Home » Мақалалар » Отбасы тәрбиесінің маңыздылығы

Отбасы тәрбиесінің маңыздылығы

Сисенова Ардақ Тынымжанқызы
Өрлеу» БАҰО» АҚФ 
Маңғыстау облысы бойынша ПҚ БАИ,   
Мұғалімдердің кәсіби дамуын психологиялық-педагогикалық қолдау 
 кафедрасының аға  оқытушысы,  тренері

Қазақстан Республикасының Конституциясының тәрбие үрдісіне байланысты 27-бабында: «Балаларға қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу ата-ананың табиғи құқығы әрі парызы» деп атап көрсетілген. Тәрбиенің бастапқы әліппесін бала отбасында алып, онда ізгілікті адамгершілік тәрбиенің негізі қаланса, мектеп арқылы өмірге жолдама алады. Отбасының рухани тірегі ата-ана.
Жас ұрпақтың бойында ізгілікті тұлғалық қасиеттердің қалыптасуына отбасындағы тәрбиенің ықпалы ерекше.  Бала отбасынан жақсыны да, жаманды да бойына сіңіреді. Сондықтан да халқымыз «Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп бекер айтпаған.
Баланың рухани-адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуы үшін ата-ананың, отбасы мүшелерінің тарапынан мейірімділік пен махаббат қажет. Дөрекілікпен, бұйырумен сіз балаңызды тәрбиелей алмайсыз. Тәрбие өмірдің әр сәтінде, тіпті сіз үйде болмаған кезде де іске асады. Сіздің қалай киінетініңіз, басқа адамдармен қарым-қатынасыңыз, олар туралы пікіріңіз, еңбек етуіңіз т.с.с. балаңыз үшін маңызды, бала үшін үлгі.
Қазіргі кезде заман ағымына қарай, отбасында демократиялық қарым-қатынасқа ұмтылушылық бар. Бала үшін ата-ана игілік жасаушы, үлгі-өнеге көрсетуші және ақыл-кеңес беруші  болып танылуы керек. Грек елінің ұлы ғалымы Аристотельдің: «Ғылымда ілгері ұмтылғанмен, адамгершілігі ақсап жатса, ондай адамның алға басуынан гөрі, кері кетуі тезірек» деген пікірінен жасөспірімге білімді меңгерту ғана емес,оның рухани-адамгершілігін дамытып, ішкі жан-дүниесіне әсер арқылы жас ұрпақтың өзін-өзі дамытуына жол көрсетудің маңыздырақ екенін аңғару қиын емес.
Отбасылық тәрбие кемшілігінің бір себебі ата-аналардың педагогикалық-психологиялық білімділігінің төмендігі, балалардың жас ерекшелігіне байланысты заңдылықтарды білмеуі, жұмысбасты ата-аналардың бала тәрбиесімен айналысуға уақыттарының жетіспеуі.
Жасөспірім кезең – бұл барлық отбасы мүшелерінің әлеуметтік, тұлғалық және отбасылық кемелденуін тексеру уақыты. Бұл кезеңде ішкі, сыртқы дағдарыстар және кикілжіңдер болады. Отбасы мүшелерінің арасындағы кейбір мәселелер бұрынғы көрінбейтін қайшылықтар сыртқа шығып, отбасындағы кикілжіңдер күшейе түседі.
Кикілжіңсіз отбасы жоқ. Бала өз білгенін жасағысы келеді. Ата-ана оған келіспейді, егер, әрқашан үлкендердің айтқаны дұрыс болса, онда бала ештеңе білмейтініне көнеді де, одан ары қарай енжар, ынжық болып, топта ылғи бағынушы қалыпта болады. Сондықтан бұндай жағдайда бедел бағытын үстем етпей, өз көзқарасын «Сенің орныңда болсам, мен былай істер едім» деген ұстанымды көрсетуі қажет.
Ұл бала-әке, қыз бала- шеше. Ұлтымызда көп жағдайда осылай. Себебі «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген –тон пішер» деп бекер айтылмаса керек.
Кейбір ата-аналар баласының басы артық қимылдағанын өзіне соққыдай сезінеді. «Мәпелеп өсірсем, өмірінде бізге риза болар, осы емес пе біздің парызымыз» дейді. Міне, осыдан жалқау, жатыпішер, арамтамақ, еңбекке икемсіз бала тәрбиелеп, шығарамыз. Баланың ата-ана алдындағы борышын сезінбеуі, еркін болып өсуі тәрбиенің дұрыс берілмеуіне байланысты. «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» деген Абай сөзі ойға түседі. Білімі жоғары, адами қасиеті төмен тәрбие алған азаматтардың қолына түскен мемлекеттік билік не жақсылық әкелер.
Отбасылар әртүрлі болады, әртүрлі балалар кездеседі. Социологтар отбасын әртүрлі типтерге бөледі: үйлесімді, бүлінген, ыдыраған толық емес отбасы деп. Отбасы толық болуы мүмкін, бірақ тәрбие теріс болуы мүмкін. Кейде келіспеушілік, күнде ұрыс болып тұратын толық отбасыларда кездеседі. Отбасындағы сәтсіздік белгілі деңгейде бала психикасына үлкен әсер етеді. Кешке жұмыстан шаршап келген мамасы телефон шалған досына жауап бермей баласына: «Мені үйде жоқ»-деп айта салшы-деп өтірік айтады. Міне, осы жерден бастап, бала өтірік айтып, жалған сөйлеуге үйренеді. Жалған сөйлеген баласын ата-ана жазалауға әзір тұрады. Баланың мінез-құлқын дұрыс жаққа өзгерту үшін, ең алдымен ата-ана өзін өзгертуі  қажет.
