Home » Ашық сабақтар » Гүл өссе — жердің көркі

Гүл өссе — жердің көркі

Бисенбиева Гүлжан Қабдыжанқызы
Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы
Облыстық көру қаблеті бұзылған балаларға
арналған арнаулы мектеп-интернатының тәрбиешісі

 

Мақсаты: оқушыларға қағаздан гүлдердің түрлерімен композициясын жасау жолдарын және әдістерін үйрете отырып, шеберлік, шығармашылық деңгейі арқылы әсемдікпен сұлулықты бағалай білуге үйрету. Оқушылардың шығармашылық қабілеттерін, өз бетімен жұмыс жасау дағдыларын дамыту, оқушылардың алған білімдерін өмірде өз бетінше қолдана білуіне бағыттау және шығармашылық іскерліктерін арттыру. Оқушыларды талғаммен жұмыс жасауға, ептілікке, ұқыптылыққа, өнерді сүюге, талмай еңбек етуге тәрбиелеу.

Жоспар:
1. Ұйымдастыру кезеңі (шаттық шеңбері)і
2. Ой шақыру.
3. Мағынаны тану.
4. Сарамандық жұмыс.
5. Сергіту сәті.
7. Бағалау.
8. Қорытынды

Барысы:

І. Ұйымдастыру кезеңі:

Шаттық шеңбері;

Шөліркемей гүл тұрсын,

Жерім жайнап құлпырсын.

Нұрын сыйлап біздерге,

Көкте мәңгі күн тұрсын.

Ортақ бізге туыстық,

Нұр сыйлаған күн ыстық,

Ыстық бізге кең өлке,

Ыстық бізге тыныштық.

— Сәлеметсіздер ме, балалар!

— Сабақты бастауға дайынсыздар ма?

— Барлығын мені мұқият тыңдайсыңдар ма?

— Бүгінгі біздің өте ерекше сабақтың көмекшілері өздеріңе таныс гүлдер. Ия біз бұл гүлдермен таныспыз. Олар бүгін бізге қонаққа келді (гүлдердің суретін көрсету).

Ой шақыру.

Осы гүлдің отаны – Қазақтың кең даласы
Көктемде дала құлпырып
Қып-қызыл болар қарашы.
Кенелтіп жүр пайдаға
Голландияда көшетті (қызғалдақ ).

Жапырағын ұстасаң,
Асты суық,
Жылы үсті,
Дәрі жасар бұл гүлден,
Емдер күйік, тынысты (түймедақ).

Мұз астында қыстайды,
Жасыл тонын тыстайды (Бәйшешек).

Тасты тесіп, күресіп,
Терең жайып тамырын.
Ақ күлгін шөп тұр өсіп,
Қарсы ап дәйім таң нұрын (тау гүлі).

Мағынаны тану.

«Гүл өссе — жердің көркі, қыз өссе — елдің көркі» — дегендей ежелден ата — бабаларымыз қыздарды әрқашанда гүлге теңеген. Табиғатта ең сұлу өсімдік гүл болса, әлемнің сұлуы — қыз. Қыздарымызға тән нәзіктік, сұлулық, ұяңдық, ибалылық, сыпайылық, әдемілік, іскерлік, шеберлік, рухани байлық, ақ ниет, сүйіспеншілік, намысы, қайрат жігері, бәрінен де ар тазалығы тән. Осындай қасиеттерімен де қазақ қыздары зор тағылым иесі!

Қыз өсіру гүл өсірумен бірдей! Гүлге әлсін-әлсін су құйып, ауа жеткізіп, айналасын арам шөптерден тазартып отыру керек. Мұндай тиянақты күтім болмаса, гүл солып қалады, қыз баласы да сондай, оған тәлім-тәрбие, өнер мен өнеге, білім мен мәдениет керек.

«Гүл-дүние көркі» десек қателеспейміз. Гүлдердің де біздер сияқты жаны бар. Ол адамға үлкен пайда келтіреді. Кейбір гүлдер қоршаған ортаға жағымды энергия бөледі. Әр адамның өзінің сүйікті гүлі болады. Мерекелерде, туған күндерде, жақсылықта гүл сыйлау –үлкен құрметтің белгісі. Сондықтан бүгінгі тәрбие сағатымыз гүлдер әлеміне арналады.

Ендеше,  біз қағаздан «Бақытгүл», «Қалампыргүл», «Тұңғиықгүл» «Раушангүл» гүлдерін жасаймыз. Қыздар, гүлдер ежелден сәндік қызмет атқарған. Гүлдерді әртүрлі әдіспен жасаймыз. Гүл жасағанда бізге шыдамдылық пен шеберлік керек.

Сарамандық жұмыс.

Қауіпсіздік техникасын сақтайық.
1. Қауіпсіздік техникасын сақтай біл.
2. Қайшыны қасыңдағы оқушыға сілтеме.
3. Қайшыны ашық тастама.

(Қыздар гүлдердің жасалу жолын көрсетеді.)

