Home » Мақалалар » Абай өлеңдерінің тәрбиелік мәні

Абай өлеңдерінің тәрбиелік мәні

Кульбаева Тамара Дархановна
«Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің

«№60 мектеп-лицей» ШЖҚ МКК
 қазақ тілі мен әдебиеті  пәнінің мұғалімі 

«Абай – ұлтымыздың  темірқазығы. Хакім Абайды біртұтас ұлт болып ұлықтау, оның  телегей – теңіз мұрасын өскелең ұрпаққа  аманат ету – баршамыздың қасиетті парызымыз.»
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев.
Биылғы жыл — елімізде ұлы ақын Абай Құнанабаевтың 175 жылдық мерейтойымен ерекше есте қаларлық жыл. Абай — халқымыздың мақтанышы, ұлттық ұранымыз. Оның шығармашылық мұрасы – ғасырлар бойы маңызын жоймайтын  рухани алтын қазына, әрбір сөзі —  халқымыздың  санасына әрдайым адамдық пен азаматтықтың ұрығын себуде.
Ақынның  дүниеге келгеніне  бір жарым  ғасырдан  аса уақыт өтсе де,  өзінің  өлмес шығармаларымен әлі күнге  халқына ұстаздық етіп келеді. Оның артына қалдырып кеткен мол мұрасы  елі мен жұртына  қай мәселеде болмасын адастырмас темірқазық. Бұл күнде Абай сөзі әр қазақтың санасына ана сүтімен дариды десек қателеспейміз. Мұны бүгінгі ғаламтор дамыған заманда, белгілі әнші Ерлан Рысқалидың  9 жасар қызы  Ләйлінің инста парақшасы арқылы Абай шығармаларын оқудан эстафета жолдауына бүкіл Қазақстан халқы: үлкен-кіші, кәрі-жас демей елең етіп атсалысқанынан, елімізде ақынға арналып түрлі іс-шаралардың тынымсыз өтіп жататынынан байқау қиын емес.
Абай мұрасы – адамды адам етіп тәрбиелеудің,  жан-жақты дамыған тұлғаны қалыптастырудың қайнар бұлағы іспеттес. Ұрпақты Абай мұрасымен тәрбиелеу — ізгілікке, имандылыққа, адамдыққа, биік адамгершілікке бастайтын жол. Ақынның қай шығармасын алып қарамаңыз, оның алтын қазығы – Адам. Ақын Адам қандай болуы керек деген сұраққа жауап іздейді, сұрағына  өзі жауап береді. Мысалы: «Атымды адам қойған соң қайтіп надан болайын», «Адамды сүй, алланың хикметін сез, не қызық бар өмірде одан басқа» — дейді. Оның бұл  сөзінде «Адамды сүюден басқа  қызық жоқ» деген гуманды педагогикалық ұстаным жатыр. Осы жерде ақын сөзінен жас ұрпақты тәрбиелеу ісі  ең алдымен оларды адамды сүюге баулудан басталуы керек деген қорытынды шығады.
Абай өлеңдерін танымдық-тәрбиелік мәніне қарай былайша топтастыруға болады:
а) Білім-ғылымға қатысты ақыл-ой тәрбиесі айтылған өлеңдері: «Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта оқып жүр», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым».
ә) Адамгершілік сипатталған өлеңдері: «Жігіттер ойын арзан, күлкі қымбат», «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы», «Адамның кейбір кездері», «Қартайдық,  қайғы ойладық, ұйқы сергек».
б) Эстетикалық тәрбие туралы өлеңдері: «Жүрегім нені сезесің?», «Көзімнің қарасы», «Сегіз аяқ», «Не іздейсің көңілім, не іздейсің?», «Жүрегім енді соқпа енді», «Желсіз түнде жарық ай».
в) Еңбек, экология тәрбиесі жайлы өлеңдері: «Сабырсыз, арсыз еріншек», «Күз», «Жаз», «Қыс», «Жазғытұры», «Шегіртке мен құмырсқа».
г) Отбасы тәрбиесі туралы өлеңдері: «Кешегі Оспан ағасы», «Туғызатын ата-ана жоқ», «Кешегі өткен ер Әбіш», «Ата-анаға көз қуаныш», «Тұтқындағы батыр».
