Home » Мақалалар » Ағылшын сабағында заманауи білім беру технологиялары

Ағылшын сабағында заманауи білім беру технологиялары

Кенесарина Айнур Сагинтаевна
Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы
Қандыағаш қаласы №5 жалпы білім
беретін орта мектептің
ағылшын тілі пәнінің мұғалімі

Бүгінде еліміз өзінің алдына әлеуметтік жаңғыру, үдемелі инновациялық индустрияландыру және экономикалық ықпалдасу бойынша жаңа ауқымды міндеттер қояды. Тәуелсіз Қазақстанның XXI ғасырдың үшінші он жылдығындағы негізгі мақсаты – әлемнің дамыған   30 мемлекетінің қатарына кіру үшін сеніммен қадам басу.
Н.Ә.Нaзapбaeв «…Адaмзaт үшін ХХІ ғaсыp жaңa тeхнологиялapдың ғaсыpы болмaқ,  aл осы жaңa тeхнологиялapды жүзeгe aсыpып, өміpгe eнгізу, игepу жәнe жeтілдіpу —  бүгінгі мeктeп мұғaлімдepінің сіздepдің eншілepіңіз»-деген болатын[1]. Сондықтан да бұл стратегиялық міндеттерді шешу мектеп мұғалімдерінің және өскелең ұрпақтың маңызды міндетіне айналды. Ол ақпараттық, коммуникациялық технологиялар негізінде жүзегет аспақ.
Технологиялар бүгінгі үдемелі, қарқынды дамыған қоғамымыздың ажырамас бөлігіне айналды. Осы орайда мемлекет тарапынан бірнеше құжаттар пайда болды. Атап айтсақ, «Цифрлы Қазақстан», «Ақпаратты Қазақстан-2020» т.б. Мемлекеттік бағдарламалар мемлекеттің саясатын іске асырудың алғышарты болып табылады.
Әлемдік білім беру саласында соңғы жылдары ақпараттық коммуникациялық технологияларды қолдану аясы кеңейді. Білім алу мүмкіндіктері артты: қашықтан білім алу, виртуальды кеңістіктегі әртүрлі тренингтер, онлайн-курстар, электрондық оқулықтар, бейнедәрістер, мобильді оқу, электрондық және цифрлық білім алу ресурстары, оқытудың әртүрлі платформалары т.б. Бүгінгі білім беру жүйесінің онлайн форматына көшуі осыны тағы да дәлелдей түседі. Қашықтан оқыту технологиясы әлем кеңістігіндегі  маңызды білім беру тренді болып табылады.
Демек, қоғамдағы қарқынды даму қадамдарының жыл сайын жаңа өмір салтын құруына орай, мектеп мұғалімдері де орын алған өзгерістерді дұрыс қабылдап, өз әлеуетін көтеруге ұмтылуы қажет. Мектептің тұтас педагогикалық үрдісі осы мүмкіндіктерді дамытуға септігін тигізеді.
Ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, ағылшын тілін үйрету бүгінгі заманауи білім деңгейінің негізгі жетістіктерінің бірі болып табылады. Ағылшын тілін меңгеру педагогикалық процесте жүзеге асады. Осы орайда оқушының шығармашылығы мен ептілігін дамыту үшін сабақ үрдісінде компьютерлік техниканы, интернетті, компьютерлік желіні, электрондық оқулықтарды тиімді пайдалану білім сапасын көтеруге мүмкіндік туындайды.  Қазіргі оқыту барысында қолданылып жүрген көптеген технологиялар жеке тұлғаның жетілуіне, оқытудың тиімділігінің негізін құруға бағытталған. Соның бірі – ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану білім сапасын арттырудың тиімді жолы болып отыр[2]. Ғалым И.В.Роберт ақпараттық технологияларды сабақ барысында қолдану төмендегі мүмкіндіктерді ашуға ықпал етеді:

  • оқыту үрдісінің ықпалы мен сапасын арттыруға:
  • танымдық дағды мен мотивацияны дамытуға;
  • пәнаралық байланысты тереңдетуге;
  • қажетті ақпаратты іздеуге.