Баланың мінез құлқы жақсы тәрбиеден туындайды. Егер бала ебедейсіз, шамшыл, өбектеліп өсетін болса,оған бәрінен бұрын ата-анасы кінәлі. Отбасы үшін бала-зор қуаныш. Баласыз бақыт жоқ, бірақ баланың өмірге келуі ата-аналарға зор міндет, жауапкершілік  жүктейді. Отбасы тәрбиесі бала мінез құлқы мен психологиялық бейнесін қалыптастыру негіздерінің негізі.
Демек, отбасы — адам өмірінде, оны жеке тұлға ретінде қалыптастыруда ерекше рөл атқарады. Ата-ана мен отбасының өзге мүшелері баланың жас және жеке-дара ерекшеліктерін ескере отырып, рухани-адамгершілік тәрбие берудің формалары мен әдістерін нақты жүзеге асыра білуі тиіс. Қоғамда рухани-адамгершілік тәрбие беру үдерісінде ұлттық және әлемдік деңгейдегі құндылықтарды өзара байланыстыра отырып, жеке тұлғаның бойындағы рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастырып, дамытудың мәні зор. Себебі адамгершілік — адамның рухани арқауы. Өйткені адам баласы қоғамда өзінің жақсы адамгершілік қасиетімен, адамдығымен, қайырымдылығымен ғана ардақталады.
Ал қоғамдағы адамгершілік тәрбиесі — адамгершілік сезімді, ұлттық сананы, парасатты мінез-құлық дағдыларын қалыптастырып, жетілдіруде жалпыадамзаттық құндылықтарды тиімді пайдалануға бағытталған жалпыадамзаттық тәрбиенің бір бөлігі. Сондықтан бүгінгі таңда рухани-адамгершілік білім берудің басты мақсаты — ақылды да әдепті, жан-жақты жетілген, адамгершілігі мол жас ұрпақ өкілдерін тәрбиелеу болып табылады. Дені сау салауатты, рухани бай, ақылды ұрпақтың дүниеге келуін армандаған қазақ ата-бабаларымыздың асыл мұраларына көңіл аударсақ, «тәрбие тал бесіктен басталады» деп бекер айтпаған. «Қазақ!.. Балаңды сұлу, сымбатты қылып өсір. Адам сұлулықты сүйсе, тазалықты сүйеді. Тазалықты сүйсе, оған ауру үйір болмайды» деген халық даналығы. Сол тазалық тал бесіктен басталмай ма? Адам баласы үшін отбасы – мейірімділіктің қайнар кезі. Ол отбасынан адам баласына қажетті тәлім-тәрбие, өмір заңдылықтарын осы ортадан алады. Сондай-ақ үлкенге құрмет кішіге ізет, ізеттілік, инабаттылық, адамгершілік және имандылық міндеттерін өз санасына құяды.
Қазіргі кезде көп ата-ана баламыз компьютерді, ағылшын тілін меңгерсе болды жетілген тұлға болады деп ойлайды. Ең алдымен әрбір бала адами тамаша қасиеттерді бойына жинақтаған дұрыс адам бола білуі шарт. Сонан кейін ғана білімін тереңдете алады. Адамдардың адами рухани-адамгершілік құндылықтарының орнындағы кемшіліктерді ешқандай да академиялық білімдердің толықтыра алмайтынын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Бүгінгі таңдағы мектептер балаларға таза ғылыми негіздегі білімдерді бере отырып, олардың жүректеріне рухани және адамгершілік, имандылық құндылықтарын енгізуді екінші қатарға қалдырады немесе тіпті мән бермейді. Соның салдарынан жастарымыздың бұзылып, рухани-адамгершілік, имандылық дегеннің не екенін түсініп өсуіне әкеліп соғуда.   Жас ұрпақты рухани-адамгершілікке, салауаттылыққа тәрбиелеуде адамгершіліктің ақ жолынан айнымаған бұрынғы өткен ақыл-ой алыптарының мұра етіп қалдырған өсиет сөздері және ғұламалардың ғибраттары арқылы қоғамымызда салауатты өмір салтын қалыптастыруымызға болады. Сонда ғана бүкіл жер бетінде, әсіресе, жастар арасында бой көрсетіп жатқан маскүнемдік, нашақорлық, жезөкшелік, парақорлық, дүниеқоңыздық, көреалмаушылық сияқты кеселдерден мемлекетіміздің болашағы – жас ұрпағымызды қорғап қаламыз және аман сақтаймыз.
Пайдаланған әдебиеттер:
Игенбаева Б.Қ. Адамгершілік сабақтары. — Алматы: Дәуір, 2000 ж.
«Өзіндік таным» журналдары, 2004 ж.
«Білім беру саласында жеке тұлғаның рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру» республикалық ғылыми-практикалық конференция материалдары, Алматы, 2012 ж.
Бержанов Қ.,Мусин С. Педагогика тарихы. -Алматы:Мектеп, 1984 ж.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.