Астана қаласы
№22 мектеп-гимназиясы
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Жұмашева М.Н.
«Сөйлеу мәдениеті» негізінен «сөз мәдениеті», «сөзді орынды қолдану» деген ұғымды білдіреді, өйткені сөйлеу мәдениетінің негізгі зерттейтін нысаны – сөздің дұрыс айтылуы, дұрыс қолданылуы, сол арқылы ойдың айқын, әсерлі жетуі, екіұштылықтың, күңгірттіктің болмауы. Сондықтан сөйлеу мәдениетіне байланысты өтілетін қазақ тілі сабақтарында ауызша сөйлеу тілінің ерекшеліктеріне көп көңіл бөлініп, қателерді тіл деректері негізінде талдап, сырын ашып көрсетудің пайдасы зор.
Қазақ тілі сабақтарында оқушылардың әсерлі сөйлеуі, сыни ойлауын, тыңдау мәдениетін меңгерту – негізгі шарттардың бірі. Ол стильдік элементтерді ажыратып қолдану керектігін, сөздердің, сөйлем мүшелерінің орналасу заңдылығын сақтауды, орфоэпиялық норманы білуді, қазақ тілінің табиғи қалпын сақтап, үндестік заңы бойынша сөйлеуді т.б. заңдылықтарды тиянақты меңгеруді талап етеді.
Оқушыларды ауызша сөйлеуге дағдыландыру, соған орай тіліміздің бағзы заманнан бері қалыптасқан сөйлеу нормасынан мағлұмат беру, одан ауытқулардың сырын ашу, себебін түсіндіру; оқушылардың тіл тазалығын, анықтығын, дәлдігін сақтап, әр сөз, сөйлемді өз орнымен жұмсап, тіл мәдениетін дамыту; сөйлеу, тіл мәдениеті машықтарын меңгерген, логикалық ойлауы өз деңгейіне сәйкес дамыған, мәдениетті сөйлеуге бейімделген оқушыны тәрбиелеу және олардың қарым-қатынас құзыретін дамытып, сөйлеу мәдениетін сапалы меңгерген азамат ретінде қалыптастыру қазақ тілі мұғалімінің негізгі мақсаты болып табылады. Өз ойын дұрыс жеткізе білу тек сөйлем құрай салу ғана емес, онда айтайын деген ойдың екінші адамға түсінікті, әсерлі, дәлелді болуына мән беріледі. Ондай нәтижеге жету үшін, біріншіден, тілдің қалыптасқан жүйесін, соған негізделген өзіне тән заңдылықтарын, яғни әдеби тілдің мәдениетін сақтауға тура келсе, екіншіден, оқушының айтайын деген ойының қарым-қатынасының мақсатына сай тілдік құралдарды, амал-тәсілдерді орынды, талғап қолдану мәдениеті болуы, жетілуі керек. Яғни қазақ тілі пәнінен берілетін теориялық білім қатысымдық әрекетте ойдың түсінікті, әсерлі берілуінің құралына айналуы тиіс.
Қазіргі таңда ең басты мәселелердің бірі оқушыларды қазақ тілінде сөйлесу мәдениетіне үйрету болып табылады. Үйде де, көшеде де, қоғамдық орындарда да бірқатар жастарымыздың бір-бірімен қарым-қатынас жасағанда, әңгімелескенінде қалай болса, солай сөйлейтіні, қазақ тілінің қадір-қасиетін түсінбейтіні байқалады. Әркім өзінің басындағы ойларын басқаға айтып түсіндіру үшін оған лайықты сөз таба білуге тиісті. Егер ондай сөз таба алмаса, ол ой иесіне де шала, түсініксіз болып қалады, яғни ойыңды жеткізе білу сөз байлығымен өте тығыз байланысты. Адам өзінің сөз байлығын жетілдірмейінше, жоғары сөйлесу мәдениетіне жете алмайды.