Сергіту сәті: көз жаттығу (көзді жәймен жұму әдісімен)

Тыныштық сәті. Жағымды жағдай туғызу.

  1. Сіз табиғаттың ең көркем жерінде екенін елестетіңіз. Сіз жұмсақ, жасыл шалшықта жалаң аяқ жүрсіз. Жасыл шөп сіздің аяғыңызды сипап жатқан сезімде боласыз (тыныштық). Күннің көзі жер бетін қыздыруда (тыныштық). Сіз гүлдің, шөптің және балдың иісін сезесіз (тыныштық). Өзеннің сылдырағанын, көңілді құстар ән салып жатқанын естисіз….(тыныштық). Тыныштықта тұрып, өзімізді тыңдайық, табиғат – анамызды тыңдайық. Алақандарыңызды күннің көзіне жайыңыз. Көк аспаннан жылы күннің сәулелерін сезініңіз. Қазір біз көзімізді ақырын ашып, басқа жаққа қарай қолымызды жайып, бізге өмір, денсаулық, қуаныш және көңіл күй сыйлаған табиғат – анамызға рахметімізді айтайық.

Бағалау. Қыздар жасаған гүлдерін көрсете отырып, сол гүлді жыр шумағымен сипаттайды

Тұңғиық.
Ақ көйлекті бойжеткен,
Қалқып жасыл қайықпен,
Көлде жүзіп жүргендей,
Қарайсың таң қалып сен.
Суда малти білмейсің,
Жетпейсің ол гүлге сен.
Тақсаң оны кеудеңе,
Көрінесің мүлде сен.
Орның ерте кештегі,
Өзгертер бұл көшпелі.
Оған себеп толқынды,
Су үстінде өскені.

Қызғалдақ.
Кім білмес қыр аруы қызғалдақты,
Өң беріп көркейтеміз әрбір бақты.
Сәні деп өмірінің, көңілінің,
Сый етіп, мені жігіт қызға арнапты.
Қызыл ғалдақ, ақ ғалдақ,
Қолда бар не мақталмақ.
Қазақстан ежелден,
Алуан гүлдер жапқан бақ.
Ұқсайды оған қоңырау,
Әркімге тиіс ол ұнау.
Құрта алмады сан таптап,
Қазақпенен оны жау.
Кең тесінен даланың,
Сыйлар шаттық, маған мұң.
Қорғап, тамған деп қалам,
Қаны ма ата-бабамның?
Жұмыртқа ма жүрек пе?
Шам ба жанған түнекте,
Ұрпақтарым, қастерле,
Гүліңді де жүдетпе.
Біздерде алуан бар ғалдақ,
Шығады ерте қарсалдақ.
Шетел алып байыпты,
Қалмайық біздер тал қармап.
Шетелге пайда пұл болып,
Кұлпырды алуан түрге еніп.
Қымбаттап ата мекенге,
Оралман гүл боп жүр келіп (Оразақын Асқар).
Бақытгүл.
Күздің гүлі бақытгүл,
Қарашада атып гүл.
Үзсең де тұрар жиырма күн,
Суда, ұзақ уақыт бұл.
Баптап ексең бір рет,
Әр жылы өзі өседі.
Бақытыңа күлімдеп,
Куә болар деседі (Оразақын Асқар).

Раушан.
Қызыл, күлгін, ақ, сары,
Шешек атқан шақтағы.
Хош иісі сүйсінткен,
Ең әсем гүл бақтағы.
Ою-өрнек қатпары,
Өте үйлесім тапқаны.
Кіндігін кей қыздарша,
Көрсетпей әдеп сақтады.
Әр ел егіп күтеді,
Сатады әр гүл дүкені.
Өзін-өзі қорғайтын,
Абайла бар, тікені (Оразақын Асқар).

Қорытынды:

Қыздар хормен :

Гүлдер, гүлдер, көп гүлдер,
Қызыл гүлдер, көк гүлдер
Жайнар кезім келді деп.
Қанаттарың желбіреп,
Таңмен бірге оянып
Күн нұрына боянып
Көрік бердің далаға (Т. Молдағалиев).

Қыздарды неге өмірдің гүлі дейді? (Гүл табиғаттың сәні, оны баптап, бағып күтсең, әдемі хош иісті болып өседі. Қыз балада, солай кішкентай кезінен бастап бағып, жақсы тәрбие беру керек. Отбасында берген тәрбие қалай болса, өскенде солай қалыптасады).

Сонымен қыздар, біздер бүгін гүлдер әлеміне саяхат жасадық. Гүлдер бізді әсемдікке, ізгілікке тәрбиелейді. Мектеп, өз үйіміздің айналасын көгалдандыру, жасыл желекке айналдыруға ат салысу бәріміздің парызымыз болып табылады. Елбасының халыққа жолдаған «Жасыл ел» бағдарламасын орындау жолында баршамыз өзіміздің үлесімізді қосуымыз қажет. Ол үшін сыныптағы бөлме өсімдіктерін күтіп баптап, аялап отыруымыз керек.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.