Ердосқызы Аружан,
Жамбыл облысы Тараз қаласы
Төле би атындағы №8 гимназияның
3 «З» сынып оқушысы
Жоспар:
Кіріспе
Тәуелсіздік – тұғырым!
Негізгі бөлім
1.Тарих беттерін парақтасақ…
2.Желтоқсанның ызғары ұмытылмайды.
3.Мен Тәуелсіз Отанымның бақытты баласымын.
Қорытынды
Қазақстан Республикасы – мәңгілік Тәуелсіз ел.
Кіріспе
1991 жыл – еліміздің Қазақстан деген атпен бүкіл әлемге алғаш қадам басқан сәттері. Міне, сол уақыттан бері 29 жыл да өте шықты. Бүгінгі таңда Қазақстан – Тәуелсіз ел. «Тәуелсіздік» дегенде әр адамның бойынан мақтаныш сезім кернейді. Менің бойымды осынау қасиетті ұғым жайлы сөз болғанда қуаныш пен қайғы, мақтаныш пен қасірет сезімі билейді. Өйткені, Тәуелсіздік ұғымының таңбасы таста, қаны қара жердің астында емес пе?
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында: «Тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз еңселі болсын!» — дейміз. Жүрек түкпірінен ытқып шыққан ақжарма тілектер айтамыз. Көпшілік қарағай, терек, самырсын бұтағынан немесе тамырынан жасалған бүркіттің отыратын құрылғысының «тұғыр» деп аталатындығын және оның өте берік болатындығын біледі ме екен, кім білсін?! Сол бір құрылғы секілді ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздігіміздің берік, мығым болғанын қалаймын. Әсілі, Тәуелсіздік тұғырлы болса, Еліміз де мәңгілік болады.
Негізгі бөлім
- Еліміздің сан ғасырлық тарихында бүгініміз бен келешегіміз үшін
ғибрат алар, қиын сәттерде кеудемізге үміт отын жағар оқиғалар мен Отан алдындағы адал қызметінен үлгі алар ұлы тұлғалар аз болмаған. Ұлан ғайыр тұтас ата-қоныстың қалыптасуына тарихтағы арыстандай айбатты, қырандай қырағы тұлғалардың еңбегі деп білемін. Қатпар-қатпар кітаптарға көз жүгіртсек, ежелден-ақ ата-бабаларымыздың өз жерін еш жауға бастырмаған, ұлын құл, қызын күң еткізбеуге батырлығын, ер жүректігін танытқан, жауына қатал, досына адал, шыбын жанын шүберекке түйіп, садақ ұстап, найзасының ұшына үкі таққан ұлдары мен қыздарының жауынгерлік рухы бізге аманат болып жеткен. Отанымызды қорғаған, ерлер секілді ат құлағында ойнап жүріп жауын жеңген сақ қызы – Тұмар падишаның батырлығы бүкіл қазақ қыздарына үлгі.
Жаратқанның бізге осыншама кең жерді нәсіп етуінің сыры неде екендігін түсінуге ұмтылсақ, Керей мен Жәнібек, Абылай мен Кенесары хандардың ерлігі, ел басына күн туғанда даналығымен, батырлығымен, парасаттылығымен әрекет еткені екендігін білеміз. Халықтың мұңы мен сырын біліп, ел мүддесі жолында батырлардың басын біріктіріп, жауларын торғайдай тоздырып, тарыдай шашып, ірімшіктей іріткен. Қоқаңдап жүрген Қоқанмен де, құмырсқадай көп Қытаймен де, ақ аюдай орманда мекендеген орыспен де тіл табысқан бабаларымыздың даналығының арқасында осындай байтақ жеріміз біздерге асыл мұра болып қалды.
Өткен ғасырдың жарты жылдығында аз ғана ғұмыр кешкен алаштықтардың ел мүддесі үшін талай қиындықтан өткен тұлғалардың ер жүректілігі, парасаттылығы мен құрбандықтары тарих беттерінде сақталған. Ашаршылық пен қуғын-сүргін әдейі істелгендігін үлкен ата-әжелеріміз айтып жатады. Міне, ұлттық сана-сезімнің құны осыншама құрбандықпен келгендігін бүгінгі жастар білген жөн.
2.Иә, желтоқсанның ызғары ұмытылмайды. Оның ызғары жайлы әр жыл сайын жарияланған газет беттерінен, тарихи кітаптардан, мектебімнің асыл ұстаздарынан, көкірек көзі ояу ата-анамнан білдім.