Сөйлеу мәдениеті міндеттерінің ішінде кезек күттірмес маңызды шаруа орфоэпияға, яғни сөйлеу актісінде сөздерді дұрыс дыбыстай білуге қатысты. Бұл күнде орфоэпия нормаларының жазудың құлдығына ұшырау қаупі бар. Дәлірек айтқанда, бір жағынан, орфоэпия ережелерінің нормалану үдерісінің әлсіздігінен, екінші жағынан, жазу дәстүрінің күшті дамуы салдарынан сөздер қалай жазылса, солай оқу салты етек алып бара жатқаны да, сөз басындағы о, е дыбыстарын айтуда орыс тілінің әсері байқалатындығы да тіл мәдениетіне назар аударушыларды алаңдатады. Ауызша сөйлеу мәдениеті сөйлеген кезде орфоэпия қағидаларын сақтап мәнерлеп сөйлеумен тығыз байланысты, яғни сөздер қалай дыбысталса, сөйлеген кезде де әрбір сөздің дұрыс айтылуына мән берілу керек.
Осы ретте сабақ барысында өлең жаттатудың маңызы зор, себебі жаттаған өлеңін мәнерлеп оқу барысында оқушыларды сөздерді орфоэпиялық нормамен айтуға үйрете аламыз. Сөздерді жазылуынша айту, әсіресе, жастардың тілінде үйреншікті машыққа айналып бара жатқанын аңғару қиын емес. Мұны тіліміздің табиғи дамуының нәтижесі деп қарауға болмайды. Бұл – күнделікті өмір сүріп жүрген ортаның тілге мән бермеуінен және мектептегі оқытуда жіберіліп жатқан кемшіліктер. Соның салдарынан адам баласының бір-біріне деген қарым-қатынасы, түсініспеушілігі басталады, бір-бірінің ойын, ішкі жан-дүниесін түсінбейді немесе әр сөзін селқос, енжарлықпен тыңдап, босаңдық танытады. Кейде ауызекі сөйлеу стилінде сөйлем мүшелерін қысқартып айту, сөйлемді аяқтамай бітіру, сөйлем мүшелерінің орын тәртібін өзгертіп айту, сөзді талғамай қолдану жиі кездеседі. Бұл кезде сөз немесе сөйлем ажарсыз, әсерсіз болмас үшін әр сөзді дұрыс қолданып, өз орнымен келтіріп отырса, сөйлем түсініксіз болмайды. ХІ ғасырдағы әйгілі шығарма «Кабуснамада»: «Адамзаттың ең абзал қасиетінің бірі – сөз сөйлей білу. Бұл жағдайды жете түсін де, жақсы сөйлей білуге үйрен, сыпайы, анық сөйлеуді әдет қылғайсың», – деген өсиет айтылған. Тіл мәдениетіне барар жолдың бастауы – сөйлей білу. Тіл адамзаттың бір-бірімен пікірлесуін, түсінісуін қамтамасыз ете келіп, тілдік қарым-қатынасты іс жүзіне асырады. Тілдік қатынас – адамның ойлау, пайымдау, сөйлеу, тыңдау, түсінісу, айту, пікірлесу т.б. әрекетіне тікелей қатысты құбылыс. Сөйлеу – адам санасының басты белгісі. Тіл, сөйлеу ежелден бері жеке адамның, қоғамның ой-санасын дамытып, жетілдіруде аса маңызды рөл атқарады. Сөз ойлы да мәнерлі болуы тиіс. Әйтпесе, ол көздеген мақсатына жете алмайды [1,17].
