Қазіргі уақытта жаһандану үрдісінің қарқыны өте жоғары және осы үрдіс білім саласына да өзгеріс енгізуді талап етіп отырғаны анық. Әлем өзгеріске ұшырап, соған сәйкес жаһандық трендтер қалыптасуда. Өскелең ұрпақ әлемдік сахнада бәсекелестікке төтеп беруі үшін, оған сапалы білім мен саналы тәрбиені заман талабына сай беруіміз керек. Еліміздің білім саласына өзеріс енгізуді мақсат тұтқан бағдарламалардың бірі – «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы. Жоба «Мектеп басшыларының кадрлық резерві: әлеуеті және даму стратегиялары» бағдарламасына республиканың жалпы орта білім беретін мектеп басшылары орынбасарларын іріктеп алудан басталды. Республикалық кадрлық резервті дайындаған біліктілік арттыру курсы 3 шілдеде басталып, 19 желтоқсанға дейінгі алты айлық уақытқа созылды. Осы уақыт аралығында үміткерлер бағдарламаның базалық, ілгері, кәсіби деңгейлерінен өтті.
Курс бағдарламасы әр деңгейде болашақ басшылардың бойында қажетті дағдылар мен қабілеттерді қалыптастыру мақсатында құрастырылған. Атап айтсақ, бағдарламаның базалық деңгейінде әлемдік трендтер мен құндылыққа бағытталған оқыту ерекшеліктерімен таныссам, ілгері және кәсіби деңгейде стратегиялық менеджмент, аналитика, құқықтық және қаржылық құзіреттіліктерді игердім.
Бұл біліктілік арттыру курсына қатысу мен үшін несімен құнды болды?
Ең бірінші, мен өзім секілді ойлайтын және мақсаттарымыз ортақ үлкен аудиториялы достар таптым. Курс мазмұнына үңілген сайын барлықтарымыздың мақсаттарымыз айқындала берді. Сонымен қоса, тренерлеріміздің білімі мен біліктіліктерінің арқасында кәсіби шеберлігіміз артты деп ойлаймын.
Курс соңында үш кезеңнен өткен үміткерлерді еліміздің инновациялық мектептері Назарбаев зияткерлік мектептері мен Білім инновация лицейіне тағылымдамаға жіберді. Тағылымдама бір аптаға созылды. Тағылымдама барысында Білім Инновация Лицейіне барып, үздік тәжірибелермен таныстым. Аталған лицейдің ұлттық құндылықтарға бағытталған тәрбие жүйесі маған ерекше әсер етті және болашақта басшы болсам осы үлгіні басшылыққа алуға тырысамын деген ойға келдім.
Бағдарламаның соңында министрліктің жанынан құрылған арнайы комиссия алдында сұхбаттасудан өттік. Сұхбат «Кейс стади» әдісі арқылы өтіп, комиссия мүшелері жағдаяттардан шығу дағдыларымызды бағалап, республиканың түрлі қалаларында білім алған 208 үміткерді мектеп басшыларының республикалық кадрлық резервіне қосты.
Астана қаласында Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы Бейсембаевтің қолынан сертификатымды алған соң, көптеген әріптестеріміз cекілді жаңа лауазымда жұмысымды бастап кеттім. Батыс Қазақстан облысы, Бәйтерек ауданы, Пригород жалпы орта білім беретін мектебіне директор болып тағайындалдым.
«Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы еліміздің түрлі аймақтарында өзгеріс енгізе алатын лидерлерді табудың керемет жолы деп есептеймін. Бұл жоба өз жалғасын таба беруі керек. Жоба түлектерінің жұмысының нәтижесінде болашақ бес жылда білім саласында үлкен өзгерістер болатындығына сенімім мол.
Расул Нигметов
Пригород жалпы орта білім беретін мектебінің директоры
«Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасының түлегі
Бәйтерек ауданы