Home » Мақалалар » Түркі жұртының рухани астанасы – Түркістан

Түркі жұртының рухани астанасы – Түркістан

Түркістанның облыс орталығы болып, Түркістан облысы атанғанынада биыл бір жыл толып отыр. Елбасының Жарлыққа қол қойып, қаулы еткен сәтінен бері атқарылған жұмыс та аз емес. ҚР Үкіметінің қадағалауымен облыс әкімдігінің бекіткен бас жоспары өзінің алғашқы жемісін беруде. Құрылыс жүргізілетін жер аумақтары бекітіліп, алды басталып та кетті. Рухани орданың қайта түлеп, түркі жұртының мақтанышына айналуы жолында алғашқы қадам жасалды. Осы бір уақыт ішінде өткерілген істер жайлы ой пікірі қалай? Жұртшылық құптайды ма әлде кем-кетік тұстары бар ма? Осы орайда, қоғам белсенділерінің пікірін сұрап, көптің назарына ұсынғанды жөн санадық.

Серікқазы Көкенай, «Егемен Қазақстан» РГ» АҚ Интернет-редакция басшысы, Ұлттық Интернет Ассоциациясының президенті: «Түркістанның кереметін сол жерге барған адам ғана сезіне алады»

Түркістан екі дүние есігі ғой деп бекер айтылмаса керек. Руханиятқа тікелей қатысы бар, әрі бүкіл түркілердің рухани астанасы ретінде танылған қала былтырдан бастап облыс орталығы мәртебесіне ие болғаны бәрімізді қуантты. Кезінде Қазақ хандарының ставкасы болған жер бүгінде еліміздің оңтүстік қақпасы болып табылатын облыс орталығына айналды. Қала халқымыздың тарихында аты қалған қаншама ұлылардың мәңгілік мекеніне айналған. Түркістанда болмаған немесе болғысы келмейтін қазақ жоқ шығар. Өйткені Қазақ тарихының ең маңызды да күрделі шешуші кезеңдері осы шаһармен байланысты екенін білеміз.

Түркістан тұнып тұрған тарих болғандықтан туристерді де ерекше тартатын жер. Қаланың өзі ғана емес, оның айналасы мен облыс аумағы тарихи маңызы бар кешендерге бай өлке болғандықтан оның әлемдік деңгейде елімізді танытуға үлкен мықты потенциалы бар деп ойлаймын. Бұған қаланың климаттық жайлылығы мен географиялық ыңғайлы жерде, яғни Ұлы Жібек жолында орналасуы жақсы септігін тигізеді.

Түркістанның кереметін сол жерге барған адам ғана сезіне алатынын ол жерде бірнеше рет болған адам ретінде айта аламын. Оның ауасын жұтып, суын ішкен адам оған ғашық болмай кетпейтін болар. Талай ақын-жазушылардың шығармаларына арқау болған өлке бүгінде жаңаша түрленіп, жаңашыл келбетке ие болды. Кезінде Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Түркия еліндегі бауырларымызбен бірлесе ашқан алғашқы халықаралық университет осы Түркістан қаласынан табан тепкені де көп нәрсені аңғартады емес пе? Күні бүгінге дейін түркі тектес халықтар өз елдерінен осы жоғарғы оқу орнына өз студенттерін жіберіп оқытуы біз үшін үлкен мәртебе болып отыр.

Осылайша, Түркістанның облыс орталығына айналуына бұрыннан да мықты алғышарттар қалыптасқан еді. Сондықтан оның аймақтың бас қаласы атануы – бұл тек логикалық қорытынды болды деген ойдамын.

Гүлнұр Нұрымхан, техника ғылымдарының кандидаты, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің доцент м.а, А.Нобель атындағы арнайы медалінің және «Үздік оқытушы — 2018» сыйлығының иегері: «Түркістанның облыс болып аталуы тарихқа деген құрмет деп білемін»

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен бір жыл бұрын Түркістан облыс болғаны баршамызға мәлім. Бұл жаңалықты естігенде еліміз болып бір адамдай қуанған едік, әне-міне дегенше Түркістан облыс болып қайта аталғанына бір жыл толып отыр. Менде осы жаңалықты естігенде ерекше қуандым. Себебі ұлтымыздың ұлықталып, рухымыздың қайта жанданғанын сезіндім. Арыстан баб пен Қожа Ахмет Яссауи кесенелері, «Ақ мешіт әулие» үңгірі, Қасиетті Домалақ ана мен Үкаша ата кесенелері, Жеті қабат дуалмен қоршалған көне Сауран қаласы, Жылаған ата үңгірі, Жылаған ата бұлағы жеті кереметі бар қасиетті Түркістанның облыс болып аталуы сол тарихқа деген құрмет деп білемін.