Адамның мәдени тұлға ретіндегі табиғатын зерттеуші ғалымдар адамның мәдениеттілігі мен адамның қасиетін түсіндіру үшін сол адамның өскен, өнген, тәрбиеленген ортасында алған тәлім-тәрбиесі негіз болатындығын айтады. Адам – қоғам өкілі, белгілі бір ортаның саналы тұлғасы. Қоғамдық қарым-қатынастың ішінде адамның түрлі субъекті не объектімен қарым-қатынасында тілдің орны әрдайым басты рөлде болады. Адамдар арасындағы қарым-қатынаста сыпайылық, кішіпейілділік пен адамгершілік қасиеттер тіл арқылы көрініс табады. Сөйлеуші жақтың тыңдаушыға деген құрмет-қадірінің қаншалықты дәрежеде екені де сөз жұмсалым арқылы беріледі [2, 7].
Сөз қолдану мәдениетін арттыратын негізгі шаралардың бірі – тіл тазалығы. Тіл тазалығы дегеніміз – айтайын деген ойымызды еркін жеткізу, сөйлегенде бөгде тілдік элементтерді – диалектілерді, варваризмдерді араластырмай сөйлеу халқымыздың асыл сөз қазыналарын тиімді пайдаланып, жатық, анық сөйлеу, әдеби тілде сөйлеу [3, 47]. Абай атамыз: «Сөзінің бірі жамау, бірі құрау» деп өзіне дейінгі кейбір ақындарды сынайды. «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, теп-тегіс, жұмыр келсін айналасы» деп, әрбір сөздің түсінікті, жеңіл, мағыналы болуын өз ортасынан қатаң талап етеді. Ұлы ақынның бір ғасырдан астам уақыт бұрын тіл тазалығына ерекше мән бергендігін көреміз. Әрине, бөтен тілден сөз алмай, таза ана тілінде сөйлейтін бірде-бір халық болмайды. Тек ол сөздер жергілікті халықтың тілдік заңдылықтарына бағынып, фонетикалық өзгерістермен барша қауымға түсінікті жалпыхалықтық тілге айналуы керек.
Өзге тілден еніп, «заңды түрде» орныққан «остановкада тұрмын», «морожный алайық», «звондадым», «лестницадан көтерілгенде», «переживайт етпе» т.б. сөздер оқушының да, үлкеннің де тілдік дағдысына кеңінен енген. Дағдының да дағдысы бар. Жұртшылық қабылдаған, тілде орныққан, дағдыға енген шетелдік сөздің орны бөлек. Ал ондаймен санаспай, бөгде «элементтерді» оңды-солды жұмсау сөйлеушінің сөзге ұқыпсыздығын көрсетеді. Бұл – мәдениеттілік емес, қайта ана тілімізді шұбарлау, туған тілімізге қинаят жасау деген сөз.
Тіл тазалығы дегеніміздің айтайын деген ойымызды еркін жеткізу, сөйлегенде бөгде тілдік элементтерді – диалектілерді, варваризмдерді, жаргондарды араластырмай сөйлеп, халқымыздың асыл сөз қазыналарын тиімді пайдаланып, жатық, анық, әдеби тілде сөйлеу екендігін оқушыларға бастауыш сыныптардан ұғындыруымыз керек.
Сөз құрамы – ғасырлар бойы жасалып, қалыптасып ұрпақтан-ұрпаққа ауысып келе жатқан бай қазына, қасиетті мұра. Әр ұрпақ оны қадірлеуге, ілгері дамытуға міндетті. Қазіргі уақытта қазақ тілінің экологиясына жаргон сөздер жағымсыз әсер етіп отыр. Жастардың тілдік нормадан ауытқып сөйлеуі кеңінен орын алып бара жатыр. Жастарымыздың жаргон сөздерге құмар болуына өздерін ғана кінәлау дұрыс емес, оған араласатын отбасының, қоршаған ортасының да кінәсі бар. Мектептерде ұстаздары жақсылыққа баулып, қанша тәлім-тәрбие берді деп есептегенімен, былай шыға бере араласатын достары бөгде сөздерге үйір болса, оған отбасынан тыйым болмаса, бала осы сөзді қолданғаным дұрыс екен деген оймен жүре береді. Екіншіден, жастардың кітап оқуға деген құлықтарының төмендеуі, өйткені кітаптың орнын, әлемді жаулаған компьютер толықтырып отыр. Қазақтың мол мұрасының бірі әдебиет әлемінен алшақтап, арзанқол сөздермен көмкерілген ғаламтор ішіне еніп кеткен. Соның салдарынан кейбіреулері айтар ойын жеткізе алмай «ия, жоқ» деген сөздермен шектелетін болды.
