Home » Мақалалар » ТҮРКІСТАННЫҢ ОБЛЫС БОЛУЫ – ЖАСТАРДЫҢ ТАРТЫЛУЫНА МҮМКІНДІК БЕРЕДІ

ТҮРКІСТАННЫҢ ОБЛЫС БОЛУЫ – ЖАСТАРДЫҢ ТАРТЫЛУЫНА МҮМКІНДІК БЕРЕДІ

Дидар Амантай, жазушы, публицист:

«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, жазушы,публицист Дидар Амантай да Түркістан облысы құрылғанда қуанғандардың бірі. Халқымыздың рухани өңірі енді облыс орталығы мәртебесін алғаннан кейін тынысын кеңінен ашады деп сенім білдіріп отыр.

«Былтырғы жылы елімізде Түркістан облысы құрылады дегенде өз басым өте қатты қуандым. Өйткені, логикикалық тұрғыдан бұл дұрыс шешім болды. Экономикалық, рухани тұрғыдан тіпті, таңғажайып оқиға болды десем артық айтқаным емес шығар деген пікірдемін. Түркістан – тек қазақ халқының ғана емес, исі түркі әлем үшін де киелі жер. Бұрын жеке қала ретіндегі мемлекеттен бөлінген қаржысы тиісті деңгейде дамытуға жете берген жоқ. Түркістанды көгалдандыру, сәулеттендіру, аббатандыру үшін көп ақша жұмсау керек те еді. Енді, міне, мол мүмкіндіктер алаңы ашылды. Болашақта Қазақстанда мәдени ошақтардың орталығы ретінде әлемге әйгілі болады деп сенемін. Түркістан  қаласына облыс орталығы мәртебесі берілгені – еліміздегі жастардың көптеп тартылуына мүмкіндік береді. Осыған дейін Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкент қаласы болған кезде жастар көбіне сонда жиналды. Жоғары оқу орындары, жұмыс орындары, сауда орталықтары ашылса, жастарымыз Түркістанға қарай ағылады. Бұл олар үшін жаңа мүмкіндіктер, тың идеяларға жол ашады», – дейді Дидар Амантай.

Оның айтуынша, әлемнің сегізінші кереметі саналатын Қожа Ахмет Иссауидің кесенесінің Түркістанда орналасуы қаланың атағын асқақтатып тұр.

«Осыдан X ғасыр бұрын ислам діні бізге келе бастағанда аса сіңісті болған жоқ, таңсық көрінді. Осы тұста ислам дінінің суфистік бағытын ұстанған Қожа Ахмет Иссауидің сіңірген еңбегі зор. Оны мойындауымыз керек. Түркі халықтары арасында  исламды таратушы ретінде қасиетті, данышпанға лайық тарихи тұлға. Сол кісінің сүйегі Түркістанда жатуы, сәулетті кесенесінің тұруы Түркістанға ерекше статус береді. Одан бөлек, Түркістан кезінде қазақ хандығының астанасы болған. Тарихқа үңілсек, Түркістан қаласын 1598-1614 және 1627-1628 жылдары алғаш астана еткен қазақ хандарының бірі – еңсегей бойылы Есім хан еді. Хиуа хандығының ханы, айтулы тарихшы Әбілғазы өзі хан болмай тұрып Есім ханның Түркістан қаласындағы ордасын үш ай бойы паналағанын жазып кеткен. Түркістанға 1613-1627 жылдары билік жүргізген қазақ хандарының бірі – Тұрсын Мұхаммед болды. Шығыстанушы П. Лерх Түркістан аумағына 1867 жылғы барған іссапарының барысында Қожа Ахмет Йасауи ұрпағының қолында билеушілер артықшылықтар берген он бес құжат ішінде Тұрсын ханның һижра бойынша 1035/1625-26 жылғы Жарлығын көргенін жазады.  Сондықтан, бұл қала — қазақ тарихы үшін өзіндік орны бар маңызды бар қала. Тарихтағы атақты хандардың біразы осында жерленген. Қаз дауысты Қазыбек би де осында жатыр. Қай тұрғыдан алсаң да, өте қасиетті, киелі жер. Түркістан – қазақ халқының бастауында тұрған шаһар. Мағжан Жұмабаев ақын жырлағандай: «Түркістан – екі дүние есігі ғой, Түркістан – ер түріктің бесігі ғой. Тамаша Түркістандай жерде туған. Түріктің Тәңірі берген несібесі ғой» деп бекер жырламаса керек. Себебі, Түркістан батыс пен шығыс мәдениетінің тоғысқан тұсы деп білемін», – дейді жазушы Дидар Амантай.

Мырзағали Айтжанов, бокстан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы:

ТҮРКІСТАНДЫ – ОРТА АЗИЯНЫҢ МЕККЕСІ

Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасын 9 жыл баптаған, Олимпиада, әлем чемпиондарын дайындаған танымал бапкер Мырзағали Айтжанов осы облыстың тумасы. Өзінің айтуынша, жоғары білімді Түркістан қаласында алған.

