Шиганбаева Куляш Кусаевна
Атырау облысы
Жылыой ауданы Құлсары қаласы
№8 жалпы орта білім беретін
мектептің директоры
Білім беру елдердің бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз ететін ең тиімді әрі ұзақ мерзімді стратегия болып табылады. Қазіргі таңда экономикалық өсу және азаматтардың әл-ауқаты үшін білімнің айтарлықтай маңызды екенін бүкіл әлем мойындауда. Технология, коммуникация мен ғылым салаларындағы елеулі өзгерістер әлемдік экономикаға айтарлықтай ықпал ете отырып, әрбір азаматқа ХХІ ғасырда табысты болу үшін қажетті білім мен дағдыларды алға тартады. Қазіргі кезде табысты болу үшін оқушыларға білім қандай қажет болса, дағды да сондай қажет деген ойдың жақтастары көбейіп келеді. Бұл оқушылардың ақпаратты есте сақтап, алған білімдерін ұғынуын, түсінуін және әртүрлі салада қолдана білуін талап етеді.
Бұл ретте құзырет жай ғана білім мен дағдыдан анағұрлым күрделі. Ол белгілі бір жағдайларда психологиялық ресурстарды (оның ішінде дағдылар мен өмірлік ұстанымдарын) жұмылдыра және соған сүйене отырып, күрделі міндеттерді шеше білу қабілетін қамтиды. Мысалы тиімді қарым-қатынас құру қабілеті жеке адамның тіл білуіне, ақпараттық технологиялар саласындағы тәжірибелік дағдыларына және оның өзгелермен қарым-қатынас құра алуына сүйенетін құзырет болып табылады.
Мектептi басқару мәселесiне арналған көптеген зерттеулер бар: ол еңбектерде мектептi басқарудың мәнi ашылған. Басқарушылықта еңбекті ғылыми ұйымдастырудың жүйесiн енгiзу бойынша, мұғалiмдердiң шығармашылық зерттеушiлiк және эксперименталды қызмет-әрекетiн ұйымдастыру бойынша, ғылымды практикаға енгiзу бойынша, мамандықты жетілдіру бойынша, мамандықты көтерудiң психологиялық-педагогикалық және ақпараттық негiзiн құру бойынша, Қазақстандағы педагогикалық кадрлардың мамандығын көтеру жүйесiн дамыту тарихы бойынша жұмыстар жүргiзiледi. Мектеп басқарудың жаңашылдық аспектiлерi т.б. еңбектерде талданған.
Дегенмен мектеп басшысын басқарып отырған ұжымын ұйымдастыруға, жаңа заман талабына жаңаша басқару формаларын, жаңалық енгізуге жетелейтін жолдары туралы педагогикада нақты талқыланбаған.
Білім беру жүйесі қоғамдануымен байланысты дамып, жетіліп отыруы анық. Қазіргі уақытта мектеп реформасына көптеген біржақты өзгерістер енгізіліп, мектеп ісінің ішкі-сыртқы жүйесі түгелімен жаңаруда. Біз бүгінгі күні әлемдік білім беру жүйесіне негізделген басым бағыттарды ұстануда ең алдымен мұғалімдерді жаңаша оқытуға бағыттауымыз қажет. Дамыған елдерді білім беру жүйесіндегі тенденциялардың бірі – білім беруді басқарудың тиімді жолдарының қарастырылуы.
Білім саласында еңбек ететін адамдардың басқару мәдениеті, олардың кәсіптік-педагогикалық мәдениетінің құрамды бөлігі болып табылады. Білім беру реформасы мұғалімнің жаңа мәртебесін – шығармашылық ой-өрісі кең, жаңа жағдайдағы жұмысқа әзір мұғалім-зерттеушіні қалыптастыруды талап етіп отыр. Ол оқытуға бағытталған жеке басқа бағдарланған, өзіндік және білікті тәсілдерінің әдістемелік негіздері мен оны іске асыру тетіктерін, пән бойынша білім беру мазмұнының базалық, кәсіби деңгейін, өткізетін сабақтар мен бейіндік, бейін алдындағы курстарды әзірлеу әдістемелерін білу керек.
Ұжымда әдістемелік жұмыстардың мазмұнын, жоспарын, іс-шараларды жүргізу әдістерінің тиімділігін үнемі талдап отыру әдістемелік көмек көрсету жұмысын ары қарай жақсартуға және оны дамытуға мүмкіндік береді, өзін-өзі танытады.
Қазіргі заман жағдайына біліктілікті арттыру жүйесін ақпараттандыру педагогикалық кадрларды дайындаудағы басым бағыттардың бірі болып табылады. Білім беру ісінде ілгерілей дамудың қоғам өсіп өркендеуінде ғана емес, әр адам үшін де шешуші мәні бар. Табысқа жеткісі келген, уақыт сұранысына сай боғысы келген адам өмір сүріп отырған қоғам талабына жауап беретіндей білім алуы қажет. Осы заманғы қоғам дегеніміз — қарқынды дамып отыратын орта, онда әлемдегі игілікті істерге елгезек, ізгілікке жаны құштар, шынайы өмірдің әрін кіргізуге қашада әзір тұратын тұлғаның алар орны айрықша. Қазіргі заман мектептері осындай адамдарды тәрбиелеп шығаруы тиіс.
Сондықтан кез-келген педагогикалық процесті басқару мақсат қою мен жоспарлаудан тұрады. Педагогикалық жүйенің үнемі қозғалыста, үнемі даму үстінде болуы оқу-тәрбие жұмысында мақсат қою мен жоспарлауды жетілдіріп отыруды қажет етеді. Әрине мұғалімдердің бойында белгілі бір қасиеттің қалыптасуын дәл белгілеу, жоспарлау мүмкін емес. Ал жоспарлау жеке тұлғаның барынша және жан жақты дамуына қолайлы объективті жағдай туғызуы тиіс. Сондықтан педагогтардың алдында тұрған мақсаттар мен міндеттер қоғамның алдындағы жалпы міндеттер мен мақсаттардың көрінісі болып табылады. Мақсат жоспардың өзегі болғандықтан ол педагогтің де, оқушының да әрекетін қамтуы керек.