13 қараша күні «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Б. Байбектің қатысуымен Қазақстан Республикасындағы педагог мәртебесін заңнамалық қамтамасыз ету мәселелері бойынша партия жанындағы Құқықтық кеңестің кеңейтілген отырысы өтті. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов баяндамасында заң жобасының маңызды тұстарына тоқталып өтті.
Ведомство басшысы педагогқа тән емес функцияларға тартуға тыйым салу, артық есеп беру, негізсіз тексерулер жүргізу арқылы жүктемені қысқарту бойынша нормалар заң жобасында қарастырылғанын хабарлады. Мұндай іс-әрекеттері үшін салынатын айыппұл құқық бұзушылық субъектісіне байланысты қарастырылған. Мұндай айыппұл заңсыз жұмыс уақытының нормасын асырғаны үшін де қарастырылған.
Заң жобасындағы маңызды мәселе материалдық ынталандыру екенін атап өткен жөн.
Мемлекет басшысы Тамыз конференциясында алдағы төрт жылдың ішінде мұғалімдердің жалақысын екі есе арттыру туралы тапсырма берді. Бұл жаңашылдық 2024 жылы 500 мың қызметкерді қамтиды. Ал, ол келер жылдан бастап педагогтардың жалақысы 25%-ға артады дегенге саяды.
Сонымен қатар, заң жобасында мұғалімдердің құзыреттіліктерін арттыруға бағытталған материалдық ынталандыру нормалары қарастырылған.
— Негізгі материалдық ынталандырулар сынып жетекшілігі мен дәптерлерді тексергені үшін қосымша ақы екі есе мөлшерде; педагогикалық шеберлігі үшін қосымша ақылар; барлық педагогтар үшін демалыс кезеңі 56 күнге дейін ұлғайып, тәлімгерлік пен басқа да шаралар үшін қосымша ақылар төленетін болады, — деді А.Аймағамбетов өз сөзінде.