«Мен өзім спортшы, бапкер ретінде көптеген елдерді аралап жүрмін. 1989 жылы 19 жасымда Түркияға жарысқа барған кезде біздің елде соның ішінде Түркістанды сұрап біліп жатқанымда аң-таң болғанмын. Сол себепті түркі халықтары мен мұсылман елдері Қазақстан дегенде Түркістанды айтады. Елбасының осы шешімі өте құптарлық болды. Ол кісі бізге қарағанда көпті көрген, тәжірибелі кісі ғой. Қаншама елдерді аралап жүр. Арасында мұсылман мемлекеттері бар. Сондай сапарларында Түркістан жайлы көп айтылады деп ойлаймын. Содан кейін осындай шешімге келген болар. Түркістан – рухани астанамасыз деп былтыр немесе биыл ғана айтылып жүрген жоқ. Нұрсұлтан Назарбаев Президент болғаннан күннен бастап, Түркістан туралы жылы пікірін білдіріп жүрді. Рухани астанамыз, келешекте қолға алуымыз керек дегенде алғашқы адам Елбасымыз болатын. Алдағы уақытта жақын көршілес Өзбекстандағы Самарқандтың деңгейіндегі туризм орталығына айналып жатса қуанар едім. Жалпы, Түркістанды – Орта Азияның Меккесі деп айтсақ қателеспейтін шығармыз. Осы күні Сауд Арабиясына қаншама адамдар құлушылық етуге барып жүр. Түркістан да сондай орталыққа айнала алады. Мен өзім 4 жыл Түркістандағы Қожа Ахмет Иссауи университетінде оқыдым. Қазақстан Республикасында тұңғыш ашылған Халықаралық жоғары оқу орны ғой. Сонымен қатар, Түркі тілдес мемлекеттер арасында Халықаралық мәртебеге ие болған жалғыз білім және ғылым ордасы да. Сол кезде байқағаным – алыс-жақын елдерден құлшылық етуге адамдар көп келетін», – дейді Мырзағали Айтжанов.

Ол бірнеше рет Түркияға сапарлап барған. Сол кезде түріктердің көбісі өздерінің шыққан жері Түркістан деп білетінін естіген. Бұған танымал жаттықтырушының түрік тілуі білуі де септігін тигізіпті.

 «Мен өзім, түрікше жақсы түсінемін, сөйлеймін. Ауылда түрік ұлтынан сыныптас достарым бар. Түркияға барған кезде қиналмай, түрікше сөйлесе беретінмін. Түркиядағы халықтың санасында «Түркістан» атауы «Ата жұрт» ретінде қабылданады. Мұндай жағдай Түркия барған талай қазақтың басынан өткен шығар? Түріктер  тіпті, өздерін «Ахмет Яссауиге борыштымыз» деп те санайды. Түркістан – күллі түркі жұртының рухани орталығы әрі астанасы. Түркия мемлекетінің басшылары мен лауазымды тұлғалары елімізге жұмыс сапарымен келгенде көне шаһарға ат басын бұрмай кетпейді. Осыдан 30 жылдай уақыт бұрын 1992 жылы Түркия мен Қазақстан президенттерінің бірлесіп, Түркістанда жоғары оқу орнын ашуы жайдан жай емес деп ойлаймын. Білім беру жүйесі қазақ, түрік, ағылшын, орыс тілдерінде жүргізілетін оқу ордасы бүгінде Халықаралық оқу орталығы ретінде, күллі түркі жұртының жастарының басын қосып отыр. Екі елді рухани және туыстық тұрғыдан байланыстыратын Түркістан деп білемін», – дейді бокс жаттықтырушысы.

 

Ауыт Мұқибек, ақын:

ТҮРКІ СӨЗІ – ӨТЕ ҚАСИЕТТІ ҰҒЫМ

Шығыс Түркістанның Іле Қазақ автономиялы облысында дүниеге келген ақын  Ауыт Мұқибек тәуелсіздіктің арқасында жоғалтқанымызды тауып, ұмытқанымызды жаңғыртып жатқанымызды айтты. Соның бірі – Түркістанның лайықты түрде өз мәртебесін алуы деп санайды.

«Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың былтырғы жылы Шымкент қаласына республикалық статус беріп, бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысын Түркістан облысы деп өзгертуі және жаңа облыстың орталығы Түркістан қаласы болады деген Жарлығы мені төтенше қуантқан болатын. Түркі сөзі – өте-мөте қасиетті ұғым. Бірақ империялар осы қасиетті ұғымнан бізді ажыратып жіберді. Бұл тарихи шындық. Тәуелсіздік алғаннан кейін өшкенімізді жағыпжоғалтқанымызды тауып, ұмытқанымызды жаңғыртып, тарихымызды түгендеп  жатырмыз. Соның бір дәлелі – түркі халықтарының рухани астанасы Түркістанға облыс мәртебесін беру. Біз бұдан ұтпасақ та, ұтылмаймыз. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев аса көргендік саясатпен Түркістанға өзіне сай статусын берді. Екінші бір жағынан, инфрақұрлым жағынан жаңару басталды. Осы күні құрлыс қарқынды жүріп жатыр. Адамдарға жаңа жұмыс орындары ашылады, қаланың сәні кіреді. Өңір халқының тамырына қан жүгірді. Барыс-келіс ашылды. Бірақ ең бастысы — 1932 жылы 10 наурызда құрылып, 1962 – 1992 жылдары Шымкент облысы деп аталған Түркістан өз мәртебесін алып, жоғалтқанымыздың біреуін қайтардық деп ойлаймын. Елбасы өз сөзінде Оңтүстік Қазақстан еліміздегі экономикалық, көлік-логистикалық, демографиялық әлеуеті зор аймақ екенін, халық саны миллионға жеткен Шымкент шаһары Қазақстандағы ең ірі мегаполистің қатарына қосылғанын еске салып өткен еді», – дейді Ауыт Мұқибек.

