Home » Мақалалар »  Қашықтан оқуда химия сабағын қалай өткізуге болады

 Қашықтан оқуда химия сабағын қалай өткізуге болады

  • Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы,Ақшұқыр мектеп-лицейі   химия пінінің мұғалімі Жангакбаева Кулаш Турсыналіқызы

 Қашықтан оқуда химия сабағын қалай өткізуге болады

   Заман, уақыт талабы әрдайым өзгеріп отырады және ол адамнан жаңа жағдайға тез бейімделіп, мінез-құлқын, ұстанымын, ақыл-ойын жаңа жағдайға сай өзгертуді қажет етеді. Соңғы жылдарда елімізде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, осы бағытта көптеген жұмыстар атқарылуда. Бағдарлама жалпы білім беретін мектептерді де сырт айналып өткен жоқ. Мектепте де цифрлы технология уақыт өткен сайын кең еніп келеді. Оған мұғалімдер де, оқушылар да бейімделіп, замана технологиясын бір кісідей меңгеріп жатыр.

Биылғы жылдың наурыз айының ортасында елімізде төтеннен келген қатерлі жұқпалы дерт – короновирустың алдын алуға байланысты төтенше жағдай енгізілді. Осыған байланысты барлық жалпы орта білім беретін мектептер түгелдей қашықтан оқуға көшті. Қашықтан оқу деген біздер, мектеп мұғалімдері үшін бұрын қолданбаған соны тәсіл еді. Осыған орай, алғашқы кезде оған күмәнмен қараушылар да болды. Бірақ та, қазақ «көз – қорқақ, қол – батыр» демей ме, қашықтан оқуға көшкен кезден кейін мұғалімдер бар күш-қуаттары мен білім-біліктерін жұмсап, жаңа жағдайда шәкіртеріне сапалы білім беруге белсене кірісті. Әрине, қиындықтар мен кедергілер болмай қалған жоқ. Десе де, жаңа тәсілге көшуге ұстаздар да, оқушылар да біршама дайын болып шықты. Бұл арада ең бастысы – мұғалімдер мен оқушылардың компьютермен, интернетпен жұмыс істеудегі білім-біліктіліктерінің болуы ғой.

  Қашықтан оқуды жүзеге асыруда мұғалімге жүктелер міндет пен жауапкершілік жүгі өте ауыр. Ол ең алдымен, оқу бағдарламасының құрылымын дайындап, оны қашықтан білім беру жүйесімен астастырып бейімдейді, оқу үдерісінің барысын қадағалап, тапсырмаларды орындау барысында өз бетімен бақылау-пысықтау жұмыстарын орындау жөнінде ұсыныстар жасайды. Қашықтықтан оқыту тәсілі бойынша жұмыс істейтін мұғалім оқытудың жаңа технологиясын, оқытудың компьютерлі және тораптық жүйелерін жетік біліп, олармен іс жүргізе білуді орындауы шарт. Қашықтан оқыту тәсілімен оқытатын мұғалімдерге бірнеше негізгі талаптар қойылады, атап айтқанда:

-Мұғалім компьютермен жоғары дәрежеде сауатты жұмыс істей білуі қажет.

-Қашықтықтан оқытудағы мақсаттары мен міндеттері, оның алдағы уақытта ақпараттық технология және коммуникация құралдарының негізінде одан әрі дамуы туралы білуі қажет.

-Оқытудың телекоммуникациялық құралдарын қолдану ісіне дағдылануын қалыптастыру, атап айтқанда: тұтынушылар арасында ақпараттар алмастыру және ақпараттық жүйелердегі ресурстарды пайдалануға дағдылануын қалыптастыруы қажет.

-Жинақталған түрде оқу бағдарламасын құрайтын белгілі бір тәртіптегі модульдік курстардың әдістемелерін баяндап, сабақтарды қашықтан  өткізуді ұйымдастыра білуі қажет.

-Оқу үрдісін қашықтықтан оқыту шеңберінде жүргізу ісіне жан-жақты даярлау, қашықтықтан оқыту жүйесі бойынша сабақ өткізу үрдісінде үйлестіруші болуы керек.

Осындай биік талаптар деңгейінен көріну мұғалімге оңай тимейтіні анық. Осыған орай, енді мұғалім тек өз пәнін жетік білетін маман ғана болып қоймай, заманауи ақпараттық технологияны да жете меңгерген және оны өз жұмысында тиімді пайдалана алатын жан болуы шарт.

Ұстаздың міндеті – шәкіртіне сапалы білім, саналы тәрбие беру. Осы ең басты міндетін мұғалім қандай жағдайда да, өмірде кездесіп қалатын түрлі қиындықтар мен кедергілерге қарамастан, орындауы  тиіс. Сонда ғана мұғалімді ҰСТАЗ деп аталатын ұлағатты есімге лайықты деп айтып жатамыз.

Мен химия пәнінің мұғалімімін. Әр пәннің өзіндік қиындығы бар десек те, химия біршама қиын, күрделі пән, сондықтан сабақ түсіндіргенде үнемі көрнекі құралдарды көбірек пайдалануға тырысамын және тәжірибе сабақтарын да жиі өткіземін. Бұның балалардың сабақты жақсы қабылдап, оқу бағдарламасын ойдағыдай меңгеруіне тигізер игі ықпалы мол. Ал қашықтан оқуға көшу сабақта көрнекі құралдарды барынша көп пайдалануға мүмкіндік берді. PowerPoint бағдарламасын пайдаланып, слайдсабақтар дайындаймын. Онда суреттер мен, жазбалар, кескіндемелерді пайдаланып, жаңа сабақты видеоға түсіріп, оқушыларыма жіберемін. Онда үй тапсырмалары да қамтылады. Мәслен, 9 сыныпта өткізген «Газ тектес заттардың молекуллалық формуласын есептеу» тақырыбы бойынша өткен сабағымда слайд түрінде формула арқылы есептеу тәсілдерін кескіндемемен көрсетіп бердім. Бейнесабақта химиялық формулалар арқылы есептеу тәсілдері түгел айтылып, көрсетіліп отырылады. Бейнесабақтың артықшылығы сонда, оқушы оны қалаған уақытында қарап және түсінбеген жерлерін қайталап көруіне мүмкіндігі бар. Бейнесабақта үй тапсырмалары да қамтылған.

8 сынып оқушыларымен өткізген «Тұздар» тақырыбындағы сабағымда түрлі түсті суреттер мен кескіндемелерді көп пайдаландым. Слайд арқылы кескіндемелерді пайдалана отырып түсіндірілген сабақ есте қаларлықтай болып шықты. Сабақ соңында үй тапсырмасы түсіндіріліп, тұздарға қатысты химиялық есептер берілді. Және де соған ұқсас есептерді шығарып көрсеттім.

Өзім дайындаған бірқатар бейнесабақтарымды Ютубканалға салып қойдым. Оны қажет еткен оқушылар да, өзге әріптестерім де кез-келген сәтте қарай алады. Жалпы алғанда, қашықтан оқудың өзіне тән қиындықтарымен қоса, көптеген артықшылықтары да бар. Қашықтан оқуға көшкен бір айдан астам уақыт ішінде мұғалімдер де, оқушылар да жаңа тәсілді жақсы меңгеріп, оның артықшылық жақтарын тиімді пайдалана бастады.

Күләш Жаңғақбаева
Ақшұқыр мектеп -лицейінің химия пәнінің мұғалімі.

 

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.