Технология ұғымына әртүрлі көзқарастар мен пікірлер айтылуда. Ақпараттық технология – ақпараттарды жинау, сақтау және өңдеу үшін бір технологиялық тізбекте біріктірілген әдістер мен бағдарламалық — технологиялық құралдардың жиынтығы[2].  Поляк педагогы В. Оконь оқыту құралдарын мұғалімнің іс-әрекетін ауыстыру мен білім алушылардың әрекетін автоматтандыру мүмкіндігінің өсуіне байланысты жіктейді.
Оқытудың, тәрбиелеудің мазмұнын қоғам дамуының индустриясына сәйкестендіріп, оны акмеологияға жеткізуге бағытталған тың жаңа, заманауи технологиялар  жасалуда. Нәтижесінде тұтас педагогикалық үрдістер өзгертіліп, білім берудің тиімді деп танылған жаңа технологиялары дүниеге келуде.  Кез-келген оқыту технологиясы мұғалімнен терең теориялық, психологиялық, әдістемелік білімді, үлкен педагогикалық шеберлікті, шәкірттердің жан дүниесіне терең үңіліп, оны ұғына білуді талап етеді. Сондықтан мектептегі әрбір пәнді оқыту технологиясын таңдап, іріктеу және оны іс-әрекеттік тұрғыда жетілдіру мұғалімнің педагогикалық шеберлігіне тікелей байланысты.
АКТ-ны ағылшын тілі сабақтарында қолдана отырып, оқушылардың білім, білік дағдыларын қалыптастыруға, логикалық ойлау қабілеттерін дамытып, интернет желісінен сабаққа қажетті деректерді өз бетімен ізденуіне, техникалық құралдармен жұмыс істеуіне, компьютерлік сауаттылықтарын қалыптастыруға болады. Ағылшын тілі пәнінде  белсенді әдістердің бірі проблемалық шығарма әдістері, презентациялар, пікірталастар, топпен жұмыс, миға шабуыл әдісі, сын тұрғысынан ойлау әдісі, викториналар, мини зерттеулер, іскерлік ойындар, рөлдік ойындар, инсерт әдісі т.б. қолдану  оқушының қызығушылығы мен белсенділігін арттырып, алынған мәліметтерді шығармашылық тұрғыдан анализ жасауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар пәнді меңгеру барысында, дамыта оқыту технологиясын, ойын технологиясын, модульдік технологиясын, кейс-стади технологиясын т.б. көптеген технологияларды пайдалануға болады. Бұл технологиялар арқылы сабақтан мынандай нәтиже күтуге болады:

  • оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын арттырады;
  • сабақта пайдаланылатын көрнекіліктердің санын арттырады;
  • оқушылардың шығармашылығын арттырады;
  • оқушыларды жеке жұмыс істеуге үйретеді;
  • есте сақтау, есту, көру, сөйлеу, ойлау қабілеттерін дамытады;
  • пікірталас, талдау жасау мүмкіндіктерін арттырады[3].