Ол сондай-ақ Түркістанның көрші Өзбекстан елімен достық қарым-қатынасы туралы да пікірін білдірді.

«Өзбекстан, Қырғызстан өзіміздің бауырлас халықтар. Тәуелсіздік жылдарында бұл елдермен ешқандай алауыздық болған жоқ. Алайда, Өзбекстан президенті болған Ислам Кәрімовті жабық, шет елмен барыс-келісі аз болған тұлға деп жатамыз. Бәлкім, мемлекеттің сол кезде ұстанған геосаяси жағдайына байланысты болған да шығар. Қалай десек те, ол жылдары Өзбекстан бізге діни-радикализмнің қалқаны болды. Оны да ескеруіміз керек. Енді жаңа президент келіп, ашық қоғам құрып жатыр. Қазір екі елдің достық қарым-қатынасы өте жоғары деңгейде. Бізде де жаңа президент сайланды. Бұл саяси өзгерістер екі елге де, қарапайым халыққа да өз пайдасын тигізеді деп ойлаймын. Қазақстан мен Өзбекстанның достығы қандай деңгейде болса, Түркістан облысы мен Өзбекстанның шекарадағы ауылдарымен байланыс та сол деңгейде болады. Одан бөлек, бұл облыс солтүстігінде Қарағанды, шығысында Жамбыл, батысында Қызылорда облыстарымен де шектеседі. Сосын  «түркі», «Түркістан облысы» деген сөз өзбек ағайындардың да құлағына жылы естілуі мүмкін. Өйткені, бұл бәріміздің қанымызда бар қасиет. Бауырлас, туысқандық әріқарай да жандана түседі деп сенемін. Түркі әлемінің рухани астанасы Түркістанның жыл сайын түрленіп, дами берері анық», – дейді Қытайдан келген қандас ақын­.

Камал Әлпейісова, филология ғылымдарының кандидаты: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ҚҰРЫЛҒАНЫ МЕРЕЙІМІЗДІ АСЫРДЫ

 

­Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, жазушы, аудармашы, еліміздегі ілеспе аударма жасауды меңгерген алғашқы білікті маманның бірі Камал Әлпейісова Түркістан облысының құрылуы жаңа бағдарламалардың қабылданып, өңірдің  тынысының ашылуына септігін тигізеді деп отыр.

«Түркістан қаласы – жалпы рухани астанамыз ғой. Облыстың орталығы деген мәртебе берілмегеннің күннің өзінде де халық та, күллі Түркі әлемі де солай мойындаған. Енді облыс болғаннан кейін өңірді дамытатын бағдарлама қабылданады, қаржы бөлінеді. Оңтүстік Қазақстан – халқы көп қоныстанған өңір. Әлеуметтік қамтамасыз ету жағынан басқа өнеркәсіптері үлкен облыстарға қарағанда кенжелеу қалып отырғаны баршамызға мәлім. Сондықтан Шымкент пен облысты екіге бөлген дұрыс болды. Жаңа бағдарламалар қабылданып, облыстың тынысы ашылады. Шымкент өз алдына, Түркістан облысы өз алдына жеке шықты.  Түркістанның қандай ғимараттар салынатынын облыстың бас жоспары картасынан көрдім. Көңіл қуантады. Әрине, Түркістан облысының құрылғаны мерейімізді асырды. Түркістан исі мұсылман елдері үшін ғана емес, дүниежүзі халқы үшін де қадірлі мекенге айналған. Екінші  жағынан, тоқырау жылдары еліміздің шет жақтарында біраз облыстар жабылып қалған болатын. Түркістаннан кейін соларға да келсек деген үміт пайда болды. Қазір Түркістан қаласы халқының саны 160 мыңнан асады екен. 2019 жылғы Бас жоспарға сәйкес 500 000 тұрғыны бар шаһарға айналмақ. Мүмкін оған да жетерміз», – Камал Әлпейісова.

