Home » Мақалалар » ЛАТЫН ГРАФИКАСЫН ИГЕРТУДЕ ОҚУШЫЛАРДЫҢ ОҚУ, ЖАЗУ САУАТТЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ ЖОЛДАРЫ

ЛАТЫН ГРАФИКАСЫН ИГЕРТУДЕ ОҚУШЫЛАРДЫҢ ОҚУ, ЖАЗУ САУАТТЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ ЖОЛДАРЫ

Шойбеков Ғазиза Бейсенбекқызы
Филология ғылымдарының кандидаты
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің қауымд. профессоры,
№108 жалпы білім беретін мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

ЛАТЫН ГРАФИКАСЫН ИГЕРТУДЕ ОҚУШЫЛАРДЫҢ ОҚУ, ЖАЗУ САУАТТЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ ЖОЛДАРЫ
Өткен ғасырдың 40 жылдарына дейін сауаттылық туралы емес, тек сауаттандыру туралы ғана сөз болды. Себебі қазақ тілінің графикасы 1940 жылға дейін тұрақты болмады. Графика тұрақты болмағандықтан, сауаттылық мәселесі ара-тұра айтылғанмен, лингвистердің де, мұғалімдердің де тарапынан түбегейлі мәселе деп танылмады. ХХ ғасырдың алғашқы ширегіне дейін қазақ халқы жаппай сауаттану деңгейінде болғандығын тарихтан да білеміз. «1924 жылы «Сауатсыздықты жою қоғамы» ұйымдастырылды. Ол еңбекшілердің қолдауымен ерікті мүшелік негізінде жұмыс жүргізді. 1931 жылғы желтоқсанда республиканың 15 жастан 50 жасқа дейінгі сауатсыз еңбекші халқына жалпыға бірдей міндетті сауат ашу енгізілді. Қазақстаннның халыққа білім беруге бөлінген қаражат мөлшері өсті. Ұлы Отан соғысы басталар алдында еңбекке жарамды тұрғындар арасында сауатсыздықты жою аяқталды. Халық бұқарасын жаппай сауаттандыру Қазақстандағы мәдени өзгерістердің маңызды қорытындыларының бірі болды [6].

Осыған байланысты жазу мен оқу теориялық және прагматикалық тұрғыдан зерттеу тақырыбы бола алмады. Бірақ 1980 жылдары жазу мен оқу дағдыларын қалыптастыру жөнінде оқытушылар мақсатты түрде зерттеу жүргізе бастады [5. 26-бет]. Бұл зерттеу жазу мен оқудың арасындағы байланысты көрсетететін, сонымен қатар оқу үдерісін ұйымдастыруда жазу мен сауатты оқуға әсері болатындығын айғақтаған зерттеу болды.

Сауатты жаздырту дегенде ата-ананың да, мұғалімнің де ойына ең бірінші көбірек мәтінді оқытып, визуалды деңгейін көтеру керек деген ой келеді. Бұл ой, әрине, өзін тұрақты түрде дәлелдеп келе жатқан тәсіл десек те болады. Бірақ 7-9 жасында, тіпті 12 жасында балалар көп оқи қоймайды ғой. Олар күнделікті өздерінің оқулықтарынан басқа кітап оқымайды десе де болады. Әрине, қазіргі жаңартылған білім беру жүйесі бойынша білім беруде тапсырмалар өте көп. Осы уақытта балаға көп кітап оқы деп айта аламыз ба?! Тіпті балаға өз сабағынан бөлек кітап оқитындай уақыты қала ма? Әрине, жоқ. Негізінен, бұл жастағы балалар ойын баласы болып саналады. Ойнағысы келіп тұрған бала оқуға ынта қояды ма? Қоймайтыны анық. Оның үстіне қазіргі смарт техникалар дамыған заманда баланы оқуға ден қойдыра аламыз ба? Бірақ қалайда баланы дұрыс оқып, дұрыс жазуға үйрету қажет екенін мұғалім де үйдегі ата-ана да сезінеді. Бала мектепте оқитын болғандықтан, қалайда сауатты оқу мен жазуды меңгеру керек.

Енді мұны қалай ұйымдастыруға болады? Қалайша ойната жүріп, ойлантып, ойната жүріп сауатты жаздырып, оқытуға болады деген мәселеде ғалымдар, әдіскер оқытушылар сауаттандыру басталғалы өздерінің тәжірибелерін ортаға салып жүр. Мысалы, А. Байтұрсынұлының [2], Ж. Аймауытұлының [1], Т. Шонанұлының [11], Ғ.Бегалиевтің [3], Ф.Ш. Оразбаеваның [7], М. Фетисованың «Все правила русского языка для детей» [10], В.П. Канакинаның мен В.Г. Горецкийдің [4] еңбектерінен көреміз.

