Home » Жаңалықтар » Ұлттық қолөнерді сіңіру әдістемеден басталады

Ұлттық қолөнерді сіңіру әдістемеден басталады

Сәуірдің 11-12 күндері елордамыз Астана қаласындағы Ұлттық музейде «Оқу-тәрбие үрдісінде білім алушылардың бойында ұлттық құндылықтарды қалыптастыру» атты халықаралық этнофорум өтті. Этнофорумға түркі тектес мемлекеттер – Түркия, Әзірбайжан, Якутия, Қырғызстан, Өзбекстан және Қарақалпақ Республикасының қолөнер шеберлері келді.  Халықаралық іс-шараға қолөнер шеберлері, кәсіби сәнгерлер, мәдениет қызметкерлері, білім беру ұйымдарының педагогтері мен еңбек сабағының мұғалімдері қатысты. Олар екі күн бойы қазіргі кезде ұмыт болып бара жатқан ұлттық ойындар, қолөнер туындылары мен оны жасауда табиғатына қарай ұлдар мен қыздарды бөліп оқытуды қарастырып, сызу сабағын мектеп оқуына қайтару мәселесін жан-жақты ойласып, пікір алмасты. Соның ішінде ең маңыздысы қолөнер мен ұлттық кәсіп, ұлттық ойындарымыздың ұрпаққа беретін құндылығы – білімі, тәлім-тәрбиесінің әдістемесін жасап, оны  балабақша, мектеп бағдарламасына енгізіп ұлт санасында қайта жаңғырту. Бұл осы этнофорумды ұйымдастырып отырған Қазақстан Этнодизайнерлер одағы  мен Астана қаласының Әдістемелік орталығының басты мақсаты.


Форумның бірінші күні арнайы шақырылған қонақтар мен жақын шетелден келген туыстас қолөнершілер ақпарат тасқынының тасасында қалған жастар өзге өмір салтына бейімделіп ұлттықтан ажырап қалғанын айтты. Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев, Астана қалалақ Ұлттық музей директорының орынбасары Ибраева Ақмарал,   қырғыз елінен келген шебер Сайнидинов Мақсат, «Жайхун» Қарақалпақ этномәдени бірлестігінің төрайымы Салиева Тазабике, Қазақстан Этнодизайнерлер одағының төрайымы Салтанат Жаппарова, жыршы-термеші Майра Ілиясова, қолөнер шебері Ырза Тұрсынзада  этнодизайнерлер, қолөнершілер, әдіскерлер мен мұғалімдердің тұңғыш рет бірлесе өткізіп отырған форумына ақ жол тіледі.

  
Ұлттық көйлек киіп үлбіреген қыздар сахна төрінде ұршық иіріп, жіп шүйкелеп, тоқыма тоқып елдің назарын өздеріне аудартты. Қимылдары нәзік, отырған отырыстарының өзі әдемілікке тұнып тұрды. Бұлар Астана қаласының №93, 50, 73, Бином мектебінің шәкірттері еді. Қыздарға арналған «Зерек» ұлттық асық ойынын көрсеткен қыздардың қимылы ширақ, епті. Әр мектептен жиналған жасөспірім ұлдар қамшы өру өнері бойынша сайысқа түсті. Қамшы өруді өнер дейтін себебіміз, оның өруі асқан ептілік пен икемді талап етеді. «Елорда билер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің бас биі Ералы Әнуарбек Қайкенұлы,  «Қамшы қолдану мақсатына қарай әртүрлі болады. Дойыр қамшы, бишік қамшының ұзындығы 5-8 метр болады. Ұзын болу себебі, жаугершілік заманда сарбаздар қамшыны қару ретінде қолданған. Қамшыны аттың тұяғына, не ат үстіндегі адамға сілтегенде көздегенін орап құлатқан. Үйдің қасиетін ұстап тұруға арналған қамшы болады.  Және, қамшыны әдебімен ұстау керек. Мысалы, тұяғы бар қамшы, үйге ие болып қалатын ұлым бар деген мағына береді. Үйдің төріне қамшыны бүктеп іліп қойу үйдің иесі ер адам бар деген сөз. Ал, қамшыны жинамай кірген адам үй иесімен дауласуға, бүктеп кірсе дос пейілмен келіп тұрмын деген ниетін білдіреді. Өскелең жас ұрпаққа біз қазақтың ұлттық қасиеттерін ұлттық ойындар арқылы сіңіруіміз керек» дейді. Жетекшісі Дінмұхаммед Биғабылдың айтуы бойынша, қамшы өру ұл балаға мінез тұрақтылығы мен қаттылығын, басалқы мінез дарытып қалыптастырады. Істеген ісін тиянақты бітіруге бейімдейді дейді. Ал, Асық ату спорт федерациясының төрағасы, Астана қалалық Асық ату спортының аға жаттықтырушысы Рақметов Ескендір Серікұлы, асық ату ұлттық спортынан мектеп пен колледжге  маман тәрбиелеп жүр екен. Ол, «Асық атуды түбі балабақшаларға да енгіземін. Қазақтың асық ойынын бала үш жастан бастап үйреніп ойнай береді. Бұл ұлттық ойын баланың бітімін шымыр етіп, ойлау қабілетін шыңдап, қырағы, ептіліке баулиды. Кезінде орыс патшасы қазақ халқының қай-қайсысы болсын шымыр,епті, әбжіл ыңғай әскери дайындықпен жүреді деп таңқалып зерттеген. Сөйтсе, қазақтар ес білгеннен асық атуды үйрену арқылы мергендік үйренсе, он жастан асқаннан кейін  садақ тартып хас мергеннің өзі  болып шығады. Ал, атқа қонуды үйреніп нағыз жауынгер халыққа айналған. Қазақтың өмір салтындағы спорттық өнер дағдыларының маңызын білген орыс патшасы қазаққа осы өнерлерін ұмыттырып, санадан жоғалтып жіберіңдер деп тапсырма берген екен. Біздің осы күні ұлттық спорт ойындарымызға теріс көзқарастың қалыптасуына осындай саясат кері әсер еткен. Енді, ұлттық болмысымызды бала жастан қалыптастыратын уақыт келді», дейді Ескендір Серікұлы.