Танымал ғалым Түркістанның туризм орталығын дамыту кезінде туристік жол салыну керек деп отыр. Сол кезде сырттан келетіндерді көптеп тартуға болады.
«Түркістанның туристік әлеуетін дамыту үшін кешенді бағдарлама қабылдау керек. Арыстан бабты қамтитын, әр жағында Үкәша ата, бер жағында Отырар, Сауран секілді көне қалалар бар. Түркістан – ежелден сауда-саттықтың ортасы, ынтымақтың ордасы болған қала. Сондықтан, Түркістанды облыс орталығына айналдыру – сөзсіз Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ең бір ұтқыр да, тапқыр шешімі. Биылдан бастап қаланың Ұлы Жібек жолының бойындағы құндылығы арта түседі. Арасына ортақ бір туристік жол салса… Білуімше – мұнда жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірі мен еліміздің әр аймағынан 700 мыңнан астам адам келеді екен. Былтыр миллионыншы турист келді деген де жаңалықты ақпарат беттерінен көзім шалып қалды. Туризмді дамытып, саяхаттап келушілерге сапалы қызмет көрсету мақсатында, жергілікті билік бірнеше жобаларды қатар қолға алса… Түркістандағы ірі әлеуметтік жобалардың басым көпшілігі туристік саланы дамытумен байланысты болса… Өзіміз шетелге барып жүрміз, сонда осындай қиранды тарихи қалаларды көреміз. Ештеңе жоқ, сондай көне қалаларға да жол салуға болады. Шын ниетпен кірісетін азматтар табылса, нағыз туризм орталығына айналатын өңір деп санаймын. Киелі өңірдің туризмін дамытамыз десек, көңіліміз де таза болу керек. Қалтаның емес, халықтың қамын ойлайтындар  көп болса деп тілеймін. Сондай кезде елімізде тағы бір көркі көз тартатын, туристік әлеуетінің арқасында табыс тауып тұратын шаһар пайда болар еді», – дейді ол.

Асылы Осман, тіл жанашыры:

ТҮРКІСТАН ШЫН МӘНІНДЕ ГҮЛІСТАНҒА АЙНАЛУЫ ТИІС

Белгілі қоғам қайраткері, ғалым, тіл жанашыры Асылы Осман Түркістан облысы құрылғанда қатты қуанғанын жасырмады.

«2018 жылы Түркістан облыс болғанда, қуанғаннан жүрегім жарылып кете жаздады. Мұндай тарихи шешім бір ғасырда бір рет қабылданады. Түркістанның өзі сонау ғасырлар бойғы иісі түріктің рухани орталығы болған қала. XX ғасырдың басында Мағжан Жұмабаевтың өзі «Түрікстан – екі дүние есігі ғой» деп бостан-босқа жазған жоқ. Түркістанның – түркі әлемінде алар орны ерекше. Сондықтан барлығын ескере келіп, Түркістан облысын құрып әрі орталығы ретінде Түркістан қаласын таңдау мені қатты қуантты. Жалпы мені ғана емес, жүрегі «түркі» деп соғатын адамдардың бәрін бұл жаңалық қуантты деп ойлаймын.

Маған сенсеңіз, Түркиядағы азаматтардың, ол жақтағы бауырларымыздың қуаныштарында шек жоқ. Өйткені, олардың бәрі бұл жерді ата-бабамыздан келе жатқан құтты мекен, мейірімді мекен, тарихи өлкем деп санайды. Мен өзім Түркістан шаһарында 1957-1961 жылдары 4 жыл бойы оқығанмын. Сол кездің өзінде Түркістанның әулиеқұдығынан су алып баратынмын, топырақ алып баратынмын. Демалыста ауылыма барған кезде үлкен кісілер жиналып, той сияқты болатын. Ауыл азаматтары сол суды ішіп, топырақты бөліп алатын. Осыдан-ақ қазақтың ата-бабасын, әулиелерін құрметтейтінін байқауға болады. Сол қиын қыстау заманның өзінде қастерлеп жатқанда, тәуелсіздік алған тұста Түркістанды әспеттеп, облыс статусын бергені үшін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа разымын.

1959 жылы Қазақстанның жазушылары Түркістанға келген болатын. Арасында қазақтың біртуар ақыны Сырбай Мәуленовтің: «Түркістанды гүлістан демей немене» деп айтқаны бар. Ендеше, Түркістан шын мәнінде Гүлістанға айналуы тиіс. Ол өздігінен бола бермейді. Басшылыққа да көп нәрсе байланысты Түркістанның қазіргі әкімін өте ұқыпты, сауатты, білімді, еліне, жерілген берілген әкім деп бағалаймын», – дейді Асылы Осман.

Қоғам қайраткерінің айтуынша, Түркістанды туризм орталығына айналдыру үшін жатпай-тұрмай еңбек ету керек.

«Қазақстан Республикасының жаңа сайланған Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «сөзден іске көшу керек» деп айтты ғой. Ол үшін жақсылап ұйымдастырып, бірлесе отырып, жүйелі жұмыс жасауға тиіспіз. Адамдардың бәріне топырақ шашпаймын, бірақ осы күні еңбексіз жатып ішер болғымыз келеді. Бұл дұрыс емес. Ел үшін, жер үшін аянбауымыз қажет. Күні-түні тер төгуіміз керек. «Түркістанның сүйел жері сүйкімді, қадам жері қасиетті. Бір уыс топырағы киелі». Қалай болғанда да, Түркітанды жақсартуға да, жайнатуға да, түлетуге болады. Бұл мүмкін нәрсе», – дейді ұлт жанашыры.

