Home » Мақалалар » Ахмет Байтұрсынұлы халық ағарту және әдебиет саласында

Ахмет Байтұрсынұлы халық ағарту және әдебиет саласында

Аблаева Маржан Доскараевна
Түркістан облысы Қазығұрт ауданы
Жаңабазар елді мекені
Елшібек батыр атындағы мектеп — лицейінің
бастауыш сынып мұғалімі

Ахмет Байтұрсынұлы халық ағарту және әдебиет саласында

Өзінің бар ғұмырын өз халқына шын құштарлықпен қызмет ету жолына бағыштаған, бар бақытын содан тапқан, табиғаты бөлек жандар болады. Ахмет Байтұрсынұлы сондай адамдар қатарындағы ұлағатты ғалым,ұстаз. Ахмет Байтұрсынұлы мәдениетіміз бен ғылымымызға қалтқысыз қызмет сіңірген, таланты мен тағдыры, жан дауасын тек сол мақсаттан тапқан жан. Ахаң – күрделі тұлға, зерделі ғалым. Күрделі болғанда ел-жұртының тарихы мен тағдыр талантын терең біліп толғаған, танымына лайық алысқа қол ұсынған алғашқы оқымыстысы. Кең құлашты, ұлан-асыр терең ойлы ғалым – халық ұлы өмірдің қай саласында да өз пікір-толғамын, бағдар-бағытын білдіріп келеді. Осыншама санқырлы қызметін жазған еңбектері арқылы жалпылама тізбелеп жеткізуге болар, бірақ шағын мақалада саралап айта алмасымыз анық. Дегенмен де мәдениетімізге орасан еңбек сіңірген адам ер жасы елуге келіп отырған шағында, біз оның қазақ әдебиеті мен халық ағарту істері саласындағы қайталанбас қызметін атап өтуге өзімізді парыздармыз деп санаймыз. Ахаңның асқан ағартушылық жұмысын «Маса» атты кітабының басында келтіретін әйгілі Қожанасырдың сөзі арқылы тануға болады. Жиналған қалың жұрттан Қожанасыр былай деп сұрайды: «Сендер менің не айтқалы тұрғанымды білесіңдер ме?» Халық: «Білмейміз», — деп айқайлайды. Сонда Қожа: «Білмесеңдер несін айтамын», — деп түсіп кетеді. Халық тарап кетеді. Келер жолы жұрт Қожаның қойған сұрағына оның не туралы айтатынын білетіндіктерін айтса, ол білетін болсаңдар несіне айтамын деп кетіп қалады. Қауым амалсыз тағы тарасады. Үшінші жолы жұрт жартысы білетінін, жартысы білмейтінін жеткізсе, сонда Қожа: «Білетіндерің білмейтіндеріңе үйретіңдер», — деп тағы ештеңе айтпапты. Осы екі ауыз сөзде Қожанасырдың барлық ойының түйіні жатыр. Ахаң Қожаның осы бір әпенділігін кітабында тегіннен-тегін келтірген жоқ. Шындығында да, Ахаң өзінің бүкіл саналы өмірін сарп еткен қазаққа өзі білген нәрсесін ұтымды жеткізуден жалықпады. Сол үшін жанын сала тер төкті. Сондықтан да болар, оның еңбегінің өнімді жағы ағарту алқабында. Осыған дейін ел ішінде оқу-ағарту ісіне дәл А.Байтұрсынұлындай еңбек сіңірген ешкім жоқ. Оның мәдени-ағартушылық қызметі ашық та айқын; егер біз әдебиетіміздің тарихына, тағдыр-талайына қатысты ең сорақы жағдайды еске түсірсек, ол ауыр да азапты күй Екінші Николай құлағанша болды. Соның зардабы біздің ұрпақ санасында әлі де сезіледі. Қалай ұмытайық, бәрі де біздің есімізде. Сорымыздың зоры ана тілімізде оқып, білім алудың тұтқасы дүмше молдаларды, қашқындар мен Хиуадан, Қарақалпақтан, Бұқарадан, Түркістаннан, Қазаннан, Сейітшілдер тобы мен Стерлитамақтан ақ шалмадан басқа түгі жоқ келімсек оқымыстысымақтардың, шәкірт тәрбиелеудің қарапайым жөн-жосығын да білмейтіндердің тізгінінде кеткені еді. Олар балаларды соқыр сеніммен арбап, діни