Home » Сценарийлер » «Кел, Жаңа жыл!»  ертеңгілік

«Кел, Жаңа жыл!»  ертеңгілік

Абыхарова Мейрамгуль Муратовна
Шығыс Қазақстан облысы
Тарбағатай ауданы Көкжыра ауылы
 «Айгөлек» шағын орталығының тәрбиешісі

 

Жүргізуші: Армысыздар, құрметті қонақтар, ата-аналар, кішкентай бүлдіршіндер! Міне, көптен күткен жаңа жыл мерекесі де келді. Жаңа жыл жаңа бақыт, жаңа қуаныш әкелсін! Еліміздің еңсесі биіктеп, аспанымыз ашық, еліміз тыныш болсын!

«Айгөлек» шағын орталығының «Кел, Жаңа жыл!» мерекелік ертеңгілігіне қош келдіңіздер.

Кәмпит:

— Сәлеметсіңдер ме, балалар!

Жаңажыл келді о, міне,

— Балалар, мен Аяз атаның сендерге әкеле жатқан сыйлықтары салынған қабынан түсіп қалдым. Ал Аяз ата сендерге әлі келген жоқ па?

— Балалар, жылда жаңа жыл мерекесінде қонаққа кімдер келеді?

Балалар: Аяз ата, Ақшақар.

Кәмпит: Дұрыс айтасыңдар балалар, ендеше алдымен жаңа жыл мерекесіне келетін Ақшақарды бәріміз шақырайық.

Балалар: Ақшақар (3 рет қайталап айтады).

Кәмпит: Амансың ба, Ақшақар!

Ақшақар: Шыршаларың керемет қой, өзі сондай әдемі екен. Бірақ шамдары неге сөніп тұр? Шыршаның шамдарын жағу үшін Аяз атаны шақыру керек.

Жүргізуші: Аяз атасыз біз ештеңе істей алмаймыз.Телефон соғып, Аяз  атаны шақырайық. Атамыз кәрі мүмкін ұмытып кеткен шығар.

Алло, ата «Айгөлек» шағын орталығының балалары шыршаның қасында сізді тосып жүр, неге кешігіп жатырсыз? Ұмытып кеттіңіз бе?

Аяз ата: Ойбай, кәрілік қой, ұмытып кетіппін қазір жетемін.

Жүргізуші: — Балалар, Аяз  ата келгенше біз бір өлең айтайық.

«Шырша» әні (Хормен)

Жүргізуші: -Балалар, Аяз  ата өзі қандай?

Балалар: Аппақ сақалы, мұрты бар, қызыл шапаны бар, ақ таяғы бар.

Жүргізуші: Өте дұрыс балалар. Олай болса барлығымыз қатты дауыстап Аяз атаны шақырайық. Бір, екі, үш: Аяз ата (3 рет қайталайды).

Жүргізуші: Аяз-ата, армысыз, жылдағыдай бармысыз!

Аяз Ата: Шырша неге жанбай тұр. Кәне, шамдарын жағайық.

«Жаңа жыл шамдары» әні. (А.Саятқызы мен Ж.Нұрбек. П.Майдан. Д.Архатқызы)

Қоян кіріп келеді. Жылайды.

Ақшақар: Қоян, сен неге көңілсізсің? Не болып қалды? Біз саған көмектесеміз.

Қоян: Орман ішінде өзіме үй салып, тұрып жатқанмын. Қу түлкі қонаққа келіп, мені үйімнен қуып шықты. Мен далада қалдым.

Жүргізуші: Не деген сұм түлкі, қоян, жылама, біз түлкіні қуып шығып, үйіңді алып береміз.

Қоян: Мен түлкіден қорқамын. Оның тістері өткір, көздері қырағы. Мінезі жаман.

Жүргізуші: Сен қорықпа, біз ұлдарды көмекке шақырайық. Олар өлең айтады, оны түлкі естіп, қорқып, қашып кетеді.

 «Төлдер» әні. (Б.Назкен. Ә.Меллатұлы. Ж.Бекзада)

Түлкі: Мен ешкімнен қорықпаймын.

Жүргізуші: Аяз ата, мына түлкіге не істеуге болады?

Аяз ата: Қазір мен ормандағы барлық аңдарды көмекке шақырамын, түлкі олардан қорқып қашып кетер.

Жүргізуші: Ал, аңдар, келіңдер көмектесіңдер.

«Аңдар» биі  (А.Аймақова. П.Майдан. А.Болатбекова. Ж.Серік. М.Мұхамедқали)

Түлкі: Мен ешкімнен қорықпаймын.

Аяз ата: Қазір мен саған көрсетейін.

Кәне, балалар, қар кесектерін лақтырайық түлкіге.

Қазір мен қар атқылап, түлкіні үсітемін.

Түлкі: Ойбай, Аяз ата, тұмсығымды үсіттің ғой, аясаншы мені. Енді не болдым?

Аяз ата: Ал, сен, қоянды аядың ба, қу түлкі. Балалар, түлкіні кешірейік пе?

Балалар: Ия, бір жолға кешірейік.

Аяз ата: Олай болса, қоян, бар сен өз үйіңе барып, тұра бер.

Қоян: Рахмет.

