Home » Жаңалықтар » БӘРІ ДЕ БАЛАЛАР ҮШІН

БӘРІ ДЕ БАЛАЛАР ҮШІН

Алматы қаласы Білім басқармасына қарасты № 7 бөбекжай- балабақшасында наурыздың 15-ші жұлдызында «Сенің ерекшелігің бізге кедергі емес!» деген ұранмен «Инклюзивті білім беру: заманауи жағдайы, проблемалары және болашағы» тақырыбында аудандық семинар өтті.
Семинардың мақсаты: мектепке дейінгі ұйымдардың, арнайы педагогтердің инклюзивті білім беру бағыты бойынша түзету-дамыту жұмыстарын жүргізудегі заманауи тәсілдерін қолдану және тәжірибелерімен бөлісу.
Семинарға Алмалы аудандық білім бөлімінің басшысы Койшыбаева Зоя Кашкинбаевна және балабақша меңгерушілері қатысты. Семинар ұлттық құндылықтар аясында ұсақ қол маторикасын дамытуға бағытталған «Шебер тәрбиеші» көрмесін тамашалаумен басталып, балабақша меңгерушісі Камбарбекова Гулдана Дүйсембекқызының кіріспе сөзімен ашылды.
Бұл балабақшада сөйлеу тілі бұзылыстары бар балалар да тәрбиеленіп келеді. Дегенмен де бүгін олардың басқа балалардан қалыспайтындығының куәсі болдық. Сөйлеу тілі бұзылыстары бар мектепалды даярлық «Балдәурен» тобы «Ғажайыптарға толы лабораториялық жұмыстарын» көпшілік назарына ұсынды. Мұнда олар тәрбиеші Сарманова Жанбота Жолдасовнаның бақылауымен су қасиеттері бойынша бірнеше зерттеу жұмыстарын жасады. Судың неше түрі болатынын, су қайнағанда бу күйіне енетінін, төменгі температурада мұзға айналатынын балаларға түсіндіріп көрсетті. Сонымен қатар, балалар суда сурет те салып берді.
    Келесі кезеңде логопед Бақбергенқызы Ұлжанның логопедиялық жұмыста артикуляция, тыныс алу жаттығуларын және логоритмиканы қолдану бойынша ортаға қонақтарды шақырып, ойын түрінде өткізді.
Одан әрі сөйлеу тілі бұзылыстары бар мектепалды даярлық «Балдәурен» тобының қатысуымен дефектолог Галямова Халиса Сулеймановна авторлық бағдарламасын таныстыра отырып, балалар және қонақтар арасында жаттығу түрінде жүргізді. Педагог- психолог Бекболатова Жансая Тынысхановна «Көтеріңкі көңіл күй сәттілікке апарады» деген тақырыпта психологиялық тренинг өткізді. Мұнда әр адам қандай жағдай болмасын әрдайым жақсы көңіл -күйде жүруі, барлық жақсылықтың бастамасы екендігі айтылды.
Ануарбек Н.М., Абдикемалова Г.М., Сундетова Д.Д және Карибаева К.А сияқты педагогтер инклюзивті білім берудегі инновациялық технологияларды қолданудың әдіс- тәсілдеріне саяхат жасап, жан-жақты тарқатып айтып берді. Алары мол екі сағатқа созылған семинарды балабақша меңгерушісі Камбарбекова Гулдана Дүйсембекқызы бәрі де балалар үшін деген сөзбен қорытындылады.
   


“Bilim Ainasy”
Алматы қаласы
Жулдыз Смаилова.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.