мен бірге ұстаздың да ізденуін, сабақты қалай түрлендіремін, нәтижеге қалай жетемін деген сұрақтарына жол табу керектігін меңзейді. Ұстаз өз сабағына сын көзбен қарай отырып дайындалып, оқушыны да сын көзбен қарауға баулиды. Математика пәнінің өзі де ойлауды, талдауды, дәлелдеуді, өмірде қолдануды талап ететін негізгі пәндердің бірі болып табылады. Сабақтарда балалардың математикаға деген ынтасын арттыруға, олардың өз бетінше жұмыс істей білу дағдысын тәрбиелеуге ерекше назар аударылады. Математикада жиі технологиялардың бірі – жоба жазу.
Жоба жазу оқушының аналитикалық ойлау қабілетін дамытады, шешім қабылдай алу іскерлігін қалыптастырады. Оқушыны ізденушілікке баули отырып, ғылым мен техниканың жетістігіне сәйкес өзінің кәсіби бағдарын айқындауға көмектеседі. Жоба технологиясында мына міндеттер жүзеге асады.
- Оқушылардың танымдық іскерліктері мен дағдыларын дамыту;
- Ақпараттық кеңістікте бағдар ала білу;
- Өз бетінше жоспар құра білу;
- Ғылымның түрлі салаларынан білімді біріктіре білу;
- Сын тұрғысынан ойлау қабілеті.
Математикадан әртүрлі тақырыптарға жоба жазуға болады. «Математикалық сауаттылық», «Креативті математика», «Метематика және өмір дағдылары» т.б тақырыптар жоба жазуға мүмкіндік береді. Жобаны жазу барысында оқушылар тақырыпқа байланысты фактылер мен аргументтер іздестіреді. Тапсырмаларды орындау барысында оқушыдан ақпаратты жүйелеу және талдау, фактілерді, құбылыстарды жалпылау, қорытынды жасау қабілеті талап етіледі.
Белсенді оқу қызметі оқудың уәжінен, мақсаты мен шартынан және нәтижесiнен құрылады. «Инсерт», «Миға шабуыл», «Топтық пікірталас», «Блум сұрақтары», «Кластер», «Синквейн», «Рөлдік ойын», «Шатастырылған логикалық баулар» т.б. белсенді әдістер пәнге деген қызығушылықты оятады. Инсерт әдісі аналитикалық ойды дамытады, материалды толық меңгеруге мүмкіндік туғызады. Бұл әдісті математика сабақтарында қолдануға болады.
Математика пәнінде үй тапсырмасын тексеру барысында «Ақиқат, жалған» әдісін қолдануға болады. Топтағы оқушылардың алдында қызыл және жасыл түсті қиылған қағаздар беріледі.
Мысалы, осы әдісті қолдану арқылы сандарға байланысты тапсырмалар беріледі.
Сандарға мұқият қара. 100, 220, 405, 601, 639, 980 Ақиқат және жалған пікірді белгіле.
- Барлық сандар үш таңбалы
- Барлық сандар жұп сандар
- Сандар өсу ретімен орналасқан
- Сандар 100-ден үлкен
- Кейбіреуі дөңгелек сандар
- Екі таңбалы сандар бар
Осындай тапсырмалар оқушылардың логикалық ойлауын қажет етеді. Оқушылар сандардың нақты қайсысына жататынын анытайды.
Жаңа сабақты қайталау кезеңінде Синквейн құрастыру маңызды. Тақырып бойынша оқушылар қысқаша мәліметтер келтіреді. Синквей құрастыру оқушының коммуникативтілігін айқындайды.
Мұғалім оқушыларға белгілі бір тақырыпты ашу үшін, мәселені шешуде бірігіп, топқа қарай кубиктің әр қырын таңдап алады. Өтілетін тақырып әр қырынан ашылады, жан-жақты сипатталады, қорытындыланады.
Қазіргі таңда мұғалімдер іс-тәжірибеде инновациялық технологияларды пайдалану арқылы жақсы нәтижелерге жетіп жүргені аян. Солардың бiрi — сын тұрғысынан ойлау.
Сын тұрғысынан ойлау технологиясы қызығушылықты ояту, мағынаны тану, ой толғаныс кезеңдерiнен түзiледi. Осы технологияны мұғалімдер әр сабақтың ерекшелiгiне қарай лайықтап қолдануына болады. Оқушыларды деңгейге бөлу арқылы математикадан есептер беруге болады.
Педагогикалық әдебиеттерде оқыту технологиясы мен әдістеме ғылымы бір-бірімен тығыз байланыста қолданылады. Әдістеме ғылымы «Нені оқыту керек?», «Не үшін оқыту керек?», «Қалай оқыту керек?» деген сұрақтарға жауап іздесе, оқыту технологиясы «Қалай нәтижелі оқытуға болады?» деген мәселенің шешімін іздейді. Олардың мақсаты бір, яғни оқытудың тиімді жолдарын қарастыру.
Математика сабағында кеңінен қолданылып жүрген технологиялардың бірі – деңгейлік оқыту технологиясы. Бұл технология оқушылардың ізденушілік, өзіндік жұмыс істеу, білімді сапалы қабылдау, белсенділігін арттырады, мәселені тиімді шешудің жаңа мүмкіндіктерін анықтайды. Оқушыны деңгейге бөліп оқыту барысында мұғалім оқушыларға әртүрлі тапсырмалар ұсынады. Ол оқушының қабілетіне қарай іріктеліп жасалады. Бұл технологияның ерекшелігі оқушы ақпаратты өз бетімен өңдейді, талдайды және шешім қабылдайды.