Саясат Нұрбек, саясаттанушы:

ТҮРКІСТАНДЫ ТУРЗИМ ОРТАЛЫҒЫНА АЙНАЛДЫРУ ҮШІН ЖАРНАМАҒА КӨҢІЛ БӨЛУ КЕРЕК

Танмал саясаттанушы, қоғам қайраткері Саясат Нұрбек Түркістанды облыс ретінде бөлудің негізгі екі аспектісі бар екенін айтты.

«Бұл шешімді талдасақ, экономикалық және саяси негіздемелері бар. Біріншіден, экономикалық тұрғыдан алсақ, өңірдегі бәсеке қатты өсіп келе жатыр. Неге десеңіз, елімізде 4 агломерация бар, солардың қатарына Шымкент те кіреді. Бұл қала бәсекеге түсетін өңір Шымкент қаласы. Өздеріңіз білесіздер, Өзбекстан соңғы экономикалық реформалардың арқасында қарқынды дамып жатыр. Әсіресе, Ташкент қаласы үлкен экономикалық хабқа айналды. Шымкент сондықтан өз әлеуетін қатты түсіріп алуы мүмкін. Бір қызық дерек айтайын, бұрын Ташкентте қаржы қағидаттары өте қатаң болған. Мысалы, валютаны сыртқа шығаруға немесе шетел валютасын іште айналымға салу қатаң тыйым салынды. Сол кезде өзбектің бизнесмендері ақшаларын Шымкентке аударып, сосын Ташкентке апарған. Кейде Шымкенттегі республикалық банктердің аймақтық филиалдары Алматы, елордадағы банктерден асып кететін. Өйткені, көп ақшалар сол жақта айналатын. Енді, ол тоқтады. Шымкентті арнайы экономикалық хаб ретінде дамытқымыз келсе, статус берген дұрыс еді. Сол мәселе дер кезінде оң шешімін тапты. Елбасы Шымкентке республикалық маңызы бар қала ретінде өз статусын белгіледі. Тағы бір сипаттама ­–  Түркістанның жеке өзінің әлеуеті мықты. Бұл түркі әлемінің мәдени, діни рухани астанасы. Түркия тарапынан да қызығушылық жоғары. Кезінде 90-жылдары Сүлеймен Демирел бірнеше ат басын тұрған. Одан кейін Ердоған да болды. Бірақ ол тұстары Түркістан жеке облыс емес, қала деңгейінде еді. Бізде әкімшілік жүйе бір орталықтан басқарылады. Сол себепті Түркістанның әкімі қандай мықты болса да, мүмкіндігі шектеулі болғандықтан  көп ойларын жүзеге асыра алмауы мүмкін. Ал облыс ретінде тыңысы кеңінен ашылады. Соңғы негіздеме  – туристік потенциал. Кесенелер, ең мықты тарихи орындар орналасқан. Ол жерлерді дамыту, туристерді тарту біздің бюджетке байланысты. 90-жылдары Семей облыс болғанда қарқын алып келе жатқан болатын. Кейін Өскеменге қосылған соң, баяулап қалды. Бізде бюджеттің ақшасы алдымен облыс орталықтарына құйылады, сосын барып басқа аудандар мен ауылдарға беріледі. Түркістан да осылай жүре бергенде, Семей секілді қалып қоюуы мүмкін еді. Меніңше, Түркістан облысының құрылып, орталығы Түркістан қаласы болуы дұрыс шешім», – Саясат Нұрбек.

Оның айтуынша, Түркістанның туристік әлеуетін дамыту үшін жарнамаға қаржыны аямау керек. Шетелден National Geographic, BBC телеарналарын шақырып бейнероликтер түсіру керек деп санайды.

«Түркістанның әлеуетін дамыту үшін алдымен жарнама жұмыстарын сауатты жүргізу керек. Танымал болса, туристер де көп келеді. Түркі халықтарының бәрі Түркістанды естиді. Мысалы, Түркияға ислам Қожа Ахмет Ясауи және оның шәкірттері арқылы келген. Олардың бәрі мектеп кезінен: «Біздің шыққан тегіміз, Орта Азия, ислам діні Қожа Ахмет Ясауи арқылы келген» деп оқиды. Сондықтан көбісі, Түркістанды және Қожа Ахмет Ясауи кесенесін көргісі келеді. Бірақ олардың кейбір қай жаққа бару керектігін де білмейді. Түркияда ауылдағы адамдардың дені: «Түркістан әлі кәпірлердің жерінде, яғни Совет үкіметінің құрамында жүр» деп ойлайды. Мұндай пікірлерді өзгерту үшін дұрыс жарнама жасап, танымал ету керек. Түркістан қаласына National Geographic, BBC телеарналарын шақырып, бейнероликтер түсіртуге тиіспіз. Көптеген адамдар Өзбекстандағы Хиуа, Бұқара, Самарқанды көруге барады. Тіпті, жылына 5-6 миллион туристерге дейін ағылады. Енді, бізге өзбектермен келісіп, бір маршрут жасасақ дұрыс болар еді. Туристер сапарларын Түркістаннан бастап, әріқарай, Хиуа, Самарқанға барады. Сосын Ташкентке жетіп ұшып кетеді. Немесе керсінше соңғы аялдама Түркістан болса. Бірақ ол үшін Түркістанға халықаралық әуежай керек. Жалпы, туристік тұрғыдан даму үшін өзбектермен ынтымақтастықтың дұрыс болғаны пайдалы», – дейді саясаттанушы.

