Home » Мақалалар » Елімнің еркіндігі –Тәуелсіздік

Елімнің еркіндігі –Тәуелсіздік

Ақшылбаева Шырын Ризабекқызы
Алматы қаласы
КМҚК «№190 бөбекжай-балабақшасының» тәрбиешісі 

Мақсаты: 1.Білімділігі: Балалардың бойында Қазақстанның өткені мен бүгінгі өмірін салыстыра отырып, өз еліміздің даму тарихы туралы танымдарын қалыптастыру. Ұлттық сана сезімін, саяси сауаттылығын ояту. Тәуелсіздік күні туралы терең мағлұмат беру. Тәуелсіздік үшін күрескен, желтоқсан құрбандарын еске түсіріп, желтоқсан құрбандарының ерлігі жайында түсіндіру.

2.Тәрбиелігі: Қазақстанның болашақ дамуына өзіндік үлес қосатын жеке тұлға екендерін ұғындыру. Қоғамның бір мүшесі ретінде адам өмірі мен жақсы тұрмыстық құндылықтарын ұғындыру, жауапкершілік сезімдерін ояту. Оқушыларға патриоттық тәрбие беру, Отанды сүюге және ерлікке баулу. Желтоқсан оқиғасында ел қамын жеген ерлерді үлгі тұту, өнеге алуға және халқының тарихын білуге үйрету, достыққа, ұйымшылдыққа тәрбиелеу.

3.Дамытушылығы: балалардың өткен тарихқа деген қызығушылығын ояту.

Көрнекілігі:1.ҚР мемлекеттік рәміздері: Туы, Елтаңбасы, Әнұраны, Тұңғыш Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың портреті, слайд, желтоқсан құрбандарының суреті. Жалаушалар.

  1. Нақыл сөздер жазылған плакаттар.
  2. Шарлар, гүлдер, музыкамен жабдықталған.

Залдың іші мерекеге сай безендірілген. Қазақтың ұлттық киімін киген балалар қолдарына рәміздерімізді, жалаушаларды ұстап музыка ырғағымен залға билеп кіреді. Рәміздеріміз туралы тақпақтар айтылады:

Тәуелсіздік монументі  (Әли)

Алтын адам – ата-бабам көзі бұл,

Қанаттанып жауға шапқан барыстай.

Келешекке құс боп қанат қақты Адам,

Ұлы өнердің мәңгі отын жақты Адам!

Тәуелсіздік монументі алдында

Қазақ болып туғаныма мақтанам!    

Жалау   (Алисултан)

Желбірейді шалықтап,

Қазақстан жалауы.

Көкте қыран қалықтап,

Қанат қағып барады.

Көк аспанда нұрлы Күн,

Күлімдейді далама.

Бақыт тілеп тұр бүгін

Ол барлық пәк балаға.

Елтаңба (Мирас)

Елтаңбасы елімнің

Неткен әйбат, әдемі.

Тұнығындай көңілдің

Ортада аспан әлемі!

Құт, береке шаңырақ

Орын алған ол төрден.

Ата Заң (Аят)

Еліне арналатын тілегі шын,

Ей, ұлым – Отанымның түлегісің!

Іргесін туған елдің тіреп тұрған

Қадірін Ата Заңның білемісің?!

Әнұран (Нұргелді)

Әнұраны елімнің

Шақырады бірлікке.

Егеменді халқымның

Болашағы бірлікте.

Тәрбиеші сөзі:

16  желтоқсан – Тәуелсіздік алған күн.

Жасай берсін ұлы күн үміті боп елімнің ,

Желбіресін көк туы –нағыз көркі жерімнің.

Мәңгі болсын, Құтты болсын, Тәуелсіздік тұғырын!

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік гимні орындалады.

Тәрбиеші сөзі: Сәлеметсіздер ме, құрметті қонақтар, ұстаздар және балалар. Бүгін еліміздің сан мыңдаған жылдар бойы армандаған, тарихымызда алтын әріптермен жазылған  Тәуелсіздік күні мерекесі!  Бәрімізге мереке құтты болсын! «Елімнің еркіндігі – Тәуелсіздік» атты «Қарлығаш» тобының ертеңгілігін бастауға рұқсат етіңіздер!

Балалар, біздің отанымызды әлем таниды. Осы сәтте Отан туралы еріксіз ойға берілесін. «Отан» деген сөзді кім қалай түсінеді балалар?