ілімге оқытып, ата-аналарды тозақ отында молланың шыбығы тиген жер күймейді дегенге иландырып, жас шыбықтай солқылдаған жас ұрпақтың жанын да, тәнін де қинап азаптады. Олар молданың қолында сырттай, сыпайы, кешірімді көрінгенімен, іштей тасбауырлық, түйін байлап, кектеніп өсті: Абай айтқан өлмес өлең жолындағыдай: Кітапты молда теріс оқыр, Дағарадай болып сәлдесі, Малқұмар көңілі бек соқыр. Бүркіттен кем бе жем жесі, — деп түсінеді. Жан баққан, мал аңдыған молдада не қасиет болсын. Қасиетті жазуды бұрып оқуға ақ шалманың өзі де тоқтау сала алмады. Молданың айтқанын істеме, істегенін істе деген… Дүниеқоңыздық, байлыққа құмарлық оларды да аздырып біткен-ді. Олжаға таласқан құзғыннан не айырмасы бар? Осының бәрі — біздің кешегі, рухани мәдени болмысымыздың жанды жеген дерті — қылмысты шындығы. Біздің құрдастарымыздан, әйел затын қоса айтқанда, молдалардың ойды өсіріп, сананы серпілткен мағынасыз, мәнсіз «ұстаздығын» кім түсінбейді? Екінші жағынан орыс-қазақ мектептеріне көңіл аударсақ, оның патша өкіметінің отарлау саясатына сай ашылғаны, соған бағытталғаны да бәрімізге аян. Бұратана мектептерге арналған заңның бірінші тармағы бәрімізге таныс. Бұл мақсаттың ашық та айқын көрінісі патша әкімдері мен ағартушыларының әртүрлі мейрамдарда сөйлегендерінен анық байқалады. Торғай губернаторы Барабаш өзінің мүшел мерекесінде «Өзіме бағынышты қазақ халқына православиялық дін мөдениетін таратып үлгермедім» — деп өкінгенін қарттар біледі. «Тағы жұрттардың ағартушысы» Ильминскийдің халық ағарту министрі Д.Толстой қатысқан қазан-татар семинариясының ашылуында сөйлеген сөзі баршаға белгілі. Ол бұратана мектептің басты мақсаты: бұратаналар арасында орыс православиялық шіркеуінің ықпалын күшейту, бұратаналардың біртіндеп орыстануына жағдай жасау еді. Патша өкіметі өз мақсатын қадағалай отырып, қазақтарға ана тілінде оқуға рұқсат етпеді; рұқсат бергеннің өзінде жағдайды ауырлата түсті. Медреселердің ашылуына орай қазақ тіліңде миссионерлік бағыттағы кітаптар көптеп шығарылды, православиялық діннің мифологиялық транскрипциясы алынды. Аз-маз сауаты бар қазақ осы істің басында Ильминский мен Победоносцев, Яковлев, Мироглов және басқалар болғанын, ал өмірде жүзеге асырушылар Алекторов, Васильев, Присне екенін біледі. Осы жолдарды жазып отырған адам бала кезінде ауылда бағынышсыз мектеп болғандықтан пристав келе жатыр дегенде, сабанның астын үңгіп тығыламыз деп тұншығып өліп қала жаздағаны әлі есінде. Міне, осындай мүсәпір қиын кезеңде Ахмет алғашқы болып дауыс көтеріп, қазақ мектептерін бір жағынан, дүмше молдалардан, екінші жағынан, патша миссионерлері ықпалынан құтқару үшін қызмет етті. Болашақ ұрпақты молдалардың дүмше дым білместігінен, сол секілді миссионерлердің жаңащылдығынан құтқару үшін Ахаң жалғыз күресті. Бұл жолда Ахаң жалғыз да алғашқы ағартуша болды. Оның жаңа қазақ алфавитін жасауы іс жүзіндегі ішкі және сыртқы жаулармен күресінің көрінісі болатын біздің тіліміздегі барлық дыбыстарды сақтай отырып, дыбыс үндестігінің заңдылығы бойынша жаңа әріптер белгілеп, ана тіліміздің синтаксисі мен этимологиясын жасап шықты. Қазақ тілінде