Айдос Сарым, саясаттанушы:

ТҮРКІСТАН – ҚАЗАҚСТАНДЫ ТҮРКІ ӘЛЕМІНЕ ЖАҚЫНДАТА ТҮСЕДІ

Танымал саясаттанушы Айдос Сарым Түркістан облысының құрылуы Қазақстанды түркі әлеміне жақындата түседі деп отыр.  

«Өз басым облыстың аты Түркістан аталуына қатты қуандым. Оның ғана емес, біздің аймақтың тарихи атауы да Түркістан ғой. Бұл Қазақстанды түркі әлеміне жақындата түсуге, көрші елдермен байланысты одан әрі нығайтуға мүмкіндік беретін тарихи белес деуге болады. Бұл тіпті жалпы түркі әлеміне ортақ жобаға айналуы әбден мүмкін. Аталған облыстың құрылуы Қазақстанға EXPO 2017-дан кем емес мүмкіндік береді. Енді, Үкіметтің алдында Түркістанды өркендету, туристік потенциалын күшейту, тіпті болашақта мегаполиске айналдыру міндеті тұр. Бір сөзбен айтқанда, мұны жаңа қала салу деуге болады. Жалпы, жаңа кеңсе мен жаңа аймақтық орталықтың пайда болуы кем дегенде бірнеше жыл бойы жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Түркістан облысының ірге тасының қалануы отандық құрылыс компанияларына да жан бітіреді, сол арқылы экономикалық белсенділікке жол ашылып, қарапайым халыққа да қаражат түсуіне ықпал ететін айтарлықтай маңызға ие жоба. Біздің елдің экономикасының дамуы осындай көлемді шаралар мен ауқымды жобаларға байланысты. Себебі, елде бір мезетте қырық-отыз мың жұмыс орнын құратын жобалар жоқтың қасы. Бұл мүмкіндікті яғни жаңа облыстың құрылуын пайдалана отырып, қаланың жаңа инфрақұрылымын, жаңа ғимараттары мен жолдарын дұрыс салып, жемқорлыққа жол бермесек, облыстың пайда болуы әлеуетті мүмкіндік береді» – дейді Айдос Сарым.

Оның айтуынша, Түркістанның туризм ғана емес, еліміздің білімі мен ғылымының орталығына да айналуы тиіс.

«Енді Түркістан облысында жаңа әлеуметтік жобалар, жаңа тұрғын үй, жұмыс орындары және басқа да жобалар пайда болады. Қазіргі кездері жеке облыс болып бөлініп шыққаннан кейін  аталмыш аймақтағы әлеуметтік шиеленістің төмендеуі айтарлықтай байқалады. Түркістан – туризм орталығына айналуы тиіс. Мұнда онсыз да жыл сайын жыл сайын 1 миллионнан астам туристер келеді. Түркістанда ұлтымыздың өркениетінің салт-дәстүрі және қолөнері, тарихы, археологиясы, одан өзге де бай мұрасы сақталған, оны келешек ұрпаққа жеткізуі біздің басты міндетіміз. Енді, Түркістанның Өзбекстанға байланысы болады. Оның үстіне биыл көршілес Өзбекстанда Қазақстан жылы деп жарияланды. Самарқанд, Бұхара, Ташкент, Хиуа, Бұхара секілді қалалармен маршруттар іске қосылып, туристердің саны арта түседі деп ойлаймын. Сондай-ақ Түркістан қаласы – еліміздің білімі мен ғылымының орталығына айналуы тиіс деп есептеймін. Меніңше Оксфорд, Кембридж, Гарвард, Стэнфорд сияқты әлемдік брендке айналған оқу ордаларын мұнда да қалыптастыруға болады», – дейді ол.

 

Зарема Шаукенова, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры:

БҰЛ ДҰРЫС ШЕШІМ БОЛҒАНЫН УАҚЫТТЫҢ ӨЗІ ДӘЛЕЛДЕП КЕЛЕДІ

 

Түркістан облысының құрылуының дұрыс болғанын уақыттың өзі дәлелдеп келеді. Мұндай пікірді ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Зарема Шаукенова

«Өткен жылы еліміздің кейбір өңірлерінде аумақтық бөліністер орын алды. Еліміздегі Оңтүстік Қазақстан облысының халық саны көп, тығыз орналасқан еді. Сондықтан болар жаңа аудандар құрылды. Оңтүстік Қазақстан облысындағы Жетісай және Келес Мақтаарал және Сарыағаш аудандарынан бөлініп шықты. Одан кейін Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен облыс орталығы Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшірілді. Түркістан облысының құрылуы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына сай жүргізілді десем қателеспейтін шығармын. Түркістан – Оңтүстік Қазақстанның ежелгі орталығы, ортағасырларда қала Қазақ Хандығының астанасы болған тарихи-мәдени қала. Ұлы Жібек Жолы өтіп жатқан жерде, алып қазақ даласының қиыр шетінде хандарымыздың таққа отыру салтанаты өткізілген. Сондықтан ата-бабалардың мұралары арқылы жеткен руханияттың Қазақстан Республикасы үшін маңызды екендігінің белгісі. Әрине, символдық аспектілерден бөлек, облыс орталығын Түркістанға ауыстыру Оңтүстік өңір аумағына өндірістік және экономикалық күштерді дамытуға мол мүмкіндік береді. Бұл дегеніміз – өңірге тың импульс беріледі деген сөз», дейді – Зарема Шаукенова .