Бұл зерттеушілердің айтқанының ешқандай қатесі жоқ. Қандай жолмен болса да, баланың сауатын арттыруды көздейді.

Мектепте мұғалімдер бірінші кезекте ереже жаттау, ережені дәптерге жазу деген секілді тапсырмалар береді. Бірақ мұғалім балаға ереже жатта дегенмен, сондай-ақ бала ережені жаттағанмен, одан бала сауатты болып кеткен жоқ. Бұл, әрине, теория мен практиканың бірлігінің жоқ екенін көрсетеді. Баста теория болғанмен, оны қолдана алмайды. Ол үшін баланы кінәлауға да болмайды. Себебі баланың өзінің жас деңгейі оны қолдануға жетіңкіремейді деген сөз. Бірақ ережені оқып, жаттай отырып, 100 пайыз сауаттануды меңгермесе де, там-тұмдап болса да, бала миына игеруге тиіс білім туралы ақпараттар барып жатады. Мезгілі жеткенде, бала оны өз пайдасына жаратады.

Ең оптималды нұсқа 1-2 сыныптарда балаға латын графикасы негізінде жазылған мәтінді көшіртіп жаздырта беру керек. Диктант, шығарма, эссе демей, жай ғана көшіртіп жаздырта беру оқушыны көп жетістіктерге жеткізеді. Тіпті өз балаларымды оқытқанда бастауыш сынып мұғалімі үнемі бір жол жазу жазып беріп, үйде соны қайталап көшіріп келуді тапсыратын. Міне, бұл да баланың жазу дағдысын қалыптастырады деген ойдамыз.

Оқытатын кезде бала үшін қызықты болатын материал таңдап алыңыз. Соңғы шешімі де жағымды болсын. Жеңіл мәтіннен сатылап күрделілеу мәтінге ауысыңыздар. Міне, осыдан кейін бала жазуға еш қиналмайды. Екіншіден, сауатты жазады. Үшіншіден, ережелерді біледі, қолдана алады. Төртіншіден, БЖБ, ТЖБ-ларын емін-еркін тапсырып, дескрипторларды игере алады.

Латын графикасын игертуде сауатты оқу мен жазуды үйретуде, ең бірінші, оқушының танымдық деңгейін көтеру керек. Мұндай жағдайда жазу мен оқу тілмен және коммуникациямен , сонымен қатар дұрыс ойлай алумен тікелей байланысты. Танымдық деңгейін көтеру кезінде тілдегі әрбір айтылған және жазылған немесе мұғалім көрсеткен кез келген мәтінге оқытушының өзіндік көзқарасы болу керек. Сол көзқарас арқылы балаға мынау неге былай, анау неге олай өзгерді, мынау не себепті орфографиялық заңдылық бойынша жазылады, анау не себепті орфоэпиялық заңдылық бойынша жазылған деген сұрақтардың бәріне бірінші кезекте мұғалімнің өзінде жауап болу керек. Сонымен қатар жаңағы сұрақтардың жауабын үйрету мақсатында оқытушы жұмыс жасау керек. Шешімі шыққан кезде балалар нәтижеден бірдеңе үйрену қажет деп санаймыз. Жазу мен оқудың әлеуметтік аспектілерін, негізгі қызметтерін, шынайы өмірде қолдана алуды ескеру керек.

Бүгінде қазақ тіл білімінде жазу термині әліпби, графика, орфография, жазба тіл ұғымдарын түгел қамтитын кең мағынада жұмсалады.

Оқытушы «мұғалім мен оқушы», «ата-ана мен баласы», «бала мен бала» арасында сауатты оқып, жазу үлгілерін ұсынып, олардың жүзеге асуын қадағалап отыру керек. Себебі білім алу мен сауаттылық тек мұғалім тарапынан ғана орындалмайды. Ол үнемі үздіксіз жүріп отыратын процесс болуы керек деп санаймын. Өз тәжірибемде қолданып жүрген ойната жүріп ойлантатын бірнеше жұмыс түрлерін ұсынғым келеді.

Сөзбен ойнау арқылы оқу дағдысы қалыптасады. Қазіргі балалардың көбісі 4 жасынан бастап оқи бастайды. Ата-аналар осы кезде оқу дағдысын қалыптастыру үшін сәйкес атмосфера қалыптастыруы керек.

