Home » Мақалалар » Ауғанның асуында  от кешкендер

Ауғанның асуында  от кешкендер

Абылкасымова Гульнар Курманкуловна
Алматы қаласы Жетісу ауданы
№108 жалпы білім беретін мектептің
директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерлерінен шығарылғанына  35 жыл толуына орай, Алматы қаласы Жетісу ауданына қарасты №108 жалпы білім беретін мектепте ауған соғысына қатысқан ардагерлермен «Ауғанның асуында  от кешкендер» атты  іс-шара өткізілді. Іс-шараның мақсаты – Ауған ардагерлерін ұлықтап, оларды 35 жылдық мерейтойларымен құттықтау, жастарға патриоттық тəрбие беру. Ауған соғысында ерлік көрсеткен қазақ жауынгерлерінің ерлігін паш ету арқылы өскелең ұрпақты келешекте жаужүрек батыр болуға, ел қорғаны болуға үндеп, отансүйгіштікке тəрбиелеу. Батырлықты, төзімділік пен шыдамдылықты, жауапкершілік пен адамгершілікті насихаттау. Бұл кездесуге  ауған соғысының ардагерлері: Абдушакуров Мурат Мухтарович, Юн Родион Николаевич, Азизов Пархат Батырханович, Дуганов Абдумажит Исмайлович, Бурмистров Михаил Михайлович, Усталов Владимир Иванович қатысты.

Іс-шара  барысында өмірінің өлшеулі бір бөлігін, жалындаған жастық шағының оқ пен от арасында өткізіп, елге аман-сау оралып, туған жерімен қауышқан ардагерлеріміз өткен күнді еске алып, тағылымды әңгімелерімен бөлісіп қана қоймай, болашақ жастардың тәлім – тәрбиесі жайлы ой  өрбітті. Ержүрек жауынгерлердің  арқасында жат  жердің  болашағы үшін, бейбіт өмір  үшін осы соғыста қаза тапқан батыр ағаларымызбен, есіл боздақтарымыздың рухына бас иіп, еске алуға бір сәттік үнсіздік жарияланды. Мерекелік кеште мектеп оқушылары өз Отанына шексіз берілген,  патриоттық рухы жоғары,  қайсар жауынгер ағалардың ерлігін үлгі етіп, өз өнерлерін көрсетсе, ардагер ағалар естеліктермен бөлісіп,оқушылардың өнерін тамашалап,  ризашылықтарын білдірді.

Ауған соғысының ардагерлері жұртшылық жадында біздің халқымыздың ерлік үлгісі, мұқалмас қажырлығы мен мызғымастығының символы болып келеді. Отан қорғаушылар жасаған ерліктер мәңгілік және уақыт ағысымен жоғалып кетпейді. Сол бір қаһарлы соғыс жылдары алыстаған сайын оның маңызын біз ерекше ұғына түсудеміз. Сондықтан да халық ұзақ күткен Ұлы Жеңісті жақындатуда майданда да, тылда да жанқиярлықпен күреске түскендердің барлығы айрықша құрметке ие, қаза тапқандардың рухына тағзым етеміз.

Аға ұрпақ алып берген Жеңіс бүгінгі күні де бізді жетістіктерге жігерлендіреді, жанымызға қуат береді, қиындықтарды жеңіп, алға ұмтылуымызға көмектеседі. Еліміздің кең, дархан даласында әрдайым тыныштық, берекелі де мерекелі бейбіт өмір болсын!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.