Институт директоры алдағы уақытта оңтүстік аймақтағы шағын қалаларды дамытуды қолға алу керек деп отыр.

«Үшінші мегаполис атанып отырған Шымкент қаласы өзін-өзі қамтамасыз ететін дәрежеге жетті, іс жүзінде республикалық мәртебеге лайық болды.Заңды түрде бекітілді. Бір жылға жуық уақыт өтті. Бұл дұрыс шешім болғанын уақыттың өзі дәлелдеп келеді. Ендігі кезекте бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысындағы Ащысай, Кентау сынды кіші қалаларды да дамытуды қолға алу керек. Оның бәрі Түркістан облысының әріқарай гүлденуіне, облыс тұрғындарының әлеуметтік жағдайының жақсаруына әсер етеді. Түркістан облысы – халқы саны жөнінен еліміздегі ірі облыстың бірі. Қайбір жылдардағы көрсеткішке сүйенсек, халық саны екі миллионан асып кеткен. Бір шаршы шақырымға 16-17 адамнан келеді екен. Өте тығыз орналасқан облыс. Ал жер аумағы 6 млн 608 мың гектарды құрайды. Құрылғанына бір жыл болған облыстың шекарасы Жамбыл, Қызылорда, Қарағанды өңірімен және Өзбекстанмен шектеседі. 11 аудан, 3 қала және 841 елді мекеннен құралған. Ал Шымкент қаласының аумағы 116 280 гектар. Еске салатын жайт, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Түркістанды облыс орталығы ету туралы бұйрыққа өткен жылдың 19 маусымында жариялы түрде қол қойды. Ал Шымкенттің мәртебесі республикалық маңызы бар шаһарға ауысты», дейді ол.

Бекжігіт Сердәлі , композитор:

ЕЛБАСЫНЫҢ ТҮРКІСТАНҒА ДЕГЕН КӨЗҚАРАСЫ ЕРЕКШЕ

 

«Жұбайлар жыры», «Неге, неге, неге?», «Ризамын» атты 80-90 жылдары ел арасына кең тарап, хит болған әндердің авторы, әрі журналист ғалым Бекжігіт Сердәлі бүгінде осы облыстың тұрғыны. Елбасы Түркістан құру туралы жарлықты әбден сараптап қабылдаса да, қала тұрғындары үшін

тосын шешім болған. Бұл қуанышты жаңалықты естігенде көп адамдар таңырқап қалған екен.

 

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан облысын құру туралы шешімді тосыннан қабылдай салған жоқ деп ойлаймын. Түркістанда Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің маңында жиырмаға жуық хандар, жүзге тарта билер, шешендер, батырлар, абыздар жерленген. Бұл жерде Абылайхан жатыр, Есімхан бар. Қаз дауысты Қазыбек би де осында. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанға жылына кемі 3-4 рет келеді. Әр сапарында осы әңгіменің ұшын шығарып, айтып жүретін. Ал шын мәнінде қала тұрғындары үшін Елбасының Жарлығы тосын шешім болды. Сол кезде, шыны керек ешкім облыс боламыз деп ойлаған жоқ. Былтыр осы маусым айында тарихи шешім қабылданды.Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Түркістанға деген көзқарасы ерекше екенін, онысын келген кезде байқайтынбыз. Осы күні қала күннен күнге құлпырып келе жатыр. Тар көшелер кеңейді, жолдар жақсарды, адамдардың мәдениетінен де өзгеріс байқалады. Түркістанның облыс болуы – адамдардың рухани деңгейінің өсуіне де әсер етіп жатыр. Жалпы, ерекше оқиға болды.Түркістан облысының құрылуы экономикалық, әлеуметтік, рухани, мәдени мәселелерде өңірге тың серпін беретін болады. Мұны әсіресе, жастар жағы қуаттап отыр. Бұл өзгерістің барлығы шаһардың гүлденуіне зор үлес қосады. Ынтымағы ұйысқан рухани аймақтың татулығын әрі қарай сабақтай түседі. Түркістан атауы қандай мәртебеге де, мадаққа да лайықты. Енді жергілікті халық алдында осындай мәртебелі атаққа сай болу міндеті тұр»– дейді Бекжігіт Сердәлі.

 

Композитордың айтуынша, Түркістанда этнотуризмді дамытуға болады екен. Шетелдіктердің тарихи орындарға деген қызығушылығы жоғары көрінеді.