қолданылмайтын, мүлдем қажетсіз он екі араб әрпін әліппеден алып тастады. Бұл жазу емлеміздегі көптеген қиыншылықтарды жойды. Бұған дейін бізде өз әліппеміз болған емес, дүмше молдалар әліппе жасай алмай, балаларды «әліп-би» шартымен қағаз жүзінде оқытса, ал миссионерлер Васильев, Алекторов Рожинский және басқалар қазақ әліппесін орыс транскрипциясымен берді. Сондықтан да Ахметтің жаңа алфавиті мен жаңа әліппесі біздің мәдени өркендеуімізге зор пайдасын тигізетін құбылыс еді. Жаңа алфавит тіліміздің таза сақталуына мүмкіндік туғызды. Жаңа алфавит әлемдік мәдениетпен араласа түсу жолын жеңілдете түсті. Жаңа алфавит халық мектептерінің өркендеуі жолында алып адым жасағаны анық. Қазіргі кезеңде Ахметтің алфавитімен басылған кітаптар, журналдар, газеттер мыңдаған баспа табақпен даланы шарлап, ең алыс қараңғы түкпірлерге дейін тарап кетті. Ал Ахметтің кітаптары болса қазіргі қазақ мектептерінде қолданылатын жалғыз оқулық. Оны Кир Наркомпрос қайталап бастырып шығармаса, сол қалпында қалмақ. Адамзат қоғамының идеологиялық жағынан толысуы өмірден де, техникалық прогресстен де қалыс қалып келеді. Сондықтан да идеология болмыстың (өзге) салаларынан консервативті. Идеологиядағы кертартпалық консервативтік ағымның салқыны, әсіресе, кейін қалған халықтарға, мәселен қазақтарға қатты зиянын тигізеді. Бұл, әрине, тың тұжырым емес. Идеологиялық консерватизм халықтың дамуына үлкен кедергі келтіреді. Бұл ой алфавиттік реформаға да қатысты. Мысалға орыс алфавитін орнықтыру мәселесі өткен ғасырдың 60- жылдары столыпиндік кезеңде шаруалардың орыс ойшылдары арқасында азат етілуімен тұспа-тұс келсе де, екінші Николайды құлатқаннан кейін ғана жүзеге асты. Мәдениеті бізден сөзсіз жоғары тұрған орыс қоғамының өзі дайын алфавитті тұрақтандыру үшін бұдан да күшті күресте айрықша қажыр-қайрат таныту керек болды. Қазақ арасында «Қадим» (ескіше) және «Жәдит» жаңаша, төтеше оқу деген мағына нақ осы кезден басталады. Бірақ бас-аяғы он жыл ішінде ескі молдалардың сағы сынып, біздің мектептерде жаңа азаматтық заң жеңді. Біздің мұғалімдер оқытып жатқан бүгінгі европалық әдіс – Ахмет Байтұрсынұлының жанашырлық қызметінің жемісі. Ахметтің жаңа оқулықтары жаңа әдістермен, қазақ өміріндегі жағдайға ғана орайластырылып қойылмаған, сонымен бірге ең соңғы жаңа методика мен дидактика әдістері тұрғысынан жазылған. Қандай да танымның, методиканың негізі – салыстыру. Талантты, озық ойлы методистердің бәрі де ежелден-ақ оқулықтарын осы салыстыру тәсіліне сүйеніп жазған. Ахмет өз әліппесіндегі материалдары да осындай жолды ұстанып отырып әзірленген.

 

Қолданылған әдебиеттер:

  1. https://tilalemi.kz/article/1081-.html
  2. https://elbasylibrary.gov.kz/kk/news/akhmet-baytursynuly-ulttyn-uly-ustazy
  3. https://massaget.kz/blogs/5154/
  4. https://e-history.kz/kz/history-of-kazakhstan/show/9024/

5.https://www.google.com/search?q=Ахмет+Байтұрсынұлы&client=opera&hl=ru&sxsrf=

  1. https://e-history.kz/upload/iblock/011/0118f3ec896326707f5ec061097ecc33.jpg
  2. https://www.zharar.com/uploads/posts/2017-01/1484220225_e79q2lus5tm.jpg

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.