Математика сабағында жиі қолданылатын технологиялардың бірі ойын технологиясы. Оқушылардың логикалық ойлау дағдысын қалыптастыру барысында ұлттық ойындар қолданылады. Ойын технологиясы оқушының іскерлік қасиетін қалыптастырады. Ойын оқушының тез ойлай білу дағдысын қалыптастырады. Ойын шарты алдын-ала белгілі болғанмен, ойын барысындағы күтпеген жағдайларда оқушы тез шешім қабылдай білуге жаттығады.
«Қан талапай» — асықпен ойналатын ойын. Бұл ойынға нөмірленген асық алынады. Нөмірге байланысты карточка алынады. Асық жерге шашылады, ал балалар талапайлап асық алады. Нөмірлері бойынша карточкадағы есепті шығарады. Кім тез әрі дұрыс шығарса, сол жеңіске шығады.
«Теңге алу». Бұл ойынды салыстыру, ерекшелігін табуға байланысты ойнатуға болады. Алдымен сұрақ беріледі. Есептің бірнешеуі оқып талданады. Ұлттық теңгеміздің суреті ілулі тұрады. Екі оқушының қайсысы есепті дұрыс орындаса, сол төл теңгемізді алады.
«Кyбизм», «Тoптacтыpy», «Бoлжay», «Жaн-жaқты cұpaқ қoю» cтpaтeгиялapын қолдану, біріншіден сабақты дәстүрлі жүйеден өзгешелігін көрсететін болса, екіншіден заманауи әдістер оқушылардың өз бетінше ойланып, шешім қабылдауға, жаңа идеялар ұсынуға, стандартты емес жағдаяттардан шығу жолдарын табуға көмектеседі. Осындай оқытудың заманауи әдістері оқушылардың әртүрлі дағдысын қалыптастырады. Атап айтқанда:
- оқyшылap жeкe, жұппeн, тoппeн жұмыc жасауға үйренеді;
- өз oйлapын aшық aйтып, ayызшa, жaзбaшa epкiн жaзуға машықтанады;
- Caбaққa дeгeн қызығyшылығын көрсетеді;
- Бip-бipiнiң пiкipiн тыңдayғa тыpыcaды.
Сабақ үрдісінде постермен, интелект картамен жұмыс жасау, құрастыру оқушылардың креативті ойлауын дамытуға негіз болады. Диалог барысында оқушылар есептерге баламалы формулалар келтіреді, басқа есептерді тұжырымдайды, өз ойын айтады, өз шешімін талдауға, саралауға мүмкіндік алады.
Математика пәні оқушылардың математикалық даму деңгейін қамтамасыз етіп қана қоймай, оқушылардың жалпы ақыл-ойының дамуына ықпал етеді. Бұл пәнде оқушылар есептер шығара отырып, әр тапсырмаға сыни ойланып жауап береді. Сабақта балалардың өмірлік тәжірибесінен, олардың тапқырлығын ескере отырып шешілетін есептерді беруге болады. Сонымен қатар «Визуалды айғақтар әдісі» бойынша топ оқушыларына геометриялық фигуралар беру арқылыоқушылардың ойлау дағдысын дамытуға болады. Оқушыларды топқа бөліп, әр топқа сұрақтар тарату арқылы фигураларды пішініне, түсіне, көлеміне байланысты топтастыру. Осындай жұмыс түрлері оқушылардың логикалық, креативті ойлау қызметін жетілдіреді.
Математика пәнінде есептен қате табу мақсатында бірнеше сұрақтар қою арқылы оқушылардың креативті ойлау дағдысын қалыптастыруға болады. Мысалы,«Дұрыс деп ойлайсыңдар ма?», «Тағы да қандай пікір айтар едіңдер?», «Жауаптың дұрыс екеніне сенімдісіңдер ме?», «Неге сүйенесің?», «Толықтыруға бола ма?», «Мысал келтіре аласың ба?»т. б. деген сұрақтарды қайта бағыттау арқылы диалог құрып, оқушылардың жаңа идеяларды табуына және шешім қабылдауына мүмкіндік жасауға болады.
Қорыта айтқанда еліміздің білім беру үдерісіне енген жаңартылған білім беру бағдарламасы заман талабына сай келешек ұрпақтың сұранысын қанағаттандыртын тың бағдарлама болды. Оқытудың парадигмасы өзгерді. Білім берудің мазмұны жаңарып, жаңаша көзқарас пайда болды. Білім беру парадигмасының ауысуы, оның тұжырымдамалық негіздерін қайта бағалау, білім беру мақсаттарын, міндеттерін, мазмұнын қайта пайымдау жалпы білім беру жүйесінде көптеген өзгерістер болуда. Математика пәнінің мазмұны да оқушылардың алған білімі мен дағдысын өмірлік жағдайда қолдануға үйретеді.
Пайдаланған әдебиеттер
- Н.Т.Сартаева Ақпараттық технологиялар негізінде бастауыш сынып оқушыларының зерттеушілік іс-әрекетін мотивациялау. Философия докторы дәрежесін алу үшін дайындаған авторефераты. Алматы, 2019
3.В.М.Глушков История информационных технологии -М:Образование. 2004. -С165
- Ж.Садуова «Инновациялқ технологияларды білім беруде қолдану». // Білім. Алматы, № 5, 2006ж. -22-24.