Бірінші әріптердің басын біріктіріп, оқуды үйренген соң, дағдыны бекітіп, оқу жылдамдығын арттыруға әрекет ету керек. Әрине, ең жақсы кеңес – көбірек оқу. Бірақ бес жасар бала кітаптан жалығып, шаршауы мүмкін. Балалардың жас ерекшелігін ескере отырып, біз бірнеше ойын түрін ұсынамыз. Бұл оқу техникасын жақсартып, оқуға деген қызығушылықты артырады.

«Жалт еткен сөздер» деген ойынды ойнау барысында оқушылардың барлығы түгел қатысады.

Бірнеше қағазға латын әліпбиімен жазылған бір буынды сөздерді балаға бір рет көрсетемін де, қайта жауып қоямын. Екінші рет қайт көрсетпеймін. Оқушым ол сөзді көріп, маған қайтара айтып береді. Әр балада есте сақтау қабілеті әртүрлі. Біреулері тез оқып, айтып бере алады. Енді бір оқушылар ойланады. Себебі оларың қабылдаулары да әртүрлі. Сондықтан қолына қалам мен қағаз беріп  қоямын. Көргенін алдымен, қағаз бетіне түсіріп алып, одан кейін оқып береді. Бұл баланың көру дағдысын қалыптастыруға үлкен көмек болады. Осы процесс баланы оқуға, әрі жазуға қалыптастырады.

Тәжірибемде бұл ойынды оқушылардың өздеріне ойнату да бар. Себебі оқушылар өздері басшылық жасап жүріп, әрі оқиды, есте сақтайды. Кейде өздері қалаған сөздерін жазып, жасырып та ойнайды. Ойын өте қызық. Себебі бала бірнәрсені табуға құштар. Немесе олардың бойында таппай қалды деген қуаныш сезім де болады. Бірақ қуана жүріп, қасындағы досын оқытып жатқанын өздері де сезбейді. Өзімнің мұғалімдік қызметімде әр уақытта жетекші, бақылаушы, үйретуші екенімді осылай сабақты ұйымдастыру кезінде үлкен жауапкершілікпен сезінемін.

Бұдан өзге мынадай ойын  түрлері де сауатты оқу мен жазуға үйрете алады.

Лото. Бірнеше кеспе қағаздарға аң, жан-жануарлардың, ойыншықтардың, өсімдіктердің аттарын екі нұсқа етіп жазасыз. Бір нұсқасын балаларға, бір нұсқасын өзіңіз алып қаласыз. Балаларға әр кеспені көрсетіп, онда не деп жазылып тұрғанын сұрайсыз.Балалар өз кеспелерінің ішінен сіздегі кеспемен бірдей сөзді тауып, оқиды. Келесі кезекте олар жасырады. Осылайша ойын жалғаса береді. Келесі жолы балалар бұндай ойынды өздері ізденіп, ұйымдастыратын болады. Қандай сөз жазу керектігін өздері шешеді.

Жаңылтпаштар. Баланың сөйлеу аппаратын дамытуға дамытуға жаңылтпаштар да көмектеседі. Бұл ойынды балалармен ұжымдасып ойнаған дұрыс. А4 форматындағы ақ қағазға жаңылпаштарды шығарып алып, әрқайсысын жеке-жеке қиып алу керек. Бірінші ойын басшысының өзі бір жаңылтпашты оқиды. Қалғандары қайталайды. Қайсысы жаңылтпашты дұрыс нұсқаға жақын айтатын болса, сол балаға қолындағы жаңылтпаш жазылған қиындыдан біреуін беріп, оны ойын басшысы етіп тағайындайды. Ол бала қолындағы жаңылтпашты оқиды, қалғандары қайталайды. Осылайша әр бала жеке-жеке әрі оқу, әрі жаттау процесінен өтеді. Бұл ойын өте қызықты өтеді. Себебі біріншіден, бәрінің де ойын басшысы болғысы келеді, екіншіден қолына ұстатқан қағаздан дайынды оқығанды кім жек көрсін. Десе де, қағаздан оқуға ұмтылған баланың оқу жаттығуынан өтіп жатқанын өзі де байқамай қалады.

