Көшеген Мақсат
Алматы қаласы
ШЖҚ «М.Мақатаев атындағы
№140 гимназия» МКК-нің
физика пәні мұғалімі
Физика пәні – жаратылыстану-математикалық бағытындағы қыры мен сыры көп, ең қызықты пәндердің бірі. 7-сыныптан бастап білім беру бағдарламасына енген аталмыш пәнді сапалы оқыту, іргетасын дұрыс қалау тікелей мұғалімнің кәсіби біліктілігіне байланысты. Физика пәнін оқытуда ең алдымен, оқушылардың қызғушылығын ояту маңызды. Аталған пән — үнемі жаңа ақпараттармен толығып отыратындықтан да мұғалім білімінің үздіксіз дамуын қажет ететін пән.
Физиканы пәнін жаңаша оқыту – оқушылардың зерттеушілік қабілетін дамытудың кілті. Осы орайда, өз іс-тәжірибеммен бөлісуді жөн санап отырмын. Пән мұғалімінің оқушылардың тақырыпты түсінуіне көмектесу үшін күрделіні жеңіл беруі, жеңілдетілген тапсырмалар арқылы тез игеруіне мән бергені, тиімді әдістерді пайдаланып, қызықты эксперименттер жасатқаны дұрыс. АКТ арқылы бейнероликтер көрсетіп, танымдық деңгейін арттырғанының да пайдасы мол.
Осы заманның Архимеді мен Ньютонын қалыптастыруда оқушының дамуына бағытталған кешенді жоспар қажет. «Эврика!» деп, жаңалық ашатын оқушы жасауда пән мұғалімінің оқушының тұлғалық қабілеті мен фукционалдық сауаттылығын қалыптастыруға бағытталған әдістерді тиімді пайдалануы — жетістікке жетудің алғышарттарының бірі.
Осы орайда, мен 9-сынып оқушыларынан физика ғылымының дамуына үлес қосқан ғалымдардың атымен 10 түрлі зерттеу тобын құрдым. Топ құру барысында оқушылардың деңгейіне және қызғушылығына баса назар аудардым. Бұл ретте алдын – ала алынған сауалнамаларды да ескердім, әр топтың тақырыпқа сай шағын жұмыс жоспарын түзуіне көмектестім.
Әр топ өзіндеріне берілген ортақ тақырып бойынша зерттеу жұмысымен айналысуда «Жаңалық ашты: Кім? Қайда? Қашан? Қандай?» әдісімен жұмыстанып, таныстырылым жасап, тәжірибелер көрсетіп, өзіндік пікірлерін, ойларын ортаға салып, көзқарастарын білдірді.
Сабақтан бос уақытта онлайн және офлайн бас қосқан «Архимед» шығармашылық тобы ғалымның ашқан жаңалығына талдау жасаса, «Ньютон» тобы «Табиғи философияның математикалық бастамалары» деген кітабын талдады. «Галилей» шығармашылық тобы Астрономия саласына қосқан үлесін зерттесе, «Герц» шығармашылық тобы сымсыз толқындарды жан-жақты зерттеді. «Эйнштейн» шығармашылық тобы фотоэффекттің техникада қолданылуын талдаса, «Джоуль» тобы энергияның өлшем бірлігіне зерттеу жасады. «Тесла» шығармашылық тобы электрлі қозғалтқыш жайлы жұмыстанса, «Ом» тобы тоқ көзiнiң электр қозғаушы күшiне бақылау жасады. «Паскаль» шығармашылық тобы физиканың философиялық қағидаларына талдау жасаса, «Ватт» тобы қуат бірліктеріне зерттеу жасады.
Топпен жұмыс ой еркіндігімен, топ мүшелерінің белсенді әрекетімен ерекшеленді. Жұмыс барысында бір-бірінің ойын тыңдауы, тіпті жарыса ойын жалғап айтуы, өзінше пайым жасауы, жаңалық ашуға деген ұмытылысы мен құштарлығы байқалды. Оқушылардың зерттеушілік қырлары дамып, физика әлеміне деген ынта-ықыластары артты. Осы бағыттағы жұмыстарымызды әлі де жетілдіруді мақсат тұтып отырмыз.