Уап Ақтолқын Атиғоллақызы
Атырау облысы, Жылыой ауданы, Құлсары қаласы
№8 жалпы білім беретін орта мектептің
бастауыш сынып мұғалімі
Қазіргі таңда білім беру жүйесінде өзгерістердің орын алуы ол қоғам талабына сай жүзеге асырылуда. Өзгерісті қабылдай алу және оның негізгі мақсатын білу ең біріншіден білім беруші педагогтерге жүктеледі. Өзгеріс бізге не үшін қажет?. Ең біріншіден өзгерісті өзімізден бастауымыз қажет. Ол үшін оқыту мен үйретудің аражігін ажыратып алған дұрыс. Осы арада біз «мұғалім» мен «ұстаз» сөзінің негізгі айырмашылығын айқындай аламыз. Бұл сөздердің айырмашылығын зерделейтін болсақ, «мұғалім» — оқушыны оқытады, дайын ақпаратты ұсынады, ал «ұстаз» — оқушыны үйретеді, оқушының ой-пікірімен санасып, алған білімін өмірде қолдануға дағдыландырады.
Біз тәрбиелейтін бүгінгі заманның шәкірттері қандай болуы тиіс? Әрине, ең бастысы адамгершілік құндылықтарды бойына сіңіре білген, қоғамда орын алатын кез-келген бәсекеге қабілетті тұлға.
Біз педагогтер оқушыларға тек дайын білімді репродуктивті (білімді есте сақтау, жаттау, қайталап айтып беру) әдісі арқылы оқыта салмай, жүйелі түрде білімді өзі меңгеретін, шығармашылық бағытта жұмыс істейтін, тың жаңалықтар ашатын, өзгеше ойлау қабілетімен ерекшеленетін жеке тұлға қалыптастыру міндетіміз. Себебі, жоғарыда айтқандай дайын білімді ұсыну- бұл оқыту, ал баланы өмірде жан-жақты бәсекеге қабілетті тұлға ретінде қалыптастыру- бұл үйрету. Осыған сәйкес бастауыш сынып мұғалімі ретінде оқушылардың болашақта заманаға сай тұлға ретінде қалыптасуы үшін білім беру мен қатар олардың ойлау қабілеттерінің дамуына аса назар аударамын және сол бағытта жұмыстанудамын. Оқушылардың ойлау қабілеттерін дамытудың ең тиімді жолдарының бірі-логикалық тапсырмаларды тиімді ұсыну. Осы жүйеде жұмыс істеген жылдар ішінде логикалық тапсырмалардың білім беруде бірнеше оң нәтижелерге жетуге мүмкіндік беретініне көз жеткіздім.
Логикалық тапсырмаларды ұсынудағы мақсатым — әрбір оқушы өзінің даму деңгейінде оқу материалын меңгеруін қамтамасыз ету, оқушылардың ойлау қабілеттерінің жоғары деңгейде дамуына үлес қосу, оқуға деген ынтасын, қызығушылығын арттыру, логикалық тапсырмаларды ұйымдастыру және сабақ үдерісінде тиімді пайдалану.
Логикалық тапсырмаларды ұсынудағы міндеттерім:
— жас ұрпақтың қабілетін ашу;
— шығармашылық, логикалық ойлау қабілетін жетілдіру;
— логикалық тапсырмаларды жас ерекшелігіне сай ұйымдастыру;
— логикалық тапсырмаларды ұйымдастыруда әр түрлі ақпараттық технологияларды пайдалану;
— баланың ата-анасына логикалық ойлану қабілетін дамыту туралы кеңес беру;
-үлгі тапсырмалар құрастыру.
