Home » Мақалалар » Қашықтықтан оқытудың маңыздылығы

Қашықтықтан оқытудың маңыздылығы

Пазылова Динара Шегендікқызы –
Нұр – Сұлтан қаласы, Мәшһүр Жүсіп атындағы
№57 орта мектеп, директордың ғылыми
әдістеме жұмысының орынбасары,
қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі.

     Елімізде коронавирус індетінің таралуына байланысты төтенше жағдай енгізіліп, мектеп оқушылары төртінші тоқсанның сабағын  қашықтан оқуға көшті. Қазіргі уақытта ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың заманауи талаптарға сай дамуы білімді бағалау және пайдалану жүйесін уақытылы өзгертіп отыр.  Осыған байланысты оқытуда қолданылатын әдіс-тәсілдер, әдістемелер, технологиялар білім беру талаптарына байланысты жаңартылып отыр. Сапалы терең білімді меңгеруге талпынған өскелең ұрпақтың жеткілікті дәрежеде сандық сауаттылығы бар, себебі олар өмір жағдайлары барысында жаңа технологияның барлық мүмкіндіктерін пайдалана алады. Сол мүмкіндіктерді нәтижелі қолдану мұғалімнің біліктілігіне, біліміне, тәжірибесіне байланысты деп ойлаймын. Кәсіби дамуға ұмтылатын бәсекеге қабілетті маман өзінің негізгі қызметінен үзілмей жаңа білім алу жолдарын іздестіреді. Ал мектеп мұғалімдеріне қойылатын талаптардың өсуіне байланысты оқытудың жаңа формалары мен әдістерін іздестіреді, білім беруге жаңа технологиялар енгізеді. Оқу үдерісін ұйымдастырудың жаңа формасының бірі – қашықтықтан оқыту технологиялары арқылы оқыту. Сонымен қашықтықтан оқыту дегеніміз не?

Қашықтықтан оқыту дегеніміз — мұғалім мен оқушы арасында қандай да қашықтықта интернет ресурстарының сүйемелдеуімен өтілетін оқытудың формасы, яғни интернет желілерінің көмегімен белгілі бір арақашықтықта оқыту.Қашықтан оқытуды  ұйымдастырудың  үш  түрлі формасы бар: онлайн (синхрондық) және оффлайн (асинхрондық), және кең таралған үшінші түрі вебинар.

Онлайн режимдегі оқыту дегеніміз – интернет  ресурстарының  көмегімен ағымдағы уақытта белгілі бір қашықтықта мұғалім экранын көру арқылы оқытуды ұйымдастыру формасы.

Оффлайн режимдегі оқыту дегеніміз — интернет ресурстарының көмегімен (электрондық пошта) мұғалім мен оқушы арасындағы ақпарат алмасуды қамтасыз етуге мүмкіндік беретін оқытудың формасы.

Вебинар дегеніміз – интернет желілерінің көмегімен семинарлар мен тренинтер өткізу формасы.

Қашықтықтан оқытудың маңыздылығы – білім берудің біртұтас ақпараттық жүйесін құру арқылы оқушылардың білім деңгейін көтеру. Сонымен қатар әлемдік ақпарат кеңістігіне жол ашып, оқушылардың ғылыми және шығармашылық ізденістерін арттырып, білімді шәкірт тәрбиелеу. Қазіргі оқушылардың  шығармашылық тұрғыдан ойлай білуі, соның негізінде шешім қабылдауы және өмір бойы оқып үйренуі талап етіледі. Әсіресе қашықтықтан оқыту технологиясы білім берудің ортасында тұратын оқыту жүйесін құру мүмкіндігін береді. Бұл жүйеде мұғалім оқушының жұмыстарын, жеке қызығушылықтары мен сұраныстарын ескереді. Білім беру жүйесінің ортасында оқушы  тұратынын ескерсек, оқыту жүйесі тұтасымен өзгереді. Мұғалім оқушыға  арналған өзіндік жұмыстарды ұйымдастырумен шұғылданады. Қашықтықтан оқыту технологиясын қолдануда мұғалімнің рөлі арта түседі және өзгереді. Осымен байланысты қашықтықтан оқыту технологиясын қолданып жүргізілетін білім беру сапасын бақылауды дүрыс жүргізу және жүзеге асыру мәселесі туындайды.

Осындай сан қырлы, әрі күрделі мәселелерді жүзеге асыруда мұғалімнің атқарар рөлі орасан. Оған әрі ауыр, әрі жауапты міндет жүгі жүктеледі: ол сабақ жоспарының құрылымын дайындап, оны қашықтықтан білім беру жүйесімен астастырып бейімдейді, оқу үрдісінің барысын қадағалап, тапсырмаларды орындау барысында, өз бетімен бақылау-пысықтау жұмыстарын орындау жөнінде ұсыныстар береді, кері байланыс жасайды. Бұл ретте қашықтықтан оқыту  жүйесінің әдістерінде көрсетілгеніндей, көңіл-күй, психологиялық қарым-қатынас бой көрсетеді. Қашықтықтан оқыту тәсілі бойынша жұмыс істейтін оқытушы оқытудың жаңа технологиясын, оқытудың компьютерлі және тораптық жүйелерін жетік біліп, олармен   іс жүргізу  ісін орындауын талап етеді.

Оқу курстарының сапасы мен құрылымы қашықтан оқыту мен дәстүрлі оқытуда бірдей немесе кейбір жағдайларда қашықтан оқыту сапасы жоғары болғанын тәжірибелер дәлелдеп отыр. Дәстүрлі оқыту орталарына қарағанда жаңа электрондық технология оқушыны оқу процесіне белсенді қатыстырып қана қоймайды, сонымен қатар осы процесті басқаруға рұқсат етеді. Қазіргі заманғы компьютерлік телекоммуникация білім және түрлі оқулық ақпарат беруде, дәстүрлі оқу құраладарымен бірдей, ал кейде одан да әсерлі екені анық.

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.