Home » Мақалалар » Оқушының білім сапасын критериалды бағалау жүйесі арқылы жетілдіру

Оқушының білім сапасын критериалды бағалау жүйесі арқылы жетілдіру

Жамбыл облысы, Тараз қаласы
«ӨРЛЕУ» БАҰО» АҚ ФИЛИАЛЫ
ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША
ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ
БІЛІКТІЛІГІН АРТТЫРУ ИНСТИТУТЫ,
«ББПППС» кафедрасының аға оқытушысы
Колбаева Жулдыз Агадиловна

 Қазіргі кездегі шапшаң жүріп жатқан жаһандану үрдісі әлемдік бәсекелестікті күшейте түсуде. Осыған сәйкес бүгінгі таңда Қазақстанда білім берудің деңгейі мен сапасына жаңа талаптар қойылып отыр. Қазіргі үдемелі, индустриялы, жаһандану заманында білім беру жүйесінің мақсат-міндеттері, мазмұны және жас ұрпаққа білім беру мен тәрбиелеудің мазмұны түбегейлі өзгерді. Қазақстан Республикасында соңғы жылдары білім беру саласындағы жүргізіліп жатқан реформалар еліміздегі білім беру сапасының әлемдік деңгейге сәйкес келуін қамтамасыз ету, сол арқылы әлемдік сұранысқа жауап бере алатын мамандарды даярлау және бәсекеге қабілетті білім беру болып табылады. Сапалы білім беру – оқыту мен тәрбиелеудің үздіксіз үдерісі. Қазіргі кезде білім берудегі мақсат —  жан-жақты білімді, өмір сүруге бейім, өзіндік ой-талғамы бар, адамгершілігі жоғары, қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру. Бұрын оқытуда оқушылар тек қана тыңдаушы, орындаушы болып келсе, ал қазіргі оқушы өздігінен білім іздейтін жеке тұлға екендігіне ерекше мән беруіміз керек. Бүгінгі білім беруде оқушыны білімділік, іскерлік, шығармашылық әдістерге баулудың жолдарын іздестіре отырып, мұғалім-шәкірт арасында рухани және сезім бірлестігін айқындайды.

Бүгінгі білім беру жүйесінің ерекшелігі — білім алушының қандай да бір іс-әрекетке құзіреттілігін дамыту болып табылады. Ұлы педагог Ы.Алтынсарин: «Оқытушыны бағалағанда олардың іске қатысы жоқ сөздеріне қарап емес, олардың егістерінің бетіне шыққан жемістеріне, яғни оқушыларына қарай бағалау керек», — деп айтқандай, оқушы жетістігін нақты бағалау мәселесі — білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелердің бірі. Оқушылардың білім нәтижелерін бағалау оқыту үдерісінің маңызды бөлігі болып табылады, оқыту үдерісін басқарудың түйінді кілті бағалауда деп те айтуға болады.  Көптеген жылдар бойы оқушы жетістігі басқа оқушымен салыстырмалы түрде бағаланып келді. «Бағалау» термині латын тіліндегі «жақын отыру» деген мағынаны білдіреді. Бағалау дегеніміз керекті мәліметтер жинап, сол мәліметтер арқылы оқушының жетістігін бағалап, оқу бағдарламасының құрамдас бөліктерін бағыттау үшін қолданылатын әдіс.

Кез-келген дәстүрлі сабақтардағы бағалау – оқушы өтілген тақырыпты өзі түсінгені бойынша айтып береді немесе демонстрациялайды. Ал ХХІ-ғасыр мектебіндегі бағалау мақсаты кең көлемді және әртүрлі болып келеді, нәтижесінде оқу сапасы артады. Сыныптағы бағалау тек қана техникалық тәсіл емес. Мұғалімдер жазбаша немесе ауызша түрде баға қою арқылы бағалайды. Өз кезегінде, білім беру сапасын жоғарылату оқушылар жетістіктерін бағалаудың нақты критерийлерін жасауды талап етеді. Бағалаудағы ерекше амал критерий арқылы бағалау болып табылады. Критериалды бағалау — бұл білім берудің мақсаты мен мазмұнына негізделген оқушының оқу-танымдық құзырлығын қалыптастыруда алдын-ала белгіленген жетістіктермен салыстыру үрдісі, яғни белгілі бір критерийлер арқылы бағалау болып табылады, олар:

– оқушы қажеттілігін бағалау– оқушылардың жеке және бірлесіп жұмыс жасауын марапаттау– оқу барысын бақылау;

– қаншалықты түсінгенін тексеру және тақырып мазмұнын қаншалықты мағыналы түсінгеніне қарай марапаттау (тек теориялық түрде ғана түсінгені жеткіліксіз);

– түсінгенін демонстрациялау (түсінгенін практикада қолдана білу);

– оқушылардың оқу жетістігінің нәтижесін көру, білім деңгейін анықтай алу, пәнге деген ынтасын, күш-жігерін қалыптастыру, өзіне деген сенімділігін арттыру.

