Йод – адамның қалыпты өсуі мен дамуына қажетті микроэлемент болып табылады. Адам организміне тағам мен судан түсетін қажетті йод мөлшерінің жетіспеуі йод жетіспеушілік аурулары мен қалқанша безінің жұмысының бұзылуына әкеліп соғады.
Йод жетіспеушілігі ауруларының мәселесі әлемдік денсаулық сақтау саласында маңыздыларының бірі болып саналуда.
Йод жетіспеушілігі ағзаға қалыпты қабылданып отыратын йодтың жеткілікті дәрежеде болмауынан пайда болады. Сондай-ақ балалар арасындағы йод жетіспеушілігі салдарынан бала ақыл-ойының артта қалуындағы әлсіз көріністерден критинизмге дейін жетеді, көңіл күйінің тұрақсыздығы, депрессияға ұшырауы мүмкін, әлсіздік, ұмытшақтық, есте сақтау қабілетінің төмендеуі, оқушылар зейіні шоғырлануының төмендеуі, ашуланшақ болып келеді. Сонымен қатар, жүйке жүйесімен қоса барлық ағза зардап шегеді. Балалар бас сүйегі ішіндегі қысымға байланысты бас ауруына, әлсіздіктің пайда болуына, терінің сұрлануына шағымданады, астеникалық синдром көріністері, кардиологиялық өзгерістер – ырғақтың бұзылуы, АҚ жоғарылауы немесе төмендеуі, инфекциялық және суық тию ауруларының жиілеуі, екінші иммундық жетіспеушілігі салдарынан өткір аурулардың созылмалы түрге өтуі, бұлшық ет сұлбасының әлсіреуіне байланысты дене бітімінің өзгеруі болуы мүмкін. Осының барлығының себебі – йодтың жетіспеушілігінен болады. Күнделікті ағзаға йод түсіп тұрғанымен, ағзаға сіңуіне кедергі жасайтын себептер де көптен кездесуде. Адам ағзасында микроэлементтің сіңуіне кедергі жасайтын бірнеше себептерін: дұрыс тамақтанбау, микроэлементтер мен дәрумендер жеткіліксіздігін айта кету керек. Анықталған мәліметтер бойынша эндемиялық жемсау дертіне қыз балалар көп шалдығуда. Бұл дерт түрі 6-7 жастан басталып, баланың жасы өскен сайын ұлғая түседі.
Осы орайда, ауданымызда балалар мен оқушылар арасында жыл сайын өткізілетін тереңдетілген медициналық қорытынды бойынша анықталған йод тапшылығы аурушаңдығына сауықтыру жұмыстары өз дәрежесінде жүргізілмеуде. Атап айтсақ йод тапшылғы анықталған балалар арнайы мамандандырылған дәрігерлермен тексерілмейді.
Біздің денеміз йод шығармайды, сондықтан йод көзі тамақ болып табылады. Ересек адам үшін йодты тұтыну мөлшері тәулігіне 150-200 микрограммды құрайды. Жүкті және емізетін әйелдерде қажеттілік 200-300 мкг дейін артады.
Адам өзінің денсауылғын күту өз қолында екенін ескеретін болсақ, йод жетіспеушілігінің алдын алуда дұрыс тамақтану басты рөл атқарады. Йодтың 90 пайызын адам тағамнан алады, ал қалғандарын судан алады. Тағам арқылы йодты қабылдау экономикалық, физиологиялық, рационалдық жағынан дұрыс деп есептелсе де, қазіргі таңда ол жеткіліксіз болып отыр.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, йод тапшылығы жағдайларының алдын алуды қол жетімді және қолайлы әдіспен шешуге болады – халықтың сапалы йодталған тұзды, тамақ өнімдерін күнделікті тұтынуы.
Йодтың ең жоғары концентрациясы теңіз балықтары мен теңіз өнімдерінде болады (800 — 1000 мкг/кг), әсіресе теңіз балдырлары йодқа бай. Олардың ішіндегі ең танымалы – теңіз қырыққабаты (балдыр). Балық майында йод өте көп.