Дұрыс! Бұл ұғымның аясы кең. Отан – далаң, орман, тауың, ауылың мен астанаң. Тәй-тәй басқан нәресте де, еңкейген қария да оның бір мүшесі. Міне, балалар, бүгінгі таңда Қазақстан тәуелсіз мемлекет. Егеменді Қазақстан мемлекетіміз. Сендер Отанымыздың ұрпақтарысыңдар.

Біз Тәуелсіз, Азат_______________________елінде тұрамыз.

Біздің Президентіміз________________________.

Біздің тұңғыш Президентіміз_________________.

Біздің Астанамыз___________________________.

Біздің Рәміздеріміз__________________________.

 

Енді балалардың тәуелсіздік мейрамына дайындаған тақпақтарын тыңдайық (балалар тақпақтарын айтады). Ортаға: Ұлпан, Айзере, Алмасбек Айзере,  Алима келіңдер.

Ұлпан

Тәуелсіздік – бабам берген аманат.

Тәуелсіздік келешектің кепілі.

Тәуелсіздік жүрмін сені бағалап,

Тәуелсіздік өткен күннің өтілі.

Дінислам Айзере

Тәуелсіздік – тәубе екен бүгінде.

Тәуелсіздік – тәубе сенің барыңа,

Тәуелсіздік әр сәбидің үнінде.

Тәуелсіздік әр қазақтың жанында!

Алмасбек Айзере

Құтты болсын тәуелсіздік мерекесі,

Мықты болсын елімнің керегесі.

Татту-тәтті боп халқымыз әрқашан,

Кетпесін туған жердің берекесі.

Алима

Он алтыншы желтоқсан

Тәуелсіздік алған күн.

Мерекеге ел тосқан

Шырқатып ән салған күн.

Тәрбиеші сөзі: Қазіргі кезде сендер ашық аспан, жарық күн сәулесі түсіп тұрған мемлекетте өмір сүріп жатырсыңдар. Балалар, біз осы тәуелсіздікке оңайлықпен қол жеткізген жоқпыз. Қазақ халқы еркіндікке жету үшін қаншама қиын-қыстау кезеңдерді бастан кешірді. Оның бір көрінісі желтоқсан оқиғасы. 1986 жылғы оқиға халықтың есінде мәңгі сақталады. 16 желтоқсанда қазақ жастары Орталық алаңға шығып, Қазақстан тәуелсіздігін талап етті. Енді міне, осы желтоқсан көтерілісіне қатысқан ағаларымыз бен апаларымыздың арқасында ата-бабаларымыз армандаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Желтоқсан оқиғасында ерен ерлігімен көзге түскендер өте көп, солардың бірі – Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова. (Слайд арқылы көрсетіледі).

Аға-әпкелеріміздің қайталанбас ерлігіне тағзым етіп, 1 минут үнсіздікпен еске алайық!

Балалар, біз өте бақыттымыз! Біз Тәуелсіз, Егеменді елдің ұрпағымыз! Ендеше, бәріміз бірге қазақ елінде қалай өмір сүретіңімізді айтайықшы:

Күніміздің ашық болғаны – ТАМАША (шапалақтау)

Желдің соққаны – ТАМАША (шапалақтау)

Достарынмен бірге жүргенін – ТАМАША (шапалақтау)

Анамызды құшақтағанымыз – ТАМАША (шапалақтау)

Қазақстанда тұрғанымыз – ТАМАША (шапалақтау).

Олай болса балалар, «Тәуелсіздік» әнін бірге орындайық.

Ән: «Тәуелсіздік».

Көрініс «Баланың түсі» (Бала ұйықтап жатады. Періште қолына шырақ жағып кіреді).

Періште: Әй, балақай.  Тұрсаңшы! Таң атып қалды мына шыраққа қара, бұл саған берілген бақыт құсы ( балаға ұсынады да кетіп қалады).

Бала (Ұйқылы ояу): Анашым, Анашым  шырақты қара!

Ұстап алайықшы !!!

Ұста, Ұста….( шошып оянады)

Анасы: Бисимиләх, неге шошыдын балам?

Бала: Анашым, Анашым  түс көрдім! Анашым жап-жарық күнді көрдім.

Анасы: Ее, балам, ол сенің бақытың! Тәуелсіздігінің мәңгі жарық күні.

Бала: Ендеше, сүйінші  сұрайын! Алақай! Сүйінші! Сүйінші! Тәуелсіздік! Сүйінші!Тәуелсіздік таңы атты!!!