Форумның екінші күні Астана қаласының Әдістемелік орталығының қолдауымен Көркем еңбек пәні мұғалімдер Ассоциациясы «Көркем еңбек және сызу сабақтарының мәселелері мен шешімдері» деген Дөңгелек үстел өткізді. №73 мектептен келген көркем еңбек пәнінің мұғалімі Мунира Рақымжанова, «Қазір мектеп оқушылары геометрияның сызбаларын сыза алмайды. Призманы, оның ішіне шеңбер сызуды білмейді. Екі квадратты қосуды, табанынан шеңберді қалай сызуды білмейді. Біз оқушыларға қастандық жасап отырмыз», деді ол ішкі ренішін жасыра алмай. «Дөңгелек үстел» басында отырған мұғалімдер сызу пәнін мектеп бағдарламасына қайтаруды бірауыздан қолдады. Мектеп бағдарламасына сызу пәнін қайта енгізбесе келешекте қазақтардан архитектор шықпайды деді жиналғандар. Себебі, сызу пәні – математика, геометрия, физика, химия, астрономияда, инженерлік салада аса керек білім саласы.

«Бүгінде ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен ұлттық өнерімізді жинап, олардың әдістемелігін жасап мектеп бағдарламасына енгізу кезек күттірмейтін мәселе. Мысалы, қазақта байлаудың түрі көп. Ат байлау әдісі, суға кеткен адамды құтқару үшін арқанды байлау әдісі. Байлаудың түрлерін үйрену ер балалар үшін маңызды. Соның бірі ат байлаудың қыпшақ байлау түрін американың Техас штатында кобвойлар үйреніп алып қолданып жүр екен. Күрмеу байлауын да үйреніп алып оны өз саласында қолданып жүрген көрінеді», деді Астана қаласының №82 «Дарын» мамандандырылған лицейінің педагог-шебері Роза Алимсаева.

Форум соңында Қазақстан этнодизайнерлер одағының төрайымы Салтанат Жаппарова ата-бабамыздан келе жатқан қолөнерді көркем еңбек пәнінде ұл мен қызға бөлініп оқыту мәселесін көтерді. «Бұл мәселеде психолог, дәрігер, ата-ана қатысуы керек еді. Себебі, ата-аналар тарапынан еңбек сабақтарына қатысты «неге менің балам тігін тігеді, неге ас пісіреді, немесе қызым неге ағаш аралайды» деген реніш болып жатады екен. Қолөнерде ер балаға тән өнерді үйренген қыз баланың бойында қандай ерекшеліктер пайда болады. Ал, қызға тән қолөнермен айналысқан ер бала бойында қызтекелік пайда болуы мүмкін. Қазақ халқы – рухани мәдениетке сүйенген халық. Рухты елміз. Қыз бала мен ұл баланың айналысатын еңбегін мектептен  үйретуіміз керек. Қазір ұл мен қыз еңбек пәні бөлінбеген. Біз оқушының санасына «сен ұл да бола бересің, қыз да бола бересің» деген сана қалыптастырып жатырмыз. Дәл қазір осы мәселе еңбек пәні мұғалімдерінің көкейтесті жанайқайы болып тұр. Осы тұрғыда мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның үкімет отырысында бұл мәселені көтереміз деген ниетіне сай Қазақстан Этнодизайнерлер одағы атынан үкіметке хат жолдадым», деді, ол.

Осылайша, жүздеген ғасыр бойы атадан балаға мұра болып келе жатқан ұлттық асыл құндылықтарымызды ендігі жерде келер ұрпаққа жеткізу уақыттың өзі біздің ұрпаққа артып отырған қасиетті аманат екенін жиналған жұртшылықтың лебізінен аңғардық.
Астана қаласы
«Bilim ainasy»,
Зүбәйра Тілегенқызы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.