Қазіргі оқушылардың арасында өздерінің қолданатын арнайы жаргон сөздері бар. Айталық, оқушы мектепте болғанда жастардың жаргонын қолданады. Мысалы, «училка» – мұғалім», «столовка» – асхана, «Инетте отырдым», яғни ғаламтор деген сөз. Кеше маяк тастап едім, неге звондамадың? – қоңырау соғып едім, қайта телефон шалмадың; Тормозы ұстап қалды, зависать етіп қалды – бір жағдайдан шығатын шешім таба алмай қалды; Типаж болу, блатной болу – менменсу; Мамка-батялар курста ма? – ата-анаң біле ме? Жылауық – қызғаншақтық; Ауру – басқа адамдардың мазасын алу; Қуғынбай – бос сөзді көп сөйлеу; Миды шіріту – бос сөзді көп айту, Жынды киініп алыпсың – әдемі киініп алыпсың т.б. Осы мәселеде оқушылар тілдерін дұрыстауға, түзетуге тырыспайды, сондықтан оқу ғимаратындағы күнделікті қарым-қатынаста осы жаргон сөздермен сөйлейді. Әрине, бұл жаңа жаргон сөздердің кең таралуына әкеп соғады. Бұның өзі біздің еліміздегі тіл мәдениетінің төмендігін білдіреді. Көптеген жастар өз ойларын дұрыс, түсінікті етіп жеткізе алмайды, басы артық, бос сөздерді көп қолданып, ойын шашыратып жібереді. Кейбірі орысша, ағылшынша сөздерді қосып, араластыра сөйлесе, бірі жаргонмен, сленгтермен сөйлегенді сән көреді.
Сөйлеу әдебі қарым-қатынаста, қоғамдық орындарда, жалпы өз елімізде сирек сақталады. Оған дәлел ретінде тағы да бірнеше мысал келтірейік. Бірсыпыра замандастарымыздың, соның ішінде оқушылардың да ауызекі сөйлеу тілінде қазір «Мен Абаяда тұрамын», «Қонаевадан автобусқа мінемін» деген орысша-қазақшасы араласқан қойыртпақ тіркестер пайда болды. Сонда біз білетін Абай, Қонаев әйелдер болғаны ма?! Неге олай ойланбастан сөйлейміз? Мемлекеттік тілді үйренуші өзге ұлт өкілдері осындай қойыртпақ қолданыстарды естіп, не дейді? Енді бірде оқушылардың тілінде ешбір қажетсіз қыстырма сөздер (жаңағы, сонымен, сөйтіп, ал, иә, қалай, нетіп, не қылып, анау, не, әлгі т.б.) көп кездеседі. Сондықтан да сөйлеу әдебін қалыптастыратын сөйлеу сапаларын әрдайым ескеру қажет. Сөйлеудің сапаларына кіретіндер: мінсіздігі, тазалығы, байлығы, дәлдігі, қисындылығы, мәнерлілігі, бейнелілігі, әсерлілігі, орындылығы, түсініктілігі.
Орфоэпиялық дағдылардың қатысымдық әрекетте алатын орнын, маңызын ескере отырып, тіл дамытуда оқушылардың санасында фонетикалық дағдыларды қалыптастыруға, одан әрі дамыту мен жетілдіруге белгілі талаптар қойылады. Олар:
а) Белгілі бір фонетикалық минимумды іріктеп алу талабы. Мектепте фонетиканы оқытуда оқушылар үндестік заңы арқылы дыбыстардың түбір мен қосымша, біріккен сөз аралығындағы сөздер үндесіп, өзгеріп айтылудағы орфоэпиялық норманы кейде сақтап айта бермейді. Олай болса, окушылардың тілін дамытуда орфоэпиялық сөздіктер беріп, белгілі мөлшерде фонетикалық дағдыларын қалыптастыру үшін оқытуда тіл дамыту үшін фонетикалық тілдік материалдар таңдалып оқытылуы бойынша жүргізіледі.