Өзім өсімдік шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп салаларында жұмыс істегендіктен бұл өңірдің еліміздің экономикасының дамуына үлкен үлес қосып келе жатқандығын жақсы білемін. Қолайлы климат облыста ұзақ уақытқа көкөніс егіп, егін шаруашылығымен айналысуға мүмкіндік береді. Облыста үлкен және шағын жеңіл өнеркәсіпті дамыту арқылы бұл саланың деңгейін көтеріп қана қоймай, халықты жұмыспен қамтамасыз етіп, жұмыссыздықты да жоюға болады деп ойлаймын. Сөзсіз мұндай іс-шаралар кешені облыс әкімдігінің жаңа жоспарында да бар болар. Дегенмен, осы сала маманы ретінде жеңіл өнеркәсіпке, оның ішінде, таза, табиғи өнімге сұраныс көп уақытта елдің негізгі экспортеры бола алатын Түркістанның перспективасы жоғары.

Жоғарыда атап өткенімдей, өңір басшылығының қалаға қатысты жаңа бас жоспары менен облысты дамытудың бағдарламасы қабылданған екен. Соның аясында кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп, инвесторларға мүмкіндік берілуде. Қандай сала болмасын табысы өрге домалайтын аймақ ұлтымыздың мақтанышына айналырына еш күмәнім жоқ. Ол тек уақыт еншісіндегі дүние деп білемін,

Коптлеуова Зарина, “Velada Group” Халыкаралык компаниясынын басшысы: «Түркістан қаласының облыс орталығы болып, қайта түлеуі — Қазақстанның әлемдік өркениеттегі орнын тағы бір айшықтап алуына мүмкіндік береді»

Қара шаңырақтағы үлкен ұлдың ата-анасынан енші алып, бөлек отау құратыны секілді, Шымкент қаласының ірі мегаполиске айналып, елімізде тағы бір облыстың пайда болуы – ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген шешімі десек, артық айтқаным емес. Бүгінде тарихи тамыры тереңде жатқан Түркістан қаласының облыс орталығы болып, қайта түлеуі — Қазақстанның әлемдік өркениеттегі орнын тағы бір айшықтап алуына мүмкіндік береді. «Қасында күнде көріп жүргеннен соң, таулардың биіктігі байқалмайды» демекші, шетелде жиі саяхаттап жүрген адам ретінде сырттан қарағанда Қазақстанның, соның ішінде Түркістан облысының гүлденіп келе жатқанын, әсіресе, желісі ғасырлардан бері үзілмеген тарихымен құнды Түркістан қаласына өзге мемлекеттен ағылып жатқан туристердің көптігі көз қуантады. Алдағы уақытта облыс орталығы атанғаннан кейін, түрленген, жаңғырған, жаңаша бейнеге ие болған Түркістанға келер туристер саны бүгінгіден он есе көп болары сөзсіз. Ұлттық нақышқа негізделіп, шығыстық сәулет өнерімен салынатын ғимараттар ерекше ажар бере түсіп, құдды бір орта ғасырларда жүрген сезім береді деп ойлаймын. «Барсам, көрсем» деушілердің де қатары аз емес екеніне сенім мол.

ТМД мен түркі тілдес мемлекеттерге кеңінен танымал «Ертұғрыл» телехикаясының режиссеры бастаған шығармашылық ұжымның Түркістанды аралағаны әрі тарихи кинотуындыны дайындауға кіріскені жалпақ жұртқа мәлім. Мұның өзі «рухани астанамыздың» имиджіне қосылған көлемді үлес деп білемін. Тарихи тамырынан ажырамай, өркениетке қадам басқан Түркістан қаласының облыс орталығына айналғанына да 1 жыл өте шығыпты. Әрине, бір жыл көп емес. Десе де осы бір қысқа уақыт аралығында қыруар іс тыңғылықты жасалып, өз жемісін бере бастады. Тек облыс емес, еліміз үшін мегажобалардың тұсауы да кесілді. Мұның барлығы алдағы уақытта өз нәтижесін беретіндігіне еш күмәнім жоқ. Елбасының көреген шешімімен жаңа облысқа айналып, қайта түлеген Түркістанның тұғыры мықты болғай демекпін.

Еңілік Қайратқызы, күйші-композитор, домбыра мектебінің басшысы, ҚР күйшілер одағының мүшесі, ҚазАҚ авторлық қоғамының мүшесі: «Ісіне адал һәм байыпты азаматтар барда Түркістанның болашағы жарқын болады деп сенемін»

Түркістан қаласы Қожа Ахмет Яссауидің кесенесімен белгілі. Бұл кесене сәулет өнерінің озық үлгісі, әрі қазақ билеушілерінің, діни тұлғалардың, батырлардың, ұлы тұлғалардың жерленген орны.