Абай елдің тарихына, тұрмыс-салтына, әдет-ғұрпына ерекше сын көзбен қарап,  мән берген. Елінің, халқының келешегін ойлап егілген, сондықтан шығармаларында ұнамсыздықты аямай сынап, түзетуді ойлаған. Ақынның жас ұрпаққа айтар ойы, уағызы аз болмаған. «Жігіттер ойын арзан, күлкі қымбат» өлеңінде өзі көрген шындықты айта отырып, жастарды шын адамгершілік жолға, қиянатсыз адал жолға үгіттейді. Оларды бояма мінезден, жалған достықтан сақтандырады. Жастардың бойындағы кеселді кемістіктерді, арсыздық пен ұятсыздықты, дөрекі надандықты тәрбие және білім беру арқылы жоюға шақырады.
Ұлы ақын жас ұрпақты  адамгершілікке, имандылыққа, ғылым-білім үйренуге үндейді. Жастарды бес нәрседен – өсектен, өтіріктен, мақтаншақтық пен  еріншектіктен, бекер мал шашпақтықтан қашық болуға,  бес асыл іске – талап етуге, еңбекті сүюге, терең ойлай білуге, қанағатшыл болуға, рақымшылық жасауға шақырады. Ұлы ақын «Адамның білімі, өнері – адамшылықтың таразысы» деп санайды. Ол білімді  барлық атақ-даңқ, құрмет пен бедел, байлықтан жоғары қояды. Жастарды жас кезінде  оқуға, ғылымға, еңбек етуге, ізденуге, білімдіден үйренуге, солардай болуға тырысуға шақырады.
Қазақ қауымының болашағы жастардың бойына адамгершілік асыл қасиеттерді қалыптастыру туралы ой қозғайды. Адам болам десең байлықпен озбай ақыл, әділеттілік, ғылым, ар, жақсы мінезбен оз дейді. Ол туған халқын шын сүйді, оның әлеуметтік өміріндегі кемшілігін мінеп, жоюға күш салды. Нағыз ақын, әрі патриот Абай халыққа оның неге қасірет шегетінін түсіндіруге тырысты, өзінің шығармашылығында ол феодалдық-рулық билеп-төстеушілерді аяусыз әшкерелеп, халықты өнер-білімге шақырды. «Соқтықпалы соқпақсыз заманда» өскен, «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» деп насихаттаған Абай «Адамзаттың бәрін сүй бауырым» деп,  «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп толғанды.
Осы жылғы қаңтардың тоғызында «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында Президентіміз Қ.К.Тоқаев ұлы ақынның әрбір сөзін қарапайым тілмен талдап, Абай көрсеткен олқылықтардың орнын қалай толтыруымыз керектігін айтып, «ұлтты Абайша сүюге» үндеді. Сөзсіз, Абай шығармалары бүгінгі күні де өзінің өзектілігін жойған жоқ. Уақыт өткен сайын жаңа дәуір талабына сай әр қырынан өсіп, өркендеп отыратын асыл мұра болып ұрпақтар санасынан орын ала береді.Ұлы ақынның әрбір айтқан сөзі – есті адам үшін өсиет-өнегенің, тәрбиенің таптырмас үлгісі. Абай шығармасының сая бағында өсу, нәрінен сусындау,  оның өлмес мұрасын танып білу, тәрбие алу  және оны әлемге таныту  – қазақ халқының бүгінгі ұрпақтарының парызы.
Анықтамалық әдебиеттер:
Абай. Энциклопедия. — Алматы: «Атамұра», 1995.
Абай Шығармаларының екі томдық толық жинағы. Өлеңдер мен аудармалар, поэмалар, қара сөздер. — Алматы: «Жазушы», 1995.
Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. Т.15. Мақалалар, зерттеулер. — Алматы: «Жазушы», 1984.
Тәжібаев Т.Абайдың философиялық, психологиялық, педагогикалық көзқарастары. -Алматы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.