Хат ойыны. Квест ойыны секілді бұл ойынды ойнау өте қызықты. Анасы баласына хат жазады. «Sálem, balam! Sen jýynýǵa barǵanda sabynsalǵyshtyǹ astynan qupıany tabasyǹ» дейді. Бала ол құпияны іздеуге кетеді. Сабынсалғыштың астынан «Sáttilik tileımin! Seniǹ izdegeniǹ matematıka oqýlygyǹnyǹ 15-betinde» Бала кітапты ашады. Онда осы жазбаны тауып алғаныңа өте қуаныштымын. Осылайша 10-15 хат жазасыз да, ол хаттарды оқыта отырып, оқу сауаттылығын қалыптастырасыз. Ал келесі кезекте бала өзінің қалауын дәл осындай ретпен анасына хат жазу арқылы білдіретін болсын. Және ол хаты қатесіз болсын. Сонда ғана баласының қалауын анасы орындайды. Осылайша оқу және жазу сауаттылығын арттыруға болады. Бұл ойынды орыс әдіскерлері Елена Афанасова Н.Зайцев әдісі бойынша пайдаланған [8].

Кейде мынадай хат ойынын ойнаса да болады. Бала анасына кез келген тақырыпта хат жазады. Ол сабаққа көмектесу, театрға бару үшін сұрану, қажет затын сатып алып беру туралы өтініш, туыстарға қыдырып бару секілді болуы мүмкін. Анасы оны алып оқиды, баласының қатесі болса, түзейді де, жауабын жазып жібереді. Бала хатты ашып оқиды, өз қатесін көреді. Анасына қайта жауап жазғанда, алдыңғы қате болған сөзді анасы түзеген дұрыс нұсқасын пайдалана отырып, қайта хат жазады. Осылайша оқу және жазу сауаттырылығын арттыруға болады.

Өзара қатынас дәптері. Бұл дәптерді оқу балаңыз үшін өте қызық. Сіздің балаңыздан сұрайтын нәрсеңіз бар шығар. Ойыншықтарды шашпау, ыдыс-аяқты жуып қою, бөлменің шаңын сүртіп, гүлге су құю т.б. Ал балаңыздың да сізге берер тапсырмалары болуы мүмкін ғой. Екеуі екі бетке жазғаны дұрыс. Егер бір-бірінің өтініштері орындалса, жанына + белгісін қою керек. Ең басты шарт – қатесіз жазу.

Мен туралы кітап. Бұл кітапта менің демалысым, менің сабағым, менің көмегім, менің жанұям, мен оқып жатқан кітап, менің күнделікті ас рационым, менің үзілісім, менің мұғалімім деген секілді тараушаларға бөліп тастап, баланың өзіне жаздырту керек. Смарт технологияны (телефон, планшет) пайдалана отырып, өзі туралы кітаптың электронды нұсқасын жасап шығуға болады. Бала жазу және оны қайта оқу арқылы дағды қалыптастырады. Бірақ мұндағы мәселе жай ғана жазу мен оқу емес, сауатты жазып, сауатты оқуға дағдылану болатын. Әрине, мұндағы оқу баланың өз бетінше жүргенімен ата-анаға жазғанын қадағалап, тексеріп отыруға болады.

Менің кітабым. Балаңызға «Araılymnyǹ basynan keshkenderi» атты сыртына арнайы жаздыртқан кітап сыйлаңыз. Балаңыз күнделікті осы кітапшаны толтырып жүрсін. Өз суретіне де орын қалдырсын. Міне сонда ғана оқу, шығармашылық, жазу барлығы бір арнаға тоғысады.

Өлең жазылған плакаттар. Қазір постерлерді қабырғаға іліп қою ұят емес. Қабырғаға өлең жазылған постер ілінеді. Оны мұғалім дауыстап, мәнерлеп оқиды. Бұл оқу – эхо-оқу (жаңғырық) деп аталады. Эхо-оқуда мұғалім дауыстап, мәнерлеп оқиды да, оқушы оның артынан ілесе оқиды. Мұғалім оқығанда бала оны ішінен оқып отырады. Бұл оқушы үшін өте пайдалы сәт. Н.Зайцев «Чтобы при чтении вслух не попасть впросак, надо научиться глазами заглядывать на несколько слов вперед, видеть знаки препинания, не просто прочитывать слово, а с выражением. «Когда перенимать с умом», – читает учитель. «Когда перенимать с умом», – тут же вторят дети, глядя на плакат. – «Тогда не чудо» («Тогда не чудо», – вторят дети) «и пользу от того сыскать» («и пользу от того сыскать»); «а без ума перенимать» («а без ума перенимать»), «и Боже сохрани» («и Боже сохрани»), «как худо!» («как худо!»). «Я приведу пример тому» («Я приведу пример тому») «из дальних стран» («из дальних стран»). «Кто обезьян видал» («Кто обезьян видал»), «те знают» («те знают»), «как жадно» («как жадно») «всё» («всё») «они перенимают» («они перенимают»)» [8].