Өткен жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысын Түркістан облысы деп қайта құру және облыс орталығын Түркістан қаласына көшіру туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл тарихи шешім көптің көңілінен шығып, бір қуантты. Себебі еліміздің болашағы менен рухани жаңғыруымыз үшін жасалынған қадамдар халқымызға қашанда жағымды болмақ. Түркістанның болашақта экономикасы терең мәдениеті менен ұтымды туризмі арқылы одан да дамып, жақсы көрсеткіштерді көрсетеді деп ойлаймын және ол үшін бүгінде барлық жағдай жасалуда.

Еліміздің терең тарихына қызуғшылық білдіретіндер жетерлік. Біздің байтақ жерімізді, табиғатымызды, салт-дәстүрімізді көру үшін адамдар шет мемлекеттерден келіп, таңданыстарын жасырмауда. Демек, Түркістанның туризмының болашағы зор.

Түркістан облысы ресми түркі әлемінің «мәдени астанасы» болып аталды. Бұл шешім, түрік елдері мәдениетінің халықаралық ұйымы Түріксойдың Әзірбайжанда өткен Тұрақты кеңес жиналысында  қабылданды. Бұл шешім қасиетті мекеннің келешек тарихи-мәдени статусын көтерудің нышаны болды. Біздің халқымыз үшін ол үлкен құрмет деп түсінемін.

Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Сокральды Қазақстан» кіші жобасы негізінде тарихи қазынамыз Түркістанның экономикасын көтеріп, оның гүлденуіне үлес қосып отырған азаматтардың да еңбегі орасан. Бүтін бір ұлтымыз осы бір киелі мекеннің одан әрі дамуы үшін еңбек етер болса, болашақта мәртебелі шаһарымыз ұлтымыздың мақтанышы болары сөзсіз.

Қаланың жаңа келбеті өңірді келесі бір деңгейге көтерері сөзсіз. Ісіне адал һәм байыпты азаматтар барда Түркістанның болашағы жарқын болады деп сенемін.

Қанат Айкүміс, «Қыз Жібек – 2018» «Ақжүніс – Астана аруы 2018» атауының иегері, «Қазақ аруы – 2019» байқауының финалисті: «Бұл рухымызды жандандырып, санамызға сілкініс берген шешім»

Түркістан – қазақ даласындағы ең ежелгі қалалардың бірі. Тарихта сан мәрте өзгертіліп, атауы жаңартылған шаһар өз дәуірінде ең озық қалалардың бірі саналды. Өркениет көшінде одан қалыспай, керісінше оның қозғаушы күштерінің бірі атанған Түркістан – халқымыз үшін ғана емес, түркі әлемі үшін аса маңызды болып табылады. Бала кезімізде жырын жаттап өскен М.Шахановтың атақты Отырар дастанындағы көне қала да осы өңірде орналасқан. Жер жүзінде ғылымнан оза шауып, екінші ұстаз атанған Әбу Насыр Әл-Фараби дүниеге келіп, мұсылман жұрты үшін софылық жолдың сарабдал ретін қалыптастырған Қожа Ахмет Яссауи дүние салып, әлемді шошындырған Ақсақ темір сол бабаға кесене орнатқан құтты мекен бүтін бір ұлтымыздың шерлі үні секілді күй қалдырады. Хандарымыз ордасын тігіп, билеріміз төрелігін айтып, ақын-жырауларымыз жыр жауһарларын төккен аймақты жиырмасыншы ғасырда сорақы жүйемен күрескен Алаштың арыстары да пана етті. Тіпті, шалғайда жүріп, ел қамын жеген Мұстафа Шоқай қалың қазаққа үн саларда басылымдарын «Жаңа Түркістан», «Жас Түркістан» деп атап, оның қайта жаңғыруын қалады. Араға бір ғасырға жуық уақыт өте қайраткер арманы жүзеге асты. Өткен жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысының орталығын Түркістан қаласына көшіру және облысты Түркістан облысы деп атау туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл рухымызды жандандырып, санамызға сілкініс берген шешім. Бұл тарихқа құрмет, күрескер бабаларымызға көрсетілген мәртебе. Мұндай бастама арқылы түркі жұртының рухани ордасы қайта түлері сөзсіз. Осы орайда, Үкімет пенен облыс басшылығы шаһардың бас жоспарын қайта бекітіп, Түркістанның ажарын келісті етпек. Жаңадан сан түрлі нысандар бой көтеріп, көне ғимараттар күрделі жөндеуден өтпек. Бастысы, қаланың өзіндік болмысы сақталып, ұлттық нақышқа ерекше көңіл бөлінбек. Алдағы уақытта жүйелі атқарылар жұмыстар арқылы кербез мекеннің алып шаһарға айналып, жер беті таңдай қақтырар қала атанарына сенімім мол.

 

 

Дайындаған:

Бекарыстан Аманжол

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.