Home » Жаңалықтар » ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ ДӘРІПТЕЛДІ

ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ ДӘРІПТЕЛДІ

Жақында Павлодар қаласының 5 жалпы орта білім беру мектебінің
4 Ә сыныбы «Менің отбасым » тақырыбында сахналық қойылым көрсетті.  Аталған іс-шара республикалық «Даналық мектебі» клубының «Әжелер даналығы» секциясының «Алғысым шексіз » жобасына сәйкес таңдалды.

Іс-шараның мақсаты: білім беру ұйымдарында позитивті отбасы мәдениетін қалыптастыру және дамыту болды.

Көріністе бақытты отбасының алтын тұғыры — ардақты ата бейнесін Павлодар облыстық «Ақсақалдар тағылымы » қоғамдық бірлестігінің белсенді мүшесі Қайырлы Ерғалиев,  аяулы әжені аталған қоғамдық ұйым төрағасының орынбасары Қазигүл Батырханова,  жас ата-ананың рөлдерін М.Қанапиянов атындағы жоғары колледж, «Дене тәрбиесі және спорт» мамандығының 2 курс студенттері Дюсембеков Ерхан мен Байдолла Дария,  ал балалар бейнесін 4 Ә сынып оқушысы Фархад Ерасыл мен 3 Ә сынып оқушысы Төлеген Айшабибі сомдады.

Сахна төрі тақырыпқа сай, ұлттық нақышта безендіріліп,  ортаға мол дастарқан жайылды.

Кейіпкерлеріміз сахнаға ұлттық киіммен шығып, бір отбасы мүшелерінің өзара құрметі мен сыйластығын, сенімі мен сүйіспеншілігін, шынайы мейірімділік қасиеттерін нанымды әрі шебер көрсете білді.

Қадірлі ардагер мейманымыз Қайырлы Ерғалиев ас қайырып, дастарқанға батасын берді. Сахналық қойылым әуенді әсем әнге ұласты.  Соңынан көрініс кейіпкерлеріне алғыс айтылып, естелік сыйлықтар таратылды.

4 Ә сынып оқушылары мерекелік кешті тамашалауға келген ұстаздар қауымына биылғы көктемнің алғашқы жауқазындарын сыйға тартты.

Айгүл МОЛДАШ,
«БІЛІМ АЙНАСЫ»
Павлодар.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.