ә) Орфоэпиялық дағдыларды қалыптастыруға қойылатын келесі талап-сөздердің, сөз тіркестерінің дауыс екпінін дұрыс қоя білуге дағдыландыру. Барлық дыбыстарды дұрыс айтқанымен, сөздердің дауыс екпіні дұрыс қойылмаса, айтылған сөздің мәнін түсінуді қиындатады. Сондықтан оқушылардың ауызша сөйлеу мәдениетін дамыту орфоэпиялық білім негізінде, фонетикалық норма туралы білім бойынша жаттықтыру арқылы қалыптастырылады [4].
Сонымен оқушы тілінде болатын кемшіліктердің себептерін төмендегіше жіктеуге болады:
- Ортаның әсері:
а) оқушылардың сөйлеуіне жергілікті тіл немесе басқа тіл әсер етеді;
ә) көшенің әсері (дөрекі, былапыт тіл).
- Сөйлеу дағдыларының жоқтығы (оқу орнының тіл дамытуға немқұрайлы қарауы).
- Жекелеген оқушы тіліндегі кемшілік (кекештік, сақаулық т.б.).
Сөйлей білу – өнер. Бұл өнерді қажымай-талмай, үздіксіз, жан-жақты ізденіп, өзін-өзі баптап, машықтану арқылы игеруге болады. Сонымен сөйлеу мәдениеті дегенде, ең алдымен, әдеби тілді қалай меңгергеніне көңіл бөлеміз. Оқушы жалпыға ортақ әдеби тілдің нормасынан хабардар болуға міндетті. Дұрыс, анық, дәл, түсінікті, таза және бейнелі, эмоционалды сөйлеуге жаттығу қажет. Маңызды әңгімелер мен сөйлесулерге, достар, туған-туысқандар арасындағы болатын мәселелерді талқылауға белсенді қатысқан дұрыс, сабақтарда жиі-жиі сөйлеу керек. Осының бәрі адамның ойын дамытады, сөйлеу дағдысын қалыптастырады, сөз мәдениетін дамытады.
Қорыта айтқанда, тіл мәдениеті жоғары адамдардың әрдайым көз тігетін жарық жұлдызы – әдеби тіл, өйткені ол екшелген, сұрыпталған тіл, белгілі қалыпқа түскен стандартты әрі ресми тіл, халық тілінің шұрайлы байлықтарымен сусындаған, көркем, өткір тіл. Солардың бәрі жалпыхалықтық сипат алып, тілдік нормалар біршама тұрақталып, жаңа нормалар пайда болды, стильдік жүйелері сараланып, қоғамдық қызметі кеңейді. Осыларды игеріп, игілікті іс-әрекетіне пайдалану оқушыны дұрыс сөйлеу мәдениетіне жетектейді, себебі мәдениетті адамның көп қыр-сырының бір көрінісі – сөйлеу мәдениетінің жоғары болуы.
Пайдаланылған әдебиет тізімі:
- Сыздық Р. Тілдік норма және оның қалыптануы. – Астана: Елорда, 2001. — 230 б.
- Ашимбетова Р.Д. Журналистің тіл мәдениеті. Оқу құралы. – Павлодар, 2010. —
96 б.
- Уәлиұлы Н. Қазақ сөз мәдениетінің теориялық негіздері. Филол. ғылымдар. докт. ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссер. авторефераты. –
Алматы, 2007. -58 б.
Жапбарова Г. Ауызша сөйлеу мәдениетін қалыптастыру // http:// kazgazeta.kz/ 22.10.2010