Ағылшын тілі пәні оқушылардың коммуникативті қабілетін дамытуға мүмкіндік береді. Сөйлеу тілін дамытуда диалогтың маңызы ерекше. Оқушы мен оқушының, мұғалім мен оқушының арасындағы коммуникация мен вербальді қатынас диалог арқылы жүзеге асады. Кейс-стади технологиясы арқылы проблемалық сұрақтарды қою арқылы оқушылардың ойлау дағдысы мен диалогтық қарым-қатынасын дамытуға болады. Проблемалық сұрақтар тақырыптың мазмұнына қарай іріктеліп, құрылады. Проблеманы шешу барысында оқушы деректер мен фактілерді іздейді және әртүрлі ғылыми аргументтер келтіреді. Мысалы, ағылшын тілі пәнінде Қазақстанның географиялық жағдайын, тұрғылықты жердің ерекшеліктерін  басқа мемлекетпен салыстыратын болса, осы мәселеге қатысты бірнеше проблемалық сұрақтар дайындалып, соның жауабын табу үшін оқушылар жан-жақты дайындалып, ізденеді. Бұл миға шабуыл оқушылардың ізденуіне, жан-жақты дамуына мүмкіндік туғызады. Оқушылардың коммуникациялық мәдениеттері қалыптасады.
Мақсатты ұйымдастырылған педагогикалық жағдаяттар арқылы ауызекі сөйлесуге үйрету — оқушыларды қызықтырады. Педагогикалық жағдаяттарды орындау барысында ойын технологиясын қолдануға болады. Оның ішінде рөлдік ойындар. Рөлдерді орындау оқушының актерлық шеберлігі мен шығармашылығын дамытады. Ойын технологиясы ағылшын сабағында жиі қолданылады. Әсіресе, бастауыш сыныптың педагогикалық процесінде.
Компьютердің мультимедиалық мүмкіндіктерін пайдаланып, мынадай жұмыстар жасауға болады: кесте, крассворд құру, ресми хат жазу, интернет желісі арқылы пікір алмасу, ментальды карта, интеллектуальды карта  т.б.
Компьютердің мультимедиалық мүмкіндіктерін пайдалану оқушылардың шығармашылық, интеллектуалдық қабілетінің дамуына, өз білімін өмірде пайдалана білу дағдысының қалыптасуына əкеледі. Ағылшын тілінен электронды оқыту бағдарламасын қолдану арқылы оқушылар жұппен, топпен жұмыстар жасайды.
Ақпараттық технологияларды қолдану оқушылардың төмендегі мүмкіндіктерін ашады:

  • коммуникациялық қабілеттерін дамыту;
  • ақпарат көздерімен жұмыс жасау;
  • шығармашылық қабілеттерін дамыту;
  • оқу үдерісіне белсене қатысу;
  • оқу мотивациясын арттыру;
  • ақпараттық қоғам жетістіктеріне жақындау.

«Инсерт», «Миға шабуыл», «Топтық пікірталас»,  «Блум сұрақтары», «Кластер», «Синквейн», «Рөлдік ойын», «Шатастырылған логикалық баулар» т.б. белсенді әдістер пәнге деген қызығушылықты оятады.  Инсерт әдісі аналитикалық ойды дамытады, материалды толық меңгеруге мүмкіндік туғызады.  Оқылған мәліметті   түртіп  алу жүйесі бойынша   таным түсінігін  қалыптастырады. Жаңа материалмен таныса отырып, түртіп алу арқылы мәлімет жинайды, саралайды, бағалайды.
Кластер құрастыру кең тараған әдістердің бірі болып табылады. Жаңа тақырыпқа болжам жасайды, не білетінін есіне түсіреді, жазады, салыстырады. Кластерлермен жұмыс жасағанда оқушылардың еркін ойлануына мүмкіндік беріледі.  Кластерді сабақтың барлық кезеңдерінде пайдалануға болады. Ол материалды жүйелеуге көмектеседі.
Ақпараттың жағымды және жағымсыз жағын анықтау мақсатында педагогикалық тәжірибиеде  «SWOT – талдау» әдісі жиі қолданылады. Ағылшын сабағында әртүрлі тақырыптарға талдау жасауға болады. Мысалы, Америкадағы білім беру жүйесі мен Қазақстанның білім беру  жүйесіне талдау жасауға болады. Бұл әдісті қолдану барысында мәселенің жағымды және жағымсыз жақтарына сипаттама беріледі, қауіп-қатері туралы дәлелдемелер мен аргументтер келтіріледі.
Қорыта келе,  заманауи технологияларды сабақта тиімді қолдану, оқушының танымдық белсенділігін арттыруға, өз бетінше білім алуға, шығармашылығын қалыптастыруға ықпал етеді.

Пайдаланған әдебиеттер

  1. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қaзaқcтaн xaлқынa Жoлдaуы «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты. — Астана, 2012 //http:akorda.kz
  2. «Активные методы обучения». Электронный курс. Международный Институт Развития «ЭкоПро», Образовательный портал «Мой университет», http://www.moi-universitet.ru/
  3. Абилова Л.К. Оқу үдерісінде АКТ-ны қолдану арқылы білім мазмұнын жетілдіру //www.zkoipk.kz/kz/2016smart5/2445-conf.html

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.