«Мектеп жасына дейінгі шағын орталығы бар
№41 жалпы білім беретін орта мектебі»
директорының тәрбие ісі жөніндегі
орынбасары Уалихан Жұлдыз
Алматы облысы Талғар ауданы Еламан ауылындағы №41 жалпы білім беретін орта мектебінде 12 ақпан күні сынып жетекшілер арасында мектепішілік «Үздік сынып жетекші – 2020» байқауы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Талипова Гүлжанат Токтасыновна мен Уалихан Жұлдыздың ұйымдастыруымен өткізілді. Аталмыш байқаудың мақсаты: Сынып жетекшілердің кәсіби-педагогикалық шеберліктерін шыңдау, тәжірибелі сынып жетекшілер мен жас сынып жетекшілердің арасында өзара тәжірибе алмасу, биылғы оқу жылындағы ең үздік сынып жетекшіні анықтау.
Шәкірт жүрегіне жол таба білген, білім нәрімен сусындатып қана қоймай, бала бойына тәлім-тәрбиенің мөлдір бұлағын құя білетін қас шеберлерді анықтайтын бұл сайыс мынадай кезеңдерден тұрды:
- «Мен сынап жетекшімін» тақырыбында өзін-өзі таныстыру;
- «Мен және менің сыныбым» бейнеролик байқауы;
- Тәрбие сағатынан үзінді көрсету;
- Жағдаяттық сұрақтарға жауап беру;
- Тәрбиенің 8 бағыты бойынша атқарылған жұмыстарды папкамен көрсету.
«Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» демекші сайыстың әділ өтуіне жауапты етіліп қара қылды қақ жаратын турашыл ұстаздарымыз әліл қазы алқасына сайланды. Қазылардың құрамында мектебіміздің директоры Кунсакалова Жанаргуль Баймажиовна, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Талипова Гүлжанат Токтасыновна, мектебіміздің кәсіподақ ұйымының төрайымы Кобебаева Нургуль Жекеновна, қазақ тілі пәнінің мұғалімі Ербекеева Гульнара Бейсембековна, орыс тілі пәнінің мұғалімі Аблаева Кульжан Рустемовна болды.
Сайысқа барлығы 13 сынып жетекші қатысты. Жеребе тастау арқылы реттік номерлері анықталып, сол ретпен сынға түсті. Өзін-өзі таныстыру кезеңінде ұстаздар «Мен сынып жетекшімін» тақырыбын әр жетекші әр түрлі тәсілмен алып шықты. Ерекше назарға іліккендерге тоқтала кетсем, 7 «А» сыныбының жетекшісі Сайлаубай Гүлнұр өзін көнерген сөздермен көмкерілген керемет өлең жолдарымен таныстырып көрермендердің көңілінен шықса, 6 «А» сыныбының жетекшісі Қабылбекова Мөлдір Бақытқызы қазақтың шешендікке, терең мағынаға толы қанатты сөздерімен тыңдармандарды тәнтті етті. 4 «Б» сыныбының жетекшісі Абатова Майра Анапияевна өзін слайд арқылы шебер таныстыра білсе, 5 «Ә» сынып жетекшісі Аргынбаева Балнура Айдаровна таныстыруды қазіргі жаңа үлгідегі білім беру бағдарламасының «Ақылдың алты қалпағы» әдісіне салып, ақ қалпақ арқылы сынып жетекші жұмысындағы фактілерді, қызыл қалпақ арқылы оқушыларымен жұмыс жасау барысындағы қызығы мен қиындығы қатар жүретін сәттердегі түрлі сезімдері мен эмоцияларын смайликтер арқылы көрсетті. Сары қалпақ арқылы сынып жетекшілік қызметтің жағымды жақтарына тоқталса, қара қалпақ арқылы осы қызметтің қиындықтарын атап өтті. Жасыл қалпақ арқылы өзге әріптестеріне өзінің жаңа идеясын білдіріп, көк қалпақ арқылы қорытынды жасады.
«Мен және менің сыныбым» атты бейне-ролик байқауында жетекшілер өз сыныптарымен өткізген түрлі оқу-тәрбие саласындағы іс-шараларын өткізу барысындағы, сыныбындағы оқушыларының мектепішілік, аудандық, облыстық, республикалық байқауларда жүлделі орын алған сәттеріндегі, сондай-ақ мектеп өміріндегі сыныптарымен бірге атқарған қоғамдық жұмыстардағы түсіріп алынған видеоларынан үзіп алып, мантаж жасай отыра ұтымды бейне-роликтер құрастырған. Солардың бірнешеуіне тоқтала кетсем, 4 «В» сыныбының жетекшісі Сыдыкова Алтынай Бериковна өз сыныбымен жүргізген тәрбие жұмыстарын тәрбиенің 8 бағыты бойынша жүйелеп шебер жеткізсе, 5 «А» сыныбының жетекшісі Әбітаева Арайлым да түрлі шараларға белсене қатысқан видео үзінділерінен тартымды туынды жасаған. Бұл кезеңде де 5 «Ә» сыныбының жетекшісі Аргынбаева Балнура Айдаровна өз бейне-ролигін «Қазақфильм» киностудиясының «Менің атым Қожа» көркем фильмінің сюжеттерімен өзінің айтайын деген ойын шебер үйлестіре білген. Бейне-роликте Балнура Айдаровна сыныбындағы 11 қызын тәрбиелей отырып ұлт тәрбиелеуге, 9 ұлын тәрбиелей отырып қазақтың кең дархан жерінің иесін тәрбиелеуге өз үлесін қосатындығын, сондай-ақ өзінің тек жер иесін ғана емес, ақылдың, ұстамдылықтың, мейірімділіктің, биік адамгершіліктің иесін тәрбиелеп шығарсам деген асқақ арманын жеткізді.
