«Білім — құрал. Білімі көп адам құралы сай ұста сықылды, не істесе де келістіріп істейді» – деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, білімді кәсіп құралы ете білу де қажырлы еңбек пен төзімділікті қажет етеді. Бүгінгі күнде білім саласында талай бәйгелер бар. Бірақ сол білімді ұстаның құралындай қызған уақытында дөп басып, қажетті орнына тиімді қолдана білу, өмірлік тәжірибе арқылы келетін кәсіби біліктілігі шыңдалған шебердің ғана еншісінде. Қазақ «Жақсыдан шарапат» – деп бекер айтпайды. Сол шарапатты ұстаздық тұла бойына меңгеріп қана қоймай келер ұрпаққа шуақты күндей білім нәрін дарытып, бала тәрбиесі мен болашағына қырық жылға жуық еңбек өткен, Алматы қаласы №59 мектеп- гимназиясының ұлағатты ұстаздардың бірегейі Жабаева Күлбаршын Мырзабекқызы.
Күлбаршын Мырзабекқызының еңбек жолы 1982 жылы бастауыш сынып мұғалімі қызметінен бастау алды. Педагогикалық училищені енді ғана бітірген жас маман мектеп табалдырығын ендігіде ұстаз ретінде қайта аттады. Алғашқы ұстаздық жолын өз естеліктерінде былай деп есіне алады: «Алдымда отырған жанары жәудіреген бүлдіршіндерді көргенде жүрегім шым ете түсті. Менің әр қимылымнан тәлім алып, әр сөзімді санасына сіңіруге дайын тұрған балалардың маған артқан сенімдерін ақтауға міндетті екенімді түсіндім. Міне, сол сәттен бастап бала үмітін ақтау менің негізі өмірлік қағидама айналды» – дейді ұлағатты ұстаз. Кейіннен 2003 жылдан бастап аталмыш білім ордасы қара шаңырақ №59 мектеп-гимназиясында қазақ тілі мен әдебиет пәнінің оқытушысы ретінде қызметін жалғастырды. Қиын да қызықты еңбек жолының барысында жауапкершілік пен ізденісті, жаңашылдықты, терең білімділікті, үлкен талпынысты кәсіби біліктілігінің жетегі етті. Бүгінде өз пәнінің оқыту әдістемесін толық меңгерген, теориялық білімі терең маман. Тренер-көшбасшы, шебер педагог, шәкірт бойынан жеке тұлғалық қасиеттерді қалыптастыра білетін тәлімгер ұстаз. Жұмыс барысында бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастырып қана қоймай, әр шәкіртіне жол сілтейтін жаңашыл жан. Күлбаршын Мырзабекқызының шәкірттері көп жылдар бойы қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша Республикалық олимпиадалар жүлдегері атанып келеді. Оқушылардың бойына адамгершілік пен имандылықтың нәрін сіңдіріп, ұлтжанды азамат тәрбиелеудегі өнегелі еңбегі баршаға үлгі.
Республикамыздың білім мен ғылым саласын дамытуға бағытталған көптеген баспасөз беттерінде бала тәрбиесіне, тұлға қалыптастыруға, жас мамандарға бағыт нұсқайтын мақалалары үнемі жарық көріп келеді. Атап өтсек, «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналында «Әдеби тілде сөйлеуге дағдыландыру» мақаласы, «Бала бақша» журналында шығармашылық өлеңдері, «Республика ұстаздары» газеті мен «Тәрбие» журналында мақалалары шықты.
Жыл сайын Республика көлемінде оқушылары ҰБТ-те жоғары көрсеткішке ие болып келеді. Көп жылдық еңбегінің жетістігі ретінде үлкен өмірге талай қанат қақтырған шәкірттері мен ата-аналарының алғысы дәлел.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» – дейді дана халқымыз. Көп жылдық еңбек өтілінің жемісі ретінде мақтау қағаздарымен марапатталды. Биыл 2020 жылы 27-ші тамыз күні сол марапаттардың ең үлкені, бағалысы «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері атанды. Бұл Күлбаршын Мырзабекқызының ұстаздық қызметінің көпжылдық айнымас адал көрсеткіші. Осы ретте марапатымен құттықтай отырып: «Еңбегіңіз жана берсін, ардақты да аяулы ұстаз!» дегіміз келеді.
Такежанова Бақыт Ақатқызы,
№59 мектеп-гимназияның оқытушысы
«Абай сыйлығының» лауреаты