Аяз ата: Балалар, мен сендердің дауыстарыңды сағындым. Маған бір жақсы ән айтып беріңдерші.

«Қошақан» әні  (К.Хасенова. А.Аймақова. М.Төлеужан. Н.Аманжол).

Аяз Ата: Ой, қандай керемет ән. Бір түрлі қобалжып кеттім.

Жүргізуші: Аяз ата, біздің бүлдіршіндеріміз әнмен қоса тақпақты да жақсы айтады. Кәне, тыңдаңызшы. Ал, сіз кәрісіз, шыршаның түбіне отырып тыңдаңыз.

Айдана

Жаңа жыл, Жаңа жыл!

Жаңа жылға жаңа жыр.

Жасыл шырша жанында,

Билеп барлық бала жүр.

Нұрислам

Тамаша. Тамаша!

Шыршамыз тұр жараса.

Басында әсем жұлдызы,

Көз тоймайды қараса.

Бақнұр

Жаңа жылда балалар,

Тек қуаныш көріңдер.

Ауырмаңдар ешқашан,

Мықты болып өсіңдер!

Айсана

Жасыл желек жамылған.

Асыл моншақ тағылған,

Міне сұлу шыршамыз.

Көптен күтіп сағынған,

Дильназ

Тауда туып, тауда өсіп,

Шырша келді ортаға.

Қандай жақсы шыршамыз,

Ән шырқайық баршамыз.

Перизат

Жаңа жылды қарсы алып,

Жасаймыз той жылда біз.

Жарқын, жарқын ән салып,

Жалғасады жырға жыр.

Мансұр Т

Тамаша сый алып,

Келді Аяз атамыз.

Шаттанып, қуанып,

Шырқап ән айтамыз.

Айзере

Келіңдер, келіңдер,

Тақпақ айтып беріңдер.

Жомарт Аяз атадан,

Сыйлық алып көріңдер!

Жанель Н

Жаңа жылым мол болсын

Басқан қадам оң болсын

Төрле, төрле Жаңа жыл

Бізге құтты жыл болсын

Кәусар

Ақ қар жапты даланы,

Ақ жамылды айнала

Жарқыратып шамдарын,

Шырша келді ортаға

Әлихан

Әдемілеп біз ілген

Ойыншықтар тізілген.

Қандай әсем шыршамыз,

Ән шырқайық баршамыз!

Жантөре

Ақ қырауға малынған

Сақалы да, мұрты да,

Аяз ата сағынған

Сәлем берді жұртына

Жанель С

Оралдың өлкеме,

Жаңа жыл, армысың.

Оранды ақ көрпеге

Асқартау қарлы шың

Мансұр О

Сақалы аппақ күмістей

Тістері аппақ күріштей,

Қызыл ала шапаны

Сағындым аяз атаны!

Мөлдір

Қараңдар мынау шыршаға,

Неткен әсем көрікті.

Жаңа жылдық думанға,

Аяз ата келіпті.

Аяз ата:Ой, қандай өнерлі балалар, мен бүгін біраз жасарып қалдым. Сендермен кездескеніме өте қуаныштымын.

Жүргізуші:

О,халайық, жараңдар.

Қилы-қилы заман бар.

Доңыз жылы әне жылыстап,

Кетіп барады қараңдар.

О, халайық, халайық.

Қош айтысып қалайық!

Құрметті достар! Бізге жақсылықтарымен толы болған Доңыз жылын шығарып салайық.

Доңыз:

Қуанышты ортамыз сазға ұласқан.

Тілегім болсын мәңгі ашық аспан,

2020 жылға қадам басқан.

Гүлденіп көркейе бер, Қазақстан!

Келесі жыл бастауын Тышқанға беремін.

Барлығы: Қош бол, Доңыз жылы, Қош бол! (Сахнаға Тышқан шығады.)

Ақшақар: Қош келдің, Жаңа жыл.

Тышқан: Сәлеметсіздер ме? Кешіккен жоқпын ба? Кешігем деп қатты қорықтым. Менің ең жақсы қасиетім – шапшаңдығым.

Аяз ата: — Ал, айналайын Жаңа жыл, келген қадамыңа нұр бітсін! Мынау менің ұлдарым мен қыздарым, мынау халайық бір өзіңе аманат. Он екі ай бойы бағып-қақ. Жақсы жыл бол, дария нұр бол, Жаңа жыл!

Ақшақар: Аяз ата, балаларға сыйлықтар әкелдіңіз бе?

Аяз ата: Әрине, мен бір қап сыйлық әкелдім.  Аяз-ата сыйлықтар таратады.

Аяз ата, Ақшақар: Ал, балалар біз қайтайық. Бізді басқа балалар да күтіп отыр.

Жаңа жыл құтты болсын,

Жаңа жыл мол табыс әкелсін.

Денсаулықтарын мықты болсын,

Сау болыңдар, балалар!

«Кел, жаңа жыл» әні (Хормен).

Жүргізуші: Ал, құрметті қонақтар! «Кел, Жаңа жыл» атты ертеңгілігіміз аяқталды. Біздің осындай өнерлі, сүйкімді, ақылды, тәп-тәтті бүлдіршіндеріміздің өнерін тамашалағандарыңызға көп-көп рахмет.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.