Тәрбие сағаттарынан үзінді көрсету кезеңінде 13 жетекші де бір-біріне ұқсамайтын тәрбиенін түрлі бағыты бойынша тәрбие сағаттарынан үзінділерін көрсетті. Айталық, 6 «А» сыныбының жетекшісі Қабылбекова Мөлдір Бақытқызы «Қазақтың ұлттық ойындары» деген тақырыпта сахна төрінде асықтарды шашып жіберіп, «Ханталапай» ойынының ережесін түсіндірсе, 3 «А» сыныбының жетекшісі Калжанова Мунира Тасбалтаевна мемлекеттік рәміздер туралы тамаша сабақ көрсетті. 3 «Б» сыныбының жетекшісі Итембаева Куралай Тилепалдиевна «Адамгершіліктің қарапайым қағидалары» атты сабағынан үзіндіде адам бойындағы жағымсыз қасиеттерді бұлт түрінде бейнелеп, жағымды қасиеттерді күн сәулесі арқылы көрсетіп, күннің жан-жағына шуақ шашуы үшін бұлттардан тазартуға тапсырма бере отырып, әр адам өз бойындағы кемшіліктерден, жаман әдеттерден арылып, тек жақсы қасиеттерін ғана шыңдаса міндетті түрде қоғамға өз пайдасын тигізетін тұлға болып қалыптасатынын көрнекіліктер арқылы жақсы жеткізе білді. Сондай-ақ 2 «В» сыныбының жетекшісі Қалибек Айсұлу Бақытжан қызының «Қазақтың ұлттық киімдері» тақырыбындағы сабағы да жас ұрпаққа ұлттық тәрбие берудің озық үлгісін көрсетті.
Сайыстың келесі кезеңінде қатысушыларға қойылған жағдаяттық сұрақтар сыныптағы балалармен, ата-аналармен, жалпы мектеп ұжымында кездесетін түрлі тығырықтан шығып, ақылы мен тапқырлығын танытуға бағытталды. Бұл кезеңде де сынып жетекшілер өздерінің педагогқа тән шеберліктерін, қиыннан қиыстыра отырып, мәселенің шешімін таба алатын нағыз маман екендіктерін байқата білді.
Тәрбие жұмысының 8 бағыты бойынша жыл бойы жинақталған папкадағы жұмыстарын әділ қазыларға ұсынды. Қазылар алқасы әр жетекшінің жұмыс папкасын жеке-жеке мұқият қарап шығып, өз бағаларын берді. Сондай-ақ сайыстың әр кезеңінде қатысушыларға қазылардың әділ де нақты бағасы өз уақытында беріліп отырған болатын.
«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші жарыс соңында қызу да қызғынды өткен сайыстың нәтижесін хабарлау үшін мектебіміздің директоры Кунсакалова Жанаргуль Баймажиовна сахна төріне шақырылды. Директор сайысқа қатысқан сынып жетекшілерге, ұйымдастырған тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларға алғысын білдіре келе, сайыстың әр кезеңіндегі ерекше көзге түскен қатысушыларға жеке-жеке тоқталып кетті. Қазылар алқасының шешімімен ең жоғары ұпайды өз қанжығасына байлаған 5 «Ә» сыныбының жетекшісі Аргынбаева Балнура Айдаровна «Бас жүлдені» иеленіп, мектебіміздегі 2020 жылдың үздік сынып жетекшісі атанды. 6 «А» сыныбының жетекшісі Қабылбекова Мөлдір Бақытқызы 1-орын иегері атанса, 2-орынға 5 «А» сыныбының жетекшісі Әбітаева Арайлым мен 4 «Б» сыныбының жетекшісі Абатова Майра Анапияевна лайық деп танылды. Ал жүлделі 3-орынға 3 «Б» сыныбының жетекшісі Калжанова Мунира Тасбалтаевна мен 1 «А» сыныбының жетекшісі Базарбек Гүлдана Мұхитқызы ие болды. Қатысушылардың барлығы «Үлгілі сынып жетекші», «Шебер сынып жетекші», «Жан-жақты сынып жетекші» деген сияқты түрлі номинациялармен марапатталды. Сайықа қатысқан барлық қатысушыларға кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен сыйлықтар табыс етілді. Жарыс соңында мектеп директоры Кунсакалова Жанаргуль Баймажиовна сынып жетекшілерге халықтың баласына сапалы білім, саналы тәрбие беру жолында қажымай-талмай еңбек етуге шақырып, ұстаздарға мықты денсаулық, таусылмас төзім, сарқылмас күш-жігер тілеп, ізгі ниетін білдірді.