Алматы қаласы Білім басқармасының №21 санаториялық бөбекжай-балабақшасында “Білгенге маржан” атты семинар өтті.
Семинардың шымылдығы балабақша меңгерушісі Сеилгазинова Гульдана Нурхановнаның алғы сөзімен түрілді.
Балабақша әдіскері “Білгенге маржан” жобасын іске асыру нәтижелерінің есебі мен презентациясын таныстырып өтті.
“Мың бір түн” ертегісінің желісі бойынша тәрбиешілер мен тәрбиеленушілер қойылым қойды.
Қойылым барысында тәрбиеленушілер осы уақытқа дейін үйренгендерінің бірін қалдырмай ортаға салды.
Балалар ұлттық тағамдарды таныстырып, өлеңдер оқыды.
Ертегі желісі бойынша Шахаризада мен Сұлтанмен бірге логикалық ойындар да ойнап, табиғат әлеміне де саяхат жасап қайтты. Ару қыздар әсем ән шырқап, мың бұралып би биледі.
Аналары мен қыздары
жеміс-жидектерден пайдалы сусындар дайындады. Бұл көріністен балабақша ұжымы мен ата-аналардың тығыз байланыста екенін байқауға болады.
Бүгінгі таңда аталған балабақшада 4 топ тәрбиеленіп жатыр.
Сингапур елінен шабыт алып келген балабақша меңгерушісі және ұжымының идеясымен балабақша іші толықтай безендірілген екен. Топтардың біріне кіріп — Жунгли еліне барып қайттық,
екіншісі — ұлттық нақыштарымызды насихаттаса, үшіншісінде біз —
теңіз асты әлеміне саяхаттадық,
төртінші топта — гүлдер әлеміне барып қайттық. Балабақша ішінің безендірілуін Сингапур елінен еш кем емес десек те болады. Бұл жерде ұжым мен меңгерушінің үлкен еңбегі, балаларға деген махаббаты жатыр.
— Бүгін балалардың білімінің қаншалықты шыңдалғандығын көрдік. Семинар барлық тарапты қамтыған: баланың таланты, оқуы, жазуы, сөйлеуі. Осы ұстаздарға үлкен рахмет айтамыз. Гульдана Нурхановнаның да үлкен еңбегі жатыр. Бала мектепке дайын, әріпті айтып тұр, санды санап тұр, логикасы сайрап тұр. Жобаларыңыз жалғасын таба берсін, — деді Алмалы аудандық Білім бөлімінің басшысы Зоя Кашкинбаевна.
Семинар соңында балабақша меңгерушісі Гульдана Нурхановна:
— Біздің балабақшамыз санаториялық балабақша болған соң, бұл жерде балалар уақытша келеді.
Балалар 6 айдан 1жылға дейін болады. Әртүрлі уақытта келеді. Осы жағынан басқа балабақшалардан ерекше, балаларды бірдей дайындау жағы біраз қиындау.
Болашақ ұрпақ тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қараған жөн.
Балабақшаның білімді, ізденімпаз педагогтері балалардың шығармашылық қабілеттерін белсенді дамытуда, танымдық қызығушылықтарын арттыру жолында еңбек етіп жатыр. Тәрбиенің алтын бесігі – балабақшамыздағы сәбилерімізді адам баласына тән асыл қасиеттерге, адамгершілікке тәрбиелеуден жалықпайық! — деді.
«BILIM AINASY»,
Алматы қаласынан,
Ақерке Амангелдіқызы