Кумекбаева Гульшекер Байдаулетовна
Ақмешіт ауылының жалпы орта білім беретін
мектебінің бастауыш сынып мұғалімі
Бүгінгі таңда адамзаттың жоғары индустриалды және ақпаратты қоғамға қарқынды түрде өтуіне байланысты өркениеттің бет-бейнесі тұтастай өзгеруде. Бұл өзгерістер білім беру саласына да әсер етуде.
Жаһандық бәсекеге қабілеттілікке жету мақсатында белгіленген стратегиялық бағыттар білім беру іс-әрекетінің приоритеттерін жаңаша құруды талап етуде. Осыған орай, білім беру жүйесін әлемнің дамыған мемлекеттерінің талаптарына және инновациялық даму парадигмасына сәйкес интеграциялау қажет.
Ол негізінен білім беру саласында жаңаша ойлайтын, ақпараттық технологияларды меңгерген, инновациялық үрдістерге ілесетін, заманауи шешім қабылдайтын, жаңа тұрпатты педагогты қажет етумен тығыз байланысты. Себебі, әлемдік білім беру кеңістігіне ұмтылыстар, қоғам дамуындағы қалыптасып отырған жаңа жағдайлар, тыңнан туындаған мәселелер, өзгеріп жатқан өмірге бейімделу қажеттігін туындатып отыр. Жаңа реформалардың пайда болуы жаңа әдістерді және оқу үдерісін ұйымдастырудың тиімді технологияларын іздестіруді талап етеді.
Оқытудың жаңа технологиясының қалыптасуында ақпараттық технологияның қарқынды дамуының рөлі ерекше. Қазіргі заман ақпараттық технологиялар уақыты. Осыған байланысты білім беру саласында басымдық инновациялық технологияларды пайдалануға беріледі. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі адамзаттың жағдайы инновациялық технологиялардың дамуымен тығыз байланысты екенін айта келе, білім беру үрдісінде жаңа технологиялардың мүмкіндіктерін арттыруды тапсырды. Бұл міндеттер Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовтің баяндамаларында жалғасын тапты.
Инновациялық технологияларды қолдану арқылы мұғалім оқушыны ойлануға, практикалық іс-әрекет дағдыларын дамытуға мүмкіндік жасайды.
Жаратылыстану бағытында жүргізілетін «Дүниетану» пәнінде инновациялық технологияны қолдану арқылы оқушылардың ғылыми дүниетанымын дамытуға болады. Себебі, «Дүниетану» интеграциялық пән ретінде, биология, география, химия, экология сияқты пәндердің негізін үйретеді. Бастауыш сынып оқушысы ғылыми ұғымдармен таныса отырып, қоршаған ортаға деген өзіңдік көзқарасын қалыптастырады. «Кластер», «Кейс стади технологиясын сабақ үрдісінде қолдануға болады. Ол, оқушылардың логикалық ойлау дағдысын дамытады.
Адам әрекетінің табиғатқа әсері қандай? Жерде тіршілікті, адамды қалай сақтап қалуға болады?- деген сұрақтарды қою арқылы, оқушылардың креативті ойлау дағдысын, тез шешім қабылдау ептіліктерін дамытуға болады. Кейс стади технологиясы арқылы білім алушыларды дерек көздерімен өз бетінше жұмыс жасауға бағыттайды. Оқушы бір мәселенің бірнеше шешімін іздеу арқылы шығармашылықпен ойлауды үйренеді.
Табиғатта болатын өзгерістер, табиғат құбылыстары (көктем, жаз, күз және қысқы мезгілдердегі маусымдық өзгерістер, туған жердің табиғаты, табиғатты қорғау т. б.) мәселелерді зерттеу үшін жоба технологиясының маңызы зор.
Жобаны жазу барысында оқушылар тақырыпқа байланысты фактылер мен аргументтер іздестіреді. Тапсырмаларды орындау барысында оқушыдан ақпаратты жүйелеу және талдау, фактілерді, құбылыстарды жалпылау, қорытынды жасау қабілеті талап етіледі. Дүниетану сабағында адам, табиғат, қоғам арасындағы интеграциялық байланысты және табиғи үйлесімділікті оқушылар көреді. Қоршаған ортада болатын әртүрлі құбылыстарды сезіну арқылы олардың таным мүмкіндіктері артады. Дүниетану пәнінде оқушылардың алғашқы зерттеу әрекеттері қалыптасады.
Осындай жұмыс түрлері оқушының зерттеушілік мүмкіндіктерін ашуға көмектеседі. Сабақ үрдісінде әртүрлі әдістерді қолдану дидактикалық принциптерді дамытуға және әдістемелік тәжірибені жетілдіруге көмектеседі.
Қазақ тілінде үй тапсырмасын тексеру барысында «Ақиқат, жалған» әдісін қолдануға болады. Топтағы оқушылардың алдында қызыл және жасыл түсті қиылған қағаздар беріледі. Мысалы, «Дыбыстар екіге юөлінеді, дауысты және дауыссыз; н-дауыссыз үнді дыбыс» — деп белгілі бір тұжырымды айтқан кезде оқушылар ақиқат болса жасыл түсті қағазды, жалған болса қызыл түсті қағазды көрсетуі керек. Бұл әдіс оқушыдан шапшаңдықты талап етеді.