Бағалау әдістері:

– оқу тапсырмалары арқылы бағалау (пікірталастар, күнделіктер, оқытуды дамыту үшін қолданылатын барлық материалдар);

– топта, жұпта, сыныпта талқылау;– өзін-өзі және бірін-бірі бағалау;

– оқушы портфолиосы (оқушы жинаған бағалар, марапаттар, жетістіктер т.б.)

Оқушы жетістіктерін критериалды бағалау жүйесі төменде қарастырылған міндеттерді шешеді:

  • Әрбір оқушының сабақ үдерісіндегі әр кезеңіндегі дайындық деңгейін анықтау;
  • Білімді меңгерудің жыл аяғындағы ғана емес, күнделікті білім алудың даму динамикасын айқындауы;
  • Оқушының сабаққа қызығушылығын, белсенділігін арттыруы. Бағаға қарсы теріс көзқарастың болмауы;
  • Оқушы білімінің жүйеленуі, тереңдеуі, есте сақтауы. Оқушыны табандылық пен шыдамдылыққа тәрбиелеуі;
  • Білім алу барысындағы қиындықты, қателікті, олқылықтарын және оның себептерін дер кезінде анықтауы;
  • Оқушының білім алу үдерісін қадағалап, дәл және жедел түрде сапалы білім алғаны жөнінде кері байланыс ақпаратын алуы;
  • Оқушының барлық жұмыс түрлерін бағалауы (өзіндік жұмыс, ағымдағы бағалау, қорытынды бақылау, тренинг, үй жұмысы, шығармашылық т.б);
  • Оқушының білімін ағымдық және қорытыныды бағалау;
  • Баға сапасын арттыру.

Критериалды бағалау жүйесі оқушының белсенділігін арттыруды, оқу үдерісінде жарыса, бәсекелесе білім алуға қол жеткізеді.

Тәжірибелік маңыздылығы:

— оқушының жұмысы бағаланады;

— оқушы жұмысы алдын — ала белгілі критерийлер бойынша бағаланады;

— бағалау критерийлері нақты оқыту мақсаттарын айқындайды, сондықтан оқушыларға баға оқып- зерделенген материал бойынша ғана қойылады.

— өзінің оқу жетістіктерінің деңгейін анықтау үшін және ата-аналарына осы ақпараттарды жеткізу үшін оқушыға нақты бағалау алгоритмі белгілі.

— оқушының оқуға және өзін-өзі бағалауға ынтасы артады.

Критериалды бағалау

Мұғалімдерге:

  1. Сапалы нәтиже алуға бағытталған критерийлер әзірлеуге;
  2. Өзінің іс-әрекетін жоспарлауға және талдауға жедел түрде ақпарат алуға;
  3. Білім беру сапасын арттыруға;
  4. Оқытудың сапасын жақсартуға;
  5. Әр оқушының жеке ерекшеліктері мен қабілеттерін ескере отырып, жеке оқыту траекториясын құруға;
  6. Бағалаудың түрлі тәсілдері мен құралдарын қолдануға;
  7. Оқу бағдарламасын жетілдіруге ұсыныстар енгізуге мүмкіндік береді.

Оқушыларға:

  1. Өзінің түсінігі мен қабілетін көрсету үшін оқытудың түрлі стильдерін және ойлау әрекетінің типтерін қолдануға;
  2. Өз нәтижелерін болжау арқылы табысқа жету үшін бағалау критерийлерін білуге және түсінуге;
  3. Өзінің және өз құрдастарының жетістіктерін бағалап, рефлексияға қатысуға;
  4. Шынайы міндеттерді шешу үшін өз білімдерін қолдануға, түрлі көзқарастарды білдіруге, сын тұрғысынан ойлауға мүмкіндік береді.