Нәтижесінде:
— логикалық ойлау тапсырмаларын орындау- оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттырады, білім деңгейін кеңейтеді, жетілдіреді;
— оқушыларда өз қабілеттеріне сенімділік пайда болады, жауапкершілік қасиеті қалыптасады;
— логикалық ойлау тапсырмаларын орындауда жеке тұлғаның іскерлігі, терең ойлау қабілеті дамиды және шығармашылық жұмысқа ынталанады;
Логика — ойлау, оның формалары мен заңдылықтары туралы ғылым. Логика дәлелдеу мен теріске шығарудың белгілі бір әдіс-тәсілдері қаралатын ғылым теориялар жиынтығын құрайды. Логика жалпы логикалық тәсілдерді (әдістерді) зерттейді. Логикалық әдістер адамның нақты өмірді тануында өте қажетті кұрал болмақ.
В. Давыдовтың «Бастауыш сынып оқушысының психологиялық дамуы» еңбегінде: «Оқыту үрдісіндегі оқушылардың логикалық ойлау қабілетін қалыптастыру өзіндік мақсат емес, ол – белсенді тұлғаны тәрбиелеу құралдарының бірі» делінген. Балалардың ойлауын дамыту туралы М. Жұмабаев былай деген: «Ойлауды өркендету жолдары. Ойлау – жанның өте бір қиын, терең ісі. Жас балаға ойлау тым ауыр. Сондықтан тәрбиеші баланың ойлауын өркендеткенде, сақтықпен басқыштап іс істеу керек. Оқулықтағы берілген тапсырмалар, суреттер баланың жанына дұрыс әсер ететіндей, оқушының оқуға, білімге деген ынта – ықыласы, құштарлығы болуы керек». «Логикалық ойлау – логикалық сөйлеудің негізі, ал мұны – логикалық сөйлеуді ұстаз дамытуға тиіс», деп көрсетті К.Д.Ушинский. Логикалық ойлауды дамыту- барлық логикалық ойлау операцияларын соның ішінде: талдау, жинақтау, салыстыру, жалпылау, саралау жұмыстары арнайы жүйелі түрде қалыптастыруды және ойлау белсенділігін, өзбеттілігін дамытуды қажет етеді.
Оқушыларды логикалық ойлаудың тәсілдеріне үйрету керек: мұнысыз оқу материалын қабылдау мүмкін емес. Логикалық ойлауға оқушыны қалай дайындаймыз? Ең алдымен баланың жас ерекшелігін ескере білу қажет. Бастауыш сынып оқушыларының логикалық ойлауының дамуы екі негізгі саты арқылы өтеді. І саты (1-2-сынып) оқушылары. Бұл жастағы оқушыларда ойлаудың қарапайым түрлері орын алады, яғни мұнда көрнекі әсер ету басым болады. Оқушыларға түрлі суреттер арқылы логикалық тапсырмалар ұсынамыз. Оқушылар осы суреттерге немесе оның баламаларына, бейнелеріне сүйенеді.
Логикалық ойлау жүйесін дамытуда математика сабағының алатын орны ерекше, өйткені математика сабағының әрбір жұмысы ой-белсенділігін қажет етеді. Математика пәніне байланысты мысалы: «Адасқан пішіндер»; «Көлеңкесін тап!», «Заңдылықты жалғастыр!»; «Суретшінің қатесін тап!»; «Не бар? Не артық?» т.с.с тапсырмаларды ұсынуға болады. Бұл тапсырмалар оқушыларда алғашқы ойлау дағдысын қалыптастырады. ІІ саты (3-4 сынып) оқушылары. Бұл жастағы оқушыларда ойлау сипаты өзгереді, яғни бұл кезеңде белгілі бір ұғымдар, олардың арасындағы негізгі қатынасты көрсету, ортақ белгілері бойынша ажырату, топтастыру секілді дағдыларды игереді. Мысалы: «Фигуралар санын анықта!», «Сиқырлы кесте»; «Сіріңкені қозға да, нәтижесін тап!»; «Адасқан таңбалар»; «Сиқырлы сандар»; және логикалық ауызша есептерді ұсынуға болады. Сонымен қатар әр тапсырманы орындаған соң оқушылардан өз жауабын дәлелдеуді талап ету қажет. Себебі оқушылар өз ой-пікірін айтып және оны дәлелдеуді үйренеді, бір-бірінің қатесін ескере отырып, бағалау жұмыстарын жүргізеді.