«Жалғасын тап» әдісі үй тапсырмасын тексеруде тиімді әдістің бірі. Оны ұйымдастыру үшін сөйлемнің басы жазылған парақшаларды оқушыларға таратып, әрі қарай олар ойды жалғастырып сөйлемді толықтырады. Сөйтіп, мәтін мазмұнын өздері шығарады, барлық оқушы қатысады.
«Шығармашылық шеберхана» әдісі оқушылардың шығармашылық дағдысын дамытуға көмектеседі. Сабақ барысында оқушылар мәтіннің мазмұнына сәйкес суреттер, иллюстрациялар дайындайды. Сонымен қатар эссе, өлеңдер, әңгімелер жазады. Оқушылардың шығармашылық әрекеттері нәтижесінде керемет туындылар пайда болады. Белсенді оқу қызметі оқудың уәжінен, мақсаты мен шартынан және нәтижесiнен құрылады. «Инсерт», «Миға шабуыл», «Топтық пікірталас», «Блум сұрақтары», «Кластер», «Синквейн», «Рөлдік ойын», «Шатастырылған логикалық баулар» т.б. белсенді әдістер пәнге деген қызығушылықты оятады. Инсерт әдісі аналитикалық ойды дамытады, материалды толық меңгеруге мүмкіндік туғызады. Бұл әдісті қазақ тілі, дүниетану сабақтарында қолдануға болады. Оқылған мәліметті түртіп алу жүйесі бойынша таным түсінігін қалыптастырады. Жаңа материалмен таныса отырып, түртіп алу арқылы мәлімет жинайды, саралайды, бағалайды.
Кластер құрастыру кең тараған әдістердің бірі болып табылады. Жаңа тақырыпқа болжам жасайды, не білетінін есіне түсіреді, жазады, салыстырады. Кластерлермен жұмыс жасағанда оқушылардың еркін ойлануына мүмкіндік беріледі. Кластерді сабақтың барлық кезеңдерінде пайдалануға болады. Ол материалды жүйелеуге көмектеседі.
Белсенді әдістердің бірі «Үштік әдіс». Қазақ тілі сабағында оқушылардың оқылым, айтылым, тыңдалым дағдылары қалыптасады. Оқушылар бірнеше жұптарға бөлінеді. Бірінші оқушы мәтінді оқиды немесе мазмұндайды, екінші оқушы тындайды, үшінші оқушы керек жерлерін түртіп алады, кейін өз пікірін айтады. Бұл әдіс оқушылардың мәтінмен жұмыс жасау шеберлігін дамытады.
Ақпараттың жағымды және жағымсыз жағын анықтау мақсатында педагогикалық тәжірибиеде «SWOT – талдау» технологиясы жиі қолданылады. Мысалы, Дүниетану сабағында Табиғат құбылыстарын зерделеу барысында табиғатта, экологияда кездесетін жағдайлардың адам өміріне тигізетін жағымды және жағымсыз әсерін анықтауға болады. Бұл әдісті қолдану барысында мәселенің жағымды және жағымсыз жақтарына сипаттама беріледі, қауіп-қатері туралы дәлелдемелер мен аргументтер келтіріледі. Табиғатта, экологияда болатын күнделікті проблемаларды анықтап, оны шешудің жолдарын ұсынады. Салыстырмалы анализ жасау нәтижесінде табиғи құбылыстарда болатын әртүрлі фактілерді анықтайды. Теория мен тәжірибені байланыстыру арқылы өмірлік дағдылары қалыптасады.
Инновациялық технологиялардың бірі-SMART. Ақылды технология, ақылды оқыту, ақылды техника -деп атаса да болады. SMART технология – бұл барлық ақпаратты жинақтауға, қолайлы жұмыс мерзімдерін белгілеуге, ресурстардың жеткіліктілігін анықтауға мүмкіндік беретін заманауи тәсіл. Оның көмегімен көптеген проблемалардың алдын алып, өмір сүру деңгейін біршама жақсартуға болады. Ақпараттар легі артқан сайын кез келген қызмет түріне де сұраныс артады. Сұраныстарды қанағаттандыру үшін әрдайым стартап бағдарламалар қажет. Ал ол өз кезегінде смарт теxнологиялардың көмегімен жүзеге асырылады.
Сын тұрғысынан ойлау технологиясы қызығушылықты ояту, мағынаны тану, ой толғаныс кезеңдерiнен түзiледi. Осы технологияны мұғалімдер әр сабақтың ерекшелiгiне қарай лайықтап қолдануына болады. Олар: «бес жолды өлең», «Венн диаграммасы», «Еркiн жазу», «Семантикалық карта» «Ассоцация» т.б.
Қорыта келе, инновациялық технологияларды сабақта тиімді қолдану, оқушының танымдық белсенділігін арттыруға, өз бетінше білім алуға, шығармашылығын қалыптастыруға ықпал етеді. Білім алушы өз ой-пікірін еркін, ашық айтады, бір-бірін тыңдауға үйренеді, ұжымда ынтымақтастық атмосфера қалыптасады.
Пайдаланған әдебиеттер
- А.Д.Майматаева Болашақ биолог мұғалімдердің ақпараттық құзыреттілігін қалыптастыру әдістемесі. Философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін дайындалған диссертациясы. -Алматы, 2019.
- А.М.Малофеева Использование активных методов на уроках в начальной школе https://nsportal.ru/nachalnaya
- Аймағамбетов А.А. Отандық ғылымда жаңа серпіліс болады
https://egemen.kz/article/233068-askhat-aymaghambetov