Атақты данышпан жазушы Жан-Жак Руссо: «Ең зор ізгі ерліктерді Отанға деген сүйіспеншілік туғызған», — дейді. Осындай ұлағатты, қасиетті сөздер білімді, саналы азаматтарға рух берері сөзсіз. Өткен ғасырдың соңғы ширегінде болған желтоқсан оқиғасындағы Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова сынды аға-әпкелеріміздің ерлігі туралы оқысам, мендегі кішкентай жүрек сыздайды. Және бұл кезде өз анамның желтоқсан құрбандарына арналған өлең шумақтары еріксіз еске түседі, жанарыма жас үйіріледі.
Олар кімдер, қан төккен жан аямай?!
Олар батыр, ер жүрек арыстандай.
Мәскеулік өктемдікке қарсы шыққан,
Колбинін жібергенде көп шыдамай.
Кір жұқпады әйтеуір кінәз атқа,
Олар лайық тағзым, мінәжатқа!
Қара көзден мөлтілдеп жас парлады,
Жас жүректі күйдірген бұл азапқа – деп тебіренген анам, 10 сынып оқып жүргенде облыстық «Ақ жол» газетіне осы туындысын жариялатыпты. Иә, Қайрат Рысқұлбековтың жас өмірінің қыршыннан қиылуы, оның батылдығы мен батырлығы ел ағаларының, жастардың санасында болуы қажет! Оларға тағзым ету біздің парызымыз!
3.Рас, қазақ батыр халық, ержүрек халық, намысшыл халық екендігін тарих беттерінен, желтоқсанның ызғарлы оқиғасынан білдім. Мұның барлығынынан хабардар болып, терең толғансам, санамды сан түрлі сауалдар мазалайды. Бірақ сол сауалдар нақты, бағыт-бағдарлы аңсаған армандарға жетелейді. Мен өзімді Тәуелсіз елдің бақытты баласы іспетті сезінемін!
Өмірімнің жолында жан-дүниемді ауызбіршілігі мол отбасыма, дархан көңілді ұлтыма, оттан да ыстық Отаныма арнағым келеді. Санамның түбіне дейін үңілсем, армандарымның биік, мақсаттарымның айқын екендігін аңғардым. Тәуелсіз Отаныма бақытты бала ретінде өз үлесімді қоссам деймін. Бұл үшін әуелі терең білім алып, жігерленіп, түрлі инттелектуалдық сайыстарда өз-өзімді көрсетуім керек. Қазіргі кезде онлайн режімде оқып жүріп, аңсаған армандарыма жету жолында ақырындап еңбек етіп келемін.
Сонымен қатар, Президентіміздің салиқалы саясатының арқасында барлық балалардың еркін білім алуына кедергілер жоқ. Еліміз аман, жұртымыз тыныш. Ал, біздер экономикасы тұрақты, саясаты сарабдал елде қыр-сырлы білім алып жүрміз. Міне, мен: «Тәуелсіз Отанымның бақытты баласымын!», — деп дүние жүзіне ашық аспанның астында айқайлап айта аламын.
Қорытынды
Еліміз үшін, кең байтақ жеріміз үшін 1991 жылдың 16-желтоқсаны тәуелсіздік таңын тудырды. Тәуелсіздік – халықтың үні, ұлттың тілі мен ділі. Бүгінгі Қазақстан Республикасын бүкіл әлем таниды. Еуразияның кіндігінде, екі алып мемлекеттің жанында орналасқан қазақ елі БҰҰ-ның мүшесі, дөңгеленген жер жүзінде тоғызыншы орынды иеленетін тұғыры берік мемлекет. Өзінің төл теңгесі, көк туы, елтаңбасы, ата заңы, астанасы, шекарасы нақтыланған егеменді ел.
Дегенмен, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне биыл 29 жыл болса да, алдағы уақытта атқарылар іс көп, жауапкершіліктің жүгі ауыр. Сондықтан Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауларында айтылған бағыттарды ауызбіршілігіміз жарасқан күйде жүзеге асыру міндет.
Бірақ бұған дейін атқарылған еңбек, Есіл жағасындағы еңселі қала Нұр-Сұлтанның бой көтеруі, білім саласында жүзеге асырылып жатқан реформалар, еліміздің әлеуетінің тұрақты болуы, көп балалы аналарға үкімет тарапынан жасалып жатқан көмек, жастардың әлемдегі ең мықты оқу орындарында оқып келіп, ел игілігі үшін еңбек етуі және тағы басқалары қазақ елінің мәңгілікке тәуелсіздігін сақтауға тікелей әсер етеді.
Қазақстан Республикасы – мәңгілік Тәуелсіз ел!