Ата-аналарға:

  1. Өз баласының оқытылу деңгейі туралы объективті дәлелдер алуға;
  2. Баланың оқудағы прогресін қадағалауға;
  3. Оқу үдерісінде оқушыға қолдау көрсетуге;
  4. Мектеп әкімшілігімен, мұғалімдермен кері байланыс орнатуға;
  5. Баласының мектепте және сыныпта жайлы сезінуіне сенімді болуына мүмкіндік береді.
    Критериалдық бағалау жүйесінің қызметі:
  • балаға оқытудың әр сатысындағы дайындық (меңгеру) деңгейін анықтауға мүмкіндік береді.
  • көп балды шкаланы пайдалануда үлкен саралау мүмкіндігімен ерекшеленеді және мұғалімге бағаның кейбір айырмашылығын көрсетуге мүмкіндік береді;
  • оқушының тек оқу жылындағы ғана емес сонымен қатар оқу барысы кезіндегі білімді қабылдауының объективті динамикасын алуға мүмкіндік береді;
  • ағымдағы және қорытынды бағалар қоры арқылы оқушы еңбегінің нәтижесін көрсетуге болады;
  • білімді бағалаудың объективтілігін жоғарылатуға мүмкіндік береді;
  • оқушының әртүрлі жұмысты орындағаны үшін алған бағаларының мәнін түсініп, жіберген қателіктерін анықтап, қатемен жұмыс жасауға мүмкіндік береді;
  • ата-ана — мектеп — оқушы арасындағы байланысты нығайта түседі.

Тәуелсіз ел тірегі – білімді ұрпақ десек, жаңа дәуірдің күн тәртібінде тұрған негізгі және басты мәселе – білім беру, ғылымды дамыту. Өркениет біткеннің өзегі, ғылым, тәрбие екендігіне ешкімнің таласы жоқ. Осы орайда білім ордасы – мектеп, ал мектептің жаны – мұғалімдердің ең басты міндеті — өз ұлтының тарихын, мәдениетін, тілін қастерлей білетін және оны жалпы адамзаттық деңгейдегі рухани құндылықтарға ұштастыра білетін тұлға тәрбиелеу болып табылады. Егеменді еліміздің ең басты мақсаты өркениетті елдер қатарына көтерілу болса, ал өркениетке жетуде жан-жақты дамыған, рухани бай тұлғаның алатын орны ерекше болып отыр. Қазіргі білім берудің басты мақсаты да сол жан-жақты дамыған, рухани бай жеке тұлға қалыптастыру болып табылады. Оқушы тұлға болып қалыптасуы үшін оның бойында түрлі жағдаяттағы проблеманы анықтауға, өзіндік тұжырым жасай білуге, өзіндік бағалауға, сыни ақпараттарды өз бетімен табуға, талдауға, логикалық операцияларды қолдана отырып дәлелдеуге, жалпы алғанда жеке адамның құзыреттіліктері қалыптасуы қажет.

Қорыта айтқанда, критериалды бағалау жүйесін қолдану арқылы біз оқушының тұлғалық бағытын белсенді позицияға бағыттаймыз, тұлғаны өзіндік жауапкершілікке, тұлғалы нәтижеге, бағытқа жеткіземіз, білім алушылардың дайындық деңгейі мен өсу динамикасын кез келген кезеңде анықтаймыз, әртүрлі жұмыстардан алған бағаларды дифференциалдауға қол жеткіземіз. Бүгінгі оқушының білім сапасын критериалды бағалау жүйесі арқылы жетілдіруге болатынына күнделікті оқу үдерісінде қолдануымыздан көз жеткізуге болады.

Пайдаланған әдебиеттер:

  • Айтмамбетова Б.Р, Бейсенбаева А.А. Бағалау ерекшеліктері. — Алматы: КазПИ,1991.
  • А.К.Мыңбаева, З.М.Садвакасова «Оқытудың инновациялық әдістері», Алматы, 2010 жыл.
  • Елбасы Н.Назарбаев «Интеллектуалды ұлт – 2020» ұлттық жобасы.
  • Мұғалім құзыреттілігін қалыптастыру негізінде шығармашыл тұлға тәрбиелеу жолдары. Республикалық ғылыми-әдістемелік конференцияның материалдары. Шымкент, ББЖЖТ, ПКБА және ҚДО, 2008.;
  • Құдайбергенова К.С. Құзырлылық – білім сапасының критерийі: әдіснамалық және ғылыми-теориялық негіздері. — Алматы, 2008.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.