Тәулігіне 6 грамнан аспайтын мөлшерде йодталған тұзды (йод мөлшері 40 мг/кг тұз, орташа әлемдік стандарттарға сәйкес келеді) күнделікті тұтыну (ДДҰ ұсынған), адам ағзаның күнделікті физиологиялық қажеттілігін өмірлік маңызды микроэлементтермен қанағаттандырады. Йодталған ас тұзын қолдану йод тапшылығын алдын алудың ең әмбебап әдісі болып табылады. Тұз – бұл тағамға арнайы өңдеусіз қосылатын жалғыз минерал. Йодталған тұз – бұл дәрі емес, тамақ, бұл профилактикалық өнім. Йод жоғары ылғалдылықта және ашық ауада әрекеттескенде тез ыдырайды. Тұздың пайдалы қасиеттерін, атап айтқанда құрамындағы «йодты» сақтау үшін оны құрғақ, қараңғы жерде сақтау керек және жарамдылық мерзімі аяқталғаннан кейін тұтынбау керек.
Және де ет, сүт, жұмыртқа ағзаға йод беретін негізгі тағамдар екенін есте ұстаңыз. Бірақ ет пен балықты қайта-қайта мұздатқанда ондағы йод жойылып кетеді. Көкөністер ішінде – қызылша, шпинат, қызанақ, сәбіз, картоп, орамжапырақ, пияз, бұршақ, сарымсақ, ал жеміс-жидектер ішінде – құрма, алма, жүзім, шие, қара ала шабдалы, грек және балқарағай жаңғақтарында, ал жармалар ішінде – қара құмық және тары құрамында да йод мол. Сондықтан күнделікті өмірде аталмыш тағамдарды жиі пайдалану – йод жетіспеушілігін болдырмаудың басты жолы болып табылады.
Сондықтан, жоғарыда айтқанымыздай, күнделікті тағамның құрамына ерекше мән беру керек. Йод өсімдік өнімдерінде – 60-150 микрограмм, жануар өнімдерінде – 30-70, суда – 8, ауада – 2 микрограмм болады. Алайда, аспаздық өңдеу кезінде йодтың 14-тен 65%-ға дейінгі мөлшері жойылады. Нанды пісіргенде бұл көрсеткіш – 84%, сүтті пісіргенде – 26%, жармалар мен бұршақтарды қайнатқанда – 47-64%, көкөністерді пісіргенде – 62%, етті – 45%, балықты қуырғанда, қайнатқанда йодтың бастапқы мөлшерінің 74% жойылады екен. Осы қарапайым ғана пайыздарды есте ұстап, тағамның құнарлылығына мән бере жүргейсіздер.
Уақытында йодтың алдын алу өсіп кележатқан ұрпақтың – біздің болашағымыздың денсаулық деңгейін, үйлесімді дамуды, интелектуалды әлеуетті қалпында ұстауға жағдай жасайды. Әр адам өзінің және туыстарының денсаулығына ұқыпты қарау керек.
Қазақстан Республикасының Президенттінің жыл сайынғы жолдауында балалар біздің болашағымыз деген ұранды сөзін еске ала отырып, денсаулығы мықты азаматтардың өсіп жетілуі мемлекеттің сау әлеуетінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылатындығын естен шығармайық. Қазіргі таңда оқушылардың денсаулығын сақтау, дамыту және денсаулықты нығайтуда саламаттылық дағдыларын қалыптастыру аса маңызды.
Ата аналарға айтарым, ең бастысы – адамның өз денсаулығына деген көзқарасын өзгерту. Сондықтан, баласына өмірінің басынан бастап салауатты өмір салтын сақтау, соның ішінде дұрыс тамақтану ережесін қалыптастырған ата-аналар баласының денсаулығының мықты іргесін қалап, үлкен болашақ иелері болатындығына кәміл сенеміз
Алатау аудандық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқарма басшысы Сисенов Дархан Алдонгарович
санитарлық-гигиеналық бақылау және қадағалау, техникалық регламенттерді бақылау бөлімінің бас маманы
Садырбаева Анара Хусаингазыевна