Эхо-оқу оқуды игеру үшін ғана емес, шет тілдерін үйренушілер үшін де өте қажет тәсіл. 5-6 рет қайталап оқығанда ғана бала мәтінді жатқа жаттап алады. Осылайша үлкендерше оқуға қадам басады. Сезіммен, мәнерлеп оқуға үйренеді. Әдетте, бала мұғалім қалай оқыса, солай оқуға тырысады. Бала үшін мұғалімнің айтқаны, оқы дегені, қалай жазғанына дейін заң. Мұғалім – бала үшін идеал. Оқу және жазу дағдысын меңгеру – сауаттылық деп аталады. Сауаттылық сөзінің тікелей және жанама синонимдері өте көп: құзіреттілік, білімділік, біліктілік. Егер сауаттылық деген ұғымға осынша сөз қызмет ететін болса, бұған тағы қосымша функционалдылық дегенді не үшін қосамыз? Функционалды сауаттылық туралы неге соңғы кездері өте көп айтылып, жазылып жүр?

Психология ғылымдарының докторы, академик А.А. Леонтьевтің анықтамасына сүйенсек, «Функциональная грамотность способность человека свободно использовать навыки и умения чтения и письма для получения информации из текста, то есть для его понимания, компрессии, трансформации и т.д. (чтение) и для передачи такой информации в реальном общении (письмо)» [9]. Осы тұрғыдан алғанда, жай ғана жазу мен оқуда мәтіндегі негізгі ойды көре алмайды. Керек жерін ала алмайды, мәтінді қысқарта алмайды, негізгі ойды тани алмайды. Сол себепті функционалды сауаттылық деген сөздің тамыры жай ғана сауаттылықтан әлдеқайда тереңірек.

Міне осы тұрғыдан келгенде бүгінгі білім беру жүйесінің жаңартылған білім деп аталуының өзі баланы функционалды сауатты етіп шығаруға септігін тигізеді. Кейде біздің ойымызша, ғылымның негізгі теориялық алғышарттарын оқымай, балаларымыз білімсіз болып қалатын сияқты көрінеді. Бірақ қазіргі ғылым негізгі бастапқы білімді бере отырып, оны күнделікті өмірге пайдалануды көздейді.

Баланың функционалды сауатты болуын қадағалау үшін кез келген мәтіннен деректі, мәтін ішіндегі ойды, концептуалды негізгі идеяны тани білуі керек.

Қорытындылай келгенде, кез келген білім-білік түрі дағдылану нәтижесінде пайда болады. Ендеше сауатты оқу мен жазу жолдарын біз де өз тәжірибемізбен бөлістік. Дағдыны жүйелі қалыптастырған шақта ғана нәтижеге қол жеткізе аламыз.

Пайдаланылған әдебиеттер:
Аймауытов Ж. Таңдамалы шығармалар жинағы. Алматы, 1998. -302 б.

  • Байтұрсынұлы А. Ақ жол. Алматы: Жалын, 1991. – 464 б.
  • Бегалиев Ғ. Бастауыш мекте қазақ тілі методикасының кейбір мәселелері. Алматы, 1956.-124 б.
  • Канакина В.П., Горецкий В.Г. Русский язык. Учебник, М., 2017 г.
  • Күдеринова Қ. Қазақ жазуының теориялық негіздері. Алматы: «Мемлекеттік тілді дамыту орталығы», – 380 б.
  • Қозыбаев М., Нұрпейіс К., Жүкешев Қ. Қазақстан тарихы. Алматы, – Мектеп, — 2009. – 239 б.
  • Оразбаева Ф.Ш. Тілдік қатынас: теориясы мен әдістемесі. Алматы, 2000. -207 б.
    8 www.metodikinz.ru/post/?page=.prof.afanasevd
    Педагогика здравого смысла/ под ред. … Леонтьев А.Д. Психология смысла. М.: Смысл … Местергази Е.Г. Литература нон-фикшн/non-fiction: Экспериментальная энциклопедия. … Педагогическое общество России. М., 1999. 39.
    Фетисова М. Все правила русского языка для детей. М., Астрель, — 2015.
    Шонанов Т. Емле мен оқу. Қазақ әдебиеті мен қазақ тілі журналы, 1995. № 9

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.