(Осы сәтте Қазыбек би күймен  кіреді).

Қазыбек би: Сәлеметсіңдер ме,балалар? Бүгін бізде бүкілхалықтық ұлы мереке «Тәуелсіздік күні». Сендерді мерекемен құттықтауға арнайы келдім. Бүгін бүкіл қазақ жерінде еліміз туралы өлеңдер оқылып, ән айтылып тойланып жатыр. Ал, сендер мерекеге дайынсыңдар ма?

Тәрбиеші: Иә, ата6 біздің балаларымыз мерекеге дайын. Біздің балабақшамызда балалар үш тілді меңгеріп жатыр. Ендеше, мерекеге дайындаған тақпақтарымызды үш тілде айтып берейік.  Ортаға: Амир, Асылхан, Осман, Берен, Жанель, Аят келеді.

Қ. Амир

Отан деген – Атамекен,

Отан деген – туған жер.

Отан-ана,Отан-пана,

Қазақстан – туған ел.

Осман

Казахстан – это имя страны,

Казахстан – это имя весны,

Казахстан – это имя свободы,

Казахстан – это солнечный свет,

Казахстан – это крылья побед!

Аят

My flag is blue

My flag is bright

Yellow sun and

Eagle in the sky

Қазыбек би: Бәрекелді, балалар! Сендер мені қатты қуантып тастадыңдар! Өнерлі балалар екенсіңдер!

Тәрбиеші сөзі: Ата, сіз өте алыс жолдан келдіңіз, шаршап қалмаңыз! Төрімізге отырып астан алып, шәй ішіңіз! Ал біздің қыздар сізге «кесе» биін билеп берсін! «Кесе» биі.

Қазыбек би: Бәрекелді! Өркендерін өссін! Ал енді мен  сендерге бір жұмбақ жасырайын:

Бір жыланды таяққа іліп алдым,

Ерге қона, пайдасын біліп алдым (Қамшы)7

Ойын: «Қамшы қуу».

Жауабын өте дұрыс таптыңдар! Қәнекей, осы қамшымен бір ойын ойнайық. Ол үшін бәріміз дөңгеленіп шеңбер жасап отырайық! Қамшыны ұстап шеңберді айналамыз, әуен тоқтаған кезде қамшыны екі баланың ортасына қоямын. Екеуі шеңберді айналалып кім қамшыны бірінші алады сол жеңіске жетеді. Жеңген бала ары қарай ойынды жалғастырады. Ал, қәнекей бастайық! 1..2…3

Жарайсыңдар! Нағыз батыр екенсіңдер!

Тәрбиеші: Дұрыс айтасыз! Біздің балаларымыз шынымен өсіп келе жатқан Қазақстанның нағыз батырлары. Қазір сізге «Батырлар» биін билеп береді.

Қазыбек би:  Жарайсыңдар! Ал менің қайтатын уақытым болыпты! Жақсы оқып, үлгілі, тәртіпті болыңдар. Өз елің мен жеріңді көркейтіп, Қазақстанның намысын қорғайтын келешек ұрпақтың ақылшысы, тірегі сендер болмақсыңдар. Ал мынау тәттілер, сендерге тойдан сарқыт!

Сендерге батамды берейін:

Тамыры терең талдай бол.

Биік заңғар таудай бол,

Жемісі мол баудай бол.

Өмір жолын таңдай біл,

Туралықты қолдай біл.

Оқуда зерек бол,

Істе шебер бол,

Үлкенге тең бол,

Кішіге кең бол!(Аумин!)

Сау болыңдар! (Балалар бірге айтады)

Тәуелсіз елдің тірегі (қолдарын жоғары көтереді)

Біз боламыз жүрегі (қолдарын жүректеріне қояды)

Артқа қадам баспаймыз

Тек алға-алға бастаймыз,

Қыран құстай қалықтап (құс болып ұшады)

Болшаққа самғаймыз.

Олай болса балалар, «Елім менің» әнін бірге айтайық!

Ән «Елім менің»

Тәрбиеші: Ал құрметті, қонақтар, осындай әдемі тілектермен, әндерімізбен бүгінгі ертеңгілігімізді аяқтаймыз. Сіздерге тағы да мейрамдарыңыз құтты болсын. Аспанымыз ашық болып, Қазақстанымыз гүлдене берсін!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.