Абдибаева Шолпан Жасұланқызы
ШЖҚ «М.Мақатаев атындағы №140 гимназия»
МКК-нің бастауыш сынып мұғалімі
Білім беру жүйесі жаңашылдықты, үнемі өсу мен өрлеуді қажет етеді. Оқушыларға білім берумен қатар, әріптестік ынтымақтастықта жұмыс жасау, соның ішінде мектепте тәлімгерлік жұмысты дұрыс жолға қою – заман талабы. Тәлімгерлік тәлім алушы бойындағы белгілі бір дағдылар тізбесін дамытумен шектелмейді, ол тәлім алушының өзін-өзі оқыту және өзін-өзі дамыту процестерін белсендіруге негізделеді. Тәлімгер жұмысын жандандыру арқылы мұғалімдердің кәсіби құзіреттілігін арттыруды, коучинг жұмыстарын дамытуды, мұғалімдердің шығармашылық ортасын қалыптастыруды, әдіскерлік жұмысын жетілдіруді, мұғалімдердің ізденімпаз әлеуетін қалыптастыруды дұрыс жолға қоюға болады.
Қазіргі таңда тәлімгерлік (менторлық) жұмысты жаңаша бағытта ұйымдастыру әлдеқайда нәтижелігі мен тиімділігін танытуда. Тәлімгер тәлім алушымен жұмыс жасай жүріп те шыңдалады, кәсіби құзіреттілігін арттырады, көшбасшылық қасиетін дамытады. Әріптестік ынтымақтастықтағы жұмыс ең алдымен, жылдық жоспарды тиімді құрастырудан бастау алады. Тәлім алушының бекітіліп берілген сыныптарына ұзақ мерзімді жоспарды талапқа сай құруын бақылаған жөн. Тәлімгер ретінде үлгі сабақтар көрсетуді жоспарлап, сабақтан алған әсерін байқау мақсатында кәсіби әңгіме жүргізген дұрыс. Тәлім алушының сабақтарына қатысып, кәсіби көмек көрсетіп, рефлексивті есеп жасауға машықтандырған жөн. Тәлімгер мен тәлім алушы арасында тығыз шығармашылық байланыс орнауы үшін кейде бейресми әңгіме де жүргізу де әлдеқайда тиімді болып табылады. Оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін қолданудың қажеттілігі мен Kundelік, bilimland.kz порталдарымен дұрыс жұмыс жүргізу жолдарын талқылау, сондай-ақ онлайн Whatsapр, ZOOM арқылы да кеңестер беру, әдістемелік бағыт-бағдар беру — тәлімгерліктің басты міндеттерінің бірі. Үздік сабақ жоспарын бірлесе дайындап, тиімді өтуіне, тәлімгер ретінде әдістемелік көмек беру, БЖБ,ТЖБ тапсырмаларын құрастыру, дескриптор, бағалау шкаласы, қорытынды шығару жолдарын бірлесе талқылаған тиімді.
ШЖҚ «М.Мақатаев атындағы №140 гимназия» МКК-де аталмыш бағыттағы жұмыстары дұрыс жойға қойылған. Мұғалімдерге курс, семинар, конференция, қоучинг, шеберлік сабақ, байқау өткізуге негізделген «Педагог. Жағдаят. Шешім.» бағдарламасы және «Тәлімгер. Коуч. Әдіскер.» бағдарламасы (семинар, курс, конференция, дөңгелек үстел, жоба, байқау, коучинг) іске қосылған. Бағдарлама авторлары — гимназия ұстаздары Тілеубай Сәния Өскенбайқызы, Темурбаева Сафура Салимбаевна, Сагынгалиев Даурен Наурызбаевич, Әбдіманап Нұрила Қанатқызы. Бағдарламаға қатысушылар біліктілігі мен сабақ беретін пәніне қарай топтастырылған. Жоспарға сай шара өтіледі. Жүзеге асу барысы авторлар құрамымен құрылған әлеуметтік желілер арқылы жарияланады әрі жарнамаланып отырады. Осы бағдарлама негізінде қазіргі таңда жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер, қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер, эстетикалық пәндер бойынша үлгі ашық сабақтары, педагог-шеберлердің шеберлік сабақтары өткізілуде. Биылғы оқу жылының 3-тоқсанында Бостандық ауданы бойынша жас мамандар арасында «Педагог. Жағдаят. Шешім.» байқауы ұйымдастырылған болатын. Аталған байқауға 30-дан аса жас маман қатысып, бақ сынып, шығармашылық тұрғыда шыңдалды. Алдағы уақытта тәлім алушылар мен тәлімгерлер арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында «Ұстаздардың ұстазы», «Талант. Таным. Парасат.», «Шәкірт музасы», «Ардагер ұстаз», «Ширек ғасыр: үздіксіз ізденіс» байқауларын ұйымдастыру жоспарлануда.
Әріптестік ынтымақтастықта жұмыс жасау үздіксіз ізденіске жетелейді. Ол әр мұғалімнің теориялық білімін кеңейтіп қана қоймай, методикалық шеберлігін арттырады, еркін шығармашылықпен айналысуына жол ашады. Міне, осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруды басты назарда ұстау — әрбір ұжымның алдына қойған басты мақсаттарының бірі болып табылады.