Home » Мақалалар » ТАМЫЗ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ – АШЫҚ ДИАЛОГ АЛАҢЫ

ТАМЫЗ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ – АШЫҚ ДИАЛОГ АЛАҢЫ

Коянбаева Шынар Бахитовна,
 «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы
Жамбыл облысы бойынша ПҚ БАИ PR,
SMM-маманы, Тараз қаласы

2020 жылдың 12 тамызы күні on-line форматында педагогтердің Республикалық тамыз конференциясы өтті. Тамыз конференциясы – педагогикалық қоғамдастыққа қазақстандық білім беруді дамытудың өзекті мәселелерін талқылау және жаңа оқу жылына дайындық жасауға мүмкіндік беретін жақсы дәстүр. Қазіргі жағдайда педагогтердің назары қашықтан оқытуға бағытталған, сондықтан тамыз конференциясының күн тәртібіне қашықтан оқытуға байланысты мәселелер енгізілді.
Конференция аясындағы біліктілікті арттыру секциясы «Қашықтан оқыту жағдайында педагогтердің біліктілігін арттыру: жағдайы, мәселелері, болашағы» тақырыбына арналды.
Секцияның пленарлық бөлімінің модераторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, педагогика ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының Академигі, «Өрлеу» БАҰО» АҚ Басқарма Төрағасы Гүлнас Кенжетайқызы Ахметова секция жұмысын «Қашықтан оқыту жағдайында педагогтердің біліктілігін арттыру жүйесі» тақырыбындағы баяндамасымен ашты және өз сөзінде Республика педагогтерінің біліктілігін қашықтықтан оқыту форматында арттыруды ұйымдастыру мәселелерін қозғады. Бүгінгі күні цифрландыру түрлі салаларға еніп, қоғамның маңызды қажеттілігіне айналуда. Сондықтан Басқарма төрағасы өз баяндамасында қашықтан оқудағы педагогті кәсіби жақтан шыңдаудың жаңа мүмкіндіктеріне тоқталып, қашықтан оқытуда Microsoft цифрлық қосымшаларын пайдалану бойынша мұғалімдердің цифрлық құзыреттіліктерін арттыру, қашықтан оқытылатын сабақтарды өткізу үшін оңтайлы ортаны таңдау және интернет платформаларының мүмкіндіктерін пайдалану, сабақтарды қашықтан ұйымдастыру технологиялары, қашықтан оқыту жағдайында оқушылардың білім жетістіктерін бағалау, оқушылардың белсенді өзіндік жұмысын ұйымдастыру тәсілдері мен қашықтан оқыту форматында мұғалімдер мен оқушылардың арасындағы кері байланысты ұйымдастыру әдістері туралы жан-жақты баяндап берді. Сөз соңында Гүлнас Кенжетайқызы білім саласы – күрделі үдеріс, ол үнемі дамуды, жаңаша деңгейді талап етеді, сондықтан шәкірттерді заманауи қоғамға ілесе алатындай етіп цифрландырудың игілігін пайдалануға тәрбиелеуге және оны педагогтерге меңгертуге тиіспіз дей отырып, біліктілікті арттыру саласы қызметкерлеріне үлкен міндетті межелеп берді. Өйткені цифрландырудағы негізгі мақсат – бәсекеге қабілеттілікті арттыру, оқу-тәрбие үдерісін жеделдету және жеңілдету, балаларға, ұстаздарға, ата-аналарға жүктемені азайту. Ең бастысы – білім беру сапасын арттыру. Біздіңбалаларымыз халықаралық деңгейде әртүрлі салаларда бәсекеге қабілетті болуға тиіс.
Пленарлық отырыста сонымен қатар қатысушыларға «Өрлеу» БАҰО» АҚ цифрлық ресурстары: Біліктілікті арттыру жүйесінің ұлттық порталы, YouТube Білім беру арнасы және қашықтықтан оқытуға арналған платформалардың тұсаукесер-бейнероликтері көрсетілді.
Осы секциядағы баяндамашылар педагогтердің ынтымақтастығы мен кәсіби дамуын ұйымдастыру тәжірибесімен, қашықтан оқытуды ұйымдастыру технологияларымен және оқушылардың оқу жетістіктерін бағалаумен, қашықтан оқыту жағдайында оқушылардың белсенді дербес жұмысын ұйымдастыру тәсілдерімен бөлісті және ашық диалог алаңын құрды. Біліктілікті арттыру секциясының «Қашықтан оқыту режиміндегі инклюзивті оқыту: мәселелер, шешу жолдары» шағын секциясында Жамбыл — «Өрлеу» мектепке дейінгі тәрбиелеу және инклюзивті білім беру кафедрасының аға оқытушысы Салтанат Курманова өз тәжірибесімен бөлісе отырып,  «Инклюзивті білім беру педагог кәсібилігінің жаңа тұрпаты әдістемелік жұмысты ұйымдастыру және педагогиқалық қызметті басқару» тақырыбында баяндама жасады. Спикер кез келген білім беру үдерісінде адам мен адам тағдыры болатындығын айтып өтті. Себебі, кәдімгі немесе ерекше бала болғанына қарамастан, оған үйреткеннің барлығы оның болашақ өмірінің сапасын арттыруға бағытталады дей отырып, бүгінгі күні инклюзияның мектептерде әртүрлі нысанда кездесіп отырғанын және оны шешу жолдарын көрсетті. Осылайша, қашықтан ұйымдастырылған диалог алаңы қатысушыларға инклюзивті білім берудің жаңа аспектілерімен онлайн режимде танысуға, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу бойынша тиімді практикалық тәжірибемен бөлісуге мүмкіндік берді. Адамдардың бір-біріне қол ұшын созуы – инклюзивті мәдениетті бекітудің бірден-бір  жолы екені сөзсіз.
Тамыз конференциясы – жаздың соңғы  күндерінің жылуымен және мамандыққа деген шынайы сүйіспеншілікпен нұрланған ерекше педагогикалық дәстүр және қашықтан ұйымдастырылған ашық диалог алаңына айналғаны даусыз.

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.