Нұр-Сұлтан қаласы
Мәшhүр Жүсіп атындағы №57 орта мектептің
биология пәнінің жоғары санатты мұғалімі
Махмутова Гульмира Сейтжапбаровна
Бәрімізге белгілі, елімізде коронавирус індетінің таралуына байланысты барлық жерге төтенше жағдай енгізілді. Тіпті мектеп оқушыларын 3 тоқсан демалысына бір апта ерте шығарып жіберді. Осыған байланысты 6 сәуірден бастап төртінші тоқсанның оқу жүйесі қашықтан оқыту жүйесіне ауысты. Бастапқы кезде шыны керек, басқа әріптестерім сияқты менде қатты қорықтым. Себебі, бұл педагогтік тәжірибемнің 30 жылдығында алғаш рет карантиндік режимде, оқушыға үйде отырып сабақ өткізуді қолға алу. Миымда сан мыңдаған сұрақтар: Қалай болады? Оқушыларды қамти аламыз ба? Ата-аналармен қалай байланыс жасаймыз?-деген сұрақтар мазалағаны рас. Себебі, менде 7 «Б» сыныбына жетекшілігім болды. Сабақ барысында кездесетін қиындықтарды ойлаудың өзі бір қорқынышты болды. Осы бағытқа үйрену үшін қалай жұмыс жасау керектігі жөнінде мектеп директоры Әбуова М.Ә, оқу ісінің меңгерушілері-Қабылова А.Ф және Сариева Ғ.С алғаш бізбен ZOOM бағдарламасы бойынша жиналыстар жасап, қашықтан оқудың қыр-сырымен таныстырды. Содан кейін біз, сынып жетекшілері оқушыларымызбен, ата-аналармен жиналыс жасап, кездесетін қиындықтарды бірге еңсеретінімізді түсіндірдік. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, мектеп әкімшілігі мұғалімдер мен ата-аналарға барынша қолдау көрсетіп, көмектерін аямады. Балаға беретін білім сапасын өз деңгейінде ұстап қалу үшін қандай көмек керектігін түсіне отырып, компьютерлер мен интернет желісін тартуға арналған роутерлермен қамтамасыз етті.
Міне, екі айға жуық уақыт та өте шықты. Біз нені үйрендік? Оқушыға не бере алдық? Оқушылардың сабаққа ынтасы қандай? Осы сұрақтың айналасында біраз жұмыстар жүргізілді. Біз компьютердің біраз қыр-сырын үйреніп қана қоймай, оқушымен байланыс жасап, оқушыларға тапсырманы қалай беруге болатынын үйрендік. Атап айтқанда, ZOOM бағдарламасымен жұмыс, ватсап желісі арқылы тапсырма беру, Google классрум платформасымен жұмыс жасауды қолға алдық. Оқушылар ынтасының жоғалып кетпеуі үшін биология пәнінен әртүрлі слайдтар, видеолар жіберіп, сұрақ-жауап ала алдым. Сол кезде үнемі оқушылардың сабаққа ынтасының жоғарылағанын байқадым. Сабақ соңында рефлексия жасап, балалар: «Апай, сабақ керемет өтті», «Бүгінгі сабағыңыз өте қызықты болды, рахмет сізге», «Апай, осы жолы мен өз ойымды толық жеткізе алмадым, келесіде айтатын боламын» деген сияқты пікірлері өте көп болды. Сабаққа ынтасының жоғарылағанын сонымен қатар оны тақырыпты өтіп, тапсырма орындау барысында бұрын мектептегі сабақ кезінде сабаққа ынтасы төмен оқушылар жауап бергенде байқадым. Тіпті жарысып, тағы сұрақ қоясыз ба дегендері де табылып жатты. Бұл әрине қуантарлық жағдай. Бірақ кейде уақыттың тапшылығынан кейбір оқушылар сабақтан тыс уақытта да өздерінің жауаптарын жіберіп отырады. Сонымен қатар, карантиндік режимде отырып, оқушылар әртүрлі пәндік олимпиадалар мен тәрбие жөніндегі іс-шараларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Атап айтар болсам Нұр-Сұлтан қаласындағы «Томирис» медициналық колледжі «Биология білгірлері» атты 9 сыныптар арасында қашықтық олимпиадасын ұйымдастырған, мен 5 оқушы қатыстырып, барлығы жүлделі І орын иегерлері атанды. Ол оқушыларға І дәрежелі «Диплом», мені осындай білімді оқушыларды дайындап, қатыстырғаным үшін «Алғыс хатпен» марапаттады. Және де оқушылар біліммен қатар тәрбие бағытында 1 Мамыр-Қазақстан халықтарының бірлігі күні, 7 Мамыр-Отан қорғаушылар күнімен, 9 Мамыр-Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай қашықтан сурет салу, өлең шығару, эссе жазу жарыстарына қатысып, жүлделі орындар алып жатты. Айтулы күндерден бөлек менің сыныбымнан Мұғдарбек Нұрислам деген оқушым өзінің жүрекжарды өлеңін мектеп директоры, пән мұғалімдеріне арнап, мектепті, пән мұғалімдерін, достарын сағынғанын сол өлең жолдарынан көрсете білді. Мектеп оқушыларына алар асуларың көп болып, биік шыңдарды бағындыра беріңдер демекпін. Енді осы қашықтан оқытудан алған білімді әрі қарай толықтыру оқушылардың көптеп ізденуіне байланысты болатынын білеміз. Сол үшін оқушылармен үнемі байланыста болып, қойылған әрбір сұрақтарға нақты жауап беруге тырысамыз. Алда мектеп бітіруші түлектерді үлкен өмір жолы күтіп тұр. Осы орайда оларға жолдарың әркез ақ болып, биік белестерді бағындырып, кедергілерден сүрінбей өтіп, кез-келген қиындықтарды жеңе алатындарына сенімді болса екен деймін. Біз оқушыларымызға сенеміз! Біз біргеміз!