 

«Арабтардың Дубай, Түркияның қара теңіздің жағасында орналасқан Анталья секілді қалаларының деңгейінде даму үшін көп уақыт қажет. Дәл қазір бір ғана туризмді дамытуға болады – ол этнотуризм. Шетелден адамдар келгенде, көбіне осы әулие-әмбелердің жатқан жерлеріне баруды қалап тұрады. Сол кездері көпшілігінің пікірі де осыған келіп саяды. Табиғи көркі әдемі жерлер өте көп, ал Түркістанның байлығы оның тарихи нысандары мен мәдени-тарихи орындары. Бізде қасиетті жерлер жетерлік. Қожа Ахмет Яссауи, Арыстан баб кесенесі, «Ақ мешіт әулие үңгірі», Домалақ ана секілді айта берсең, мұндай киелі орындарымыз өте көп. Шетелдіктер осыған қатты қызығады екен. 1500 жылдан астам тарихы бар, Қазақ хандығының астанасы болған, шартарапқа аты кеткен батыс пен шығысты жалғаған керуен жолдарының түйіскен тұсы Ұлы Жібек жолының орталығына айналған Түркістан қаласы туралы Елбасы Н. Назарбаев: — Әрбір халық, әрбір тәуелсіз мемлекет өзінің рухани орталығын нақтылап алуы керек. Қазақстанның рухани орталығы Түркістан деп — айтқан», – дейді ол.

 

Айдана Арынбек, сарапшы:

ТҮРКІСТАН – ТУРИЗМ ОРТАЛЫҒЫНА АЙНАЛУҒА ЛАЙЫҚ ҚАЛА

Осы күні  «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының стратегиялық даму департаментінің директоры қызметін атқаратын Айдана Арынбек Түркістан туризм орталығына айналуға лайық қала деп санайды. Ол бұған дейін  «Нұр Отан» Орталық аппараты стратегиялық бастамалар институтында бас сарапшы қызметін атқарған болатын. Сондықтан зерттеу жүргізіп көрген.

«Түркістан қаласы Қазақстанның әр түрлі аймақтары мен алыс-жақын шетелдің туристерін әрдайым тарихымен қызықтырып келген. 1500 жылдан астам тарихы бар шаһар кімді болмсын бей-жай қалдырмасы анық. Жыл сайын 1 миллионнан астам турист құлшылық ету үшін келеді. Түркі мәдениеті мен өнерін бірлесіп дамыту жөніндегі халықаралық ұйым (ТҮРКСОЙ) 2017 жылы Түркестан –  түркі әлемінің мәдение астанасы деп жариялады. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Арыстанбаб кесенесі, Гауһар Ана кесенесі,  Үкәша Ата кесенесі, Арыстанбаб секілді қасиетті орындар жеткілікті. Ал кейбіреулер тарихи ескерткіштерді көруге келеді. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркістан облысын құру туралы Жарлығы туристердің санының артуына ықпал ететін болады. Биыл бұл Жарлыққа бір жыл толып отыр. Мемлекеттік органдардың Түркістанға көшуі қала инфрақұрылымын дамытуға айтарлықтай серпін береді. Бұл инвестицияларды тартуға және қаланың дамуына тұрғындардың белсенділігін арттыруға септігін тигізеді. Мәселен, Түркістан облысы бойынша өткен жылы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 288 млрд. 76 млн. теңге болып, 2017 жылмен салыстырғанда 1,2 пайыз артқан. Бұдан өзге, 2019 жылғы 1 қаңтары бойынша Түркістан облысында 14 059 заңды тұлға тіркелген. Республика бойынша тіркелген заңды тұлғалардың жалпы санындағы облыстың үлесі 3,2 пайыз», – дейді Айдана Арынбек.

Онң айтуынша, туризмді дамыту үшін жергілікті тұрғындар да белсенді араласу керек.

«Бұрын жергілікті тұрғындар қаланы дамытуға белсенді қатыспайтын. Туризмді дамытудың негізгі факторларының бірі азаматтардың белсенді қатысуы екенін атап өткен жөн. Мемлекет басшысының Жарлығымен Түркістан тұрғындары қала құрылысына қатысуға көбірек көңіл бөледі және жергілікті туризмді дамытуға үлкен қызығушылық танытады деп ойлаймын. Түркістандағы туризмнің дамуы қала тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарының ашылуына әсері мол.  Бүкіләлемдік туристік ұйымның мәліметі бойынша, бір туристке арналған кешенді қызмет ұлттық экономиканың басқа секторларымен салыстырғанда бірнеше есе төмен 9 жаңа жұмыс орындарын құруға теңестіріледі. Сонымен қатар, Түркістандағы туризмнің дамуы тұтастай алғанда елдің инвестициялық тартымдылығына жағымды әсер етеді. Өйткені, ең алдымен, инвесторлар әдеттегі туристер ретінде Қазақстанға келеді. Олар біздің елмен танысады. Қазіргі уақытта әлемнің бірде-бір елі туризм болмай, ілгері дами алмайды. Өткен жылы өңірге 1,5 млн-ға жуық саяхатшы мен зияратшы келіпті. Ал туристік индустрияны дамытудың тұжырымдамасына сәйкес, 2025 жылы Түркістан өңіріне 5 миллионға жуық турист келеді деп жоспарланып отыр. Аймақтағы туризмді дамыту қаланың экономикалық жағдайын жақсартуға және шағын және орта бизнестің санын көбейтуге көмектеседі», – дейді Айдана Арынбек.

 

 

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.