Логикалық тапсырмалар оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуда да үлкен маңызға ие. Себебі оқушының логикалық ойлауы ой әрекетінде, білімді меңгеру, тіл үйрену үстінде қарқынды дамиды. Оқушылардың ақыл-ой белсенділігін дамыту олардың тұлға ретінде жетілуінің маңызды саласы болып табылады. Сондықтан оқушылардың шығармашылық тапсырмаларды орындау барысында ойлау дағдыларын жүзеге асыру тәсілдеріне үйрету қажет. Әсіресе, оқушыларға тапсырмалар бергенде таңдауға, жинақтауға, салыстыруға, топтауға арналған тапсырмалар логикалық ойлауын дамытатындай болуы керек.Мысалы, сөздік-логикалық ойлаудың дамуына мынандай жаттығулар көмектеседі: «Артығын тап!» (тақырыпқа сай сөздерді, суреттерді немесе заттарды анықтау, артық сөзді ажырату). Бұл тапсырманы қазақ тілі, дүниетану сабақтарында сабақты бекітуде немесе қайталау кезінде қолдануға болады. «Адасқан әріптер» (орны ауысқан әріптерден сөз құрау). Бұл тапсырма сабақтың жаңа тақырыбын анықтауда және өзге тілдерді меңгеруіне, оқушылардың сөздік қорларын толықтыруда өте тиімді. Ойлаудың талдау және жинақтау дағдыларын дамыту үшін «Жинақта!»тапсырмасы тиімді. Ұсынылған сөздерге жалпылама сөз немесе сөз тіркесін атайды. Сонымен қатар ойлау дағдысын дамытатын тәсілдерді ойын түрінде қолдануға болады. Мысалы: «Ұқсастық пен айырмашылық». (әртүрлі заттар мен ұғымдарды салыстыру, айырмашылықтарын ажырату, ортақ белгілерін айқындау) «Құпия қобдиша». (қобдишаның ішіне бір суретті сала отырып, бір оқушыға сол суреттің атын атамай, басқа оқушыларға суретке сай сипаттама жүргізу тапсырылады, оқушылар сипатталған суреттің атын атайды.) «Қызықты сөйлем». Өзара байланыспайтын 3 сөз немесе суреттер алынады. Мыс, «зымыран», «мұражай», «қоңыз». Осы сөздерден сөйлем құрау қажет. Жауап қарапайым (Қоңыз зымыранмен мұражайға барды) немесе күрделі болуы мүмкін. Соңынан ұнаған жауаптар талданады. Шығармашылықпен жазылған сөйлемдер мадақталады. Бұл тапсырманы орындау кезінде оқушылардың ой-қиялдары дамып, сөздік қорлары молаяды.
Қазіргі таңда оқушылардың оқудағы көп кездесетін мәселелерінің бірі- ұсақ қол моторикасының жеткілікті дамымауы, ал ол тікелей мидың қызметіне әсер етеді. Адамның миы екі бөліктен тұрады. Олар: сол жақ жарты бөлігі және оң жақ жарты бөлігі. Негізінде адам баласында мидың осы екі бөлігі де бірдей дамуы тиіс. Біз көбінесе мидың оң жақ (сол жақ) бөлігіне күш саламыз (қалам ұстау, кілтті бұрау, есікті ашу, телефонды пайдалану). Ал, бұл кезде мидың екінші бөлігіне күш түспесе, біздің миымыздың жұмыс жасау қарқыны ілгері дами алмайды. Дарындылық, ерекше қабілеттілік, терең логикалық ойлау дәрежесі миымыздың қос бөлігінің қатар дамуына байланысты. Осы орайда сабақ үдерісінде оқушыларыма ми жұмысын жақсартатын жаттығуларды жасатып отырамын. Бұл жаттығулардың да оқушылардың ойлау қабілеттерінің дамуына әсері зор.
Логикалық тапсырмаларды ұсынуда мен үшін тиімді болды:
— логикалық тапсырмалар оқушылардың білімге деген қызығу-шылығын арттырды;
— оқушылар жылдамдыққа үйренді;
— төмен деңгейдегі оқушылар үздік нәтиже көрсете бастады;
— оқушылар өз пікірін білдіріп, дәлелдеуге үйренді;
— оқуышылар өз қатесін білді және өзін-өзі бағалады және бірін-бірі бағалады;
— шығармашылық жұмыстарға бейімделді;
— жаңа идея ойлап тапты;
Сонымен қатар, оқушылардың белсенділігі артты, қызығушылығы оянды және білім сапасы жоғарылады. Осындай еңбек нәтижесімен, оқушыларымды білім сайыстарына үнемі қатыстырып отыруды қолға алдым. Математика пәнінен мектепішілік олимпиадада оқушыларым Мизамғали Рустам- І дәрежелі және Бағытжан Альфия –ІІ дәрежелі, Мұрат Ақгүл-І дәрежелі дипломдармен марапатталды.
Оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту мақсатында оқушыларымды ғылыми жоба қорғауға баулып келемін. Нәтижесінде мектепішілік «Зерде» ғылыми жобасында шәкіртім Бағытжан Альфия «Сырға толы оригами» тақырыбында ІІІ орын иеленді. Сонымен қатар қосымша үйірме сағаттарын да осы логикалық ойлау қабілеттерін жетілдіру мақсатында «Логика әлемі» тақырыбында алып, жұмыстандым. Оқушыда логикалық ойды дамыту үшін ең бірінші мұғалімнің логикалық ойлауы жоғары болуы тиіс. Осыған орай өзімнің де білімімді жетілдіріп отырамын. Көбінесе шет елдердің әдіс-тәсілдерін зерделеп, өз тәжірибемде қолданамын.
Қазіргі таңда жаңартылған білім беру мазмұны бойынша оқушыларға ұсынылған оқулықтарды зерделеп қарайтын болсақ, оқулықтың негізі ойлауға, өз ой-пікірін білдіруге құрылғанын байқаймыз, яғни логикалық ойлауға негізделген. Баланың ой қиялына ерік беру, ойын білу, пікірін сұрау. Сондықтанда бұл ойлауды жүзеге асыру мұғалімдерге жұмыстануды қажет етеді. Бүгінгі заман талабы – жан-жақты дамыған, білімді әлемнің бүтіндей бейнесін қабылдай алатын, логикалық ойлауы дамыған, жаңаша терең ойлайтын, өзіндік «мені» қалыптасқан,ғылым мен білімді ұштастыра отырып, заманның дамуына үлес қосатын, бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеу.
Оқушы тұлға болып қалыптасуы үшін оның бойында түрлі жағдаяттағы мәселені анықтауға, өзіндік тұжырым жасай білуге, өзіндік бағалауға, сыни ақпараттарды өз бетімен табуға, талдауға, логикалық операцияларды қолдана отырып дәлелдеуге, жалпы алғанда жеке адамның құзіреттіліктері қалыптасуы қажет. Осы айтылған қасиеттердің бәріне түрлі логикалық тапсырмаларды ұсыну арқылы жетуге болады. Сол себептен білімнің негізі — бастауыш сынып болғандықтан, мұғалімдердің логикалық тапсырмаларды өз сабақтарында тиімді қолдануы қажетті деп ойлаймын. Себебі логикалық есептерді шығару барысында бастауыш сынып оқушыларының ойлау әдіс-айлаларының, шығармашылық қабілеттерінің, интеллект, білім деңгейлерінің өсуіне маңызы зор.Логикалық ойлауды білген бала ойы да, ісі де нақты, жүйелі болып келеді. Әр әрекетін логикалық ойлау арқылы жүзеге асыра білген оқушы барлық пәндерден табысқа жетеді. Оқыту үрдісінде логикалық тапсырмаларды тиімді дер кезінде ұсына алсақ қоғам талап етіп отырған шығармашылық қабілеті жоғары, логикалық ойлау жүйесі дамыған және өз ойын жүйелі де ашық айта алатын, өмірге белсене араласатын тұлға қалыптасары сөзсіз.